Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 7791 37 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 13:05

Қалмақты қойша қырған қолдан қамап...

«Қалмақты қойша қырған қолдан қамап, Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ» дегендегі Көкжал Барақ батырдың қайда жерленгені туралы тарихшы Советхан Қалиғожиннің мақаласын «Дидар»  газетінен оқыған соң, пікіріммен бөлісейін дедім. Советхан аға бұл мақаласында көріпкелдерді сынға алған екен.  Аян, аруақтардың батасы жөнінде белгілі шежіретанушы, шежіреші, публицист Қайрат Зарыпханның ғаламтордағы «Жер ұйығы Жеменей» атты  мақаласын оқысаңыздар көп нәрсені түсінерсіздер. Бұл мақалада біздің жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлебаевтың көріпкелдік қасиетінің арқасында Шілікті қорымдарынан алтын адамның тапқаны жөнінде айтылған.

Қайрат Зарыпханның  айтуынша, бақсылардың құлағына келетін дауыстар, сол адамның миына дауыс ретінде келетін өз ойлары екен. Бұл дауыс қасиетті адамға қанындағы гендік ақпараттан келеді. Бақсылардың «аруақ айтты» дегендері осыдан. Яғни, олардың қанындағы ата-бабадан келе жатқан ақпарат айтады деген сөз.  Қайрат Зарыпханның айтуынша, Көкжал Барақтың жерленген жерін тапты деген бақсы Ерғазы Мағауияұлы Меккеге үш мәрте жаяу барған Бұратай қажының ұрпағы болады.  Бұл әулет - балуандар әулеті. Олай болса, «Ақтабан шұбырынды» заманында оның аталары батыр болуы әбден мүмкін.  Қайрат Зарыпханның нағашы бабасы, найманға сіңген жағалбайлы Сүгір батырдың ұлы Тілес батыр қазақтардың бір соғысынан Бейімбет деген қырғыздың бір баласын найман арасына алып келген екен. Тілес батыр мен осы Бейімбеттің заманы Көкжал Барақ батырдың заманымен  сәйкес. Бейімбет болса, көріпкел Ерғазы Мағауияұлының ұлы атасы болады.  Түбі  - қырғызға сіңген жағалбайлы екен.

Қайрат Зарпыханның болжауынша, Тілес батыр бұл баланы Көкжал Барақтың кегін алу үшін Абылай ханның қырғызға жасаған «Жайыл қырғынынан» кейін алып келген болса керек. Олай болса, Ерғазыға ақпарат осы Бейімбет атасынан келген. Міне, көріпкелдіктің  феноменін  материалдық тұрғыдан түсіндіргенде осылай болады. Надандық танытып, бақсы-балгерлерге албаты тіл тигізу жөн емес.

Былтырғы жылдары қытай елінде жария көрген «Үш мың құжат»  деректерінде Көкжал Барақтың қырғыз елінен елшіліктен қайтқанында соңынан қуып келген қырғыздардың шабуылына ұшырағаны айтылады. Міне, Барақ батыр осы қақтығыста қаза болған.  Ал енді, Ерғазы Мағауияұлы болса, бұл қытайдағы құжаттар жария көрмей тұрғанда Барақ батырды артынан  қуып келген мың қырғыздың  жабылып өлтіргенін айтқан еді.  Яғни, қытай деректері мен Ерғазының айтқандарында сәйкестік бар.  «Үш мың құжатты» ешкім естімеген кезде Ерғазы бұл оқиғаларды қайдан білген?  Шежіреші Қайрат Зарпыханның айтуынша, оның бабасын опасыздықпен өлтіруді ұйымдастырған қырғызға сіңген саяқ-шапырашты  Садыр батыр екен. Сондықтан да,  Абылай хан Барақ батырдың кегін қайтару  үшін  Алатауға аттанғанда: «Мен қырғызға емес, Садырға барамын!» деген екен. Алай да, Барақ батырдың қырғыздар кескілеп тастаған денесін көргенде екі көзінен жас парлап ағып жылап, астындағы ақбоз атын құрбан шалып: «Құмар тарқап, кек бітетін болмады, не мен қырғыздың қанына тойып  кетемін, не қырғыз менің қаныма тояр!» деген екен.  Осыдан кейін арғын-найманның жиырма мың қолы «Сарманайлап»  қырғызды шапқанда  ат бауырынан қара қан ағып, байжігіт Құрман қажының айтқанында: «Қу адасқан тұман, құлан адасқан шаң» тұрған екен.  Шоқанның айтқанында бұл соғысқа күллі қырғыздың оңы да солы да келіпті.  Абылай хан бастап келген арғын-найман қолы қырғыздың біріккен қолының тас-талқанын шығарады.  Осы «Жайыл қырғынын» есіне алған қазіргі күндердегі қырғыздың ақсақалдары:  «Алапаттың бірін Абылай хан жасатты!» деп отырады екен.  Кейін, Абылай ханда кеткен өшін қырғыз Кенесарыдан алған.

