Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаш арысы 4238 2 пікір 25 Сәуір, 2018 сағат 14:01

Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт

                                              

                                    (поэма)

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналады

(Бұл шығарма 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ елі» атты халықаралық мүшайрада екінші жүлдеге ие болған)

 

                                      Қараңғы қазақ көгіне,

                                      Өрмелеп шығып күн болам!

                                                                               Сұлтамахмұт

                                     Ендігі тілеу, елімізге тілеу – елімізге ес кіріп,

                                     ер етегін түйіп, жер-су, үрім-бұтақтың қамын

                                     ойлатар күн болсын!

                                     Сонда Алаш туы желкілдеп түрленерсің,

                                     сонда Алаш баласы іргелі ел боларсың!

                                                                            Жүсіпбек Аймауытов

Бастау

Қосатын құтқа қайыр, ырысқа мән,

Төсінде туған да аман, туыс та аман.

Қызылтау Әулиелі, Баянаула,

Бауырыңнан қанат қағып кім ұшпаған!

 

 

Құятын жүрегің мен жүйеңе нұр,

Басыңды ие де біл, сүйе де біл.

Төсінде Мәшһүр Жүсіп данам туған,

Бұл өзі – иелі өңір, киелі өңір!

 

Заманның жапқан кезде мұң қабағын,

Арманда кеткен талай тұлғаларым.

Алаштың аймаңдайы Аймауытов –

Ол-дағы перзенті еді бұл даланың!

 

Жылжыған жайбарақат сайда көші,

Сол дала – таңы нұрлы, майда кеші.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен,

Тайшықов Қадыр туған аймақ осы!

 

Күнді аңсап сол жақсылар керметтей,

Қолдары неге жетті, неге жетпей?!

Күңіреніп Сұлтанмахмұт ол да кеткен,

Түнекте шам айналған көбелектей!

 

Беретін келбетімен жанға қайрат,

Осы еді жақсылардан қалған аймақ.

...Үмітін Алашының алға байлап,

Бұл жерден кім өтпеген арманайлап!

 

Торайғырдағы ауыл. Сұлтанмахмұт

Әріде – тері тонды түркіміз деп.

Беріде – байтақ дала жұртымыз деп,

Бастайық бір әңгіме, ал, ендеше,

Әлқисса,  айтар сөздің кілтін іздеп.

 

Баянтау – бері тартсақ аңызды елден,

Осы ғой әңгімеге маңыз берген.

...Кез еді шілде көшіп, шөп сарғайып,

Таранып тау ішіне тамыз келген.

 

Кешегі қоңырайып барқын далаң,

Тақырға оты қашқан мал тұрмаған.

Қорындай көн сабаның сарқылмаған,

Айдыны Торайғырдың салқындаған.

 

Ана тау мына таудан кем көрінбей,

Айдын көл қол айнаның шеңберіндей.

Сарыала тартқан дала көгі азайып,

Сәбидің жуылмаған жөргегіндей.

 

Қарағай тасқа өрмелеп, қырға құлай,

Кәрі жон, қария тау – құндағы бай.

Күзекке оралмаған бай ауылы,

Жайлауға жылжып кеткен жылдағыдай.

 

Бұлттардың буырына түндік ілген,

Ақбеттің тұман асып кіндігінен.

Жатақта қалып қойған қараша жұрт,

Күн кешкен жайбарақат тірлігімен.

 

Айтылмай баяғыша ән-жыр, өлең,

Қойнауда қараша ауыл сәл жүдеген.

Сүрінген кебісіне кәрі-құртаң,

Жалыққан күндегі айтар әңгімеден.

 

Маң төбет маңқ етуге ерінеді,

Күнгейде кәрі мысық керіледі.

Сусыны төрт-бес үйдің – бірер сауын,

Мүлгіген күн астында желідегі.

 

Жалыққан ауыл-үйдің өсегінен,

Еріккен еркеккіндік есебі кем.

Күнгейде күңкілдейді кәрі-құртаң:

«Махмұт қалай екен кешегіден?!».

