Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4144 0 пікір 25 Желтоқсан, 2010 сағат 13:18

Болат Мүрсәлім. Әлихан мен Мұстафа немесе ең соңғы суреттің қысқаша тарихы

Бүгін әйдік тұлға, әйгілі саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың туған күні. ХХ ғасырдың басындағы еуропалық, жаңа заманның көзқарасы мен озық ойымен сусындап, түркі халықтарының бостандығы мен азаттығы жолындағы қайсар күрескер Мұстафа Шоқай өмірінің соңына дейін мақсат-мұратына адал және сол жолға қызмет етуін бір сәтке де тоқтатпаған.

Алаштың айтулы да, аялуы ұлының туған күніне орай төмендегі Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай туралы мақаланы ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Интернеттен  кездейсоқ тауып алған осы бір өз заманының сәнімен түсірілген суретке анда-санда үңілген сайын қазақ даласындағы Алаш және Түркістан атанған қос ұлы саяси ағыстың тоғысқан шағы елестей береді. Бұл қазақтың аяулы ұлдары Әлихан Бокейхан мен Мұстафа Шоқайдың ең ақырғы кездесуінің естелігі іспетті сурет. Шамалауымызша, екінші қатарда түрегеп тұрған: сол жақтан төртінші - Әлихан,   оң жақтан екінші - Мұстафа. Бірі Алаш, бірі Түркістан автономиясы атынан Уфа директориясының ағзалығына кірген. Сурет 1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында түсірілсе керек.

***

Бүгін әйдік тұлға, әйгілі саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың туған күні. ХХ ғасырдың басындағы еуропалық, жаңа заманның көзқарасы мен озық ойымен сусындап, түркі халықтарының бостандығы мен азаттығы жолындағы қайсар күрескер Мұстафа Шоқай өмірінің соңына дейін мақсат-мұратына адал және сол жолға қызмет етуін бір сәтке де тоқтатпаған.

Алаштың айтулы да, аялуы ұлының туған күніне орай төмендегі Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай туралы мақаланы ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

Интернеттен  кездейсоқ тауып алған осы бір өз заманының сәнімен түсірілген суретке анда-санда үңілген сайын қазақ даласындағы Алаш және Түркістан атанған қос ұлы саяси ағыстың тоғысқан шағы елестей береді. Бұл қазақтың аяулы ұлдары Әлихан Бокейхан мен Мұстафа Шоқайдың ең ақырғы кездесуінің естелігі іспетті сурет. Шамалауымызша, екінші қатарда түрегеп тұрған: сол жақтан төртінші - Әлихан,   оң жақтан екінші - Мұстафа. Бірі Алаш, бірі Түркістан автономиясы атынан Уфа директориясының ағзалығына кірген. Сурет 1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында түсірілсе керек.

***

Әлихан мен Мұстафаның, Алаш пен Түркістанның қарым-қатынасы туралы сөз қозғалғанда, қазақтың міндетті түрде біреуді жеңгізумен аяқталатын әңгімесі алдыдан жиі шығады. Кинодан, кітаптан, мақалалардан мысал келтірмей-ақ қояйық: көбіне не Әлиханды, не Мұстафаны жеңгізбей қоймайды.

... Түркиялық зерттеуші Ә.Қараның жазуынша, Әлихан мен Мұстафаның дәл қай күні, қандай жағдайда кездескені туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, алаштанушы ғалым М.Шоқайдың бұрынғы Дума депутаты, кәсіби саясаткер Әлиханмен Петербургке алғаш келген 1910 жылдардан бастап таныс болғанын топшылайды. Мысалы, Г.Міржақыпқызының естелігінде студент Мұстафаның Міржақыппен танысқан күнгі әсері туралы үзінді бар. Орынбордағы Міржақыптың үйіне ертіп барған Гүләйім есімді қызға М.Шоқай Дулатов туралы алғашқы әсерін орысшалап айтыпты: «Да, видно, что человек чрезвычанйо талантлив, красноречив, мысль выражает лаконично, внешность и манера держать себя привлекательны, но не лишен слабостей, присущее простому смертному». Міржақып ертеңіне Мұстафаны Ахаңмен таныстыруға ертіп барған. Атағы бүкіл қазаққа жеткен «Оян, қазақтың» авторы туралы осылайша батыл пікір білдіруге де жүрек керек, сондай жүректі азаматтың Ресей саяси элитасында айрықша ықпалды Әлиханға іздеп барып жолығуы заңды дүние. Бірақ, Міржақыппен кездесуіндей анық естелік жоқ.