Советхан ағамыз айтып отырған барақтанушы Шекербану Жақыпова осы Ерғазыны ертіп апарып Шу өзінінің бойынан Барақтікі деген қорымды тапқан соң, Жамбыл облысының әкіміне өтініш  жазып, сол қорым тұрған жер телімін сұраған болатын. Алай да, Жамбыл облысының әкімі де,  ақпарат министрлігі де, бұл қорымдағы сүйекке Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сараптама жасату керек екенін айтып отыр. Бұл сараптаманың қорытындысынсыз  қорымға ешқандай да мазар тұрғызылмайды.  Қазіргі таңда біздер анықтап отырған керей Жәнібек батырдың да қорымына сараптама жүргізуіміз  керек.   Сол кездегі Жарма ауданының әкімі, қазіргі сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин ағамыз  заңды қағаз болса, мазар тұрғызуды өз қолына алатынын маған  айтқан да еді. Анау Тарбағатайдағы садырлық Майлы батырдың мазары да сараптаманы қажет етіп тұр.  Өйткені, жергілікті халық бұл мазарды басқа адамдікі деп отыр.  Орыс тілінде жазылған газет мақаласында мен  кейбір шолақ белсенділердің  ешқандай сараптамасыз, «көз қысты, бармақ басты» арқылы  бөтеннің басына құлпытас қойып кетіп, кейін осының масқарасын Қайрат Зарыпханның шығарғанын айтқан едім.   Сондықтан да, біздер «анау айтты, мынау айтты» екен деп, Қазақстан Республикасының арнайы Заңын бұзып бассыздыққа бармауымыз керек.   Заң бәрімізге ортақ.  Көріпкелдің айтқаны заң бойынша шешім шығаруға  негіз бола алмайды.  Ерғазы Мағауияұлы  көшеде отыратын қағазы жоқ анау-мынау албаты құмалақшы емес, Қазақстан Респбуликасының халық емшісі, медальдармен марапатталған адам. Әулетті бақсы.  Соның өзінде билік сараптаманы талап етіп отыр.

Ал енді, Қалиғожин ақсақал болса, Алматыға көріпкелдерді іздеп бекер барған. Өскеменде Көкжал Барақтың қара шаңырағындағы ұрпағы Базылқан қажы тұрады. Қазақстанның құрметті рухани халық емшісі.  Екі орденнің игері. Советхан ағамыз алдымен осы кісіге баруы керек еді.   Сонда, бойына қасиет қонған ұрпағы ол жерде кімнің жатқанын сезер еді.  Негізінде, Барақ бабасының жатқан жері жөніндегі  барлық болжам ақпаратты Қайрат Зарпыхан мұқият қадағалап отырады.  Аруақ емес, адам айтқан жерді де Қарекең біліп отыр. Алай да, бәрібір де қорымға сараптама жасатуға міндетті екендерін  айтады.