 

–Е, осылай сөнеді де жалған-шырақ,

Қу дүние, кетеді екен, алдамшы бақ...

–Кім білсін, бері қарар... таң алдында,

Ішіпті бірер жұтым саумал сұрап...

 

–Ай, қайдам, беті қатты кеселінің,

...Алладан басқа бірақ шешеді кім?!..

–Жаратқан көп көрді ғой бұны бізге,

Жан еді жанып туған кешегі күн..!

 

–...Келмесе Керекудің дәрігері,

Көлік жоқ апаруға әрі-бері...

Осылай күңкілдескен төрт-бес адам,

Қарайды қараша үйге әрідегі.

 

...Арта алмай үміт-қайыр ертеңіне еш,

Күн-керуен қасіреттен ертеді көш.

Қараша үй анау тұрған аулақтағы,

Ауылдың көзі сонда ертелі-кеш.

 

Беймәлім, болжаусыз күн тұрса ілгері,

Бейқамдау жатқан ауыл білсін нені?

Төрінде қараша үйдің – Сұлтанмахмұт,

Арыған, ауру мүжіп, құр сүлдері.

 

Жабысқан осы бір дерт көлденеңнен,

Не пайда кеудеде жан өлмегеннен.

...Ақ ішсем азғана күн айығармын,

Деп былтыр Семей жақтан елге келген.

 

Жабысқан осы кесел қос өкпеден,

Алысып астында ағаш төсекпенен.

Қан құсып жатыр ақын,

сағатпенен,

Қалдығын ғұмырының есептеген!

 

«Құбылып қоғам неге кермексиді,

Неліктен ел де өксиді, жер де өксиді?!».

Аһ ұрып ауру ақын осыны ойлап,

Амалсыз төсегінде дөңбекшиді.

 

«Үзілсе орта жолда ерте өлеңім,

Өмір-ай, дәл осынша келте ме едің?!

Көбірек жүре тұрып араңызда,

Келіп еді, елім, саған еркелегім!

 

Тағдырдың түсіп енді сынағына,

Тепсеңге тіккен туым құлады ма?!

Күн болам Қазағыма деп ойлаушы ем,

Қайтейін, жете алмадым мұрадыма!

 

Қайтейін, жете алмадым мұрадыма,

Тағдырдың бұл-дағы бір сынағы ма?!

Алаштың атын жазып тұмарыма,

Айналсам деп ойлаушы ем ұранына!

 

Қылам деп қолдан келсе қалай дәрмен,

Артыма қайта-қайта қарайлаумен.

Қайтейін, өте шықты қысқа ғұмыр,

Қараңғы ел Қазақ деген – сені ойлаумен.

 

Айырмай арсыз бенен арлыны кім,

Ағайын, өте ме екен бар ғұмырың?

Ғасырдың алмағайып кезеңінде,

Не болар енді сенің арғы күнің?!

 

Табылмай тал бойыңнан қадыр-қайрат,

Өзіңнің – өзің жүрсің бағың байлап.

Ей, Қазақ, не болады арғы күнің,

Жүргенде жаныңды ойлап, малыңды ойлап?!

 

Басқаға бақастықпен болып әйгі,

Тартпайтын бір халықсың жаны қайғы.

Көрмейсің өз жақсыңды өрге тартар,

Бермейсің надандықтан тағы бәйгі.

 

Бәрібір, көсеуің не, көсемің не,

Ататын дайын тұрар кесегің де!..»

...Өткізіп санасынан осыны ақын,

Амалсыз күрсінеді төсегінде!

 

Жақсының шығармайтын төрге бірін,

Не табар айтқанменен елге мұңын.

Ақынды қинайтыны – өзі кетсе,

Тағдыры не болары еңбегінің!

 

Жүрсең де жер бетінде тірі тұрып,

Кім ұтып күн кешеді, кім ұтылып.

Ойлайды:  «Өзім кетсем жазғанымның

Барлығы қала ма деп ұмытылып?!».

 

Жаратқан бергенменен санаға құт,

Бір сауал тыным бермей мазаны алып:

Өмірден бүгін өтсе, өлең түгілі,

Өзі де ұмытылып қалары анық...

