Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 7296 6 пікір 1 Ақпан, 2018 сағат 10:14

Ким Мин Сонг. Қазақ жастары жігерлі екен

Осыдан бір жыл бұрын Шәкәрім университетінде Оңтүстік Кореяның Кюнгдонг университетінің  кампусы ашылып, қазақстандық жастардың өз отанында жүріп, шетелдік  оқу орындарынан білім алуына мүмкіндік ашылған еді.

Назарларыңызға аталмыш кампустың оқытушысы Ким Мин Сонгпен болған сұхбатты назарларыңызға  ұсынамыз.

– Оңтүстік Кореяның  Тэгу қаласынанмын. Kyungdong  университетінің түлегімін. Мамандығым корей тілінің мұғалімі.

Осы Шәкәрім университетінде Кюнгдонг Корей университетімен бірлескен жаңа бағдарламалар SKACC халықаралық факультетінің ашылуына байланысты мен осында корей тілінен сабақ беруге келдім.

Менің мақсатым – Қазақстанда тәжірибе жинақтау және корей тілін қазақстандық   студенттерге үйрету болып табылады.

Осы уақыт ішінде қазақ мәдениетімен  және Семейдің мәдени орындарымен танысып үлгердіңіз бе?

– Семей қаласында  бірнеше рет парктерде, саябақта болдым. Маған Ауған ардагерлеріне арналған  монумент өте ұнады. Біздің елде де анаға деген құрмет бірінші орында тұрады.

Одан кейін қазақтың киіз үйінде болдым. Сыртынан көне  сияқты көрінгенімен ішіне кіргенде өте таң қалдым. Өте әдемі жиһаздардың да, өрнектердің  де өзіндік бір ерекшелігі бар. Ұлттың өзіне тән белгісі бар әдемі әшекейлермен безендірілген.

Осы жаққа келгеннен бері бірнеше  достарымның   отбасыларында болдым. Олар әр түрлі мерекелерге,  Жаңа жыл мерекесіне немесе кешкі ас ішуге шақырып тұрады. Сондағы байқағаным қазақ жанұясындағы әке мен бала арасындағы, ата мен немере арасындағы сыйластық, жалпы туысқандар арасындағы қарым-қатынас өте жақсы екен. Жалпы ұлттық мәдениеттеріңізбен біраз танысқандай  болдым.

– Бұл жақтағы  жастардың  корейлік жастардан  қандай айырмашылығын байқадыңыз?

– Ең басты ерекшелік қазақстандық студенттер өз ойларын еркін жеткізе алатындай ашық, жігерлі екен.  Ал  біздегі студенттер басқаша. Біз үлкен кісінің, мұғалімнің алдында дауыс көтеріп сөйлеуге именеміз. Бізде ұяңшылдық сезім  басым. Бұл бүкіл корей халқына тән мінез.

Тағы бір таңқалдырып отырған нәрсе, кез-келген адамның  бірнеше тілде сөйлеуі. Қазақ тілі мен орыс тілін жетік біледі.  Сонымен қатар ағылшын, түрік тілдерінде  еркін сөйлейтіндер көптеп кездеседі екен. Ал Кореяда тек қана корей тілінде сөйлейді. Қазақстандағы сияқты екі тілде сөйлеу деген жоқ. Бұнда кез-келген адам екі тілде сөйлейді. Қазақша бастаса, орысша аяқтайды.  Бұл үлкен  проблема.

Болашақта 20 жылдан кейін, мүмкін 10 жылдан кейін бүкіл Қазақстан халқы тек  қазақ тілінде ғана сөйлейді деп сенемін.

– Кореяда тіл мәселесі қалай қалыптасқан?

– Тілге байланысты Кореяда ешқандай проблема жоқ, болмайды да деп ойлаймын. Корей тілі  әлемдегі ежелгі тілдердің бірі болып саналады. Бізде әр адам өз тіліне  жауапкершілікпен қарап,  өз тіліне зор   құрметпен қарайды.

Біз Солтүстік Кореямен де тіліміз, түбіріміз бір болғандықтан оларды да түсіне аламыз. Алайда  қазіргі таңда екі бауырлас мемлекеттің тілдерінде біраз айырмашылықтар бар. Олар негізінен жергілікті  диалектілер мен  жаңадан шығып жатқан терминдер.

Өзім ана тіліммен қатар ағылшынша еркін сөйлеймін, жапон, қытай тілдерін жақсы түсінемін. Соңғы айтылған  екі тілдің Корей тіліне ұқсастықтары бар.

– Жалпы корей халқы мен қазақ халқында қандай ұқсастықты байқадыңыз?

– Ең басты ұқсастығымыз ол – үлкенге деген құрмет. Корей халқында да үлкен адамдарға, қарияларға деген құрмет өте ерекше. Бізде күнделікті ауыз екі тілде де үлкен адам кездессе басқадай әдепті сөздерді қолданамыз. Олардың алдында ешқандай артық  қимыл жасамаймыз. Осы қасиетті сіздерден де байқадым. Ең басты ұқсастығымыз осы. Қазақ халқында да  үлкенге деген  құрмет  басым екен.