Көптеген деректерде Әлиханның әу бастан түрікшілдік әңгімелерге утопиялық тұрғыда қарайтындарды ұнатпағаны айтылады. 1912 жылы Осман мемлекеті мен Болгария, Греция, Сербия және Карадаг арасында Балқан соғысы бұрқ ете қалғанда, М.Шоқай сияқты Петербургтегі түркі-мұсылман студенттері Түрік елшісіне елден көмек ретінде ақша жинап апарған. Ал, Әлихан болса, Мұстафа мен оның жолдастарына «өздеріңді ешқандай сағыммен алдамаңдар» деп ескерту жасайды. М.Шоқай «Әлихан айтқан соң, Ресейдің қазақты отарлау саясатына тереңірек үңілдік» деп жазады кейінірек.

Мұстафаның нақты саясатқа кірісе бастаған шағы - 1916 жыл. Ә.Бөкейхан Ресей Думасы Мұсылман фракциясындағы бюроға өзінен басқа  Түркістан жағдайын жақсы білетін екінші адам алу керек болғанда, бірден Мұстафаны осы жұмысқа шақырады. Бұған Петербургтегі оқыған қазақтар наразылық білдіріп, «Мұстафадан өзге адам құрып қалып па?» деп, «Қазақ» газетіне мақала жазған. Бірақ, редакция ол хатқа: «Таз таранғанша, той тарқайды» деген, аз ғана күндік Дума жұмысы тарап кетпей тұрып Мұстафаның осы іске кіріскеніне неге қуанбаймыз?» деп жауап қатқан. Әрі Мұстафаны жалғыз Әлихан шақырмағанын, оны Түркістанның көзі ашық ақсақалдары ұйғарғанын жазады. Шындығында, Думадағы азғантай ғана уақыт - Әлихан мен Мұстафаның тізе қосып, азғантай ғана мүмкіндікті ұлт үшін пайдалануға жұмсаған күндер еді.

Екінші Николай патша тақтан бас тартқан кезде, Ә.Бөкейхан Минск түбінде майданның қара жұмысына шақырылған қазақ жігіттеріне пана болып жүрген-ді. Бірден елге қайтуды ойлаған ол, тағы да өз орнына М.Шоқайды қалдыруды ұйғарады. Бұл - Әлиханның Мұстафаға деген ерекше ықыласын, оның болашағына деген шын сенімін аңғартса керек. Бірақ, Мұстафаның жазуынша, Петербург пен Минск арасындағы жолдың жабылып қалуына байланысты ол Петербургтен шыға алмаған.

Ақпан төңкерісінен соң, 19 жыл өткенде М.Шоқай: «1917 жыл біздің саяси туған жылымыз еді. Автономия біздің қалт-құлт басқан алғашқы ұлттық саяси қадамымыз болатын» деп еске алады. Сол төңкерістен соң, Ресей астанасы Петербургте отырып, азаттық таңы атты деп сүйіншілеп «Алаш ұлына!» атты бас мақала жазған да Әлихан, Мұстафа, Міржақып болатын. Бұдан соң, әуелгі мақсат - ұлттық автономия жолындағы күрес үшін Ә.Бөкейхан Орынборға, М.Шоқай Орынбор арқылы Түркістан өлкесіне қайтады.

Неге осы ұлттық автономия? Неге тәуелсіздік емес? Алаштанушы К.Ілиясова 1917-19 жылдардағы болыстық, уездік, облыстық, жалпықазақтық 68 съездің (ғажап саяси белсенділікке назар аударыңыз) барысы туралы кітабында Орынбордағы бірінші жалпықазақ съезінде А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатовтың Ресей федерациясына кірмейтін тәуелсіз ұлттық автономияны жақтағанын, бұл идеяны Ә.Бөкейхановтың қолдамағанын жазады. М.Шоқай да Түркістандықтардың тәуелсіздік туралы ойларын 1917 жылы қолдамағанын ашық жазады. Ендеше, Әлихан мен Мұстафа тәуелсіздік күрескерлері дегеніміз не сөз? Ә.Бөкейханның 1917 жылы жазған: «Осы жолы болмаса да, келесі жолы қазақ өз алдына тәуелсіз ел болар» дегенін қалай түсінеміз? Әлде ол 1991 жылды меңзегені ме? Жоқ. Әлихан «осы жолы» деп, Бүкілресейлік құрылтайды айтып отыр. Ол Құрылтай мемлекеттің басқару формасын анықтауға тиісті еді. Әлихан сол құрылтайда Алаш ұлттық автономияға қол жеткізсе, тағы бір реті келгенде, қазақтың тәуелсіздікке де ілігіп қалатынын меңзеген.