 

Теңемей қойсын тіпті шын асылға,

Іздейтін адам жоқ па, расында?!

Артында қалған жазба мұрасын да,

Жарамай жоқтасуға, сұрасуға.

 

Беремейді дауасыз дерт мұрсаттауды,

Жан-жағы жар менен құз, құрсақтаулы.

Басында керегенің қара қоржын,

Ішінде бар жазғаны тұр сақтаулы.

 

Мақсаты, арман менен талабы да,

Ішінде қара қоржын қалады ма?

Жоғалып кете ме екен біржолата,

Немесе біреу іздеп табады ма?!

 

Тоқтамас уақытқа жылжып еріп,

Ататын бүгін тағы күнді көріп.

Жатқанда осыны ойлап Сұлтанмахмұт,

Есіктен бір жеңгесі кірді келіп.

 

Жатқанда ойың азып, үміт жүдеп,

Шама жоқ әзілдесер түріп білек.

Жеңгесі аяқпенен саумал әкеп,

Ұсынды: «Таңдайыңды жібітші!» – деп.

 

–Қайтесің қуа беріп сары уайымды,

Азырақ жібітші енді таңдайыңды.

Шамалы тер шығыпты, – деді жеңге,

Сүлгімен сүртейінші маңдайыңды!

...Айтпақшы, Жүсіпбек кеп жатыр дейді,

Сұрапты әркімдерден хал-жайыңды...

 

–Жүсіпбек?! Қашан кепті? Аман ба екен?!

Апырмай, біздің жаққа соғар ма екен?

Баянға келген шығар Құдай айдап,

Қапыда тілдесе алмай қалар ма екем?!

 

Адалдың ақ періште жолдасы бар,

Жіберген мұнда сірә, Алла шығар!..

Соны айтып Сұлтанмахмұт сәл нұрланды,

Жанына жүгіргендей болмашы нәр.

 

–Адам ғой шет жайылған, қиыр жүріп,

Халықтың кетпекші де күйін біліп.

Семейден кеше келіп әдейі арнап,

Баянда жатыр дейді жиын қылып.

 

Бергесін Тәңір сәуле зердесіне,

Азамат алады ғой елді есіне.

Семейден кеше кепті, –деп тағы да,

Білгенін айтып жатыр жеңгесі де.

 

–Апырай, берсек екен қалай хабар?!

Соға ма біздің жаққа алайда олар...

Баянға кім бар екен жұмсайтұғын,

Жеңеше, сұрау салшы маңайға бар!

 

–...Жылқыдан келіп еді түнемелік,

Әзірде болған шығар түрегеліп.

Ініңіз Қарағыздың Әшімі бар,

Сол ұлды хабаршы ғып жіберелік...

 

–Ендеше шақыр, жеңге, сол баланы,

Қайныңды дайын етші жолға кәні.

Жеткізсе бір жапырақ хатымды алып,

Құдайдың қолдағаны сол болады!

Жол үстінде. Әшім

Көгінен тарқап мұнары,

Ақбеттау бөлек тұр әні.

Миығын жалап жартастың,

Мизамның алтын шуағы.

 

Дір етіп беті самалдан,

Аумайтын нәркес жанардан.

Жасыбай – айна,

жағалай,

Қарағай, қайың таранған.

 

Көлеңке құлап тау-шыңнан,

Айнала жартас қаусырған.

Қарақат семіп, мезгіл бұл,

Долана басы таусылған.

 

Қарағай, жартас жан-жағы,

Асуға беттеп алдағы.

Құлама жолмен тырмысып,

Келеді жалғыз арбалы.

 

Асудан асып өткелең,

Жағалап құзды теп-терең.

Бұл Әшім еді арбалы,

Баянға қарай беттеген.

 

Қапталдап қия, төбені,

Шу-шулеп Әшім келеді.

Қойнына тыққан үшбу хат,

Сұлтекең жазған сәлемі.

 

Алақандай-ақ көлемі,

Ағасы жазған сәлемі.

