Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 7422 73 пікір 12 Наурыз, 2018 сағат 03:01

«Бес бастама» және әлеуметтік реформа зәрулігі

Кең мағынадан айтқанда, әрқандай қоғамның дамуы мен реформалануы экономика, қоғам және саяси саланы қамтиды. Адамзаттың таяу заман тарихында мемлекеттер өз жағдайларына қарай немесе кезіндегі билікбасының пайымы бойынша, осы үш салаға әрқалай басымдық берген. Дегенмен көп жағдайда алдымен экономиканы дамытып, соңынан әлеуметтік реформа мен саяси реформаны жолға қойып отырған фактілер басым. Айырмашылығы сол, кейбір елдер экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаны қатар алып жүрген; бәзбір мемлекеттер алдымен әлеуметтік жағдайды нығайтып алғаннан кейін барып, саяси реформаға тізгін берген;саяси саланы мүлдем қоя тұрып, экономикалық-әлеуметтік реформаны араластыра жасаған елдер де кездеседі. Зерттеушілердің салыстыра қорытуынша, реформаның «алдымен экономика, сосын қоғам, соңында саясат» үлгісін ұстанған елдердің реформалары жемісті болған да, экономика мен саяси реформаны бірден қатар қолға алған елдердің көбі «шашылып қалған». Мысалға өткен ғасырдың 60-70 жж. «экономикалық ғажайыптар» жасаған Жапония мен Корея, Сингапор,Тайван, Гонь конг сынды «Азияның төрт барысы» экономиканы нығайту мен әлеуметтік саланы сауықтыруға қатар ден қойды. Жапония жалақыны еселеу жолымен, Сингапор үкіметтік кәсіпорындарды қолдауымен, Тайван әлеуметтік жеңілдіктерді жолға қоюуымен, Гонь конг орта-шағын кәсіпкерлікті дамытуымен әлеуметтік әлеуеттерін мығымдады. Ал батыстық демократияны бағдаршам еткен кейбір Латын Америкасы елдері мен  жоғарыдағылар сияқты шығыстық мәдениетті тұтынғанымен, бірақ, батыстың үлгісіне жүгінген Тайланд, Малайзия , тіпті «күні батпас империяның шекпенінен шыққан» Индияның кешірмесі басқа нәтиже берді. Экономика мен саяси реформаны «тең бастырған» бұл елдерде батыстағыдай қазіргі заманғы мемлекеттік ұғымдағы көппартиялық, конституциялық билік, заңның үстемдігі, ашық БАҚ дейтіндердің барлығы бар. Бірақ, ол елдерде экономиканың алдыға жылжығаны шамалы, халықының табысы неше ондаған жылдар бір қалпында қалып келеді, коррупция, әлеуметтік теңсіздік пен зорлық-зомбылық, қоғамдық құлдырау, т.с. келеңсіздіктерден аяқ алып жүргісіз. Дамыған елдердің даму тарихы да дамудың «экономика-қоғам-саясат» желісін қуаттайды. Солтүстік Еуропаның «жұмақты елдері» де экономикалық жетістіктерінен кейін, бірден әлеуметтік салаға назар бөлгендігінің немесе экономиканы әлеуметтік мүддеге қызмет еттіргендігінің арқасында қазіргідей адамзат баласына арман болған, немесе Карл Маркс қиялындағы баяшат өмірді бастан кешуде. Әлеуметтік саясат халықтың тілегінен шыққан  елдерде саяси орнықсыздыққа жол жоқ, өйткені, қарыны тоқ, теңдігі қамсыз елде сайлау және билік ауысымы дегендер көк аттың орнына күрең атты ауыстырып мінген сияқты үйреншікті жайт.

