Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 4319 1 пікір 21 Ақпан, 2018 сағат 15:08

Алматы халықаралық әуежайы – індет таратушы ма?

 

Қазақстанда мынадай «қызық» жағдай болып жатыр. Бұрын бір жұқпалы дерт анықталса, елде санитарлық төтенше жағдай жарияланып, мұндай жұқпалы аурудың алдын алуға байланысты көлемді іс-шаралар ұйымдастырылып, карантин жарияланатын еді. Қазір бұл үрдіс мүлде ұмыт қалғандай. Неге ?

2017 жылдың қазан айынан бастап күні бүгінге дейін Алматы қаласында Үндістаннан демалып келген отандастарымыздың «таратуымен» он шақты рет холера (тырысқақ) жұқпалы дертінің нышандары анықталып, оны жоюға бағытталған іс-шаралар ішінара жасалған болды. Бұл шаралардың бәрі демалыстан оралған жолаушының денсаулығы күрт төмендеген кезінде, яғни бірнеше күн өткеннен кейін жасалатыны жасырын емес. Байтақ еліміздің басқа қалаларында демалыстан оралған жерлестеріміз бен  транзиттік жолаушылар арнайы мемлекеттік мекеме назарынан тыс қалуда.

Үндістанға қатынайтын ұшақтар Алматыдағы Халықаралық әуежайда бұрын қалай ұшып-қонып жатса, қазір де солай. Алматы қалалық санитарлық қызметтің мәліметіне қарағанда, былтырғы қазан айынан бері әуежай қызметін, оның ішінде басқа мемлекеттердің азаматтары да бар, 17 мың жолаушы пайдаланған екен. Егер Үнді елі холера жұқпалы дертінің ошағы болса, Алматыдағы Халықаралық әуежай сол дертті таратушы болып отыр. Көршілес мемлекеттер Алматы қаласына келетін жұқпалы дерт туралы, оның транзиттік жолаушылар арқылы таратылатыны туралы мүлдем хабарсыз.

ЕАЭС-ке мүше мемлекеттер үкіметінің басшылары ақпан айының басында Алматы қаласына келу мезетінен сәл-ақ бұрын Алматы қалалық санитарлық қызметтің арнайы киім киген қызметкерлерінің әуежайды зарарсыздандыру үшін жүгіріп жүргенін көрген жоқ.

Алматы қаласы тұрғындарының салдары ауыр жұқпалы дерттің қармағына ілінбесіне кім кепіл?! Алматы қалалық санитарлық қызмет қолдан келгенше тиісті іс-шараларды жасап жатыр. Ал Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Ж.Бекшин басқаратын Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бұл жағдайларды елемейтін сияқты. Ж.Бекшин мырза болса, Үндістанға баратын жолаушыларға тазалық сақтау туралы кеңес беріп, арнайы ескертпе қағазын ғана әзірлеуді жоспарлап отыр.

Қазір болып жатқан осы жағдай, мүмкін, бұл азаматтар үшін күнделікті шаралардың бірі болар. Бәлкім, Қазақстан Республикасындағы санитарлық қызметті басқарып отырса да, ол азаматтарды қарапайым халықтың денсаулығы толғандырмайтын шығар?

Бес ай бойы Үндістан арқылы тарап жатқан холера дертінің алдын алуға қатысты республикалық деңгейдегі санитарлық-эпидемиялық іс-шаралар неліктен басталмайды? Неге сол елге кіріп-шығатын жолаушыларға шектеу қойылмайды? ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті нені күтіп отыр? Біздің денсаулығымызды кім қорғайды?

Үндістаннан келген жұқпалы дертті жұқтыруы мүмкін азаматтар 2-5 тәуліктен кейін ғана анықталып, зарарсыздандыру үшін оларды іздестіру шараларының жүргізілгені туралы ақпаратты  Комитет төрағасының өзі айтып отыр.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы санитарлық қызметке қарасты мекеменің бірінде тағы бір қызық жай болған секілді. Жұқпалы дерттермен күресетін «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық  жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның байырғы бір қызметкерінің көп жылдардан бері құрт ауруымен (туберкулез) ауыратыны анықталып, қазір дереу емдеу шаралары жасалып жатыр.

Санитарлық-эпидемиялық залалсыздандыру шараларын жүргізетін мекеменің өзінде сауықтыру шаралары жедел жүргізілуде. 200-ге тарта кәсіпорын қызметкерлері сауықтыру шараларына тартылып отыр. Олар араласатын тұрғындар немесе кәсіпорынға келіп-кететін келушілер қаншама?! Олар ештеңеден хабарсыз. Себебі бұл «іске» байланысты әдетте жарияланатын карантин болған жоқ. Алматы қаласының тұрғындары қала ішінде жүріп-ақ жұқпалы ауруды жұқтыруы мүмкін екенін неге білмеске?!

Санитарлық қызметке қатысты мекемелер арасында ашық туберкулез сияқты жұқпалы аурудың таралуына жол беруші ретінде медицина ғылымдарының кандидаты, Семей медицина академиясы мен АҚШ-тағы Висконсин университетінің құрметті профессоры, ҚР санитарлық-эпидемиологиялық қорғау комитетінің бұрынғы төрағасы, Алматы қалалық  санитарлық-эпидемиологиялық қорғау департаментінің бұрынғы директоры Е.Дүрімбетовтың аты аталуда. Ұзынқұлақтың айтуына қарағанда, бұл азамат енді штатында 500-ге тарта қызметкері бар бұрынғы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығын басқаруға талаптанып жатқан көрінеді. Өз қарамағындағы хатшының бойынан қауіпті дерттің белгілерін байқамаған «білікті» маманның кәсіби біліктілігінің қаңдай деңгейде екені түсінікті болар.

Осы жайларды ескеріп, қажетті іс-шаралар легін ұлғайтудың орнына мемлекеттік бас санитарлық дәрігер 2018 жылға арналған жұқпалы және паразитарлық сауықтыру шараларының жоспарын азайтуда. Мемлекеттік шенеунік, бәлкім, біздің денсаулығымызды қорғауды артық көретін шығар?

Санитарлық-эпидемиологиялық қорғауға қатысты қордаланған  мәселелерді шешудің орнына Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің шенеуніктері көршілес Ресей, Қырғызстан сияқты елдерден келетін тамақ өнімдерімен ғана күресумен, ал Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері  науқастардың дерегі туралы электрондық база жасайтын қияли іс-шаралармен ғана айналысумен шектеліп отыр.

Ал қарапайым халықтың денсаулығын кім қорғайды?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

1 пікір