Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 6079 4 пікір 20 Ақпан, 2018 сағат 08:33

Көке

Қазақтың қара сөзінің қабыланы

Рахымжан ОТАРБАЕВтың рухына!

«Иманғали кездесіп, хал сұрады. «Жақсы, – дедім...

– Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта...»

Рахымжан ОТАРБАЕВ

 

Көкесі!

Жаны – зарлы, жайы – мұңды,

Кешпедік артық туған «айыбыңды»...

Тасты жарған талантты тас-талқан қып,

Жайығың қайда әкетті қайығыңды?..

 

Махамбет жетті ме әлде желкенменен?..

Алдында Баймағанбет елпеңдеген...

«Ақырып теңдік сұрау...» – бәрі бекер,

Қыршын-ғұмыр өтеді «ертең»-менен...

 

Қазақтың қабыланы ең – сөзің дара,

Жазылды ма, айтпағың-ғазалнама?..

Өртеңді өртейтұғын – өзің емес,

Ертеңге жететұғын – сөзің ғана...

 

Ағалық ақпейілмен демедіңіз,

«Шерханамды келіп көр...» – деп едіңіз...

Шығармалық сыр-сандық – тым құпия,

Тұңғиықтан табылды керегіңіз...

 

Тарихтың тізбеледің сырын батыл,

Танымың – қан мен жүрек, жұлында тұр...

Қазақтың семген тінін тілгіледі,

Бейбарыс, Махамбет пен Сырым батыр.

 

Мезет сайын рухы жалындаған,

Мұң-зары әр демімен қалыңдаған...

«Көке» деген дүр сөзің қандай тәтті?!.» –

Деп балаша қуанды арынды ағам.

 

«Қазақтың әрбір сөзі – сезім-балдай,

Тыпыршытып, тұрмайды төзімді алмай...»

Үзіліс ұзақ ұстап, гүр-сілкінді:

– ««Көке» деген, інім-ай, сөзің қандай!»

 

...«Көке» десе, көремін – сағымдарды,

Көкелерім өргізген қалың малды...

Бұл сөзді ескі Мысыр жазығында,

Бейбарыс бабам талай сағынған-ды...»

 

...Салыстырып сырлы мен сұрсыздарды,

Алыстырып құнды мен құнсыздарды...

Ой-қиялмен ғасырлар қашып кеткен,

Кенеттен Рақым көкем үнсіз қалды...

 

...«Көке» десе – көңіл бос, езілемін...

Өзімді пәк сәбидей сезінемін.

Құдіретін дүр сөздің шын ұғынған,

Өз әкемнен кейінгі – Өзің едің...

 

«Көке» десе – әкемді көргім келген,

Қолдан ұстап, артынан ергім келген...

Балалықтың пәк иісін бұрқыратып,

Әңгелегін бақшамның тергім келген...

 

Пәк шағың – баламасыз жалғыз бақыт,

Сен-дағы пәкті сүйдің «байғызды атып...»

Шындықты алдаспанмен қорғаштадың,

Айнала дұшпаныңды андыздатып...

 

Жек көрдің дарынсыздың далиғанын,

Тектілік жолға құрбан – нар иманың...

Қайығыңды жеткеріп, жалғадың ба,

Кемесіне Әбіш пен Фаризаның?!.

 

Сағынып, сарғайдың-ау, асылдарды,

(Кете бардың қиып та асыл жарды...)

Есепшіл есерлерге үлгі қылып,

Шын қымбат қастерліге бас ұрғанды...

 

Жүректі қайғы-көлге батырғандай,

Сыймадың... сыйғызбады – тақыр маңдай...

Тым асығыс-үсігіс аттан салдың,

Әбішің мен Фаризаң шақырғандай...

 

...Пәнидің алды – шаттық, арты – жетім...

Жаратқанның кетпейді шарты шетін!

Жолықтыр Жұмақтың бір сатысында,

Жалғанның көре алмаған жарты бетін...

 

Айылын жия алмаса сотқар-жүрек,

Пайымың запыранын ақтарды кеп...

Жүректің бәрі бірдей таза болмас,

Өкінбе: «Ақ қағазда – дақ қалды!» деп...

 

...Мұрасы мөлтілдеген мол дәйекпен,

Сөздерін нанға жаққан майдай еткен...

Мен білем бір адамды Күнге ұмтылған,

Өзіне көңілі бір толмай өткен!..

 

...Қия алмай, есіл елің – батар мұңға,

Таразың теңселмегей – Хақ алдында!

Қиянда жүрек қонып, көңіл толған,

Көкешім, ақ Күніңе жете алдың ба?!.

 

***** ***** *****

 

...Жайықта алты алашың налада тұр...

Қайыққа неге асықтың аға-батыр?..

Ақ кемең ақ желкенін желбіретіп,

Алыста ағараңдап бара жатыр...

 

Мыңжан Байжанин 

Алматы шәрі.

18-20 ақпан 2018 жыл.

Abai.kz

4 пікір