Елімізде президент Назарбаевтің «алдымен экономика, сосын саясат» қағидаты бар. Бұл жалпы адамзат дамуы үдерісінің заңдылықтарына жауап беретін ұстаным болды. Сондықтан да игі жемістерін беріп келді. Ширек ғасырдан бергі экономикалық жетістіктеріміз соның дәйекті дәлелі. Десе де арықарайғы жерде экономиканың жалғасты бұрынғы серпінмен жылжуы қыйындай бастады, оны соңғы жылдардағы экономикалық өсімнің өзі көрсетіп отыр. Қазір көбісі бұл жайтты әлемдік экономикалық дағдарыстың салдары, яғни соның біздің экономикамыздағы көрінісі деп санайды. Шынтуайтында, тереңірек бажайласақ, осы дағдарысты делініп келген жағдайдың өзінің орнығып қалғандығын бағамдар едік. Бұл нені білдіреді? Бұл экономикамыздың тұрақты біркүйге байыздағандығын білдіреді. Әрине, дүниежүзілік дағдарыстың салқынын, экономикамыздың шикізаттық сипатына байланысты әлемдік экономикаға тәуелділігін, осыдан туындайтын  мұнай және түстіметалдар бағасының ауытқымалылығына байламалылығын жоққа шығаруға келмес. Дегенмен, мойындауымыз және ерте жарықта есімізді жиюымыз керек: Экономикалық өсімнің қайта қарқын алуын, бері айтқанда, алдынғы жылдардағы өсімді қайталауын қуаттайтын факторлар жоқтың қасы. Сыртқы факторларды алып қарайтын болсақ, экономикалық сарапшылар халықаралық нарықта біздің көзірлеріміз болып келген шикі мұнай, түсті металдар сынды ірі тауарлардың бағасының жуық арада қайта теппейтіндігін болжап отыр. Демек, мұрнағы жылдардағыдай үстем бағаға шикізат сатып керекті капитал қорлайтын күндер келмеске кетті деген сөз. Экономикамыздың ішкі болмысына үңілсек, өндірістік әлеуетінің тым әлсіздігіне байланысты, біздің экономика дімкәс экономика сапына жатады. Көпке белгілісіндей, экономикамыз тарихи шикізаттық сипатта қалыптасқан, оның өңдеу-мәнерлеу қуаты бастауыштық деңгейде ғана. Шаруашылық құрылымы да бірінші шаруашылық (агрошаруашылық) пен екінші шаруашылық (өнеркәсіп) жақын салмақты ұстайтын, үшінші шаруашылық (кең мағаналы қызмет көрсету) мардымсыз үлестегі, жетілмеген жағдайда. Қазірге дейінгі құлшыныстардың барлығы да кеңес одағының ыдырауы мұраға қалдырған күйреуден шығу және осы күйреуден құтылудың шығар жолы ретінде экономиканы тұтастай нарық заңдылықтарына ұйыйтын бағытқа шыт жаңа қайта ұйымдастыру; нарықтың заңдық, инфрақұрылымдық, психологиялық ұстындарын баулу; жаңғы аталған дімкәс құрылымды сауықтыру-жетілдіру, оны әлемдік экономикаға кірігетін беталысқа бағдарлау; сондай-ақ шама-шарқымызша инновациялық жобаларды мәпелеу сынды мақсаттарға жұмылдырылды. Бұлар экономиканың өсуіне, біз куә болғандай, алғашқы серпін силағанымен, оның бүгінгі жеткен деңгейі қазіргі болмысымен экономикалық өсімді арықарай қамтамасыз етуге қауқарсыздық танытады. Бұл қазіргі қолға алып отырған экономиканы құрылымдық жағынан  реформалау-жетілдіруді қарқындандыру, өңдеу-мәнерлеу саласын барынша икемді тетіктермен үстей дамыту, экономиканы басқаруда оған әліккүнге дейін оралғы болып отырған дағдылы әкімшілік-бюрократтық тәсілдерден батыл да жылдам бас тарту, жұртты үйреншікті психологиялық дағдыларынан арылуға тәрбиелеу, заманауи инновациялық факторлар мен тегершіктерді мейлінше көптеп енгізу сияқты ұшан теңіз шараларға жүгінуді талап етеді.

