Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 5645 6 пікір 19 Ақпан, 2018 сағат 13:44

Әз ана - Әмина

 

Ән айтатындар көп, әнші аз. Сол аздың бірі һәм бірегейі – күні кеше арамыздан өткен, нұрлы жүзі естен кетпес аяулы апамыз Әмина Нұғман еді. Халық жадынан өшіп бара жатқан көптеген әндердің қайта тіріліп, рухани қазынамызға қосылуы сол кісінің атымен тікелей байланысты. Халық әндерін өзіне тән нақышпен тамылжыта орындаумен қатар оны зерттеп, насихаттауда ұланғайыр еңбек етті. Орындаушылық өнерді ғылыммен ұштастыра отырып, 1971-ші жылы Мәскеуде «Қазақ орта білім беру мектептеріндегі бала дауысының тәрбиесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, Доцент ғылыми атағын иеленді. 1986-шы жылы «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған докторлық монографиясын аяқтаған. 70-80 жж. аралығында Қазақ Телевидениясынан «Гәкку» атты халық музыкасын насихаттайтын ғылыми-танымдық бағдарлама жүргізді. Алты жыл бойына қажымай-талмай, Орталық Комитет пен Мәдениет Министрлігінің табалдырығын тоздырып жүріп, Қазақтың Құрманғазы атындағы Консерваториясынан «Халық әні» кафедрасын ашуы кезінде үлкен рухани ерлік болғанын зерттеушілер жазып та жүр. 1990-шы жылы Қазақстан мұсылман әйелдері Одағын құрып, алыс-жақын шетелдерге үлкен қоғамдық қайраткер ретінде де танылды... Әмина апамыздың көзі тірі болғанда 14 ақпан күні 90 жасқа толар еді. Бар саналы ғұмырын халқына адал еңбек етуге арнаған Әзиз Анамыздың аты ел жадынан өшпей, әсіресе жас ұрпақ есінде сақталсын деген ниетпен, Әмина апамыздың 90 жылдығы қарсаңында оның артында қалған жалғыз тұяғы, қызы – Баян Нұғманнан (суретте) сұхбат алған едік.

Сұрақ: Баян, биыл Әмина апамыздың 90 жылдық торқалы тойы деп отырсыз. Бұл кісіні аға буын және біздер, орта буын күміс көмей, жез таңдай әнші әрі өнер зерттеуші ғалым ретінде жақсы білеміз. Ірі қоғам қайраткері ретінде де халыққа кеңінен танымал. Бірақ кейінгі жастардың басым көпшілігі ол кісіні аса білмеуі де мүмкін, өкінішке орай. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Б.Н.:  Анамның 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында ол кісіні ұмытпай, елеп-ескеріп келіп, сұхбат алып отырғаныңызға үлкен алғысымды білдіремін. Иә, қойып отырған сауалыңыз өте орынды. Анамның халық жадынан өшіп бара жатқан көптеген әндерді жүрегінде сақтап, «арғы беттен» (ҚХР-дағы қазақтар жайлаған өлкені айтады. - ред) көмейіне сала келіп, сол әндерді қайта жаңғыртып, тірілтіп, рухани қазынамызға қосуы – ол кісінің халық өнеріне деген шексіз адалдығының дәлелі деп білемін. Мұны өзіңіз айтқандай, аға буын мен орта буын өкілдері өте жақсы біледі, жалпы өнер сүйер қауым, халық өнерінің қадірін білетіндер анамның өнерін жоғары бағалап, әрдайым естерінде сақтайды деп ойлаймын. Ал енді бүгінгі жастардың мұндай өнер саңлақтарын аса көп біле бермейтіндерінің басты себебі – еліміздегі ұлттық идеологияның әлсіздігінен бе деймін. Өкінішке орай, қазіргі жастар кітапқа үңілмейді. Демек, негізгі ақпарат құралдары – Интернет, одан қалса теледидар мен радио. Бірақ сол теледидар мен радиодан нағыз, шынайы әншілеріміздің орындауындағы әндердің берілмеуі немесе өте сирек берілуі – ұлттық өнерге жасалған қиянат деп бағалаймын.   Халықтың шынайы өнері – бұл баға жетпес, сарқылмас қазына! Оның құнын ештеңемен өлшеуге келмейді! Оны тек меңгеріп, бойға дарытып, өлтіріп, өшіріп алмай, санада сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырса ғана ол өміршең болмақ. Ертеңгі күні біз шынайы қазынамыздан айрылып қалсақ оны ешқандай ақшаға сатып ала алмасымыз хақ! Бүгінгі күні де халық өнерінің жанашырлары жоқ емес, бар, бола да бермек, бірақ тым аз, халық өнерінің насихаты әлсіреп бара жатқаны сондықтан. Мәселен домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жарқын Шәкәрім ағамыз тұрақты түрде әлеуметтік желілер арқылы мұрағатта сирек кездесетін әндерді, күйлерді, халықтық музыка аспаптары тарихына қатысты тың деректерді, М.Әуезов мұражай-үйінде кезінде өткізіліп тұрған өнер кештерінің бейнежазбаларын, мұрағатта сақталған тарихи фотосуреттерді жариялап, халыққа насихаттап отырады. Күні кеше арамыздан өткен өнер зерттеуші, жазушы, кинодраматург, күй дүлділі марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыз да қазақ музыка өнерінің бірден бір жанашыры әрі насихатшысы еді.

