Жұма, 19 Сәуір 2024
Аласапыран 6577 22 пікір 30 Наурыз, 2018 сағат 07:30

«Көк шарға» шабуыл жасаған полицейлерді жауапқа тарту керек

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров

мырзаға

Құрметті Қайрат Пернешұлы!

Қазақ еліндегі биылғы Наурыз мерекесі «көк шармен күрес» деген ыңғайсыз жағдаймен тарихта қалды. Досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. XXI ғасырда, демократиялық, құқықтық мемлекет болдық деп, әлемге жар салған қазақ елі шетелде жүрген бұрынғы банкирдің бірі «наурызда көк шар алып шығыңдар» деп айтты деп, полиция қызметкерлері бүлдіршіндердің қолындағы шарларына жармасып, масқара болдық. Құдайға шүкір, Ішкі істер министрлігі департаменті директоры Алмас Садубаев мырзаның берген түсініктемесі бұл заңсыздыққа (шынын айтқанда, ақымақтыққа!) атқарушы биліктің қатысы жоқ екендігін, бұндай ақымақ бұйрықтың Ішкі істер министрлігі тарапынан берілмегендігін көрсетті.

Құрметті Қайрат Пернешұлы, ендігі сөз кезегі  - Сізде сияқты. Қазақ елінде жалған ақпарат таратқандарға жаза бар екендігін білеміз. Ал полицияның атын жамылып, олардың бермеген бұйрығын берді деп, бүлдірщіндерге шабуыл жасаған адамдарға (олар және полицияның киімін киіп жүрген...) қандай жаза қолдану керек? Олар Қазақ елінің қандай заңдарын бұзды? Әлде олардың іс-әрекетінде заңсыздық дерегі жоқ па? Қоғам Сізден жауап күтеді.

;list=PLjpTS9UAMi5HxU1byHLDeNUAQ7umG3uBG

Меніңше, арнайы комиссия құрылып, сол күні «көк шарға» шабуыл жасаған барлық полиция қызметкерлерінен жауап алып, оларға бұйрық берген және сол ақымақ бұйрықты орындаған адамдар қатаң жауапқа тартылу керек. Олардың біршамасын әлеуметтік жүйе арқылы да анықтауға болады. Бұл бір аса қыйын жұмыс емес деп ойлаймын.

Біздің қоғамда заңсыздық бар да – жауапкершілік жоқ. Прокуратураның міндеті – (осындай мәселе қайталанбас үшін) осы жауапкершілікті жүзеге асыру. Осындай бір «қызық» болып еді деп, күліп қоя салсақ, ертең осындай жағдай тағы да қайталанады. Ал көк шарларды «кәнпескелеген»  полиция қызметкерлері, комиссия құрылып, тергеу басталғанға дейін, сол күні шарларынан айрылған әрбір балаға жүз көк шар алып беріп, олардың алдында тізерлеп отырып, кешірім сұраса, артық болмайды.

Дос Көшім

Abai.kz

22 пікір