Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 8019 16 пікір 25 Қаңтар, 2018 сағат 09:51

Рухани жаңғыру және ЖОО

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген мәселелерге қатысты жұмыстар күннен-күнге қарқын алып келеді. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі әлеуметтің қызу талқылауынан өтіп, Елбасының арнайы жарлығымен бекітілді. Тәуелсіздіктен кейін жарқырап шыққан «100 жаңа есім» белгілі болды. Гуманитарлық саладағы әлемге танымал кітаптарды қазақ тіліне аудару жұмысын жолға қойған «100 оқулық» мәселесі де шешіліп жатыр. Аударылған оқулықтардың алғашқы даналары шәкірттерге жол тартты. «Қазақстанның киелі мекендері», «Туған жер» бағдарламалары бойынша жұмыстар, тіптен, ерен. Қазақстанның осы уақытқа дейін әлеуметтік және экономика саласында жүргізген реформалардың ешбірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді халықтың қолдауына ие болмағанына жұрт та, тарих та куә.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студент шәкірттері де араласуда. Қай заманда болмасын, қоғамдық сананы өзгертуге ғалымдар мен студенттердің қосқан үлестері ерекше болған. Бүгінгі қазақстандық қоғамда да сол көрініс орын алып жатыр. Бірақ көңілге ой салатын істер де баршылық. Алдымен, жоғары оқу орындарындағы ықылым заманнан күнделікті атқарылып келе жатқан қалыпты істердің бәрі жаппай «Рухани жаңғыру» атын жамылатын болып кетті. Тіпті, спорттық жарыстарда аталмыш бағдарламаның логотиптері «мен мұндалап» тұрады. Бұлайша кете берсек, мазмұны терең бағдарламаны қолдан қолға өтетін «қол жаулыққа», «қол бақырға» айналдырып жіберуіміз әбден мүмкін. Біздіңше, бұндай науқаншылдықтан бас тартуымыз керек. Науқаншылдықтың арты «қауқарсыздыққа» апарып соқтыратынын көріп жүрміз. «Қауқарсыздыққа» душар болмас үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына терең мән беру қажет.

Қазақстанның жоғары оқу орындары батыстың оқу жүйесіне бағыттталған реформаларды кезең-кезеңмен тереңдетіп жүзеге асырып келеді. Оқу жүйесі, бағдарламалары, басқару және меншік формалары да өзгеруде. Осы өзгерістердің қатарында ЖОО-ның мәдени-рухани өмір тіршілігі де өзгеруге тиісті.

Жалпы, ЖОО-дағы өзгерістер философиялық тұрғыдан басталуы тиіс. Басқару немесе меншік формасы өзгере ме, басшылар да қайта сайлануы тиіс. Болмаса баяғы кеңестік дәуірдегі колхоз-совхоздарды жекешелендіріміз деп «қызыл директорларға» ерік берген жағдай орын алуы мүмкін. «Қызыл директорлардың» жекешелендіруі талан-тараж, тонауға ұласқаны тарихтан белгілі. Бұл – бөлек әңгіме.

Ал әзірге айтпағымыз мынадай мәселе. Бүгінгі ЖОО-лар да әлі күнге дейін ректордың  «Тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры» деген орынбасары бар. Бұл лауазымның атауынан-ақ бұрынғы кеңестік дәуірдің сарқыншағын байқауға болады. Кеңес дәуірінде «коммунистік қоғамның құрылысшыларын» тәрбилеу «октябряттан» басталып, «пионер», «комсомол» болып ұласып, «коммунистке» барып тірелетін. ЖОО-да көбіне «комсомолдар-студенттер» оқып, «коммунистерден-оқытушылардан» тәрбие алатын. Қазір олардың ешбірі жоқ, бірақ тәрбие бар.

ЖОО-ға мамандық игерем, кең білім аламын деп түскен жас азаматты әлдебір идеяға тәрбиелеу қалай болады? Себебі адам баласына тәрбие алдымен бесіктен басталатын отбасында, кейін мектепте беріледі. ЖОО-ға келген уақытта ол - бойына тәрбие сіңген тұлға. Мектепті аяқтаған оқушыға ержеткендігі туралы аттестат (аттестат зрелости) беріледі. Бұл шақта оқушы 17-18 келген азамат. Осы тұста ол «Қазақстан Республикасының азаматы» деген паспорт алады. Ал сол азаматты жоғары оқу орнында қайта тәрбиелеп шығу мүмкін бе? Оның есесіне білімденушіге жоғары оқу орнында білімммен қатар мәдени, рухани, азаматтық тұрғыдан даму жолдарын ұсынып, оны жас азаматтың бойында жандандыра білген жөн дұрыс деп есептейміз.

Қазіргі оқу философиясында білімденуші - оқу үрдісінің тең субьектісі. Басқаша айтқанда, студент пен оқытушы - білім айдынында (білімді теңіз деп есептесек) бірге жүзіп, пайдалы дән, қорек іздейтін тұлғалар. Бірлескен сапарда жолсеріктер бір-біріне көмектесуі және өзара құқықтық тұрғыдан тең болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда сапардың жетістігі болмайды. Оқу үрдісінде қалыптасқан бұл көрініс студент шәкірттерді басқа салада да тең субьект деп қарауға жетелейді. ЖОО-дағы оқытушылар тәрбилеуші емес, олар оқытушы-ұстаздық болмысы, ғалымдығы, білімі, адами қасиеті мен өмірлік ұстанымы арқылы шәкірттерге үлгі болатын («Болмасаң да ұқсап бақ//Бір ғалымды көрсеңіз), қажырлы дағды және азаматтық даралығын қалыптастыратын тұлға ретінде үлгі болуы тиіс. ЖОО-да білімденуші жастарға тәрбие береміз деп дабыратпай, еліміздің болашақтағы білікті маманына мәдени-рухани даму, азаматтық тұрғыдан жетілу жолдарына жәрдем берсек дұрыс болады деп есептейміз. Сонда біз білімденушілердің болашақта еркін, креативті, бәсекеге қабілетті, рухани бай маман болу жолын қалыптастыра алуға сеп, көмекші бола аламыз.

Жоғары оқу орындарындағы «Тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор» лауазымын «Рухани-азаматтық даму жұмыстары жөніндегі проректор» деп аталса, жаңа қазақстандық қоғамның сұранысына сай болар еді. Әдетте, атаудың өзі жұмыстың мазмұнына ерекше бағдар беріп тұратыны белгілі. «Рухани-азаматтық даму» деген тіркес «ЖОО-лар Қазақстанның азаматтық қоғамына мәдени-рухани танымы терең маман даярлайды» деген ұғымды беріп, ЖОО-ның миссиясына да сай болар еді. Айтпақшы, дамыған шетелдік жоғары оқу орындарында «тәрбие ісімен айналысатын» лауазымдық тұлға жоқ. Оларда адами ресурстарды (капиталды) дамыту деген ұғым терең орныққан.

Сапарға шыққан жолаушы алдымен бағыт-бағдарын айқындап алса, көңіліне барар, діттеген жерге жетем деген сенім ұялары анық. Рухани жаңғыру жұмыстарын кешегі кеңес дәуірінен қалған кеселді сарқыншақтардан тазалаудан бастасақ, оның мәні зор мазмұны өз жолымен ашыла түсіп, оны тұщыну тереңдей түсері хақ.

Алмасбек Әбсадық, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

Abai.kz

16 пікір