Сұрақ: Рахмет, Баян. Енді сәл шегініс жасасақ деймін. Бір басылым бетінен Әмина Нұғманның сонау 50-ші жылдардың орталарында елге оралған оралман екенін оқып едік. Тағдырдың жазуымен әлемге шашырап кеткен қазақтардың шетел асуларына әртүрлі жағдайлар себепші болғанын тарихтан білеміз. Бұл кісілер Қытайға қай жылдары өтіп еді?

Б.Н.: Өткен ғасырдың 30-шы жылдары, халқымыздың басына күн туып, зар заман орнағанда, көш бастайтын зиялы серкелеріміз бен сорпа бетіне шығар саналы, сауатты, әл-ауқаты мықты, ықпалды әулеттер жаппай қырғынға ұшырап, аман қалғандары ұрпақтарын сақтап қалу үшін бас сауғалап, дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырады... Сол зобалаң жылдары озбыр саясаттан безініп, Семей өңірінің Бақты ауылынан үдере көшкен керуен арғы бетке өтпей тізгін тартпауға бекінген болатын. Алайда Алакөл жағалауындағы Көктұма топырағына жеткенде, яғни тура шекара маңында Ана толғағы көшке еріксіз еру жасатып, қарлы боранда аялдатыпты... Бебеулеген келіншектің белі босап, шаранасынан кіндігі ажыратылып, уақытқа бағынбайтын тағдырдың салуымен аласапыран кезде шыр етіп келген кішкентай адамның таңдайына анасы нәр тамызғанша керуен желдің өтінде қаңтарылыпты да тұрыпты. Тағдырлары қыл үстінде тұрған керуеннің бар мүшесі тосыннан келген мына әбігерге ашу шақырмай, қайта Құдайдан жәрдем тілеп, жүгіне берген. Міне, ұрпаққа деген іңкәрліктің үлгісі! Сондағы сәби – менің анам – Әмина болатын. Өмірге құштарлық танытсаң өмір де өгейсітпейді екен. Кіндік қаны ақ қар, көк мұзға тамған анамды өмір құрыштай шыңдады. Шекараны шарана күйінде аттаған ол 25 жылдан соң ғана туған топырағына аяқ басты...

