Сенбі, 20 Сәуір 2024
4806 0 пікір 23 Ақпан, 2018 сағат 18:02

Жүрегімде дәуірдің ізі қалды....

Алла нәсіп еткен ғибратқа толы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу мен шығармашылыққа арнаған ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызы оқушылармен кездесті.  Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия ұйымдастырған әдеби-сазды кеш «Жүрегімде дәуірдің ізі қалды» деген атпен өтті. Мектептің талантты оқушылары ақының өмірі мен өлеңдері, ой-толғамдары жайында түйгендерін ортаға салып, жырларын жатқа оқыды. Көкейлерінде жүрген, өздерін қызықтырған көп сауалдарын қойып, жауап алды. Өзгеше форматта өткен кештен шабыт алған ақын өмір жолындағы өнегелі сәттерді еске алып, шабыттана өлең оқыды. Әсіресе  30 жылдан кейін анасын көрген кезін, сондағы айрықша сағыныштан туған өлеңін толқи отырып оқығанда тыңдаушылар одан ары тебірене түсті. Елге, отанға деген махаббатын жырмен жеткізіп, жүрек сырын ақтарды.

Оқушыларды кітап оқуға, білімді, намысты болуға шақырып, әжелік ақылын айтып, ақ батасын берді. Мектеп ұжымы қонаққа ерекше қошамет көрсетті. Әсерленген оқушылар қаламгерге тік тұрып құрмет көрсетіп, суретке түсіп, қолтаңба алды. Аталған игі шара «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қолдауымен өткізілді. Қор ұжымы мектепке бағалы кітаптарды сыйға тартты. Кездесуге белгілі ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, ақын Мағзия Құныпияқызы және ақынның балалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қытай мемлекеттік жазушылар одағының және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Шәмшабану Хамзақызы 30 жылға жуық ұстаздық етті. Қытайда «Жауқазын», «Ғасыр толғаныстары», «Балаларға базарлық» кітаптары  жарық көрді. Ал Қазақстанда «Арманның суыртпағы», екі томдық шығармалар жинағы және «Сөз - кесте» кітабы 2017-жылы оқырманға жол тартты.

Азамат Алаштегі

Суреттерді түсірген: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Abai.kz

0 пікір