Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 11564 20 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 10:42

Ежелгі «Арии-Арийцы» дегендер кімдер еді?

Арий тайпасы Үндістан мен Иран аймағына анық қай заманда барғаны белгісіз, тек ғалымдар б.д.д. үшінші мың жылдық деп шамалайды. Аталған аймақ халықтарының тілдеріндегі ұқсастықтар Арий тайпасымен байланысты деп зерделеген мамандар, оларды «Арий ұрпақтары» («народы индо-иранской или арийской группы») деп атап кетті.

Ең ежелгі «Үнділік Ригведа» мен «Ирандық Авеста» жазбаларынан «Арий» атауы жергілікті ұлттар тілінде алғашқыда «басқыншы», «бөтен» деген мағына бергенін, кейін «қожайын», «билеуші» деген мағынаға ие болғанын аңғарамыз. Оның үстіне «Арий» тайпасы көшпелілер болғанын ғалымдар мойындайды, ал жоғарыда аталған жазбалар олардың Отаны «қатты аязды қысы бар» солтүстік аймақта орналасқанын дәлелдейді. Әрі осы деректер «Арийлықтардың» өзге аймақтан барған «басқыншы ел» екенін айғақтайды. Ал «қатты аязды қысы» бар өлкені Алтай аймағы деп жорамалдаған орынды.

Билеуші болғанымен, саны аз арийлықтар кейін өздерінің отарындағы үнді-иран ұлттарының тілінде сөйлеп, тіпті, уақыт өте сіңісіп кетті. Сондықтан аталған аймақ халықтары тілін «Арий тілі» деген орынсыз, оларды «Арий ұрпақтары» деу де қателік. Ол халықтар жергілікті этностардан қалыптасты, ал тілдеріндегі ұқсастықтар ежелгі түбінде тегі бір екенін ғана дәлелдейді. Яғни, оларды байланыстырып отырған ортақ сөздерінің арий тайпасы тіліне еш қатысы жоқ. Оларда арий тілінен қалған белгі болса, ол – барлығының тілінде бар болуы мүмкін кейбір «ескі түркілік» сөздер ғана.

Қазіргі Ирак, Түркия, Иран, Сирия өлкелері түйіскен аймақта б.д.д. IV-III мыңжылдықта Шумер мәдениеті болғанын тарихи деректер растайды. Атақты «Шумер жазуындағы» көп сөздердің қазақ сөздерімен ұқсас әрі мағыналас екенін әлемдік деңгейдегі қазақ ақыны Олжас Сүлейменов әйгілі «АЗиЯ» кітабында айқын дәлелдермен көрсетті. Ал б.д.д. ІІ мыңжылдықта Троя аймағы мен ежелгі гректерде соғыс құдайы Арес деп аталғанын, грек аңыздарынан Арес отаны Финикия, яғни ежелгі Шумер аймағы екенін көреміз. Осы дерек Арес пен Шумер байланысты екенін байқатады. Грек аңыздары Аресті «алып денелі, қуатты еркек» ретінде суреттейді, ал «Арыс» деген қазақ сөзінің мағынасы да тап солай, «алып денелі, қуатты» дегенге саяды (аң патшасының қазақша «арыстан» деп аталуыда сол мағынасынан болар). «Аристократ» деген сөз әлемдік тілдерге ежелгі грек тілінен енді, оның мағынасы – «текті, билеуші әулеттен шыққан мырза». Осы сөздің «Арис» деген түбірі – «текті билеуші әулет» атауы Арис болғанын көрсетеді. Оның мағынасының үнді-ирандық этностардағы «Арий» сөзінің «билеуші мырза» деген мағынасымен бірдей болуы, Арис пен Арий бір тайпа ел екенін дәлелдейді.

Демек б.д.д. ІV мыңжылдықта ежелгі Грекия аймағына дейінгі жерді жаулаған түркітілді «Шумерлер» мен Үндістан-Иран аймақтарын бағындырған көшпенді Арий тайпасы тікелей байланысты. Сондықтан Арий тайпасының өз атауын Арыс деп танығанымыз және оларды Алтай аймағынан шыққан түркітілділер дегеніміз жөн. Оңтүстік Қазақстандағы өзеннің Арыс деп аталатынын да еске салайық. Қазақ халқы шежірелері арғы тегімізді Бекарыс, Жанарыс, Ақарыс деген үш Арыстан тарататыны да белгілі факт.

