Сенбі, 26 Мамыр 2018
Әдебиет 2350 7 пікір 13 Ақпан, 2018 сағат 08:43

«Кешір бізді, Мұқағали!»

Қарасазда  Мұқағалидың   80 жылдық мерейтойы  дүркіреп өтіп жатқанда  бізбен  көрші болған Күлімхан  апайға сәлемдесуге бардым. Жеңгеміз мені көріп қатты қуанғаны.  

«Ауылға келмей кеттің ғой, әкең мен апаң кеткен соң, бір сәлемдесуге жарамадың» деп өкпелеп  те алды.  «Тойға келдің, мен болсам  қарыс жерде отырып,  бара алмай  отырмын. Үйден ұзап шығуға шама жоқ. Кәрлік пен  ауру  айналдырып алды. Тірі күнінде Мұқағали марқұм қос құлыным - Ауғанбайым мен Амантайымңың маңдайынан сипап еді. Шалым Қасанбаймен түйде құрдас  та болды. Дәмдес-тұздас болып араластық. Екеуінің бір атқа мінгесіп, егін суарған күндерін қалай ұмытайын?  Бұл күнде бұлардың біреуі жоқ, мен ғанамын. Қарасазға  Мұқағалиды берген  Құдайдан айналайын. Ел-жұрты   құрметтеп, аспандатып жатыр. Несін жасырайық, кезінде еркелігін көтере алмай, қатты сөз айтқан кезіміз де  болды. Ол үшін аруағынан  кешірім сұраймын», - деп Күлімхан апай  ойындағы әңгімесін ақтарды.

- Біз  Қарасазға 1955 жылы Павлодардан  көшіп келдік, - деді ол кісі.

- Мұнда ағаңның әпкесі Зинаны қара тартып,  келгенбіз.

Бір күні  ауылда  той болды. Қасыма бір келіншекті ертіп,  мен де бардым. Әркім білгенін айтып, тойды қыздырып жатыр екен.  Ақыры арты айтысқа  ұласты.  Бізге қарсы  отырған екі жігіт  тәуір айтысып, жауабымызға жауап қайырып  жатты. Әзіл-қалжың  аралас   қағытулар айтылып, шамамызға қарай өлеңдеттік.  Осы кезде екі жігіттің бірінің киген киіміне көзім түсіп, алқам-салқам болған  түрін  өлеңге қостым.  Соның  бір-екі жолы  есімде қалыпты:

 Үстіңдегі күпәйкең жырттық- жырттық,

Баулығыңды  кеткен бе тышқан қырқып, - деп  басталған  өлеңіме  әлгі жігіттер сөз таппай орындарынан тұрып кетті. Ел күліп жатты.

Сондағы айтысқан  екі жігіттің бірі Мұқағали екенін  кейін білдік. Ол шамамен  50-жылдардың  ортасы.  Содан бері қанша жыл өтті. Мен қазір 82-ге келдім. Бір жылдарда   Мұқағали  шалым Қасанбай  екеуі  Жылбұлақ жақта колхоздың егін суарды.  Бірде мінген аттарына менің бір жаңа көрпемді  салып алыпты. Соған  ренжіп, ұрысқаным бар.

Кейін Мұқағалидың  Нарынқолға, одан соң Алматыға кеткенін естідік. Бұдан кейін біздер Мұқағалиды көп көрмей жоғалтып алдық.  Бір жылы Майгүлін алдына алып, бұрыңғы Қарасазға  бізді атпен іздеп келіпті. Қуанып қалдық. Екі-үш күн демалған Мұқағали жаңа қораның артында  ағып жатқан судың арғы жағына  текемет жайғызды. Мен ет асып, арақ-шарабымды  қойып, қонақ еттік.  Шалым   екеуі «баяғы егін суарған кездеріміз-ай» деп өткенді еске алысып, күлкендері есімде.  Бізден кейін, «ауылда біраз боламын» деп, Қарасазға кетті. Екі-үш күннен кейін 3-сыныпта оқитын үлкен ұлым Ауғанбайдан қымыз беріп  жіберіп тұрдық. Екі ауыл арасы біраз жер болғанымен Ауғашым  жаяулап қымыз апарып беріп жүрді.

Мұқағали қайтыс болғанда Ауғанбайым: «Мені оқуға  түсіремін  деген Мұқағали аға қайтыс болыпты.  Енді мені кім оқуға түсіреді?» - деп уайымдағаны  да есімнен  кетпейді.  Аллаға шүкір,  Мұқағали маңдайынан сипаған  екі балам да өздерінің мақсаттарына жетті. Өнерлі болып өскен олар ауылда ансамбль құрып, Мұқағалидың талай өлеңдерін сахнаға шығарды. Амантайым  ауылда өнер мектебін қалыптасуға үлесін қосты. Бірақ амал не, екеуінің де ғұмыры қысқа болды, - деп   Күлімхан апай әңгімесін  аяқтаған-ды.

Сол апайымыз өткен жылы дүниеден озды. Күлімхан апайдың  ақын аруағынан  кешірім сұраған  бейнесі  күні бүгінге  дейін көз алдымда.  Бәріміз де   кейде пендешілікке  барып жатамыз. Бірақ соны кеш те болса түсініп,   кешірім сұрау - кісіліктің белгісі.   Ақиық ақын Мұқағалидың   өзі де  «Кешіріңдер»  деп  өлеңінде жазып кетпеді ме? Мұқаңның жанының  тазалығы  мен адалдығын  Күлімхан апай да сөз арасында көп айтып отырды. Апайдың  «Мұқағали үлкен азамат еді.  Ешкімге  жамандығы да,  артық  сөзі жоқ, кешірімді жан еді»  деген сөзі  жадымда қалып қойды.

Жексен Алпартегі

Abai.kz

7 пікір