Сенбі, 20 Сәуір 2024
Интернет идеология... 4998 0 пікір 17 Сәуір, 2018 сағат 13:00

Киллер интернет-2

Осыдан  тура он шақты жыл бұрын «Киллер-интернет » деген мақала жазған ек. Қазіргідей қаптаған байланыс мессенджерлері болмаса да, ол кезде  mail. ru  агенттің заманы  шеңгелдей дүрілдеп тұрған. Осы  агенттің кесірінен   талай адам қаза болған еді .  Сәл үзінді келтірсек    «Баяғыда Ыбырай атамыз арман еткен «айшылық алыс жерлерден, жылдам  хабар алғызған» айналайын интернет адамзат баласын жаңа өркениет биігіне көтергенімен, бұрын белгісіз болып келген қаптаған проблемалардың пілігіне «қан жүгіртті». Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі -суицид, яғни өзін-өзі қасақана өлімге қию болып тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек «Қазақстан әлем бойынша, қарғыс атқыр» - кесепат жөнінен алғашқы ондықтан ойып орын алыпты. 100 мың адамға шаққанда, 20 адамнан келеді екен. «Бұл - өте қауіпті» дейді, осы саланың майын ішкен мамандар. Шындығында, қазір жасөспірімдердің саналы түрде өз өмірімен қоштасуы  жиілеп кетті. Газеттерді ашып қалсаң да, теледидарды басып қалсаң да, радионы қосып қалсаң да, бір хабардың ізі суымай жатып, екінші мәселе еліміздің бір бұрышында тілін салақтатып тұрғаны.

Жаңылмасақ әне бір жылы Өскемендік бір бойжеткен өз ауласында асылып өлді. Интернет арқылы ғашықтық ғазалдарын төгіп-төгіп, қиялындағы айбынды серісімен ұзақ сырласып, тәтті-тәтті қиялға шомылып жүрген бойжеткен жігітінің мігіт болып шыққанын білгенде булығып буынып қалған. Оқиға былай болған. Бүгінде үлкен-кішіні де торымен орап алған mail. ru агент арқылы жас қыз сенімді серісімен  танысқан. Сөзі сыпайы, зиялылығы байқалып тұратын жігіт бойжеткенді бірден баурап алады. Қиялындағы жігіт бейнесіне кез болған қырмызы қыз бірден «құлап түскенге» ұқсайды. Жігіт те қу екен өзінің мемлекеттік маңызы бар мекемеде жұмыс істейтінін айтып, жаңа ғашығына әдеттегіден тыс 10 саннан тұратын телефон нөмірін беріп, хабарласып тұруын өтінген. Өзі телефон соға алмайды. Оған қызметі рұқсат етпейтін көрінеді. Алғашында бұл нөмірге секеммен қараған қыз болашақ жарының құпия мекемеде қызмет істейтінін есепке алып, көңілі орнығады. Арада бір шама уақыт өткенде оған 290 мың теңгелік телефон ақысын төлеу туралы хабарлама келеді. Сөйтсе, зиялы боп көрінген серісі, қиялшыл бойжеткендердің сезімін саудаға салып сол арқылы пайдаға кенеліп жүрген алаяқ боп шығады. Мұндай қорлыққа төзбеген әрі мол қаражатты төлей алмайтынын білген қыз өзін-өзі өлтіріп тынады.»

Қазір бұндай мәселе  баланың ойыншығы секілденіп қалды.  Ютуб, инстаграм, фейсбук, твитер, в контакте, ватсап толып жатқан желілерді былай қойғанда балаларды тегін интернетпен қамтамасыз етіп, біреуі Мәскеуде, біреуі  Америка,  біреуі  Қазақстанда отырып  үш -төрт адам бірігіп ойнай беретін атыс-шабыс ойындары  кейінгі кезде кең тарағанын үйдегі  құдайдан қалаған алған қарағымыздың көзі қызарып, сабақ оқыдым деп өзімен-өзі сөйлеп отыратынын  көріп секім алып қалғаным бар.  Заманауи техниканың тілін баланың жетік меңгергеніне қуанғаныммен іштей бір қауіптің барын сезіп отанасына  үнемі қадағалауды тапсырып,  баланың күн сайын мінез- құлқын өзім де аңдап жүрдім. Бірақ  «сабақтан қолы босағанда  тіл үйренсінші»  деп шет елдік балалармен сөйлесіп, ойнағанына аса қарсылық білдірмедім. Жаман нәрсенің пайдалы жағы да болу керек деп топшыладым.  Жаманнан жақсы нәрсе үйреніп шықса несі айып.  Оның үстіне педагогикада  ойын арқылы білмейтінді үйрету, тәрбиелеу тәсілі ең озық әдіс болып саналады.