Жүсіпбекке соны жеткізу,

Сапардың мынау себебі.

 

Торайғыр – Баян арасы,

Жарым күн сапар шамасы.

Дуанға болған орталық,

Баянауылдың қаласы.

 

Ағамның жазған бұл хатын,

Жеткізе алсам ғой, құрыса тым.

Тапсырсам Жүсіпбекке мен,

Жеңілдетер ем сырқатын!

 

Жүсекең мүмкін болмай қап,

Бере алмай қалсам сор қайнап...

Соны ойлап Әшім келеді,

Шу-шулеп атын өрге айдап.

 

Мақсат қып сапар әріге,

Ауылдан шыққан сәріде.

Асыққанымен бұл Әшім,

Жете алмай келед әлі де.

Баянауылда. Жүсіпбек

Жалғасып айдау жолдың өресі әрі,

Жеткізер мына сапар емес әлі.

Дегенде, кіші бесін шамасында,

Көрінді Баянның да төбесі әні.

 

Асудан асып түсcе шамалыда,

Жерде тұр таяқ тастам қала мына.

Байқаса Сабындының жағасына,

Жиналған біраз адам қара-құра.

 

Көз салып, сәл аялдап маңайға жай,

«Жүрем бе теріс кетіп абайламай».

Деп Әшім, білейін деп бұл не жиын,

Түзеді аттың басын солай қарай.

 

Жиналған әр ауылдан со шамада,

Келіпті біраз адам осы араға.

Ішінде еңселі үйдің жиын, сірә,

Күзетші бір жігіт тұр босағада.

 

Жинаған төресін де, қарасын да,

Байқаса талай адам бар осында.

Жерошақ түтіндейді жайбарақат,

Аулақтау тұрған екі үй арасында.

 

Топ-топ боп кеңескен жұрт анадайда,

Келдің деп бұған ешкім қарамай ма...

Жақындап жөн сұрады Әшім енді,

Кіретін баса-көктеп шама қайда.

 

Келгесін көпшіліктің арасына,

Байқады бірер адам жаңа, сірә.

–Ай, қалқам, кім боласың? – деді біреу,

Бұ жақтың ұқсамайсың баласына.

 

–Жайлаған Торайғырдың төңірегін,

Айдабол, Әбет ауылы – менің елім.

Арқалап бір ағамның аманатын,

Арнайы осы араға келіп едім.

 

Деді Әшім: «Сәлемші боп араға біз,

Кеп қалдық, жат біреуге санамаңыз.

Есімін естіп жатқан шығарсыздар,

Дейтұғын Сұлтанмахмұт бар ағамыз.

 

 

Жеткенмен болып бүгін жолым аман,

Бұл ара шуласқан жұрт, толып адам.

Хаты бар Сұлтекеңнің Жүсіпбекке,

Тапсыру керек еді соны маған...

 

Бір түстік жүріп кетсек жол арамыз,

Жайымды менің енді жобалаңыз.

Сұлтекең... естіп жатқан шығарсыздар,

Сырқаулы былтырғыдан сол ағамыз...».

 

–Қарағым, байқап тұрмын күйіңді ұғып,

Келіпсің біраз жерден қиын жүріп.

Іздеген Жүсіпбегің анау үйде,

Кешеден жатыр бұнда жиын құрып.

 

Қазақпыз таусылмайтын өсегі ептеп,

Ел жатыр шағым айтып, еселеп кеп.

Жүсіпбек соны қарап жатыр, білем,

Әзірше кіре алмассың баса-көктеп.

 

Түк те жоқ бұл арада уайымдайтын,

Жүсекең жақсы адам ғой пайымдайтын.

Бірінен үйге кірген пысықтардың,

Хатыңды беріп жібер, жайыңды айтып.

 

Жобасын келген елдің шамалаған,

Деп солай ақыл берді жаңағы адам.

Себебі үйге кіру оңай емес,

Жан-жақтан халық мынау қамалаған.

 

Апырмай, жағдай енді не болады,

Жалғайтын кімді табам деп араны.

