Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
3130 0 пікір 20 Сәуір, 2018 сағат 09:52

Түркіменстан ТАПҮ газ құбыры жобасына қатысты Өзбекстаннан қолдау күтеді

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтан ТАПҮ (Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан) газ құбырын салуға көмек сұрамақ. Бұл жөнінде Азаттықтың түркімен қызметінің үкіметтегі дереккөзі хабарлады.

Гурбангулы Бердімұхамедов құрамында үкімет мүшелері, кәсіпкерлер, мәдениет қызметкерлері бар делегациямен Өзбекстан сапарына дайындалып жатыр.

Дереккөздің хабарлауынша, Бердімұхамедов екіжақты кездесу кезінде әріптесінен ТАПҮ газқұбыры жобасының құрылысына несие сұрамақ.

Былтыр 26 желтоқсанда "Интерфакс" агенттігі Бердімұхамедовтің дәл осы мәселемен Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұрағанын жазған. Бірақ Путин бұл жобаға күдікпен қарайтынын жеткізген.

Түркіменстан мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің хабарларына қарағанда, Бердімұхамедов түрік компанияларымен де келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. ТАПҮ жобасы бойынша Түркіменстан құрылыстың 85 пайызын өз жауапкершілігіне алған.

Abai.kz

0 пікір