Сіз де осылай деп ақталатын шығарсыз түйнегіңіздің көзі қызарып түнімен  компьютер қарағанын біле тұра «менің балам әлдеқайда ақылды ғой  оның үстіне сабақ үлгерімі де дұрыс»  деп топшылап.

Алайда бұл ойымыздың терістігін жақында Талдықорған қаласында өз анасын өзі қылқындырып өлтіріп, пышақтаған жасөспірімнің қылығын естіп  төбемізден ашық күнде жай түскенде бірақ сезіп қалдық та  білдіртпей өз бармағымызды біз де қыршып алдық.  Бала тәрибесіне дұрыс көңіл бөлмесе милары ғаламтормен шырмалып қалған  бауырың етіңіздің  өтіңізді жарып, жаңыңызды жұлындайтынын ұқтық.  Көзге көрінбейтін интернеттегі «ителгілер» балаңыздың санасынан саңлау тауып еніп, танымының төріне қосынын тігіп, білдіртпей билігін жүргізіп отырғанын ұқтық.  Ал ол «қанішерді»  жер-көктен итпен ізде, мықтық ат, заманауи  «ақылды» құлтемірлердің көмегіне жүгін бәрі бір таппайсыз.  Сайтанмен сыбайластың  көзге көрінбес қорғанын табудан,  алтын мен мұнай қорын барлау әлде қайда оңай.

Бұл оқиғаны  осы жерден қайырып, ара күн салмай  Шымкенттен шыққан оқиғаға  құлық қойсаңыз бір үйлі жанды өзінің досын,  оның 2005 жылғы бейкүнә інісін, олардың айналайын анасын қолы қалтырамай қынадай қыра салған жасөспірімнің бар көздегіні досының жақында сатып алған  мүмкіндігі мықты, ойын ойнауға әлдеқайда тиімді қымбат компьютері болып тұр.   Заманы құлша илеген Зомби балаға адам өмірінен де, достықтан да  (достық деуге аузың бармайды)  бір құлтемір қымбат.  Әйтпесе  жәй сұрап алуға да болатын  затты иемдену  үшін қанды қасап жасаудың не жөні бар еді. Бәріне ойын кінәлі. Ойындағы көзге көрінбес «киллердің» тапсырмасы айыпты.  Бірақ  заң бойынша сорлайтын жас өмірін де өзгенің өмірінде күл талқан еткен бозбала ғой.

Интернет деген жарықтық  тұрмысымызға  дендеп енгенде алақайлап қуанған ек. Жұмыс жеңілдеді.  «Сұрағаныңның алдыңнан, іздемей-ақ табылып» жатқанына мәз болдық. Рас жақсы жағы жетерлік. Алайда ғаламтордың бір шырмауынан бір шырамауына өз еркімізбен екпіндей еніп, өзімізді өзіміз қылқындырып жатқанымызды енді-енді ғана сәл –сәл ұға бастадық.  Алайда одан енді бас тарта алмайтынымыз, онсыз өміріміздің  «қаратүнек» болатынын бәріміз жақсы білеміз.  Қалта телфоныныңды бір сәтке ұмытып кетсең ел-жұртсыз жапанда жалғыз қалғандай сезінетіміз тағы бар. Рас ғаламтор әлеуметтік сан алуан мәселелерді көтеріп қоғамның оңшалуына, оның түйткілді мәселеріне қоғамның, сол арқылы биліктің назарын аударуға таптырмас құрал. Тіпті демократияның жарқын үлгісі, мінсіз мінбері сияқты  ойыңа не келсе соны айтасың.  «өзің де бармен көзге ұрып, мақтанғың келе ме желіге сал,  жалаңаш мінсіз мүсініңді көрсет,  өлең, әңгіме жаз, кіжін, ақыл айтып данышпансы, батырсын, қоқиланып  қораздан, тіпті біреулер біреулерді өлтірейін деп жатса  көмектеспе керісінше бейнежазба жаса да  тағы желіге сал, лайк жина,  сол үшін сен танитын танымайтын әлдекімдердің ию-қию боп жатқанынан сырттан бақылап мәз бол. Тіпті қазір журналист мамандығының мәні кетіп барады. Газет-журналдың да  күні таяу сықылды. Әркім өзіне өзі журналист.  Қолындағы  телефонын алады  да пікірін  жазып, ноқтасын сыпырып    желіге жібере салады. Оның салдары, сараптауы, топшылауы, ресмилігі  секілді мәселелерге бас ауыртып жатпайды, өзінің көңіл-күйі қалай солай ақпар береді. Бұған арнайы заңмен  сүзгі  қою, бұғаттау секілді мәселелер бөлек тақырыптың арқауы.

