Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Билік 8038 35 пікір 18 Қаңтар, 2018 сағат 09:08

Елбасы АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты нөлге теңеді

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев АҚШ пен РФ арасындағы қарым-қатынасты нөлге теңеді, - деп хабарлайды осы жолдардың авторы, әрі Нью-Йоркте жүрген тілшіміз. Назарбаев Трамппен кездесу барысында "Солтүстік Корей еліндегі ахуалға қатысты ойын білдіргенде, бұл тараптағы мәселені АҚШ, Ресей және Қытай жағы бірлесе отырып шешуі керек. Алайда АҚШ пен Ресей арасындағы катынас өте нашар, турасын айтқанда, нөлге тең" деді.

Ал, Ресей билігі болса, Қазақстанның АҚШ-пен әріптестік байланыс жасап жатқан қадамын оң көріп отырған жоқ. Оң көрмейтіндігін Кремль кеше сыртқы саясатта тіс қаққан жырындының бірі Лавровтың аузымен айтып қалды. Лавров, әрине, Қазақ-АҚШ қатынасындағы экономикалық келісімдерді елемеуге тырысады. Ол үшін Қазақстан мен Орта Азия елдері баяғысынша Ресей билігінің қас-қабағын бағып, дегеніне бағынып қана отыруы керек. Әйтсе де бұл аймақ (Орта Азияны айтамыз) санкциялардан сансырай бастаған Ресейден іргесін аулаққа салмаса да, АҚШ-қа карай ептеп бет бұруда.

Соның бір мысалы Өзбекстанның тұңғыш рет АҚШ-тан 20 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартуы десек, 100 миллиардтан астам инвестиция тартқан Қазақстан осы жолы АҚШ-тан 7,5 млрд. доллардың дүниесін сатып алатын болып келісті. Бұл келісімді АҚШ президенті жоғары бағалап, "Осы келісімнің нәтижесі бойынша, бізде жұмыс орындары көбейе түседі" деп мәлімдеді. Расында, 7,5 млрд. доллардың саудасы АҚШ-та жеті мыңға жуық жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туғызатынға ұқсайды.

Хош делік. Назарбаев пен Трамптың Вашингтондағы кездесуінде С5+1 формуласы саяси термин ретінде қолданылды. Бұл ОА-дағы бес ел және АҚШ деген сөз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

35 пікір