Анамның атасы - Нұғман қажы Хасенұлы - төрт рет Меккеге қажылыққа барған, төртінші рет барғанда өзінің анасын апарып қайтқан екен. Нұғман атамыздың анасы - Ғайша әжеміздің әкесі татар, шешесі орыс ұлтынан болған екен, Нұғман атамыздың орыс тілі мен жазуын жетік білгені содан. Атамыз Үржар уезінде 30 жыл болыс болған, араб, парсы, түрік, қытай, орыс тілдерін жетік білген, үш әйелінен 32 перзент сүйген, өз заманының алдыңғы  қатарлы азаматы болған. Нұғман қажы Хасенұлы Алаш арыстарына үлкен моральдық һәм қаржылай көмек беріп, демеушілік жасаған меценат. Анамның әкесі - Әбдікәрім Нұғманұлы да діни сауаты мықты, араб-парсы-түрік тілдеріне жетік зиялы адам болған. Әбдікәрім атамыздың анасы да татар ұлтынан. Анамның анасы - Ғылмиуафа Ғайнетдинқызы Гереева – Ресей отаршылдығынан қазақ жеріне бас сауғалап келген татар зиялысы - Ғайнетдин Герейдің қызы болатын.

(Анасының суреті)

Осындай діндар әулетте тәрбиеленген анам алғашқы білімін Қытайдың Шәуешек қаласындағы Гүләндам абыстай медресесінде алады.

(Оң жақта, төменде отырған Ә.Нұғманның  13-14 жасындағы суреті, Шәуешек, 1942жж. )

Кейіннен Үрімжі Университетінің қытай тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдайды. Туған ұлтына деген сүйіспеншілігі ана сүтімен қанына сіңіп, бойына тараған анамның саяси көзқарастары ерте жастан қалыптасып, жасы жиырмаға жетпей-ақ оған «іштен туған алашордашыл», «пантюркист», «панисламист» деген қоңыраулы лақап тағылады.

(1950 жыл, Пекинде түскен суреттері)

Бір қызығы, Әмина апаңызды қаны шыққан ұлтшылдыққа тәрбиелеген, Алашорда идеяларымен сусындатқан басқа емес, оның татар анасы еді! Қаршадайынан анасынан Алаш Маршын естіп, жаттап өсіп, анасының Шығыс Түркістан әскерлеріне, Алаш сарбаздарына брезенттен сулық тіккенін көзі көріп, солар туралы тебірене айтқан әңгімелерін көкейіне тоқып, шама-шарқынша өзі де анасына көмектескен  Әмина апаңыз, өсе келе бар саналы ғұмырын туған халқы үшін сарп етуге өз-өзіне ант береді. Ол үшін ең алдымен туған топыраққа оралуды мақсұт тұтады...

Сұрақ: 1955-62 жж. Елге оралған оралмандардың статусы қандай еді?

Б.Н.:     1955-ші жылдың мамыр айында анама ақыры туған жердің де дәмі бұйырады. Алматыға отбасымен көшіп келген Әмина апаңызды туған жері құшақ жая қарсы алады. Көптеген зиялы қауым өкілдерінің, атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтың, Ахмет Жұбановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Бауыржан Момышұлының, Міржақып Дулатұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлкей Марғұланның, Сапарғали Бегалиннің, Сәбит Мұқановтың және тағы басқа марғасқалардың отбасыларымен тығыз қарым-қатнаста болады. Білімін жетілдіру мақсатында сол келген жылы Құрманғазы атындағы Консерваторияға оқуға түсіп, оны 1960-шы жылы тәмамдайды. Бибігүл Төлегенова апамызбен бір педагогтан білім алған екен. Консерваторияда оқи жүріп, 1957-ші жылы «Шыңжаң қазақтарының әндері» атты жинақ шығарады.

(1958ж. Мәскеу, Қазақстан өнерпаздарының он күндігі)

(1958ж. Мәскеу, Қазақстан өнерпаздарының он күндігі)

1961-ші жылы Қыздар Педагогикалық Институтына жұмысқа шақырылып, сонда ұзақ жылдар ұстаздық еткен, музыкалық тәрбие әдістемесі кафедрасын ұзақ жыл басқарған.

Сұрақ: Кезінде, 70-ші жылдардың басынан, ұмытпасам, 80-ші жылдарға дейін Әмина апамыз Қазақ теледидарынан «Гәкку» атты музыкалық бағдарлама жүргізді. Кейіннен әртүрлі себептермен бұл бағдарлама шықпайтын болды. Осының ақиқатын өзіңізден білсек деп едік...

