Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 3062 1 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 08:46

Қуыршақтың хаты

Берлинде тұрған кезінде Франц Кафка үнемі саябақта сейілдейді екен. Бір жолы ол саябақта қуыршағын жоғалтып алып, бақырып жылап тұрған кішкене қызды ұшыратады. Оны жұбатқан жазушы қызға көмектесіп, қуыршақты ұзақ іздейді. Жоғалған ойыншық табылмайды. Кафка кішкене қызға ертең де жолығып, қуыршақты іздеуге тағы да шығатындарын айтады.

Әрине, қуыршақтың табылмасы анық еді. Алайда, ертеңіне Кафка кішкене қызға қуыршағы "жазған хатты" алып келеді. «Мені қайда кетті деп жазғырып жатқан боларсың... - деп әлгі хатты оқи бастайды, жазушы, - Өтінемін, өкпелемеші! Мен дүниені аралап қайтуға сапарға шығып кетіп едім. Саған әр күні басымнан өткен оқиғалар мен кездескен қызықтар туралы жазып тұрамын».

Ертесіне Кафка кішкене қызға қуыршағының басынан кешкен жаңа оқиғасын әдемілеп оқып береді. Осылай күнде ол жаңадан келген "хаттардағы" қызғылықты оқиғалар жайлы саябақта кішкене қызға оқып беруді әдетке айналдырады.

Кейінірек жазушының құрт ауруы асқынып, ол Венадағы шипажайға барып емделуіне тура келеді. Саябақтағы кішкене қызбен соңғы мәрте кездесуге келгенде Кафка оған әдемі қуыршақ әкеп береді. Рас, бұл ойыншық кішкене қыздың қуыршағына мүлдем ұқсамайтын еді. Бірақ, Кафка әкелген қуыршақта бір жапырақ қағазға «Дүниені аралаған сапарым мені өзгертіп жіберді» деп жазылған екен...

Қанат Ескендірдің Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

1 пікір