Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 7661 6 пікір 26 Сәуір, 2018 сағат 14:36

Нұхтың тасы және қазақтың тасаттығы

Қазақтар арасында тасаттық бергенде құран - салауат оқып жаңбыр жаудыратын салт бар, тіпті кейбіріміз бала кезімізде бұндай тасаттықтарға куә болған болуымыз да мүмкін.

Төменде осы жаңбыр жаудыратын тасаттық беру салты жайлы ертедегі тарихи кітаптарды (Шыңғысхан ұрпағы болып келетін Әбілғазы Баһадүрдің "Түрік Шежіресі" және Махмұт Қашқаридың еңбектерін) ақтара отырып сыр шертетін боламыз.

"Түрік Шежіресінің" басқы бөлімінде қазіргі адам баласы Нұх пайғамбардың Шем, Хам және Жапет деген үш баласынан тарады, сондықтан Нұхты екінші Адам-ата деп те атайды дейді. Әрі олардың барлығы ұрпақтарымен бірге Бабылда өмір сүргенін алға тартады. Нұхтың осы үш ұлының ішінде Жапет пайғамбар болып, одан Түрік,  Қытай (Шын-Машын), Рус, Слав, Сүклуб, Кұмұл, Мансұқ және Хриз қатарлы сегіз ұл тараған. Түрік шежіресі Мұңғұлды Түріктен таратса, ал басқа еңбекте Мұңғұл Түріктің інісінен тараған деп көрсетеді. Нұх пайғамбар үш баласына жерді үш бөлекке бөліп мирасқа береді, Жапетке ең қиыр шығыстағы Қытай теңізінен тартып Қармұн тауларымен Рустың ақ тауларына дейінгі өңірлер беріліпті. Ал Адам атаның кезінде сан түмен Адам балалары діннен кетіп, Адам атамыз бізді "Құдай деген бір нәрсеге сенуге шақырып басты ауырытты, оны өлтіріп тасталық" деп жиналғанда, Адамға қастандық жасамақ болған адам балаларына Алла ұқсамаған тіл бітіріп Адам атаға жасалмақ болған қастықтың алдын алыпты, содан бастап Адам баласының тілдері бір-біріне ұқсамайтын болған екен. Енді тақырыпқа оралсақ.

Жапет пайғамбар Нұх пайғамбардан айрылып жердің шығысына кетерде, Нұхтан қажет кезде жаңбыр жаудыра алатын өнер-қасиет үйретуін сұрайды. Нұх пайғамбар Жапетке Алланың әртүрлі сырлы аттарымен зікір салуды үйретіп, Алланың аса құдыретті есімдерін тасқа нақыштап ойып жазып береді, әрі жауын керек кезде Алланың сәйкесті есімін көп қайтара айтып осы тасты үрлеп суға тастағанда жаңбыр жаудыратын өнерді үйретеді. Бұл қасиетті тасты жасауды Алла тағала Жәбірейіл періштеге бұйрық беріп, Нұх пайғамбарға үйретіпті. Жаңбыр жаудыратын кезде тасты алған адам Алланың мәлім есімдерін айтып біраз зікір салған соң, тасты үрлеп суға тастаса болғаны, көк аспанға дереу қара бұлт үйріліп, күн күркіреп, найзағай жарқылдап жауын әп сәтте жауатын болған. Бұл тасты Түріктер "жедел тас (жидәл таш)" және "санғы жедех" деп атаса, Араптар "хажарұл матар" деп атаған. Қызығарлығы осы тас кейбір жануарлар мен аңдардың денесінде де кездесетін, сондықтан бұндай  жануарлармен аңдарды олар қатты құрметтеген. Басқалар Түріктерді Жапеттің оғыландары (ұлдары) деп атайтын әрі Жапет қайтыс болған соң, Түрік оған мұрагер болып, барлық Жапет ұрпақтарына хан болған, сондықтыан Түрікті шығыстың ең бірінші ханы деп атаған. Түрік хан Ыстық көлдің маңындағы Жалған деген жерде өмірін өткізген. Түрік халқы істететін "жыл аттары" Түрік хан Іледе тұрғанда пайда болған болса керек. Түрік хан Іле өзенінен әртүрлі аңдарды айдап өткіздіріп ең алдымен келген он екі жануарды он екі жылға белгі еткен. Жылдарға ат қою дәстүрі Түрік ханнан Қытай, Жапон секілді халықтарға мұра болып қалған сыңайлы, себебі бұл кезде Түрік барлық Жапет ұрпақтарына хан болған, ал барлық азияттар негізінен Жапеттың ұрпағы.

Жедел тасқа оралсақ, Нұхтың Жапетке берген "жауын жаудыратын тасы" Жәпет ұрпақтарындағы Түрікке мұраға қалған екен, неше мың жылдар бойы Түрік ұрпақтары бұл тасты көз қарашығындай қорғап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келген. Тіпті осы тасқа таласып Түрік ұрпақтары бір-бірімен жау болып, талай рет өзара ұрысқан. Мәселен Түрік інісі Монсиктың баласы Ғұр болса Түріктің қолындағы Жапеттен қалған "жедел тасқа" таласады, осы барыста Түрікмендердің әкесімен Ғұрдың баласы Пиғұр өлімішті болады, бұл Түрік ұрпқтары арасындағы жауласуға әкеліп соғады.

Түріктер шығысқа ірге кеңейтіп, Қара Хан тұсында Ертаумен Кертаудың арасын мекендеп, Қарақорымды орталық еткен, бұл Қарақорым тарихтағы Оғыз, Ғұн, Көктүрік, Найман хандарының астана жайлауы болса, бертінде Шыңғысхан және Үгедай хандардың астанасы болған. Ал енді осы "жедел тастың" кейінгі кездегі жағдайында оралсақ.