Б.Н.: Марқұм анамның орындауындағы әндер анам елге оралмай тұрып-ақ  Қазақ радиосынан беріліп тұрыпты. Елге оралған соң да жоғарғы оқу орнында оқып жүргеніне қарамастан, мемлекеттік тапсырыспен Құрманғазы атындағы Оркестрдің сүйемелдеуімен көптеген әндері жазылып, радиодан, кейіннен теледидардан тұрақты түрде беріліп, көрсетіліп тұрды. Қазақстанның төрт өңірінің әншілік дәстүрін халыққа кеңінен насихаттау мақсатында, ұзақ жылдар бойына, 1971-ші жылдан 1981-ші жылға дейін Қазақ Теледидарынан «Гәкку» атты ғылыми-танымдық музыкалық бағдарлама жүргізді. Кеңес дәуірінің өзінде халықтың ұлттық санасын оятуда осы бағдарламаның ықпалы өте күшті болды. Өйткені бұл бағдарламаға үлкен ғалымдар мен академиктер, ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер майталмандары қатысып, халыққа көшелі сөздерін айтып, ірі, кесек ойларын ортаға салатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылып келген хаттар легі халықтың жүрекжарды ойлары мен көкірегінде шер боп қатқан мұң-зарына толы еді. Өзіңіз бір ойлап көріңізші! «Гәкку» бағдарламасын анам бақандай 10 жыл бойына жүргізген! Сол кездегі техникалық мүмкіншіліктер шектеулі болғанның өзінде бір бағдарламаны он жыл бойына жүргізу деген әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс. Ал қазір сондай өміршең бағдарламаларды атай аласыз ба? Некен-саяқ, жоқтың қасы. Кейіннен «Алатау» телеарнасынан жүргізген «Назқоңыр» бағдарламасы да «Гәккудің» жалғасы іспетті болды. Сол кездің өзінде-ақ, жас та болса Әмина апаңызға деген халықтың ықыласы ерекше, алғысы шексіз еді. Ұлтын сүйетіндер ол кісіні өздеріне рухани тірек санайтын. Бірақ, өкінішке орай, қай кезде де шынайы өнер мен адал еңбекті, риясыз ел құрметін көре алмайтын, арам пиғылды жандардың кездесіп отыратыны заңдылық та шығар. Басқа емес, анамның өз әріптестерінен, яғни өнер адамдарынан құралған шағын топ Орталық Комитеттің идеология бөліміне анамның сыртынан домалақ арыз жазып жіберіпті. Ол арызда «Нұғманова деген татар, Қытайдан осында келіп алып, кешке дейін халық әндерін айтып, елім, жұртым деп зарлайды да тұрады, коммунизм туралы бір де бір ән орындамайды. Енді «Гәкку» атты ғылыми-танымдық музыкалық бағдарламасы арқылы қазақтарға ұлтшылдықты насихаттауда, бұл ұлттар достығына нұқсан келтіреді» деген пікірлер жазса керек. Ол кезде мұндай жағдайлар өте қатаң қарастырылған ғой. Сол кездегі идеология жағын, яғни Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің мәдениет бөлімін марқұм Михаил Иванович Исиналиев деген ағамыз басқарған екен. Домалақ арыз бойынша дереу он шақты адамнан тұратын комиссия құрылып, аталған бағдарламаның соған дейін шығып үлгерген барлық бейнежазбаларын қарап шығып, әрбір айтылған сөздерді мұқият тыңдап, саясатқа қайшы келетін ештеңе таппай, қайта бағдарламаның өте жоғары кәсіби дәрежесін бағалап, ұлттық музыка өнерін халыққа кеңінен насихаттауда таптырмас, баға жетпес құрал деп танып, мемлекет тарапынан анама зор алғыс білдіріп еді. Сонымен бұл бағдарлама 1981-ші жылға дейін шығып тұрды. 1981-ші жылы Михаил Иванович Исиналиев ағамыз Сыртқы Істер Министрі болып кеткен соң, әлгі арызқойлар қайтадан анамның қыр соңына түсіп, ерінбей-жалықпай арызданып жүріп, ақыры осы бағдарламаны жапқыздырып тыныпты. Араға 5-6 жыл салып, анам «Алатау» телеарнасынан «Назқоңыр» атты музыкалық-танымдық бағдарлама жүргізуді қолға алып еді, ол да көп ұзамай «Гәккудің» кебін киді.