Сонымен бір уақытта, экономикалық өсімнің байыздап қалуының бейэкономикалық себептеріне назар аударуымыздың маңызы бөлекше. Өйткені, мейлі қайсы елде немесе қай кезеңде болсын, экономиканың жалғасты дамуы таза экономикалық емес факторлардың сәйкесті дамуын керексінеді. Ол саяси шарт-жағдай болуы мүмкін, қоғамның керекті жетілу деңгейі болуы мүмкін, қоғам мүшелерінің ынта-ауаны болуы мүмкін, т.б.. Еліміз сарапшылары көбінесе, экономиканың ендігі үдерісіне қолданыстағы саяси жүйенің ықтимал кедергісіне жіті назар аударады. Бұл, әрине, тежегіш тетік және оның маңыздылығы талас тудырмайды да. Көз алдағы қазақстан жағдайында, маңыздылығы мұнан мысқал да кем тартпайтын және әрбіріміздің мүдде-тілегімізге тікелей саятын фактор бар. Ол—әлеуметтік сала. Елбасының «алдымен экономика, сосын саясат» қағидатында әлеуметтік сала кең мағынадағы саясат ауқымында қарастырылған. Сонау есеңгіреуден ес жию жылдарында болсын, ел қалтасына қаражат түсіп, әне-мінемізді түгендей бастаған жаңғыру мезгілінде болсын, мемлекет жалпы әлеуметтік бас ауыруларға көңіл аудармай қойған жоқ. Деседе, елімізде жүйелі де дәйекті әлеуметтік реформа жүргізілмегені дау тудырмаса керек. Басы сонау  қаржысы АҚШ асып кететін медсақтандыру қоры сынағынан бері, кешегі зейнетақы қорының қаржысын қалай пайдалану талқысына дейін, біраз әлеуметтік жобалар өмірге жолдама алып, және бас жарнамашысы президеннтің өзі болып үгіттеліп-дәріптеліп, үмітсіреген жұрттың құжат жинап алашапқын болуына түрткі болғаны әркімнің есінде. Жарнамасы жарқын да, үрдісі күңгірт осы жобалардың ақыресепте ешкімді жарытпағаны және белгілі. Ауылды көтеру үшін «Ауыл жылын» жариялап, халық саулығын жөндеу үшін  «Саламатты Қазақстан» жобасын жасағанмен, дәйексіз, құнтсыз, қадағалаусыз енгізілген бастамалар әншейін мал шашпақтың әлегі болып қала берген. Жуық жылдардан бергі білім және денсаулық саласы еңбеккерлеріне жыл санап үстемелеп жалақы қосудың жеке кісілер үшін игі әсері болғанымен, бұл да жүйелі, тиянақты әлеуметтік саясат дегеннен көрі, балаға кәмпит үлестіріп алдарқатқан сияқты науқандық сипатты шараға ұқсаңқырап барады. Өйткені, «бюджеттіктер» де біледі: өздеріне бәленбай пайыз айлық үстелетінін; тағы да түсінеді: есесіне ағаш отап, көше сыпырып, үйді-үйге сайлау белеттерін жеткізіп зыр жүгіретіндерін. Ел тұрғындарын баспаналы етудің неше түрлі нұсқасы ұсынылды. Көз жұмуға болмас, жобалар біртелеп жетілдіріліп келеді. Бірақ, тағы да жүйесіздік пен тиянақсыздық басым, бірізділік, сабақтастық сақталмаған,  мұнда да жапырақ аттап секірген тасбақаның кебін елестетесіз.

Қысқасы, әлеуметтік саясат бар, бірақ, әлеуметтік мәселе қордаланған күйі бір үкіметтен екіншісіне көзіндей көріп жүретін мұра болып қалып келеді. Тұрғындардың әр жақтылы әлеуметтік қамтамасыздандырылуы, денсаулығы, білім алуы, қара қоспен қамдалуы, әлеуметтік теңдіктен игіліктенуі, полиция және сот алдында өзін дербес тұлға есебінде сезінуі әм оларды сезіндіруі, билік құрылымдарымен қатынастағы кемел еркіндігі, пікір-ерікін білдіре алуы сияқты толып жатқан әлеуметтік аңсар-мүддесі қанағаттанбаған қалпында, жүйесіз, ретсіз, шатысқан бейнеде сақталып келеді. Біздегі әлеуметтік теңсіздік пен төрелік жүйесіндегі былықтар жайлы сөз ысырап етудің өзі жөнсіз.

Осы жәйттердің экономиканың жалғасты өркендеуі мен басқа да реформалардың жөнімен жүргізілуіне ықпалы (немесе салқыны) қаншалықты дәрежеде? Біздің реал өмірімізде, әлгінде атап өтілген, әлеметтік реформалар қалпағы кигізілгенімен, біртұтас мемлекеттік әлеуметтік  саясат болып қалыптаспаған жүйесіз шаралар топтамасы және оның  нәтижесіздігі мемлекеттің жап-жақсы экономикалық реформа саясатын қоғамдық-әлеуметтік қуаттаудан айырып тастап отыр. Көз алда біздің экономикалық реформаны алға итермелейтін әлеуметтік қозғаушы күш сарқылуға тақау. Әлеуметтік саладағы жүрдім-бардым реформалардың жүйесіздігі халықтың жаңашылдыққа болған ынтасы мен қызғындылығын сөндіріп кетіп жатыр. Мысалы, жемқорлыққа қарсы күресті халық қос қолдап қуаттады, жемқорлық тиылса теңдік қалпына келеді, теңдік қалпына келсе, бөлінетін күлшеден үлесіміз артады деп ойлады. Жемқорлардың неше атасы құрықталды, бірақ, бұл оларға ешқандай пайда әкелген жоқ; ипотекалық бағдарламаларға қызғын қатысып көрді, бірақ, келіп тұрған кезегі түсініксіз артқа шегеріле берді, болмаса салымының өзінің қайда кеткенін білмей қаңғырып қалды; басында келешекте жақсы жұмыс жасайды деп бағалап жеке меншік зейнетақы қорына табыстаған зейнетақысын, мемлекет салымшы болған өзімен келіспестен, бір-ақ бұйрықпен мемлекеттік біртұтас зейнетақы қорына аударып жібергеніне қуанарын да, жұбанарын да білмейтін екіұдай күйге қалып отыр. Мұндай мысалдар тоқсан тарау, мың бір бұтақ. Осындай әлеуметтік көңіл-күйден қандай қолдау күтуге болады. Соңғы жылдардағы экономикалық өсімнің құлдырауы мен экономиканың төмен өсімінің тұрақтануын экономиканың ішкі заңдылықтары тудырған төл қайнарларынан басқа, осындай қоғамдық-әлеуметтік себептерінен бөле қарауға болмайды.