Тұрғанда аяқ асты Құдай айдап,

Кез бола кетті таныс ел адамы.

 

Аманат орындалса ардың ісі,

Тапсыру үшбу хатты – бар жұмысы.

–Ой, Әшім, қашан келдің, ел аман ба?

Деп сосын жөн сұрады әлгі кісі.

 

Байқаусыз болмасын деп теріс ұғым,

Мәнісін жеткізді Әшім келісінің.

Көрсетті қойнындағы хатын алып,

Айтқасын амандығын ел ішінің.

 

–Шулаған мынау елден ілгері өтіп,

Маған бер, тапсырайын бірдеңе етіп.

Жүсекең хатыңды алса, кім біледі,

Өзіңмен қалады ма бірге кетіп...

 

Шаруаңды берейінші шешіп тегі,

Ертерек дұрыс болар есіткені.

Хатты алған әлгі кісі, – деді сосын,

Біреуден тапсырармын есіктегі.

 

Бетке алып шуылдасқан тамам елді,

Хатты алып жаңағы адам бара берді.

...Доғарып арбадағы қарагерді,

Тосумен Әшім бала қала берді.

 

Кездейсоқ тап болғандай тосын жайға,

Тілдесер адам таппай осындайда,

Тұрғанда, бие сауым уақыт өтпей,

Дауыстап біреу шықты: «Әшім қайда?».

 

–Шулама, ай, ағайын, құр жамырап,

Есіктің ығысыңдар бір жағын ап.

Әбеттің ауылынан Әшім қайсың,

Кірсін деп жатыр мұнда жылдамырақ!

 

Дауысты естігесін көп қарамай,

Жөнелді Әшім енді топқа қарай.

Жүсекең кірсін депті, рас болса,

Ішінен: «Тәубе, – деді, хақ Тағала-ай!».

 

Алла деп, босағадан аттап әрі,

Әшімнің түсті көпке қос жанары.

Байқаса Сүйіндіктің осы арада,

Жиналған жайсаңы мен қасқалары.

 

Жасқанбай жақсылардан жанары әлі,

Көзімен көптің ішін аралады.

Қалаша киім киген төрдегі адам,

Жүсіпбек сол шығар деп шамалады.

 

Ақ жейде, жағасы тік, әрленген,

Сыртында қара бешпент сәні келген.

Қыр мұрын, қайырма шаш, жазық маңдай,

Тұлғасы бөлек мынау қалың елден.

 

Отырған орын сонау алып төрден,

Шырақтай жан-жағына жарық берген.

–Сенбісің, ой, інішегім, – деді әлгі адам,

Сәлемін Сұлтекеңнің алып келген?

 

Беретін Алла бөліп ырысыңды әр,

Жиналған бөтенің бар, туысың бар.

Бұл бала Сұлтекеңнің інісі екен,

Қанекей, орын беріп ығысыңдар!

 

Жиналған жақсылары ел ішінің,

Кім білсін серісі кім, перісі кім.

Әшімді баласынбай Жүсекең де,

Бұл жаққа жайын айтты келісінің:

 

«Жеткесін Баянтаудың алабына,

Тыңдаймыз үлкенді де, баланы да.

Хабардар болу үшін келдім мұнда,

Айтатын елдің тілек, талабына.

 

Әзірше бар жағдай осы, бала,

Жүрерміз, Алла жазса, бесін ауа.

Сұлтекең шақырғанда бара алмасам,

Деп жүрмін ол кісіні несіне аға?

 

Қызылтау – Баянаула төңірегің,

Десе де бәрі ағайын, менің елім.

Бірақ та Сұлтекеңнің жөні бөлек,

Өзім де бір көрсем деп келіп едім.

 

Тірлікте үзілмеген араласым,

Ағам еді сыйлайтұғын қара басын.

Ал, бауырым, деді сосын, абыржыма,

Жүреміз мына жиын тарағасын.

 

Торайғырдағы ауыл. Сұлтанмахмұт. Жүсіпбек

...Асудан көз барында өтіп алып,

Жатайық біржолата жетіп анық.

