Жұма, 19 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 6770 8 пікір 26 Сәуір, 2018 сағат 10:16

Tағдырдың тепе­ріші мен тепкісін көрген тек қана – қазақ

Қытайдағы қазақтар, шындап келгенде, ежелгі ата-бабасының құтты қонысында отыр. Бірақ, қарақұрым қытай мұны өте жақсы білгенімен, білмеген сыңай танытады...

Соңғы жылдары қытайдағы қандастарымыздың ауыр ақуалы – жанымызға терең батып келеді. Қоңсылық құрмет пен жәй-жалтарма сөздің уақыты өтіп барады. Мемлекетаралық, ұлтаралық мәселеге – азуы алты қарыс Америка араласты...

Қытай ішінде де, Қазақ Елінде де қара қытайдың жансыздары көп. Солар ел арасына сына қағып, тіп­ті, әлеуметтік желілерде қазақ­ты – қазаққа қарсы айдап салып, топалаң жасауын доғарар емес...

Асқар таудың арғы жағында да, бергі бетінде де тағдырдың тепе­ріші мен тепкісін көрген тек қана – қазақ.

Біздің билік көр­ме­лердің мейрамы мен қала­лардың мерейтойларын өткізумен әлек. Бірқатар құзыр­лы шенеуніктердің елдің маң­дай тері мен жердің қазына-бай­лы­ғын ұрлаудан қолдары тимей жатыр...
Тағы да екі түйе сүйкенсе, арасын­да қара шыбын жан тапсыруда...

Өз басым, Американы – соншалықты тәуір көрмеймін. Қызылтері халықтың қанын төгіп, елін бопсалаған елден үмітім аз. Дегенмен, Америка – Қытайдағы қазақтарға шынайы жанашырлықтан емес, қуатты Қытайға кезекті күш көрсету үшін ғана байбалам көтеріп отыр.

Меніңше, қазақ үшін екі алып елдің текетіресі маңызды емес, маңыздысы – осы арадан қазақтың ұпайын түгендеп қалуға мейлінше тырмысу керек. Бұл мәселеге Елбасымыз Орта Азиялық көршілеріміз – тәжіктер мен өзбектерді, түркімендер мен қырғыздарды – араластырса, тіпті, тиімді болар еді. Өйткені, аусар айда­һар оңайлықпен тынши қой­майды, ал, қазақ мазасызданса, қоңсыларының ауылында дүлей дауыл тұрады...

Әлгі бір қазақтық қас дұшпаны-жансыздар: «Пәлен деген зиялы кісі – қазақ мұңына жаны ауырып, бір ауыз сөз айтқан жоқ» – деп, азғандай қазақты алатайдай бүлдіріп жүр...
Мәселе – біреудің ала топтың алдына шығып, тамағы жыртылғанша айқайлауында емес...

Әрбір намысты қазақтың көзінде жас бар, қазір...
Жер де, жігер де – қазақтікі...

Қазақ билігі жасанды сыпай­гер­шілікті сақтай отырып, отандастарына мейлінше белсенділікпен араша түсуі керек. Жер бетіндегі әрбір қазақтың тағдыры – қазіргі қазақ билігінің жіті бақылауында һәм жауапкершілігінде болуға тиіс. Ел боламыз десек, етегімізді де, есімізді де жинайық!
Үмітімізді үзбейміз!

Қажымұқан Ғабдолла

Abai.kz

 

8 пікір