Енді Арыс-Арий ұрпақтары кімдер болуы мүмкін екеніне назар аударайық.

Арыс тайпасы б.д.д. ІV мыңжылдықта Алтай аймағынан шыққан дедік,  олардың Үндістанға жаулап барған жолы қазіргі Моңғолия даласынан бастап, Орталық Қытай мен Шыңжан арасындағы аймақ арқылы өткен. Ал енді Арыс тайпасы заманынан мың жылдан кейін, яғни б.д.д. ІІІ мың жылдықта сол Моңғолия даласында «хунь-юй» тайпасы отырғанын, ал Орталық Қытайдың таулы ормандары мен Шыңжанды «жунди» халқы мекендегенін Қытай жазбалары баяндайды. «Хунь-юй» (қоңыр-уй) тайпасының кейінгі ұрпағы – 24 тайпалы хунь халқы, ол халықтың әуелгі өз атауы қоңыр екенін және ол халық пен сақ халқының бірігуімен қазақ халқы қалыптасқанын «Қазақ атауы тарихы» деген мақалада егжей-тегжейлі түсіндіріп, дәлелдеп көрсеттік. Сол мақалада, «жунди» дейтіндер «жүнді» халық екенін және олардың кейінгі ұрпағы «үйсүндер» болатынын айтып кеттім. Белгілі тарихшы Лев Гумилевтің көрсетуінше, біздің дәуірдің ІІІ ғасырында Камбоджда аймағына барған қытай елшісі «ол елдің үнділік жазуы хунь жазуын еске түсіретінін» баяндаған. Бұл дерек, құңдар (хунь) аймағынан барған ежелгі арий тайпасы үнділік жазба мәдениетін қалыптастырғанын, құң (хунь) халқы сол арий тайпасы ұрпағы екенін айғақтайды. Үнділік жазба мен құң жазбасының ұқсастығы, жоғарыда айтылған «шумер» жазбасының «қазақы мағыналы» болуы Арий-Арыс тайпасы ежелгі үнді-иран-грек этностары үшін «нағыз Аристократтар» болғанын және көне түркі жазбасы ежелгі арий-арыстардан бастау алатынын көрсетеді. Осы деректер «хунь-юй» мен «жунди», яғни түркітілді құң мен жүнді халықтары Арыс тайпасы ұрпақтары екенін дәлелдейді.

Енді Арыс тайпасының парсы аймағы мен ежелгі гректерге дейінгі аймақты жаулаған екінші жолы қазіргі Қазақстан жері арқылы Орта Азияны басып өткені тарихтан аян. Б.д.д. І мыңжылдықта аталған аймақ халқын парсылар Сақ деп атайтынын, ал гректер оларды Скиф дегенін ежелгі грек тарихшысы Геродат баяндайды. Геродат сақ-скиф халқы Ареске сыйынатынын, олар адамды құрбандыққа шалатын «ерекше қылышын» биік жерге қойып табынатындарын жазады. Қазақ халқы қылыштың ең мықтысын «алдаспан» деп атайды, оның «алды аспан» деген мағынасы атаудың сол сақ-скифтердің «ерекше қылыш» заманынан қалыптасқанын байқатады («Аспан Құдайы құрбандығымызды қасиетті қылыш арқылы алады» деп сенген сақ-скифтер, ол қылышты «алды аспан» деп атағанын көреміз, бұл дерек қазақ тілі мен сақ-скиф тілінің тікелей байланысты екенін айғақтайды). Лукиан Самосатскидің (120-190 жж. б.д.д.) «Токсарис және достық» еңбегіндегі скифтің Токсарис деген есімі, Геродат пен Страбон «жеті ұлы ғалымның бірі» деп таныған скиф Анакарис (620-555 жж. б.д.д.) есімі де сақ-скиф халқы мен ежелгі арий-арыстар байланысын байқатады: «Токсарис» – «Тоғыз-арыс», «Анакарис» – «Анық-арыс». Осы деректер мен Ареске сыйыну, яғни арғы бабасына сыйыну дәстүрі сақ-скиф халқы ежелгі Арыс тайпасы ұрпақтары екенін аңғартады.