Деп міне, бесін ауа қос арбалы,

Аттанды Торайғырды бетіне алып.

 

–Байқаймын, бала екенсің жұмысқа адал,

Салайық шама келсе жүріске бар.

Жүсекең деді Әшімге: «Жолды баста,

Жығылсақ жетіп алып дұрыс болар».

 

Шыдайтын белді ат қана салмағына,

Сапар бар әжептәуір алда мына.

Ақбеттау, Найзатас пен Арқар асу,

Оп-оңай жол емес бұл арбалыға.

 

Жаратқан бере гөр деп денге нәсіп,

Жылжумен таудан асып, белден асып.

Келеді қос арбалы аяңдаумен,

Сай менен өзекті өтіп, өрге басып.

 

Биігі артта қалып талай қырдың,

Күн батып, тартты бір сәт маңай күлгін.

Ел жата жолаушылар қос арбалы,

Ілінді жағасына Торайғырдың.

 

Алғандай түннен мына дала сабыр,

Тым-тырыс күй кешкендей тамаша бір.

Бес-алты үй қарауытқан қыр астында,

Көрінді қараңғыда қараша ауыл.

 

Басына төсегінің шырақ құрып,

Кісіден кіріп-шыққан сұрап біліп.

Ұйықтамай Сұлтекең де жатыр еді,

Тықырға даладағы құлақ түріп.

 

Қобалжып көңіл деген сірә, мына,

Төзімнің таусылғандай шыдамы да.

Ит үріп бір мезгілде, әлдекімнің,

Сөйлескен дауысы жетті құлағына.

 

«А, Құдай, Жүсіпбек пе шыныменен,

Тосқаным осы еді ғой түніменен.

Әйтеуір аманатымды айтып кетсем,

Арман жоқ десем-дағы «бүгін өлем!».

 

Санаған өмірінің әр сағатын,

Таңылған төсегіне шаршап ақын.

Қайтейін, шамам да жоқ деп өкінді,

Даладан құшақтасып қарсы алатын.

 

Тәңірдің жазғанынан аса ма адам,

Қайтемін, тосам енді осы арадан.

Дегенше, «Оу, Сұлтеке, қайдасың?!» – деп,

Жүсіпбек өзі аттады босағадан.

 

Ұмытып қайғы менен мұң азығын,

Көңілдің серпігендей құлазуын.

–Ойпырмай, мені іздейтін жан бар екен,

Құдай-ау, бүгін алсаң разымын!

 

Деді ақын қуаныштан алқынып бір,

Жүзінде қызыл бояу шарпылып нұр.

Тұруға төсегінен шамасы жоқ,

Сәбидей қолын созып талпынып құр.

 

–Жүрегім жарылмасын неге менің,

Құсадан келмей кетсең өлер едім!

–Сұлтеке, өйдемеңіз, шыным осы,

Шақыру айтпасаң да келер едім.

 

–Тағдырдың тап болғасын тұсауына,

Басыңнан бақтың құсы ұшады ма.

Өзіңді сағынумен отыр едім,

Кел, қане, алайыншы құшағыма!

 

Дерт мынау, жатқан күнде тәнді үгіп жеп,

Жетпесең не болар ед дәл бүгін кеп!

Сұлтекең құшақтады Жүсіпбекті,

Дауысы қуаныштан сәл дірілдеп.

 

Жадырап көңілі де кермектенген,

Қуанып Сұлтекең де сергектенген.

–Жеңшем ояу ма екен, шай әкелсін,

Түрі бар Жүсіпбектің шөлдеп келген...

 

Шайдың да бола жатар ішілмегі,

Іс болды-ау, көргендей бір түсімдегі.

Сені іздеп жатыр едім, ей, бауырым,

Шерімді тарқалы ішімдегі!

 

Осылай қайғы-мұңнан арылысып,

Жеңгенің дастарханнан дәмін ішіп.

Көз ілмей таң атқанша сырласып ед,

Қос боздақ жолығысқан сағынысып.

 

Жүсіпбек:

–Сұлтеке, жырақ кеттім мен де мүлде,

Білесіз, кеп жатқам жоқ елген күнде.