Қытай  елінен келген оралман бауырымыз, ақын-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты  Иманғазы Нұрахметұлы, Барақ батыр жөнінде Қайрат Зарыпхан екеуімізге  мынаны айтып берген еді.  Иманғазының бабасы Есенғұл батыр Көкжал Барақ пен Қабанбай батырға еріп жүрген жас батыр болған екен.  Иманғазының әкесінің айтуынша, атадан келе жатқан хабар – қырғыздар опасыздықпен өлтіріп, кескілеп турап тастаған  Көкжал Барақтың денесін оның ұлдары  алабота шөбінің сақарына қайнатып,  сүйегін етінен айырып, ақ киізге орап елге алып қайтқан екен.  Менің естуімше, Барақ батырдың сүйегі туған жеріне, яғни, Шар өзенінің бойына қойылған. Міне, Қайрат Зарыпхан осы жерді біліп отыр.  Алай да, алдымен Шекербану апайымыз айтқан  қорымға сараптама жасатуымыз керек дейді.  Қайрат Зарыпхан мен Шекербану апай Аблайкит қамалының үстінде тұрған Көкжал Барақ көтерген тасты да тапқан. Бұл тас жөнінде «Ұлт» порталында жария көрген  Қайрат Зарыпханның «Көкжал Барақ көтерген тас» аты мақаласынан біле жатарсыздар.

Міне, құрметті оқырман, белгілі ақын-жазушы, барақтанушы Шекербану Жақыпованың игілікті ісін сынап жазылған мақалаға жауабымыз  осы болады. Советхан Қалиғожиннің мақаласы ешбір нәтиже бермейтін,  жәй бір айтылған сөз ғана болмақ.  Барақ батырдың ұрпақтарынан Алматыдағы адвокат Жиенбек пен осы Қайрат Зарыпханнан басқа,  бабаларының жатқан жерін табу үшін ши сындырып жүргендерінің  бірін де көрген емеспін. Советхан Қалиғожин Көкжал Барақтың қай ұрпақтарының атынан сөйлеп жүргені де белгісіз.

Анығында, мен де,  Шекербану апай мен Қайрат Зарыпхан да,  жоғарыда аты аталған археолог ғалым Әбдеш Төлебаевпен  қазба жұмыстары жөнінде келіссөз жүргізіп қойғамыз. Қорымға сканерлік жұмыс жасатуға биыл мүмкіншілігіміз болмады. Облысымыздағы жалғыз сканерді біреулер жалға алып кетіпті.  Көктемді күтудеміз.  Сканер қолымызға тисе Зайсандағы сақтардың қорымына, Жармадағы керей Жәнібектің, Шудағы Барақ батырдікі деген қорымдарға барып қайтпақпыз.  Барақ батырдың қорымына сканерлік зерттеулер жүргізуді Шекербану апай өзі қаржыландырғалы отыр. Советхан Қалиғожин айтқандай, ешкімнен де қаржы сұрап отырған жоқ.  Бір ұяты, «Көкжал Барақ батыр» қоры бұл іске тіпті маңайламай отыр екен.  Сондықтан да,  Қайрат Зарыпханның  сұрауымен бұл істі «Ер Жәнібек» қоры атқарып жүр.  Жоңғарлардан азат етілген қазақ жеріне қырғыздар баса көктеп келгенде,  олардың бетін қайтарған менің бабам керей Жәнібек батыр мен Көкжал Барақ еді.  Сібедегі қалмақ қамалына да екеуі бірге кірген. Сондықтан да, Барақ батыр болсын, тіпті қазақтың қай батыры болсын, мен үшін  ұлы тұлға.  Жалған батырларын жариялап, ескерткіш тұрғызғандардың былығын да шығарған едік. Қолдарынан келгендердің істеп жүргендері осы. Ең өрескел жері, бұл жалған батырды жарыққа шығаруға құзырлы мекемелер бір ауыздан қолдау көрсеткен. Әлгілерге ай далада тұрған иесі белгісіз бір мазарды ешқандай да сараптамасыз бере салған, тарихи ескерткіш болса да.  Жалған батырға ескерткіш қойдырту үшін Мемлекеттік комиссияның отырысын ұйымдастырған. Мен болсам, игілікті іске сканер сұрап облыс әкімшілігінің де, мәдениет басқармасының да табалдырығын әбден тоздырдым.   Әйтеуір, іс алға қарай ақырын-ақырын жылжып барады.

Серік Самарқанұлы, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының төрағасы

Abai.kz

 

37 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522