Бейсенбі, 26 Сәуір 2018
Деп жатыр 2197 5 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 12:58

Дәурен Бабамұрат. Брюссельдегі жиынға неге қатыстым?

Алдыңғы аптада Брюссельде өткен кездесулер, қазақ қоғамы үшін үлкен жаңалық болды. Әлдекімдер «оппозициялық» деген теңеу таңып үлгерген бұл басқосу, көпшілік үшін «күтпеген», «ойламаған» немесе тіпті «мәнсіз-мақсатсыз» болып көрінген... Мен сол жиынға неге қатыстым?..

Алыстан ұран шақырылып, атойлаған дауыс естілсе, делебеміз қозатын қазақпыз, өзім құрметтейтін елдің ағалары ат ерттеп, «көшке ер» дегенде, отыра алмадым. Брюссельден бірақ шықтым. Тәп-тәуір жиын (форум) болды. Бас жарылып, көз шыққан жоқ. Брюссельдің төрінде, Еуроопарламенттің ішіндегі сан кездесулерде де, елдің ағалары қазақтың атын да, затын да өз деңгейінде ұстап, теңбе-тең кездесулер ұйымдастырды.

Менің түсінігімде кез-келген әрекет, шарасыздықтан, не болмаса қол қусырып бос отырғаннан мың есе пайдалы. Ал саясат - ол мақсатқа жұмыс істеу, оның жолында Ахаң айтпақшы (Ахмет Байтұрсынов) қызылмен де, ақпен де, бір үстелдің басына отырып, ұлттық мүдде жарасқанша бір болуға бармын. Өз әрекеттерімді шектемеймін, ешкімді мақтауға да, даттауға да уәделескенім жоқ. Бірінің алдында кіріптар, екіншінің алдында ұятты болатын еш жағдайым жоқ. Сол себепті Хабардағы «Сана» деген авторлық бағдарламамнан «Рухани жаңғыруды» қалай дәріптесем, «Жаңа Қазақстанның» құрамында да сондайлық дәрежеде қызмет етіп, өткінші биліктің кем-кетіктерін бетіне басып, Әміржан, Дос, Ермұрат ағаларым бастаған іске қолқабыс етпекпін.

«Либерал емессің, Брюссельге баратындай қандай құқың бар?!...» дейтіндерге жауабым мынау... Өзімді о баста «ұлтшыл» деп бекіткенмін. Сөзсіз қазақтың ұлтшылдығы шовинизмнен гөрі отаншылдыққа жақын. Біздің ұлтшылдық біреуді кемсіту емес, қазақты көтеру. Және осы атағымды ешқандай «либерал» деген «мадаққа» айырбастамасым анық. Дәл сол уақытта жалпы демократиялық құндылықтар, сөз бен ой бостандығы, адам құқы және заң біріншілігі - мен үшін талқыланбайтын ереже. Аталмыш жиынға қазақ қоғамының барлық сегменттерінен өкілдер жиналды. Соның ішінде менде бармын. Демек, Еуропаға барғам, бардым және Алла Тағала амандық берсе әлі талай барамын. Менің дәстүрлі, ұлттық құндылықтарды дәріптеуім оған еш кедергі келтірмейді.

Келесі қойылар сауал мынау. "Неге Брюссель?..." Себебі елге келе алмайтын, бірақ ел мүддесі үшін алып-қосар ойы бар, сырттағы азаматтардың қатысуы маңызды болды. Оның үстіне еуроүкіметтің де бізге қатысты ой-пікірі қажет еді. Дәл осы жиын Қазақстанда өтсе, көп жиналыстың бірі ғана болып қалар еді. Дәл осындай резонанс тумас еді.

Бұдан не шықты, не болады?... Форумға қатысқан адамдардың барлығын ел біледі, сыйлайды, құрметтейді. Бір жиыннан олардың көзқарасы 180 градусқа аунап түспесі анық. Бұл саяси процесс. Ел дамуына қатысты ой қосу, пікір алмасу, нақты іс-әрекеттер қимылын болжау, жоспарлау керек. Бірі орындалар, бірі орындалмас. Ары қарай не боларын әлі ұйымдастырушылардың өзі де білмейді, бірақ ниет түзу. Сол себепті «Әрекет еттіңдер» деп жазғыру дұрыс емес. Не болмаса, біткен іске сыншы боп, «ал енді?...ал енді?...» дей берудің де қажеті шамалы. Бәріне уақыт төреші.

Бастысы қоғамға да, билікке де ой тасталды. Әсіресе билік, келесі қадамдарын қоғаммен барынша санасып жасайды білем. Алаш азаматтары қажет болса, кез-келген уақытта осылай жинала алатынын, бірлесіп елдің болашағы үшін кіммен болса да, қай жерде болса ұйымдаса алатынын көрсетті. Бұның өзі, түсінген «билікке» үлкен қоңырау.

Осы орайда жастарға бір ой айта кетейін. Ашықтық пен әділдік, ұлттық мүдде мен саналы қоғам турасында қандай жиын болмасын, жастар еркін қатысуға құқылы. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын алыптар, осындай жиындардан қайнап шығады. Сондықтан алдағы жиындарға да жастардың қатысуын құптаймын, шақырамын.

Abai.kz

5 пікір