Әйтеуір тәубе деймін Жаратқанға,

Өзіңді сау-саламат көргеніме!

 

Тірліктің шыр айналған шеңберінде,

Татамыз тәттісін де, кермегін де.

Шамам жоқ қасыңызда бірге болып,

Дертің мен қасіретіңді тең бөлуге!

 

Заманның қараймыз да қабағына,

Көнеміз ит тірліктің амалына.

Шыны сол, Мағжан ақын жай жазған жоқ,

Бұл тірлік абақты ғой – саналыға.

 

Өмірден алатұғын үлесің не,

Кім білсін, жылайсың ба, күлесің бе?

Жаралған дүниеге пенде шіркін,

Осылай тағдырменен күресуге.

 

Сол тағдыр – айыратын шырай бақтан,

Сол тағдыр – торға қамап, мұң ойлатқан.

...Күресе білу керек қиындықпен,

Сұлтеке, жарамайды бұлай жатқан.

 

Болса да қазақ үшін бағаң әйгі,

Жақсыға жаман келіп жоламайды.

Семейге алып кетем ертең бірге,

Дәл бұлай жата берген жарамайды.

 

Күн болып құям деп ең еліңе нұр,

Тағдырдың кез болды ма жолы небір.

Аяқтан тұсайды ғой сырқат деген,

Арманның ұмтылғанмен өріне құр.

...Өзіңді алып кетіп Семейге ертең,

Қартам доғдыр тауып қолы жеңіл...

 

Сұлтанмахмұт:

Рахмет, пейіліңе, әй, бауырым,

Өзіңдей шын жанашыр қайда бүгін!

Мынадай заман келді,

сөзін құптар,

Ел бұзғыш айлалы мен пайдалының.

 

Аулақта аударылып көші-жүгім,

Ағаңның сырқат боп тұр досы бүгін.

Жүсіпбек, әй, бауырым, оңай болмас,

Қатарға менің енді қосылуым.

 

Арындап сүйрегенмен арман алға,

Кім білген құлатарын жалған орға.

Тұруым енді менің екі талай,

Не болады өзімді-өзім алдағанда.

 

Татпаған бұл өмірдің кермегін кім,

Жатырмын бастан кешіп мен де бұл күн.

Қинайтын өлім емес,

соңымдағы,

Тағдыры азын-аулақ еңбегімнің.

 

Бағалар жақсыны кім, көркемді кім?

Осы уайым өзегімді өртер бүгін.

Қорқамын қала ма деп аяқ асты,

Көздерім жұмылғанда ертеңгі күн!

 

Сөкпегін берілді деп мұң-қайғыға,

Бұл жалған баста мәңгі тұрмайды да.

Адамды құндамайтын мына халық,

Қағазға жазғаныңды құндайды ма?!

 

Иілген қарағайдай желді күнде,

Кез болдым бір сырқатқа мен бүгінде.

Мұрамды азды-көпті қағаздағы,

Білмеймін тапсырарымды енді кімге.

 

Сырқатқа жатқаннан соң шырмалып кеп,

Сөйлейтін шамам да жоқ ырғалып көп.

Жазғаным сенде болса, жерде қалмас,

Өзіңмен шамаң келсе бірге алып кет.

 

Жүргенде әркім өзі бас қамында,

Өтер деп мынау өмір қас қағымда.

Қайтейін, күн болам деп талпынып ем,

Қазақтың қара түнек аспанында!

 

Тірлікте жеткенінше қанша халым,

Жасалған халқым үшін барша амалым.

Азғана ғұмырымда басқа болмай,

Қағаз бен қалам болды аңсағаным.

 

Меңіреу қоғам бірақ елең етпей,

Білмеймін, неге жеттім, неге жетпей.

Тұманнан жол табам деп жанұшырдым,

Түнекте шам айналған көбелектей.

 

Жұбатар жалған сөздің керегі не,

Пендесі тағдыр салса көнеді де.

Рахмет, Алла куә, мен риза,

Өзіңмен алып кетем дегеніңе.