Бұл аз десеңіз ресми тіркелген қаптаған ақпарат құралдары қоғамдағы  ең сұрқай оқиғаларды алып көрсету арқылы рейтинг жинайды. Кейде ойлайсың осы қоғам назарын аударамыз деп жүріп кейбір жабық тақырыптарды ашық көрсету арқылы бойында соған бейім «жыны бар»  қанық бұзық жандардың  «осылай жасаса болады екен-ау»  деген ойларына от тамызып жатқан жоқпыз ба деп.  Тіпті біреудің үйіндегі ұрыс керіс те қазір қоғамда қызу талқыланатын мәселеге айналды.   «Ерлі –зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деген ата-бабамыздың өсиетін сандыққа салып құлыптап тастағалы қашан.

Бірді айтып бірге кетесің интернеттің салдарынан қорыққан ата-аналар «ойбай енді интернет деген бәлені үйден аластаймыз» дегенімен,  шаруа  оңтайлы шешілмейді. Бір күн, бір ай  шектеу қойғанмен, қалай қосылып кеткеніңді өзің сезбей қаласың.  Себебі, сен бас тартқанмен  басқалар  бас тарта алмайды, бәрі-бір сол жылымның жылғасына  түсеміз.

Қазір интернет арқылы виртуалды ғұмыр кешетін жандар  саны бізде де жыртылып айырылады. Нені қаласа да интернат арқылы алады. Интернетте бәрі бар. Киім –кешек, азық-түлік бәрі сонда. Тек тілін тап. Тіпті пысық болсаң түрлі бағдарламалар құрап немесе жасап қойған дайын бағдарламаларға қосылып ақша тап.  Тауып жатқандар  да жетерлік.  Олардың кім екенін сіз менен де жақсы білесіз. Және сол жандардың өз-өзінен күйзеліп депрессияға ұшырап жатқанынан да  хабарыңыз  бар шығар. Шет елдік кинолардан  көп көретін әлгі психологтардың көмегіне жүгініп жататын жұрттың байбаламын енді ұқтық.  Қазір нағыз заманауи мамандық осы психологтар болмақ.  Сізге ақыл айтып, өміріңізді түзеуге көмектеседі, тіпті сіздің ешкімге айта алмайтын, сандырақ қияли ойларыңызды тыңдап, ішіңіздегі қыжылдың қоясын ақтаруға көмек көрсетеді. Не деген ізеттілік, ізігілік. Алайда бұл имандылық әрекеттің де бағасы удай қымбат болмақ.  Енді сіз біреуге ойыңызды тыңдату үшін бірінші ақша төлеуге мәжбүр боласыз. Сосын ақшаңызды алған бір бейбақ сізді күні-түні тыңдауға бар, малтаңызды езіп-езіп қайтыңыз.  Ақшаңыз жоқ болса, асылып, атылып өліңіз, немесе «өртеніп  өлем», «пәленбайыншы қабаттан секірем» деп жұртты дүрліктіріңіз бәрі мархаббат. Интернеттің көрінбес қорғанында отырғанда  миллиондаған досы, жанашыры бар жан, шынайы өмірде мүлде жалғыз бейбақ, нағыз тасмаңдай.  Сенсеңіз де сенбесеңіз нағыз лыпасыз шындық осы.

Жә, бұны да қойшы.  Біз алаңдап отырған жайт -  баламыздың болашағы.  «Бүгінгі мектеп оқушысы - ертеңгі ел тірегі» деген ұрандатқан сөзді сіз де ішіңізден қайталап отырған шығарсыз. Ертеңіміз қалай болмақ. Кімге сенеміз. Балаларымыз үш тіл білсін дедік. Алды біліп үлгерді. Заманға сай болсын дедік оны да игердік. Техника тілін білсін деп ек тіпті асып түсті.  Түскені соншалық өз баламызды өзімізге бөтен етіп алдық.  Тәрбиенің ошағынан ыс шығарып, ис тидіріп алғанынымызды енді біліп отырмыз.