Ал, Мұстафа ше? Ол неге Қоқан үкіметінің басына келген соң, Түркістанды бірден тәуелсіз ел ретінде жарияламады? Өте қарапайым ғана сұрақтардың жауаптары тым күрделі. Бірақ, Алаштың да, Түркістанның да бірден тәуелсіздікке ұмтылмауының негізгі себептеріне сол Мұстафа бабамыздың 19 жылдан соң жазған естеліктері біршама жауап беретін сықылды. Мұстафаның жазуынша, Ресей империясы құрамындағы қазақ сияқты ұлттардың саяси элитасы федерация құрамындағы автономияны жақтайтын орыс демократтарына үлкен үмітпен қараған. «Егер бүкіл орыс революцияшыл демократтарына сүйену қате дейтін болсақ, мұны жекелеген орыс мектебінен шыққан адамдардың қатесі деу бос сандырақ, бұл бүкіл орыс имперализмі шеңгелінен шығып, өз алдына ұлттық мемлекет құруға деген сенімнің тапшылығынан туған ортақ қате еді» дейді Мұстафа. Яғни, ұлт зиялылары мен халық ішіндегі «сенім дефициті» көп нәрсені кері тартқан. Қысқа уақыт болса да тәуелсіз ел болып өмір сүрген мемлекеттердің тәжірибесіне қарай отырып, «екіншіден, - дейді М.Шоқай өз естелігінде, - ашығын айтқанда, әр өлке, әрбір шағын халықтың өз мемлекетін құрып, оны орыс империализмі шеңгелінен өз күшімен ғана қорғап қалады деген ұғымның да жаңсақ екенін ұқтық». Алашты да, Түркістанды да тәуелсіздікке жібермеген басты фактор, бір жағынан, осы еді.

Алты миллион қазақ қоныстанған жердің шегінде ұлттық автономия құруды көздеген Ә.Бөкейхан Түркістан құрамына кіретін халықтармен автономия құруға үзілді-кесілді қарсы болды. Ол әсіресе, діни фанатизм жайлаған халықтармен мемлекет құрудың мүмкін еместігін айтқан. 1917 жылдың 18-26 (қазіргі күнтізбемен) желтоқсан аралығында өткен съезде Алаш автономиясының аумағы белгіленгенде, М.Шоқайдың Қоқан үкіметінің өкілі ретінде Алашты Түркістанмен бірігуге үндегені белгілі. Алайда, ұзақ пікірталастардан соң, Әлихан мен Мұстафа бірлескен ашық хат жазып, Түркістандағы қазақтардың Алаш автономиясы (әлі жарияланбаған) құрамына кіру мәселесін шешу үшін құрылтай шақырады.

Ленин билікке келген соң, Әлихан да, Мұстафа да большевиктерге қарсы жалпы оппозициялық лагерьде бірлесе жұмыс істейді. 1918 жылдың жазы мен күзінде Самара, Челябі, Екатеринбург, Омбы, Том, Уфа, Орынбор қалаларында большевиктерге қарсы орыс демократтарымен бірге қаншама келіссөздер жүргізіледі. Бірде кадеттер (бұл партиядан шыққанына қарамастан) арасында аса ықпалды Ә.Бөкейхан екі автономия мүддесін қорғап сөз сөйлесе, бірде эсэрлермен жақынырақ араласатын М.Шоқай түрлі комиссияларда Алаш пен Түркістан мүддесін бөлмей қорғайды.  Ақырында, Ресейді жаңа форматта құрғысы келген «құрылтайшылар» 8-23 қыркүйекте Уфа директориясын жасақтайды. Міне, сол директория құрылған күн Мұстафа мен Әлихан аңсаған ұлттық автономияның ең соңғы биіктерге көтерілген күні шығар?! Мүмкін, осы күндер автономия үміті үзіле бастаған алғашқы күндер ме екен? Әлихан мен Мұстафаның директорияның 24 мүшесімен бірлесіп түскен фотодағы көңіл-күйін дәл аңдау, әрине мүмкін емес. Біздің шамалауымызша, бұдан соң Әлекең мен Мұстафа ешқашан жолықпағанға ұқсайды.

Арада екі ай өткенде, Колчак диктатурасы Сібір мен қазақ даласын қанға бөктіре бастады. Сол Колчактың «құрылтайшыларды тұтқындау және жазалау» туралы жарлығымен Мұстафа бір тұтқындалудан енді құтылдым дегенде, 1918 жылдың 1 желтоқсан күні Орынбор түбінде атаман Дутовтың шеңгеліне тағы түсе жаздайды.