Түріктер жоғарыда айтылған "жедел таспен" жаңбыр жаудыратын адамдарды "жедехшы" немесе "жедехшылар" деп атайтын, ал жедехшылардың жаңбыр жаудыру әрекетін "жедех яайыз" дейтін. "Түрік Шежіресінде" Тайшұт, Салжұт, Қоңырат, Бахрен, Дүрман, Меркіт, Жажырат, Жалайыр, Татар, Ойрат, Жұрат, Борқұн және Қойқын рулары бірлесіп Теміршынмен (Шыңғысхан) Керейдың Тұғрылханының (Уаңхан) одағына қарсы әскери одақ құрып олармен ұрысқа дайындалады. Олар осы келісімінде ат, бұқа, қой және ит сойып, кімде кім одаққа сатқындық істесе, осы жануарлар секілді өлтірілуі керек деп серттеседі, бұл бұндағы көшпенділер арасындағы аса қатаң анттасу түрі еді. Ал бұлардың одағына Наймандардың Найман ханының бауыры Бұйрықхан да қосылады. Ұрыс болар алдында Бұйрықхан жедехшыларына Шығысханмен Тұығрылханның әскерлеріне қарата қара боран соқтырып, жаңбырмен қар-бұршақ жаудырып оларды апатқа ұшыратуға бұйрық береді. Бұл жедел тас алдынғы бөлімде баяндалған. Жедехшылар дұға-зікірлерін салып, жосындары бойынша жедел тасты үрлеп суға тастасымен, аса қатты боран соғып, аспан түнереді, бұршақ аралас қар жауып, сайын даланы ақ қар басып қалады. Әуелде қарсы жақты күйретпек болған жедехшылар Бұйрықханның өз әскерлеріне апат алып әкеледі де, көптеген Найман әскерлері таудан құлап, аса ауыр апатқа ұшырайды, одақтасқан қосындармен Бұйрықхан Тұығрылмен Теміршын әскерлерінен оңбай жеңіліп қайтады, бұл кездерде Теміршын Тұғырылханға бағынышты әрі онымен одақтас еді.

"Түрік Шежіресіне" негізделсек, Нұх пайғамбардың баласы Жәпет пайғамбарға берген "жедел тас" немесе жаңбыр жаудыру жосыны Түріктер арасында кең қолданылып, одан бертінгі Найман хандықтарына дейін жалғасқанын байқауға болады. Нұхтың бұл тасы Найман хандарының қолына мұра болып жеткен болуы да мүмкін. Ең қызығарлығы аталмыш таспен жаңбыр жаудырудың орта ғасырдағы Наймандар арасында сақталуының тарихи деректерде айтылуы еді. Найман жедехшылары зікірлетіп суға атқан тасы дәл сол Нұх пайғамбар үйретіп кеткен жосын бойынша болған. Бұл көне салт бүгінгі Қазақтар арасында "тасаттық" деген атпен сақталынып отыр.

Қазақтағы тасаттық беру салтының түбі осы Нұх пайғамбар баласы Жапетке үйреткен жаңбыр жаудыру жосыны немесе "жедел тасында" жатыр. Тасаттық деп аталуы Нұх және Жапет пайғамбардың Алланың түрлі қасиетті есімдерін зікірлетіп, оны тасқа үрлеп, соңында тасты суға атуынан келген. Бұдан тасаттық берудің аса көне салт екенін білеміз, тасаттық сонау Нұх пайғамбардың заманынан қалған 5 000 - 6 000 жылдық тарихы бар тәңірден жаңбыр тілеу салты екені айшықтала түседі. Тасаттық тек қазақта ғана емес, бүгінгі мұңғол халықтарында да сақталған, ал ертедегі Қытай деректерінде Ғұн секілді көшпелілердің тасаттық беретіндігі жазылған. Түрік халықтары ислам дінін қабылдаған соң, тасаттық беру салты жойылмай сол қалпын сақтаған, өзгешелігі сол, мұсылманданған соң тасаттық бергенде молда-қожалар құран оқып қатым түсіріп, қой сойып құрбандық шалып Алладан жаңбыр тілеген, бала күнімізде қуаңшылық жылдары молдалар құран оқып, құрбан шалып тасаттық бергенін, одан соң жаңбыр жауғанын үлкендер айтып отыратын.

"Түрік шежіресінде" Нұхтың жедел тастары кейбір жануарлардың денесіненде табылады деп көрсеткен, сондықтан ертедегі Түрік-Мұңғол сынды көшпенді халықтар сол жауын жаудыратын жедел тасты жауарлармен аңдардың денесінен тауып алып, жауын жаудыруға істететін болса керек.

Түйіндей келе, жаңбыр жаудыратын "жедел тастың" Нұх пайғамбардан бастау алып, Жапетке берілген және бұл жосын Түріктер арасында кең сақталып келеді. Бұл жосын бертіндегі Найман ұлысында бар болғаны тарихи деректермен қатталған, әрі осы салт бүгінгі Қазақ халқында жойылмай "тасаттық" деген атпен сақталынып келгені бізді таң қалдырады. Тасаттықтың жойылмай келуі оның Мұхаммед пайғамбардан 4 000 - 5 000 жыл бұрын жасаған Нұх және Жапет пайғамбардан қалған аса ескі құлшылық жосыны екендігінде жатыр. Бұл көне жолдар Түрік-Мұңғолдар мұсылмандыққа кірген соң да одан арман жандана түскені таң қаларлық оқиға. Қазақтың тасаттығы Нұхтан қалған бір мұра-дүр.

Алмасбек Аронұлы

Abai.kz

 

 

6 пікір