Елбасының кешегі «бес бастамасы» осы олқылықтың орнын бірден толтырмаса да, әлеуметтік сала жаңғыруына екпін беретін шара болғай деп үміттенеміз. Бұл бастамалар тұрғындарды баспанамен қамту, төмен табыстылардың табысын салықты азайту тәсілімен көбейту, жастардың білім алуына қолдау жасау, шағын бизнесті көтермемлеу, ел тұрғындарының газға қолын жеткізу сынды ауқымды мазмұнды қамтып отыр, әрқайсысының маңыздылығы ол өз алдына. Осы күндері ел үкіметі мен парламенттен бастап, бүкіл билік жүйесі осы бастаманы тәпсірлеп, жарнамалап жатыр. Жөн-ақ, бізде жаңа бастама, жаңа жоба қашанда нәсихатсыз қалған емес, әсіресе ол бірінші адамның аузынан шыққан болса. Әңгіме осы бастама, жобалардың табанының жерге тиюінде тұр. Мәселен, ғасыр басындағы өңірлік кластерлер жобасы бүгіндері ұмытылып та кетті; қаншама инвестициялық-инновациялық жобалар тұсауы кесілген орнында қалды (президенттің өзі жөргегінде бақилық болатын жобалар үшін өзін мазаламауды ескертіп жалынғандай болғаны да бар); атқа қонған жаңа минстрлер бастап, аяғына жеткізе алмайтын, немесе ол орнынан кеткен соң келесі минстр лақтырып жіберетін аяқсыз реформалар (егер оны реформа деп атауға келсе) жайлы айтудың өзі артық. Аузы күйген үріп ұрттайды демекші, осылардың бәрін бастан кешкен халық «бес бастаманы» қуана қабылдағанымен, аналардың аяғын құшпаса игі деп алаңдаулы. Қазақстан халқы, жүйеден Қазақ халқы мемлекеттің әрқандай бастамасын қолдаусыз қалдырған емес. Қоғамда биліктің неше түрлі мазағына көніп келе жатқан қазақтай көмпіс халық жоқ дейтін әңгіме бар. Біле білсек, бұл көмпістік, болмаса ынжықтық емес, асқан жауапкершілік, сәлихалы патриоттық! Әр қазақтың айтатыны тыныштық болсыншы. Бұл не де болса, ғасырлап күтіп әзер қолымыз жеткен тәуелсіздіктен айырылып қалмайықшы дегені, сол тәуелсіздіктен көз жазып қалмас үшін бәріне де көнермін дейтін шынайы ниет, өзіндегінің бәрін соның жолына салауат ететін қайсар бекім. Осы жағынан келгенде, әділін айтсақ, қазіргі билік қазақ халқына қарыздар! Олар жоғарыдағы баяндалған әлеуметтік талаптарын қойғысы келмейді емес, десе де, құрылып жатқан елдің қамы үшін, тәуелсіздіктің баяндылығы үшін, мемлекетке мұрсат беруді саналы түрде алдыңғы кезекке қойып келеді. Ендеше, билік те халықты жерге қаратпауға қам жасағаны құп. Осы жолғы «бес бастаманың» ұсынылған уақыты да халықтың аңсарына дөп келіп тұр, яғни дер кезінде дайындалған. Осыдан ілгергі «рухани жаңғыру» бастамасының қандай нәтижелі болғаны, оның сөз бұйдалыққа салынбай, тиянақты атқарылғандығында. Сонымен бір уақытта ол, қоғам қолдауының мемлекеттің шешімі мен саясатының жемісті болуы үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. «Бес бастамадан» да халық сондай ділгірлікті, ыждағаттықты, нақтылықты күтеді. Ол аяқсыз қалмай, діттеген жеріне жетер болса, экономикалық реформалардың тереңдеуі мен жемістенуіне, келешекте саяси жаңғыртулардың мақсатына жетуіне, тұтас қоғамның жаңа тыныстауына, мемлекет-қоғам ықпалдастығының нығаюына орасан қуат берер еді.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

73 пікір