Мұстафа неге эмиграцияға кетті, Әлихан неге елде қала тұрып, жария саясаттан біртіндеп қол үзді? Тағы да өте қарапайым сауалдар. Алайда, тағы да оның жауабына шексіз дәлелдер, айғақтар, деректер келтіруге болады. Мүмкін, не большевиктен, не оның қарсыласы Колчактан Түркістанға қайыр болмайтынын сезген соң, Мұстафа эмиграцияға кеткен шығар? Мүмкін, Мұстафа жас болды... Мүмкін, ол эмиграцияны уақытша, тактикалық қадам ретінде есептеген болар... Ал, Әлихан ше? Большевиктен де, Колчактан да көңілі қалған күні жария саясаттан кеткен деседі. Тіпті, сол жылдары Ахаңдардың өзімен «мен саясатпен айналыспаймын деп қолхат берген адаммын» деп, саяси ахуал туралы пікірлескісі келмеген. Мәскеуде жатып, бағыт-бағдар беріп жатқан ісіне қарап, бір жағынан, бұл да аңдушыларға «көз үшін» айтылған қадам ба дейсің. 1918 жылы Әлекеңнің анасы Бегім ханым дүние салған десе, және бір деректер сол жылы Семейде Әлиханның жары Елена (тағы бір естелікте Е.Севостьянова 1922 жылы Орынборда қайтыс болған,) көз жұмғанын айтады. Бұл да Әлиханның қабырғасына батқаны сөзсіз. Бірақ, бір нәрсе айқын: эмиграция да, ел ішіндегі саяси әрекет те, саясаттың мазмұны мен биік деңгейін емес, оның тәсілін көрсетеді. Сондықтан, Әлиханның әрекеті дұрыс па, әлде Мұстафаның әрекеті дұрыс па деген пікірталастардың түбіне жету мүмкін емес.

Әлихан мен Мұстафаның бұдан соңғы байланысы Әміренің «ұлтарағының астына» салынған хаттармен жалғасқан болатын...

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ал, Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда туған. Екеуінің арасы 25 жас - толық бір буын. Әлиханның Мұстафаға студенттік жылдардан саяси ұстаз болуының да, Мұстафаның Әлиханнан кәсіби саясаткерліктің көп қырын үйренуінің де көп сыры осында. Қазақтың бетінің қызылы, ұлттың ар-ожданы, өз замандастары Шәкәрім, Бақытжан, Ахметтерге түрлі мәселелерде жөн сілтейтін, алты миллион алаштың ғана емес, жалпы адамзаттың кісілікті келбетін сүйетін Әлиханның артынан ерген жастарға, әсіресе, Мұстафа, Сұлтанбек, Смағұл сияқты өзгелерден «бір бас жоғары», мемлекетке ие боларлық арыстарға ықыласы ерекше болатын.  Адамгершілігі де, парасат-пайымы да жоғары Мұстафаның 26 жасында мемлекеттілік құрылым - ұлттық автономия төрағасы болуы, эмиграциядағы жылдары Алаш туралы аса жылы лебізді естеліктер қалдыруы, шыншыл жазушыға айналуы ғажап құбылыс. Түркістанның Ресей құрамындағы автономия болып жарытпасын түсіндіріп, шетелдерде Кеңес одағы құрамындағы жалпы түркі халықтарын тәуелсіздікке үндеуі Мұстафаның нағыз күрескерлігінің айғағы.

Әлихан - «алдыңғы толқын аға» еді, Мұстафа - «кейінгі толқын іні» еді. Қазақтың «1917 жыл - саяси қайта туған жылы» - тарихи жағдаят - Әлиханның «саясаткерлік өмірінің» соңғы жылдарына, Мұстафаның саясаткерлігінің басқы жылдарына дәл келді. Бірі - Алаш, бірі - Түркістан десе де, қазақтың 200 жылдық саяси кегі орыс империализмінде екенін тең ұқты. Сол 1917 жылы Әлихан мен Мұстафа - екеуі бірін-бірі толықтырып жүрді. Саясаткерлік болмысы, дәрежесі тұрғысынан Әлихан мен Мұстафа бір-бірімен бастас тұлғалар еді. Екеуінің де түп мақсат-мүддесі - қазақ жеріндегі қазақтың тәуелсіз мемлекеті болатын. Әлиханның сүйегі Мәскеудегі «Дон» зиратында қалды, Мұстафаның бейіті Берлиндегі мұсылман қорымында.

«Абай-ақпарат»

Cуретте екінші қатарда солдан оңға қарай төртінші адам - Әлихан Бөкейханов, бесінші - Мұстафа Шоқай

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577