Осы тұста тағы бір ойдың ұшығы шығады. Қазір не көп жалғыз басты, бір баласы бар аналар көп. Соңғы кезде күйеуге тимей-ақ жолдан бала тауып алып еркін өмір сүргісі келген бақуатты, өз кәсібін өзі дөңгелеткен қыз- келіншек  көп. Олар біреудің кір-қоңын жуып, байына жаутаңдап қарап,  оның ойымен санасқаннан гөрі бәрін өзі шешкенді жөн көреді. Баласын да өзі қалай болса солай тәлім береді.  Шынтуайтында жұмыс басты келіншектердің баласын өзгелер   мәселен бала күтушілер тәрбиелейді. Бала күтушілердің көбіне  баланың жеке тұлға болып өскені емес, күнінің тыныш өткені пайдалы, бала ауырмаса, жыламаса болды.  Ойын қосып береді, интернетке еркін кіргізеді. Тек шешелері келе жатқанда сәл-пәл ертегі оқуы мүмкін. Демек баланың жаңа-жаңа бүр жарып келе жатқан танымын  интернеттегі  «тәрбиешілер» ій қып илейді. Оның салдары жоғарыдағы.  Ер адамның мінез құлқын көріп өспеген бала бәрі бір жалтаң, не кекшіл болып жетіледі. «Әке - асқар тау» деген теңеу бекер айтылмаған. Әкенің сесі бөлек. Бала бәрі бір әкесін іздейді. Ұл-қызы зіңгіттей боп ержеткенде  жалғыз басты аналардың  ие бола алмай жататын жайттарын  күнде көріп жүрміз ғой айналамыздан.  Қайтпек керек. Психогтарға жүгінеміз бе. Мектептерде құйдайға шүкір психологтар жетерлік. Бірақ бәрі  шынайы психолог пе. Психология туралы аннан-мұннан үзіп –жұлып оқығанын шала шарпы  түсініп, оқушыларға әдемі ойын көрсетіп жүрген, «ақылдысың, сұлусың, өзіңді өзің игер, мықты бол» деуден ары аспайтын өздеріне де бір ақылман керек жандар ма оны тағы айырып алу қиын.

Мектептерде кенеуі кеткен  келеңсіз оқиғалардың болары болып, бояу сіңгенде барып оларды «жерден алып, жерге саламыз» одан не қайыр. Демек нағыз психологияның келеңсіз жайттарды әр баланың титтей бір қылығынан, ишрасынан сезіп,  біле қоятын  нағыз мамандар бізде әлі дайындалған жоқ, дайындайтын мамандар да жоқтың қасы. Себебі біз ондай әлеуметтік кеселмен  енді-енді ғана бетпе-бет келіп отырмыз. Шет елдің әдіс тәсілдерімен қазақы түйсіктегі балалардың аңысын аңдау мүмкін емес. Демек  бізге ұлттық негіздегі психология әдіс-тәсілдері қажет.

Сонымен қатар енді мың жерден шектеу қойсақта   компьютерлік ойындарға тиым сала алмаймыз. Бұл бизнестің бір тармағы. Оны жабу мүмкін емес. Бизнесіне мүдделі қалталы  жандар оған ырық бермейді де. Біздің ендігі мұрат дәл сондай бірақ адам өлтіруге, зорлық-зомбылыққа итермелейтін ойындар  емес, керісінше ұлттық патриотизмды қалыптасыратын, ұлттық ойлау жүйесіне, қазақы қалыпқа негізделген, иман, ибаны серік еткен, жығылғана жебеу, сүрінгенге сүйеу болатын, үлкенге құрмет, кішіге ізетке үндейтін,  қоғамдағы  адам баласына қауіпті кесепаттармен үнемі күресіп, сол жолда жеңіске жетіп, ел құрметіне бөленетін  ізгі кейіпкерлерді  арқау еткен,  балаларды салауатты өмір салтына үндейтін  ойындар ойлап тауып енгізу. Бұндай ойындарды жасау қазір пәлендей қиындық туғызбайды. Тек мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп, бақылауға алынса болғаны деп ойлаймыз.

Ерғазы Манапұлы

Abai.kz

0 пікір