Демек құң – хунь, сақ – скиф, жунди – уйсун деп танылатын үш халық – ежелгі Арыс-арий тайпасы ұрпақтары. Осы үш халықтың жеке тайпаларынан немесе бірнеше тайпалары одағынан барша түркілік ұлттар қалыптасты (татар тайпасынан – татар; қырғы тайпасынан – қырғыз-хакас және башқыр; алан тайпасынан – қарашай-балқар және дигор; құман тайпасынан – құмық; маңғыт тайпасынан – ноғай мен қарақалпақ; үз (ақүз-оқүз) тайпасынан – түркімен; отырықшы үйсүндер мен үз тайпасы араласуымен – үзбек, үз-үйсүндер мен қырғы тайпасы араласуымен – үйқыр (ұйғыр); урус пен сақалбан тайпаларынан – қырымлар (қырым татарлары); абар тайпасынан – авар; сақтардың энгр тайпасы мен абар және мажар тайпалары қосылуымен – венгр). Ал қазақ халқы болса, құң мен сақ халықтарының негізгі бөлігінің біздің далада қосылып Құңзақ деген халыққа айналуымен пайда болды. Кейін Құңзақ атауы қысқарып, әуелі Қзақ, сосын Қазақ болып орнықты және үйсүндердің көшпелі тайпалары да қазақ халқы құрамына енді. Қазақ халқының арғы тегін Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген атаулардан таратуы да сол ежелгі Арыс тайпасы ұрпақтары екені халық жадында қалып қойғанын байқатады. Мүмкін әуелде сақ-скифтер – Жанарыс, хунь-құңдар – Ақарыс, ал жун-жүнділер Бекарыс деп аталған болар. Оларға «құң-хунь», «сақ-скиф», «жүнді-жунди» атауларын таңған кейінгі көршілері ғой, олардың өзіндік атаулары Жанарыс, Ақарыс, Бекарыс болған тәрізді.

Арыс-Арий тайпсының өз атауымен кейінге дейін сақталған бөлігі жайындағы деректерге тоқталсақ.

Арыс тайпасының Тарбағатайдың шығысында отырғандары кейін құң (хунь) мен жүнді (жунди) деген екі халық болып қалыптасса, Тарбағатайдың батысында, қазіргі Қазақстан мен Орта Азияда қалғандары сақ (скиф) деген халыққа айналды. Ал Закавказье мен Қара теңіз маңына орныққандары Арыс атауымен кейінге дейін өмір сүрді. Закавказье мен Қара теңіз маңындағы Арыс тайпасы б.д.д. ІІ- б.д. ІV ғасырлар аралығындағы римдік деректерде «Аорс» атауымен кездеседі. Олар «аорсты» Скиф халқынан деп таныған, кей тарихшылар Сарматтар құрамында болған деп біледі. Себебі, сақ-скиф халқының албан мен сыбан тайпалары б.д.д. ғасырларда Закавказеге, языг (үзік) пен сирақ тайпалары Қырымға көрші далаларға барып қоныстануында еді. Яғни, Арыс-Аорс тайпасын да сақ-скифтік немесе сарматтық деп тану орныққан (албан мен сыбан тайпалары қазақ халқында сақталды, Закавказеге кеткендерін парсылар «сақалбан» және «сақсыбан» деп атап кеткен, шахсеван деген көшпелі тайпа азарбайжандар құрамында бар. Сван деген көл Арменияда, сван деген ұлт грузиндер құрамында бар. Ал «сақалбан» дегендер кейін Қырымда отырды, олардың Қара теңізден ары кеткендері қазіргі Албания елінің халқын қалыптастырды, Қырымда қалғаны кейін арыс-урус тайпасымен бірге Қырым татарларын қалыптастырды (өз атауы Қырымлар ұлты)).

