Сенбі, 20 Сәуір 2024
3491 0 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 09:38

Бішкек мейрамханасында 40-тан астам адам астан уланған

Алдын ала мәлімет бойынша, Бішкекте «Ала-Тоо» мейрамханасында келушілер жаппай тауық етінен уланған. Бұл жөнінде Бішкектегі санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың бас дәрігері Артур Буюклянов хабарлады.

Оның сөзінше, 190 адамның 41-і уланған. «Науқастардың жағдайы бірқалыпты. Кейбірі жеңіл уланған. Қазір «Ала-Тоо» мейрамханасын тексеріп жатырмыз. Астың қалдығын сараптамаға жібердік. Алдын ала мәлімет бойынша, тауық етінен уланған. Сараптаманың қорытындысы бойынша шаралар қолданылады», - деді Буюклянов.

Осыған дейін Республикалық жұқпалы аурухана дәрігері Гүлжігіт Алиев 52 адам жедел жәрдем көмегіне жүгінгенін айтқан.

31 наурызда «Ала-Тоо» мейрамханасында 190 қонағы бар үйлену тойы өткен. Тойдан кейін біраз адам жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыртқан.

Мейрамхана әкімшілігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Abai.kz

0 пікір