Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дабыл 4806 2 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 11:44

Лотореялық терминалдар құмар ойын саналмай ма?

Бүгінде Алматыдағы екі дүкеннің бірінен ойын автоматтарын кездестіресіз. Қаланың төменгі және шеткі аудандарындағы адам көп жүретін жерлерде автоматтар қос-қостан тұр. Оларды қоршай қаумалаған жастар одан да көп. Айтпақшы, қазір ойын автоматтары деген түсінік жоқ. Оларға тыйым салынғалы, құмар ойын түрін кәсіп еткендер автоматтарды жасыл-сары лотореялық терминалдармен тез-ақ ауыстырып қойған. Ол терминалдар заңдық тыйымнан ада. Өйткені Қазақстанда лотореялық терминалдарға рұқсат етілген. Шын мәнінде олардың әлгіндегі автоматтардан мазмұндық айырмашылығы жоқ. Осылайша аты ауысқанымен, заты өзгермеген құмар ойын талай қазақты тапқан-таянғанынан айыруда.

«Лотореялық терминалдардағы ойын сенсорлық экран арқылы ойналады. Оның кәдуілгі қағаз лотореялардан айырмашылығы аз. Бірақ артықшылықтары көп. Бастысы – терминал арқылы кез келген жерде, кез келген уақытта ұтысқа ие болу мүмкіндігі жоғары. Бұрынғыдай лоторея сататын дүңгіршектер іздеп сабылмайсың. Дүкенге, сауда үйіне кіре қалсаң, вокзалдарда, аялдамаларда алдыңнан шыға келеді. Бұндай терминалдар бүгінде әлемнің көптеген елінде танымалдыққа ие. Және оның әрекеті ешқандай заңға қайшы келмейді». Бұл лотореялық терминал иелерінің сөзі. Шын мәнінде аталмыш аппараттар ойын автоматтарынан да қатерлі. Өйткені терминалдарда ұсынылған ойындар санының көптігімен және әралуандылығымен, ойын графикасының тартымдылығымен көзге түседі. Оның бәрі адамды құмар ойынға үйір етуге бағытталған. Аппаратпен ойнаушылардың көбі бұны ойын автоматы емес, көңіл көтеру, лотореяның жеңіл түрі, оңай ақшаға кенелу жолы деп қате ойлайды.

Бұндай аппараттарда жемтік тастау тәсілі қолданылады. Терминал қашықтан, арнайы орнатылған құрылғы арқылы смартфоннан басқарылады. Онда терминалға түскен және терминал берген қаражат туралы деректер көрсетіледі. Автомат иесі қалауына қарай терминал жұмысын арнайы бағдарлама арқылы баптап, бастапқыда терминалға түскен қаражаттың көбін ойнаушыларға беріп, аз бөлігін өзіне қалдырып адамды көптеп тартуға жұмыстанады. Соңында терминал жұмысын 60:40, 70:30, 80:20, 90:10 пайыздық есебімен өз пайдасына бағдарлайды. Осы екі арада ойыншылар о баста ұтып, кейін бүкіл ақшасын қалай ұттырып жібергенін аңғармай қалады. Осылайша, анда-санда бір жылт еткен мүмкіндікті сәттілікке балап, құмар ойын шырмауына түседі.

Есімін жарияламауды өтінген Ш. атты азамат осы терминалдарға бірнеше ай бойы тапқан таянғанын салып келгенін айтады.

– Ойын автоматтарының «лохотрон» екенін бұрыннан білем. Алайда өзімді дер кезінде тоқтата алатындығыма сенімді болып, ойнап көрдім. Басында анда-санда, жол түскенде ғана ойнайтынмын. Кейін үйдің жанындағы дүкенге орнатылғаннан кейін үйге керекті заттарды алуға барған сайын ойнайтынды шығардым. Артынша дүкенге арнайы осы үшін барып жүрдім. Көп ұзамай терминалдар жұмыс орнымның маңына қойылғанда жұмыстағы жігіттермен қалып ойнай бастадық Ұтыс жағы әр кезде әрқалай болатын. Кейде 10 мың теңге ұтасың. Ертесі 30 мыңға ұтыласың. Көбіне ұтылады екем. Оны кейін байқадым. Жалақымды күнбе-күн алам. Алған бетте сол жаққа тартам. Бүгін ұтылғанымды, ертең шығарып алармын деп жүріп, бірнеше ай бойы 300 мың теңгедей ақшаны осы аппаратқа салып жіберіппін, – дейді өзегін өкініш оты өртеген  аспаз болып жұмыс істейтін жігіт.

Оның сөзінше, таныстарының талайы әлі терминал соңында жүр екен.

– «Одан ұтам деу бос әурешілік, түбінде қолыңдағы барыңды соларға санап бересің» десем еш тыңдамайды. Өзім де сондай болғам. Әне-міне ұтатын сияқты болып тұрасың, – дейді ол.

Азық-түлік дүкенінде сатушы болып істейтін Айгүл атты әйел құмар ойынға құмартушылар арасында мектеп оқушыларынан бастап, 50-дегі еркектер де көп екендігін айтады.

– Мен жұмыс істейтін дүкен қожайыны «аренда төлейді» деп терминал қойдырғалы, бұл жер дүкен емес, бал арасына айналды. Оқушылардан бастап, 50-ді еңсерген еркектерге дейін ертелі-кеш осы аппарат жанынан шықпайды. Түрлі оқиғаның куәсі болдым. Бір күнде пәтерақының, оқуының ашасын ұттырып жібергендерді де көрдім. Қанша жылап-сықтағанымен ұтылған ақшаларын терминал иесі қайтарып бермейді. Бірде біреулердің ұтысқа ие болып, сыңғырлаған тиын алып жатқанын көрген мектеп оқушылары оларға қызықтай қарап қалыпты. Ертең сол балалардың да ойнамасына кім кепіл?! Бұл терминалдарды алып тастамай жақсылық жоқ. Көзі ашық талай қазақ баласының осыларға жем боп жүргенін күнде көрем. «Осыны қоймайсың ба?» десем, «қоям апай» деп мені де өзін де алдайды. Бірақ құмар ойынды біржола тастап кеткендер өте аз, – дейді Айгүл апай.

Терминал иелері аппарат қойғаны үшін әрқайсысына ай сайын әжептәуір ақша төлейтіндіктен, оларды кез келген жерге орнату аса қиынтық тудырмайды. Әрі иелерін көл-көсір пайдаға кенелтіп отырған терминалдар көбеймесе, азаймайтыны түсінікті. Сондықтан құмар ойынды көпе-көрнеу қоздырып отырған лотореялық терминалдар заңдық тұрғыда ойын автоматы деп танылып, оған тыйым салынуы тиіс. Ол жүзеге аспайынша отандастарымыз ойын автоматтары опа таптырмайтынын сезе тұра,  терминалдарды әлі қанша торуылдайтыны белгісіз.

Меліс Сейдахметов

Abai.kz

2 пікір