Арыс атауын «Аорс» еткен римдік тіл. Деректерде Аорс тайпасы «жоғарғы Аорс» және «төменгі Аорс» болып екіге бөлінетіні баяндалады. Олардың Закавказьедегілері құң халқының Алан тайпасы келген І ғасырда кіші Кавказ тауына жақын ығысып, ІІІ ғасырдың соңында тауға көшіп, ежелгі грек тілінде христиандықты қабылдап, армян ұлтын қалыптастыруға атсалысты. Армяндардың христиандыққа дейін Ареске табынғаны жайлы деректер және армяндардың «Арийцы ұрпағымыз» деген түсініктері сөзімізге аян. Қазіргі Аракс өзені атауы әуелде «Арыс» болған деуде орынды. Ғалымдардың армяндардың ең ескі христиандық жазбалары «қыпшақ тілді» екенін мойындауының өзі олардың әуелде түркітілді болғанына жеткілікті дәлел. Ол жазбалар армяндарды христиандыққа кіргізу үшін ескі армиян тілінде немесе «қыпшақ тілінде» жазылғаны түсінікті. Әрине, христиандық күш алғаннан кейін ежелгі грек тілі «Шіркеу тілі» болып орнықты, сондықтан армяндардың төл тілі қатты өзгеріске ұшырап, негізі ежелгі грек сөздері болған қазіргі армян тілі қалыптасты, алайда армян тілінде түркілік сөздердің әлі де көптігіне күмән жоқ.

Ал Қырымға таяу даладағы Аорс тайпасы құң халқының Құман тайпасы келген І ғасырда ығысып, Қырым жарты аралына қоныстанған. Сол жерден ІV ғасырда Рим империясына жиі жорықтар жасап отырғаны, ол шабуылдарды Рим жазбалары «скиф соғысы» деп көрсеткені белгілі. Сол деректерден скифтер теңізде кемемен жүзуді, артынша кемелер жасауды игергенін көреміз. Сондықтан «скиф соғысы» тарихқа «скифтердің теңіз кемелерімен Рим империясына жасаған жорықтары» деген мағынада енді.

Содан 300 жыл өткенде, яғни VІІ ғасырда Қырымға жақын жерге келіп орныққан қазақтар Аорс тайпасын «Орыс» деп атап кетті. Ал оғыздық хазарлар оларды «Урус» деп атады, осы урус атауы араб жазбаларына енді. Х ғасырдағы араб географы әрі тарихшысы Әл-Масуди жазбасында Қырым жарты аралында «кемелі урус және сакалба елдері» қатар отырғанын, урустар көп рулардан құралған ел екенін көрсетеді (мұндағы сакалба дұрысында – «сақалбан»). Ғалым Қырымға таяу далада «көшпелі қазақтар» көшіп-қонып жүретінін де айтады, ресейлік аудармашылар оларды «кочевники гузи» деп бұрмалап көрсетеді (арабшада «и» мен «қ» әріптерінің жазылуы ұқсастығынан да қателесуі мүмкін), алайда араб жазбасымен таныс адамға оның дұрыс жазылуы «көшпелі ғазақ» екенін түсіну қиынға соқпайды. Оның үстіне, ХІ ғасырда ол жерде касогта деген көшпелі жұрт отырғаны «ескі-славяндық» жазбаларда кездеседі. Ондағы «касогта» деп бұрмалағандары – «касагтар», яғни «қазақтар». Ол жерде Х ғасырда «гузи» деген көшпелілер болса, оларды ХІ ғасырда «касогта» деп көрсетпес еді. Олар қазақтар болғандықтан, славяндалған жазбаларда «касогта» деп көрсетілген ғой. Қырымдық урус пен сакалба елдері ХІ ғасырда католиктік христиадықта болды, осы шындықты ресейлік құмық ғалымы Мұрад Аджи нақты дәлелдермен талай рет көрсетті. «Кодекс Куманикус» деп аталып жүрген көне жазба, анығында сол қырымдық урус пен сакалбандардың католиктік діни кітабы болып табылады. Ол кітаптың латын әрпімен түркі тілінде Қырымда ХІІІ ғасырдың соңында жазылғанын және оның тілі қырымлар (қырым татарлары) тіліне өте жақын екенін ғалымдар мойындайды. Қырымдық «урус-сакалба» елінің православиялық славян емес, түркітілді әрі католик дінді болғанына және олардың үзілмеген ұрпағы қырым татарлары екеніне «Кодекс Куманикус» жазбасы жеткілікті дәлел.

