Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7989 72 пікір 27 Наурыз, 2018 сағат 14:40

Шежіре мен тарихтың айырмасы қандай?

Қазіргі қазақ ғалымдары мен тарихшыларының басты кемшілігі ежелгі біртұтас қазақты жүз, ру-тайпаларға бөліп, жеке-жеке зерттеулері болып табылады. Бұл бағытпен кете берсек, шындықтың түбіне тіпті де жете алмаймыз. «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп ата-бабаларымыз айтқандай шыққан тегімізді ұмытып бөлшектенген сайын шындықтың ауылынан алшақтай беретін боламыз.

Шежіре – бұл қазақ халқының Ата тегінің бастауын, таралуын және олардың бүгінгі ұрпақтарының кімдер екендігін айғақтайтын аса сенімді ақиқат жол. Шежіренің қайнар бұлағы Қазақтың Ана тілі, дәстүрлі діні, рулық шежіресі, шежіре-дастандары, эпостық жырлары, мақалдары мен мәтелдері, тиянақтап түйінделген бір ауыз сөзі, ұрпақтан ұрпаққа ауызша берілетін қанатты сөздері, өсиеттері, салты мен дәстүрлері, әдеті мен ғұрыптары, жер-су, тау, елді мекен сияқты топономикалық атаулар. Шежірелік деректердің ауқымы өте кең және олардың бәрі біртұтас дүние болуына байланысты араларына шекара қойылмаған. Шежіре Атадан балаға жүрек пен қан арқылы жалғасып келе жатқан дүние болғандықтан, арасында ешқандай жалған сөз болмайды. Ұлы даланың дана қариялары өз ұрпақтарының қамы  үшін ешқашан өтірік айтпаған. Ағын ақ, қарасын қара деп, жамандық атаулыдан қалай қорғану, қалай алдын алу жолдарын өз тәжрибелері арқылы ескертіп отырған. Мына менің жазып жүрген дүниелерімде сол ұлы жолдың жалғасы деп білгейсіздер.

Қазіргі тарих ғылымы мұның бірде-бірін мойындамайды. «Тар» деп түбірі айтып тұрғандай, тарих ғылымының зерттеу мен зерделеу ауқымы да тар. Соның салдарынан, қазіргі тарих бүкіл елді орыс айтты, орман айтты, қырым айтты, қытай айтты, арап айтты, парсы айтты деп әбден шатастырып бітті. Тура бір қазақтың таңы соларсыз атып, тауығы шақырмаған сияқты. Олардың бар зерттеу тақырыбы үнемі соғысты жарнамалап, кімнің кіммен соғысқаны, кімді кімнің өлтіргені, тарихи тұлғалардың қашан туып, қашан өлгені сияқты адам баласына көк тиында пайдасы жоқ дүниелер. Қазіргі тарих оқулықтарын оқып отырсаң адам баласы мына дүниеге тек қана соғысып өлу үшін келгендей болып сезінері хақ. Рулық шежіре де соғыс ауызға алынбай, өткенге салауат айтылады. Ал, тарихшылар үнемі соғыс жайлы тынбай жазып, «уақыт (уақыт бәріне емші)» деген ем арқылы бітіп келе жатқан жараның аузын тырнап қаната береді. Шежірені жадына тоқып өскен адамның (рудың, елдің)  арасына ешкім ешқашан, ешқандай жік сала алмайды. Ал, тарих оқып өскендердің басы ешқашан бірікпейді және олардың көзі ақиқатқа ешқашан жетпейтін болады. Бір қызығы тарихшылардың өзі мұны сезбейді. Мысалы, кәсіби тарих ғылымы мектеп оқулықтарынан адамзат маймылдан жаратылған, адамзаттың Атасы маймыл (айуан) деген жалған ілімді алып тастауға; барлық болмысы, аты-жөні, рулық құрамы, діні, тілі, салты мен дәстүрі, әдеттері мен ғұрыптары түгелдей хатталып жазулы тұрған күні кешегі  Шыңғыс қаған атамыздың Қазақ екендігін зерделеп жариялауға да дәрмендері жетпей отыр. Сондықтан кәсіби тарих ғылымына өз бағыттарын 180 градуска өзгертіп, елімізде қазақтың рулық шежіресі мен шежіре-дастандарын зерттейтін арнайы ғылым орталығын ашу қажет.

Шежіре мен тарихтың аса айрықша айырмашылығы шежірені ешкім бұрмалап жеке бір топтың "қолжаулығы" жасай алмайды. Шежіре тек қана Қазақ ұлтының болашағына қызмет етеді. Әртүрлі жағдайлармен аралары ашылып кеткен ру, тайпаларды да оп-оңай қайта қоса алады. Ал, тарих жоғарыда айтқанымдай, билеуші топ қалай бұрмаласа солай бұрмаланып кете береді.

Тарихатқа (Сопылық ілімге) негізделген шежіре-тарихымызды зерттеу барысында Қазақ даналығының шегі жоқ екендігіне көзім айқын жетті. Қолымды жүрегіме қойып отырып мәлімдеймін, қазақ тарихында Біз ұялатындай ештеңе жоқ. Қазақтың өткеніне тереңірек үңілген сайын олардың әлемге үлгі болған Ұлы мәдениетін көрдім. Сондықтан қазақ тарихшыларына өзге елдердің қаламгерлеріндей (мысалы, батыс (орыс) елдері сияқты) тарихты бұрмалаудың түкке де қажеті жоқ. Бар-жоғы Ата тарихты өз сөзінен іздесең болды. Қазақ тарихына тереңдеген сайын қазақ болып туғаныңа қуанасың, марқаясың, шаттанасың. Ұлы Аталарымыздың ұрпағы үшін жасаған жанкешті  ұлы істеріне тәнті боласың. Аруағы алдында бас иесің. Ал, Біздер ше? Ұрпағымыз Біз үшін дәл осылай мақтана ала ма? Құрметті оқырманым! Бұл сұрақтың жауабын өздеріңізге қалдырдым.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

Abai.kz

 

72 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590