Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Бетбұрыс 3711 4 пікір 23 Сәуір, 2018 сағат 14:27

Министр Абаев БАҚ-қа қатысты тағы бір игілікті істі нақтылады

 

"Жас келсе - іске" деген сөздің шындығын дәлелдеп жүрген атқарушы биліктегі азаматтың бірі жас министр Дәурен Абаев. Ол жуырда Ресейдің телеарналарындағы сасық кеуде сайрауықтардың бірі туралы "еш қымсынбастан": "Мен ондай журналисті білмеймін", - деп салды. Тоқтаңыз, осымен біздің не айтқымыз келеді? Біздің айтпағымыз: жас министр өз басқаруындағы ведмостваның қат-қабат жұмысын ғана емес, ақпарат майданында ұлт, мемлекет үшін күрестің айла-әдісін де жақсы біледі. Иә, ол расында мемлекетшіл тұлға. Ілкіде осы министрміз Қазақстанның шекаралық аумағында еркін тарап, Кремльдің идеологиялық - саясатын таратудан танбай отырған Ресей арналарының қызметіне шектеу қоюға болатындығын да ашық айтты. Ақпарат жəне коммуникациялар министрінің әлгі сөзі биліктегілерді біразға дейін абдыратып тастаған-ды. Министрдің бұл бастамасын сынға алғандар да табылды. Алайда, Абаев сөзінен қайтып, жағымнан жаңылыппын деген жоқ. Ендеше алдағы күндері орыс шовинизмінің отын көсеп отырған Ресей теларналары шетінен көрсетпей қалып әм көзімізден "бұл-бұл ұшып жатса", оған, сірә да таң қала қоймаспыз. Министрдің әр қадамы "Аbai.kz" порталында тұрақты жазылып келеді. Сондықтан оның бәрін қайталап уақытты сарп етпей-ақ қоялық. Бәлкім, реті келсе, сол өткен кеткенді елдің есіне салып, шолу мақалаға оралармыз. Ал бүгінгі ақжолтай жаңалығымыз былай болып тұр. Біздегі билік орындарынан әлдебір мәселенің мән-жайын дер кезінде біліп, анықтау, жариялау қиынның қиыны. Сондықтан болар қазақ қоғамында екіұшты ақпар, ұзынқұлақтың әңгімесі алдымен тарайды. Екіұшты ақпар мен ұзынқұлақтың әңгімесі ақырында дезинформацияға ұласады. Сөйтіп баспасөз таяқ жейді, сол дезинформацияның тарауына салқынын тигізген биліктегі атынан ат үркетін тұлға да көптің сыбауынан қағыс қалмайды. Бұдан сонда кім ұтады? Әрине, ешкім де ұтпайды. Іске жауапты, лауазымды орындардың мейілінше жабық болуы журналистердің қызметін күрделендіріп қана қоймай, жалпы қоғамға зиянын тигізіп жатады. Бұны қазақ "кербаққан" дейді. Сол кербаққандардың бетін  Ақпарат жəне коммуникациялар министрі бері бақтырып, туралай айтсақ, беттерін бері бұрып, БАҚ-қа қатысты тағы бір игілікті істі нақтылады. Енді ресми ақпаратқа жүгінейік:

ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің бұйрығымен БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) туралы үлгілік ережені бекітті деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған құжат «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Онда баспасөз хатшысының немесе баспасөз қызметінің мақсаты, функциялары, құқықтары мен міндеттері қамтылған. Бұйрықта баспасөз хатшысы пайдаланушыларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мəселелер бойынша анық жəне қажетті ақпарат беретіні, БАҚ-қа сұхбаттар, түсіндірмелер, жарияланымдар əзірлеуге жəрдемдесетіні, журналистерді уақытша немесе тұрақты аккредиттеуден өткізетіні, сондай-ақ оларға мемлекеттік органның құзыретіне жататын мəселелер бойынша ақпаратты неғұрлым толық жəне кеңінен тарату үшін көмектескені аталып өткен. Баспасөз хатшысы немесе баспасөз қызметі лауазымды адамдардың БАҚ өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастырады. Сонымен қатар олар интернет-ресурстың қызметін жаңғырту жəне жаңа технологияларды енгізу мəселелері бойынша ұсыныстарды əзірлеуі тиіс. Мұнымен қоса, баспасөз хатшылары ақпараттарды пайдаланушылардан келіп түсетін сауалдарға уақтылы жауаптар дайындауы қажет. Сондай-ақ, баспасөз хатшысы пайдаланушылардан келіп түскен сауалдарға жауап беру үшін қажетті ақпаратты құрылымдық бөлімшелерден сұратуға, интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету мақсатында ақпараттандыру саласындағы сарапшыларды тартуға, біліктілікті арттыру курстарынан өтуге құқылы. Бұдан бөлек, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға медиакеңістікте қоғамның теріс пікіріне əкелетін ақпарат анықталған жағдайда мемлекеттік органның бірінші басшысын уақытында хабардар етуге міндетті.

Abai.kz

 

4 пікір