Сіздерде бір қызығы  барлығы жайбарақат, ешкім ешқайда асықпайды. Ал Кореяда кез-келген жерде қызу  жұмыс жүріп жатады. Сондықтан бізде  ешқандай артық уақыт жоқ. Әркім өз жұмысына тез арада үлгеруге тырысады.

Тағы бір байқағаным, сіздер уақыттың қадірін көп бағаламайсыздар  және басқаның уақытына деген құрмет байқалмайды. Біз уақытты үнемді пайдалануға дағдыланғанбыз. Мысалы бір шара сағат тоғызда басталатын болса, дәл уақытында барамыз. Кешігу деген болмайды.

Қазақстанға келгелі айналамдағыларға қарап менде босаңси бастаған сияқтымын..

– Кореяда жоғары оқу орнына түсу үшін сынақ қалай тапсырылады?

– Кореяда жоғары оқу орнына түсу өте қиын. Барлық корей талапкерлері емтиханға 3 жыл бойы дайындалады. Ұйқысыз түндерді өткізеді және ойын-күлкінің барлығын доғарады. Өзімде солай дайындалдым. Таңертең сағат жетіде кетіп, мектептен кешкі он бірде үйге оралатынмын. Күні бойы мектепте барлық сабақтарды оқып, дайындықпен өткізетінбіз. Өйткені бәсекелестік өте басым, барлығы да алдыңғы қатарда болуға тырысады.

Жастардың барлығы жақсы білім алып, жақсы жұмысқа тұрғысы келеді. Ал егер талапкер  жылына бір рет болатын емтиханнан құласа, ол басқа  университеттерде  ақылы түрде де оқи алмайды.

– Оңтүстік Корея елінің санаулы жылдар ішінде   технология жағынан қарыштай дамуының  басты себебі неде?

– Ең бірінші мемлекеттің өз халқына  қоятын міндеттері   өте жоғары және жауапты. Сол талаптарға сай болу үшін кез-келген азамат сол  міндеттерді орындауға тырысады. Осыдан 60 жыл бұрын Солтүстік Кореямен соғыс болғанда Оңтүстік Кореяның халқы көп қырылды. Сондықтан өзіміздің халқымызды сақтау  үшін, ел экономикасын  дамыту  үшін,  жоғары бәсекелестік жолында  корей халқы жанкештілікпен    жұмыс жасауда. Бұл мемлекеттің қоғам алдына  қойған басты  талабы.

– Шәкәрім университеті  туралы әсеріңіз қандай?

– Шәкәрім университетінің болашағы өте зор. Өйткені мұнда жұмыс істеп жүрген оқытушылар, профессорлардың барлығы өз жұмыстарын жақсы біледі және өте білікті мамандар. Студенттері өте интеллектуалды, ақылды.

30 қыркүйектегі Шәкәрім университеті ұйымдастырған  «Семей менің жүрегімде»  атты фестивалды бүкіл қала тұрғындары  Орталық алаңда тамашалады. Үлкен мереке болып өтті. Осы шара өту кезінде Шәкәрім университетінің осы өңірдегі маңыздылығын сол кезде одан сайын түсіндім және болашағы зор деп ойлаймын. Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ескендіровты    білікті, жаңашыл  басшы деп санаймын. Ректор мырзаға  айтар алғысым мол.

– Біздің ауа райымыз бен  туған жеріңіздің климатында  өзгешелік бар ма?

– Бізде де осындай төрт маусымдық  жыл мезгілі бар. Бірақ дәл сіздердегідей  күн өте суық емес. Қар көрмедім деп айта алмаймын. Бізде қар көп жатпайды. Ең төменгі температура -18, -19 градусқа дейін ғана жетеді. Ал осындай  қырық градустық сақылдаған сары аязды  бірінші рет  басымнан кешіріп отырмын. Сондықтан осы жағдай маған біраз қиындық тудырып тұрғанын да жасырмаймын.

Ал енді өзіме келсем, 1992 жылы Тэгу қаласында дүниеге келдім.

Әке-шешем қызметтегі адамдар. Олардың қолдары бос емес. Сондықтан  мен апамның тәрбиесінде өстім.

Тэгу қаласында бастауыш, орта және жоғары мектепті бітірдім. Одан кейін Сокчо қаласындағы Кюнгдонг университетіне оқуға түстім.

Біздің елде қайда жүрсеңде екі  жыл әскери борышыңды өтеу міндет болып саналады. Университетте оқып жүрген кезімде әскер қатарына шақырылдым. Әскери қызметімді өтеп келгеннен кейін, университетті аяқтадым.

Корей тілінің маманымын.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Д. Рамазанұлы

Abai.kz

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544