ХІ ғасырда дағыстандық аварлар билігіне қырымдық Рус тобы отырды (Сарир мемлекеті орнына Авар Нуцальдігі пайда болды), осы себептен византиялық христиан дінін ұстанған аварлар рим-католиктік христиандыққа көшті. Сол авар нуцальдарінің, яғни «рустік» авар билеушілерінің шежіресінде арғы аталары «Арысхан» деп көрсетілген. Осы нақты деректің өзі қырымдық «аорс-урус-рус» тайпасының өз атауы біз көрсеткендей «Арыс» екенін дәлелдейді. Ресей ғалымдары шовинистік әдетімен Урус атауын «рус», Сакалба атауын «славян» дегізді. Қазақ атауын «Касогта» етіп бұрмалап тарихқа енгізген де солар. Осылайша Урус елі мен қазақтар қақтығысын «Орыс әскері мен Касогта әскерінің ХІ ғасырдағы соғыстары» етіп бұрмалап жазды, ал «касогта» дегендер қазақтар екенін дәлелдеуге ол заманда қазақ тарихшы ғалымдарының мүмкіндігі болған жоқ.

Ресей халқының неге «русские» деп аталғаны және олардың Қырымдық Аорс-Урус тайпасымен қалай байланысатынын бөлек мақалада айтармыз. Ең бастысы, Қырымда болған «арыс-аорс-орыс-урус-рус» деген атаулармен белгілі тайпа-ел мен оның жақын көршісі сакалба-сакалбан елінің қазіргі ұрпақтары сол жерде әлі отыр. Оларды «Қырым татарлары» деп бұрмалаған – Ресей империясы. Олардың өз атаулары «Қырымлар» және тілдері қарашай-балқар тілдеріне жақын, яғни қазақ тіліне де өте ұқсас.

 

Қосымша ақпарат:

Үнділік тілдердегі сөздердің кейбірі славян сөздеріне ұқсастығын пайдаланып, «арийды – солтүстіктен барған славяндар» дейтін Ресей ғалымдары бар. Шындыққа жүгінсек, ең алғашқы «славян» – болгар ұлты, болгарлар түркітілді бұлғар тайпасының шоқынуынан пайда болды, яғни, Болгария аймағы 169 жыл Византия құлдығында болған, ХІ-ХІІ ғасырлардағы бұлғарлар шіркеу тіліне көшіп «болгар» деген ұлтқа айналды. Түркілік бұлғар сөздері араласқан, алайда негізгі сөздері византиялық болған «шіркеу тілі» пайда болды. Оны барша славян ұлттары «ескі болгар тілі» немесе «славяндық-шіркеу тілі» деп атайды. Өйткені, барша славяндық ұлттар осы ескі-болгарлық шіркеу тілімен христиандық қабылдаған. Христиандық қабылдаған бұлғарлар өз тілдерінен бас тартып, осы шіркеу тіліне көшуге мәжбүр болды, бұлғар тілінен бас тартпағандарды «язычники» деп айыптап, қырғынға ұшыратқан. «Византиялықтардың 30 мың бұлғардың көзін ағызып жібергені» жайлы нақты дерек бұлғарлардың өз тілінен қалай айрылғанынан хабар береді. Византиялықтар оларды «славон» деп атаған, оның мағынасы – «құл», алайда бұлғарлар өз ұлтын «болгар» деген нұсқада сақтап қалды.

Болгар патшалығының шіркеу тілі (ескі болгар тілі) ХІІ-ХVІ ғасырлар аралығында Шығыс Еуропалық көптеген түркі тайпаларын шоқындырды. Олардың әрқайсысы «болгар-шіркеу» тілінің диалектісі болып табылатын жаңа тілдері бар христиан дінді жеке ұлттарға айналды, византиялық «славон» сөзі олардың ортақ атауы болып қалыптасты. Яғни, славян ұлттары «кеше ғана» осылай пайда болды. Византия тілі ежелгі-грек тілі мен иран тілдері араласуымен пайда болғаны – белгілі жайт, сондықтан Византия тілін «орта грек тілі» деп те атайды. Ал кәзіргі Греция тілі – жаңа грек тілі. Яғни, Византия тілінде ирандық сөздер көп болған, осы ирандық сөздер болгар-шіркеу тіліне өтті, барлық славяндық ұлттар – осы болгар-шіркеу тілі арқылы христиан болғандар. Олардың тілдеріндегі ирандық сөздер осындай себеппен пайда болды, ал иран мен үнділік тілдер – туыс. Демек, славян тілдеріндегі сөздердің үнді-ирандық сөздерге ұқсастығы мен «ежелгі Арийцы» тайпасының еш байланысы жоқ, ол ұқсастық славяндық шіркеу тілінің Византияның иран-гректік тілінен қалыптасқандығын көрсетеді.

