Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 5136 4 пікір 6 Сәуір, 2018 сағат 11:34

Ауданды бөлу Алаштың қауіпсіздігі үшін...

Апта басында Алматы облысы тұрғындарын «сүйіншілеткен» жаңалық болды. Елбасы Райымбек ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Кеген ауылында орналасқан Кеген ауданы және аудан орталығы Нарынқол ауылы саналатын Райымбек ауданын құру туралы Қаулы шығарды. Бұл көптен бері айтылғанымен, қолдау таппай келе жатқан халықтың қалауы еді.

Кез келген мемлекеттің берік болуы шекарасының шегенделуінен басталады. Бұл тұрғыда ел үшін маңызды шаралар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданып, бекітілген-ді. Алайда, бүгінгі күні шекаралық аймақтардың жағдайы көңіл көншіте қоймайды. Жеткілікті көңіл бөлмеудің салдарынан соңғы жылдары көптеген шекаралық ауылдарымыз иесіз қалды, маңызы бар мектеп, аурухана, пошта, мәдениет үйі секілді нысандар жабылды. Кейіннен еліміздің шекара бекеттерінде орын алған қайғылы оқиғалар шекаралық аймақтарды иесіз қалдырудың қауіптілігін аңғартты. Шекараның мықты болуы ондағы әскердің ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екені түсінікті.

Статистикаға сенсек, 1997 жылы Нарынқол ауылында 12 мыңдай адам болса, бүгінгі күні соның 7 мыңдайы қалған. Шекараға жақын орналасқан Сүмбе, Сарыбастау, Текес, Қызыл және шекараның тура тұсындағы Ұзақ ауылында кезінде 5 мыңға жуық адам болса, қазір 3 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Иесіз қалған өңірді жандандыру үшін жергілікті халыққа Үкімет тарапынан жоспарлы экономикалық қолдау қажеттігі айқын еді. Дамыған мемлекеттерде шекара аумағындағы халықты орнықтыру үшін біріншіден стратегиялық әлеуметтік-инфрақұрылымдық қамсыздандыру мақсаты қойылады. Ал бізде орталықтан шалғай жатқан шекара маңындағы ауылдарымыз назардан тыс қалғандықтан, ауылдағы тұрғындар ауа көшіп, ол аймақтар бос қалды. Қытаймен шекаралас жатқан Нарынқол ауылы біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып, жастар жұмыссыз қалып, орта буын оңтүстік астананы бетке ала көшіп, өңір тек қарт адамдардың мекеніне айнала бастаған еді. Салыстырмалы түрде алсақ шекараның арғы бетіндегі қытайлар дәл іргемізге сән-салтанаты артқан он қабатты үйлер салып, көшелерін жарқыратып қойған. Шекара түбіндегі Нарынқол ауылының халқы болса Алматыға үдере көшіп жатыр. Оның себебі әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешімін таппауында.

«Нарынқолда бұрын едәуір халық тұратын. Қазір жұмыссыздық салдарынан жастар кетіп, ауылда негізінен жасы үлкендер қалды. Негізі ішкі миграциядан қорқуға болмайды, алайда шекаралық аймақтардың бос қалуы дұрыс емес. Қытай тарапын айтар болсақ, олар Нарынқолдан небәрі 15 шақырым жерде 5,6,10 қабатты тұрғын үйлер салып, қала тұрғызып, шекаралық аймағын күшейтуде. Біздің елде қозғалыс жоқ. Әрине, сол жерде он мың адам қоныстанса одан қытай ыға қоймас. Дегенмен, ол жерлердің бос жатпағанын, халық бар екенін, жердің қазақтікі екенін, тіршілік барын олар сезінуі керек. Мұқағали секілді ақындар дүниеге келген өңірді бос тастау елдігімізге сын. Қытай тарапы күн сайын тікұшақпен көктен, мотоциклмен әскерилері жерден 15 минут сайын шекараны шолып, күзетеді. Ал бізде екі сарбаз екі сағат сайын бақылайды. Одан басқа әрекет жоқ. Осының өзі біздің бейқамдығымызды аңғартады. Тіпті, шекаралық сызыққа қаққан қадалардың өзі отындыққа кетіп қалған. Сондықтан, аудан болған соң осының барлығы ең алдымен тәртіпке келсе екен деймін. Шекарамен шектесіп жатқан аудандарға тұрғындарды тартып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керек. Сол себепті, Нарынқол ауданында ғана емес, басқа да шекаралық аудандардың шекаралық сызықтарындағы қоршауларын қалыпқа келтіруіміз қажет. Кезінде нарықтың талабымен біріктірілген Нарынқол мен Кеген өңірінің бүгінгі күні қайтадан бөлініп, бөлек аудан мәртебесіне ие болуы жоғарыдағы кемшіліктерді жоятынына сеніміміз мол», - деген Нарынқол өңірінің тумасы, белгілі журналист Қанат Әбілқайырдың пікірі де сөзімізді тұздықтай түседі.

Тұмса табиғатымен және тарихи жәдігерлерімен көз тартатын Шығыс Қазақстан облысы да еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі. 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатқаны көп нәрсені аңғартады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы Қазақстанның шекаралық аймақтары. Тек 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 оқу жылында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да теріс әсері көп. Өйткені, 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептер бастауыш мектептер мәртебесіне ие болады.

Дәл осы түйткіл шекараға таяу орналасқан басқа өңірлерімізге де тән. Осы ретте, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алу кезек күттірмейтін іс. Айта кетер жайт, Қытай елі Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр Шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барамын деушілерге гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алуда. Ендеше, шекаралық аймақтарымызды дамыту үшін тұрғындардың жағдайы жан жақты ойластырылған, оларды мемлекеттік тұрғыда қолдайтын мемлекеттік бағдарлама қажеттігі анық.

Жақында Оңтүстік Қазақстанда облысында да халқы тығыз орналасқан Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу туралы бастама көтерілді. Осыған орай, Мақтаарал ауданын үш ауданға, яғни, Мақтаарал, Асықата, Жетісай, ал Сарыағаш ауданын екі ауданға яғни, Сарыағаш, Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылды. Әлбетте, аудан орталықтарының көбейіп, олардың дамуға бет бұруын еліміздің қайта жаңғырып, жаңару жолындағы игі бастамасына балауға болады.

Қалабай Қонысбайұлы

«Заң» газеті

 

4 пікір