 

Сарқылып тірлік деген бұлағы әннің,

Жүсіпбек, халы осылай бұл ағаңның.

Дәрігерге әуре болма, мен бүгінде,

Аржаққа бетін бұрған бір адаммын.

 

Шыға алмай бүгін, міне, далаға аттап,

Жатырмын татар суым шамалы-ақ қап.

Жалғыз-ақ, жазған-сызған еңбегімді,

Өзіңе тапсырамын аманаттап.

 

Келгенің әдейі іздеп сенің бүгін,

Азырақ сергіткендей көңіл мұңын,

Сен аман жүрер болсаң, еңбегімнің,

Бір жарық көреріне сенімдімін!

 

 

***

Күн шығып, шуақ шашып арай қырға,

Бөленді атқан таңмен маңай нұрға.

Екі ақын ең соңғы рет сыр шертісіп,

Осылай қоштасып ед Торайғырда.

 

Арман боп сырқат үшін әр атқан күн,

Әріге үмітіңді сабақтар кім?

«Жыламай қоштасайық, – деді Махмұт,

Бұл дағы сыны шығар Жаратқанның!».

 

«Босатып көңіліңді жаси берме,

Мұңайсаң, қасіретің тасиды өрге.

Бақұл бол, – деді Махмұт, –Алла қосса,

Түбі күн кездесерміз бақилы елде!».

 

Қалғанда ескерусіз жалғанда өнер,

Шын шығар, ақын деген арманда өлер.

–Қош, аға, қош, қош, аға, – деді Жүсіпбек,

Қайтейін амалым жоқ қолдан келер!

 

Өткеннің кім түсінген сірә, мәнін,

Болып ек баласындай бір ананың.

Сұлтеке, аман жүрсем еңбегіңді,

Түбі күн кітап етіп шығарамын!

 

Жарыққа жетелейтін шырағы елді,

Мен барда жоғалмайды мұраң енді.

Ал, қош, – деп, көрсетпеуге көзін жасын,

Жүсіпбек қараша үйден шыға берді...

 

Түйін

Ойға алсақ жазамыз деп неменені,

Жеткен бір сол заманнан дерек еді.

Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт әңгімесі,

Әйтеуір бір айтылу керек еді.

 

Өнердің өрге сүйреп тұмасын-нәр,

Осындай өткен бір кез шын асылдар.

Жүсіпбек беріп кетті кейінгіге,

Жиналған Сұлтанмахмұт мұрасын бар.

 

Еске алсаң сонау заман, әріні өткен,

Керемет деп ойлайсың мәні неткен.

Сол еді Сұлтанмахмұт – қазағының,

Көгінен жұлдыз болып ағып өткен!

 

Жақсысы айдалумен, атылумен,

Бұзылған сол бір қоғам ақылы умен.

Байланып жалғыз түйір қорғасынға,

Жүсіпбек ол да кеткен аһ ұрумен.

 

Келетін үміт артып күндеріне,

Жақсылар өткен сондай ілгеріде.

Алаштың ел боларын бір заманда,

Білді ме, солар бірақ білмеді ме?

 

Өткізіп арада жыл, арада күн,

Ел жатыр танып бүгін бағаларын.

Жүсіпбек білді ме екен,

ұмытылып,

Алпыс жыл өткеннен соң ораларын?!

 

Айта алмай ойындағы бар асылын,

Тірлікте таппай өткен жанашырын.

Ойлайсың, білді ме екен Сұлтанмахмұт,

Тәуелсіз ел боларын Алашының?...

 

Осылар айтып өткен тірлігінде:

«Қайратың, Қазақ, сенің – бірлігіңде!

Мұрадың биік болса арманыңмен,

Тұрады күн жарқырап түндігіңде!».

...Бүгінде елің жетті сау-саламат,

Екеуің аңсап өткен нұрлы күнге.

Жас ұрпақ, есіңде ұста, аспаныңда,

Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт – екі жұлдыз,

Жол сілтеп болашаққа тұр бүгінде!

Сайлау Байбосын

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606