Қазіргі барша славяндық ұлттардың арғы тектері – түркітілді тайпалар, ол тайпалар сақ-скиф, гунн-құң, жунди-үйсүн деген үш халыққа жатады. Ал аталған үш халықтың арғы түбі арий-арыс тайпасына барып тірелетінін айттық. Осы себептен славян халықтарын да ежелгі арий-арыстар ұрпағы деуге болар еді. Алайда, діні арқылы өзге тілге көшкендіктен, олардың тілдік және мәдени байланыстары толық үзілген, сондықтан славяндарды «арий-арыстар ұрпағы» деу қисынға келіңкіремейді.

Батыс Еуропа халықтарының тілдерін «германдық тілдер тобы» деп таниды. Герман тайпалары І ғасырда «саксы» атауымен көрсетілетін, яғни олар сақ-скиф халқы болып табылады. Қырымда сақталған скиф қорғандары мен «Сакс ауданы» атауы және Германиядағы «Саксония» өзара байланысты екеніне күмән жоқ. Еуропаны V ғасырда гунн-хунндар жаулап алғаны және «саксы-герман» тайпалары олармен одақтас болғаны белгілі. Осы деректі және «германдық тілдер тобы» терминин ескерсек, онда еуропалық ұлттар саксы-скиф пен гунн-құңдардың жергілікті тайпа-этностармен араласуынан пайда болған деуге толық негіз бар. Мысалы, немістер – саксы-герман тайпасы ұрпақтары, олардың «арийцы ұрпағымыз» деуі осыдан болар. Ағылшындар болса саксы тайпасы мен жергілікті англ тайпасы араласуынан пайда болған, сондықтан оларды «англо-саксондар» деп те атап келеді. Міне, «герман тілділер» делінген Еуропа халықтары да ежелгі арий-арыстармен байланысты болып шықты. Алайда, ол байланыс пен славяндардың ежелгі арий-арыстарға байланысы өзара ұқсас, өйткені «герман тілді топта» саналатын ұлттар рим-италяндық шіркеу тілі көмегімен пайда болды. Демек, олардың барлығы – христиандық қабылдағанда өз тілдерінен бас тартып, шіркеу тіліне көшкендер.

Византиялық шіркеу тілі ХІ-ХVІ ғасырлар арасында славяндық ұлттардың пайда болуына алып келді. Ал ІХ-ХV ғасырлар арасында Римдік шіркеу тілі ықпалымен германдық, яғни батыс еуропалық ұлттар қалыптасты. Славяндық және германдық тілдерде көптеген түркілік сөздер сақталған, оларды кейінгі «Осман империясы заманында енген сөздер» деп санайды. Десе де, ол сөздерді сол халықтардың христиандыққа дейінгі өз сөздері деген орынды. Христиандық дін олардың тілдерін ғана емес, ділдерін, яғни ұлттық болмыстарын да толық өзгертіп, түркілік тектеріне жау етіп жіберді. Оның себебі, қалған түркітілді халықтардың негізінен жаппай Ислам дінін қабылдауларымен байланысты. Әлемдік екі діннің өзара бақталастығы оларды ұстанатын халықтар арасында алауыздық тудырды. Әлемдік екі дін арасындағы бақталастық ықпалы христиандық империялардың еуразиялық барша ұлттар тарихын өзгертіп бұрмалауына апарып соқты. Осылайша түркітілді халықтарды «кейін пайда болған жас ұлттар», ал християн дінді халықтарды «ежелде қалыптасқан ұлттар» деген жалған тұжырым орнықтырылды.

Еуропалық ұлттардың барлығы да (орыстар да) кешегі ата-бабаларының тілдерін түсінбейтінін мойындайды. Ал Батыс Еуропа халықтары ата-бабаларының тілдерін «өлі латын тілі» деп таниды. Алайда, шындық басқаша, олардың ата-бабалары түркі тілділер болған (саксы-сақ және гунн-құң тілдері), немістің «иа» дегені мен қазақтың «иә» сөзінің мағынасы бір болуы, ағылшынның «биг» сөзі мен қазақтың «биік» сөзі мағыналас болуы соның белгілерінен. Орыстың «туыстығын ұмытқан Иван» деген нақыл сөзі де, орыс халқының түркілік скиф-бұлғарлық арғы тегін ұмытқанынан хабар береді.

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

 

20 пікір