Сұрақ: Сонда анаңызға, тіпті анаңыздан бұрын халық өнеріне қиянат етіп жүргендер кім болды екен, оны айтпайсыз ба?

Б.Н.: Жоқ... Кезінде марқұм анам осы әңгімені білсін деп, құлағымызға құйып отырғанда сол арызқойларды неге сотқа бермейсіз, тым болмаса неге кім екендерін жұртқа әшкерелемейсіз деп кіжінетінмін. Балаңдау кезім ғой, түсінбейтінмін. Анам жылы жымиып, бір күрсінетін де қоятын. «Болмайды» дейтін. «Қандай болғанда да олар менің әріптестерім, елге еңбегі сіңген өнер адамдары, ел алдында жүрген азаматтар. Пендеуи әрекеттері үшін бүкіл елге жар салып, аттарын атап, түстерін түстеп, өз істегендерін өздеріне істеп, солардың пәс деңгейлеріне түсіп, береке таппаспын. Кезінде мұндай рухани мәстектер мүйізі қарағайдай Күләшты да (Күләш Байсейітованы айтады. -  Б.Н.) оңдырмай, жала жауып, ақыры түбіне жетіп еді. Күләштың жанында мен кім болыппын тәйірі! Дұшпандарыңды тек сабырмен, тек талантыңмен, тек біліміңмен ғана жеңіп, оларға бас идіре аласың, балам» дейтін. Міне, анамның сол өсиетін берік ұстанып, өз балаларымның да саналарына сіңіріп отырамын. Қиянатшыл адамдар бәрібір түптің түбінде оңбайды. Анама өнер жолында да, кейіннен қоғамдық қайраткерлік жолында да көрнеу қиянат жасап, түрлі жала жапқан жандар аз болмады. Олардың біразы марқұм болып кетті, біразы қазір арамызда жүр. Не дейміз енді? Өткенге салауат. Қайтқандардың күнәларын Құдай кешірсін, барларға Құдай ақыл-тауфиқ берсін. Шын дарындар, халықтың нағыз қадір тұтар қалаулылары қашан да күндей жарқырап, елге шуағын шашып тұрмақ, ал, анам айтпақшы, рухани мәстектер құдық түбіндегі құрбақалар сияқты өмір сүреді.

Сұрақ: Иә, түсіне білген жанға біраз сөз айттыңыз... Анаңыз «Гәккуден» басқа да сол тұста қандай шығармашылықпен айналысып еді?

(1975 ж. М.Әуезовтың мұражай үйі, Халық Университеті лекциялары)

Анам сол жылдары М.Әуезовтың мұражай үйіндегі «Халық Университетінде» қазақтың музыкасы мен этнографиясы бойынша дәріс оқитын. Құрманғазы оркестрімен жазғызған жүздеген әндері Қазақ Телерадиосының Алтын Қорында сақтаулы. «Гәкку» мен «Назқоңыр» бағдарламалары жабылып қалғанымен, 1990-жылдарға дейін теледидардан халық әндері мен күйлерін насихаттайтын әр түрлі тақырыпта, жекелеген телебағдарламалар жүргізіп, немесе жалпы өнерге арналып, ұйымдастырылған телебағдарламаларға қонақ ретінде қатысып, сөз сөйлеп жүрді. Кейіннен Қазақстан мұсылман әйелдері Одағын құрып, теледидардан имандылық туралы сөз сөйлейтін болды, бұқаралық ақпарат құралдарында талай сұхбаттары, көлемді мақалалары жарияланып тұрды. Бірақ, бұл, әрине, бөлек әңгіме...

(Жалғасы бар)

Abai.kz

6 пікір