Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Болған оқиға 5607 6 пікір 11 Қаңтар, 2018 сағат 10:01

Қос кемпір

Жақында  бір мектепте болған жағдай  әлеуметтік желіні  шулатып жіберген еді.  Мұғалім әйел өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық  кезінде болған бір оқиғаның желісін оқушыларға дұрыс жеткізе алмай,  өрескел қателікке ұрыныпты. Маңызды тақырып басқа жаққа бұрылып, қазақтың ұлттық мінез-дәстүріне нұқсан келтіретін астамшылық сөздер айтылған еді. Атап айтқанда, ашаршылық кезінде бір ауылдан екінші ауылға тамақ іздеп шыққан әйелді екі баласымен  аш қасқырлар қоршап алған,  құтылудың жолын іздеген әйел екі баланың бірін (біреуі үш жасар  ұл, екіншісі емшектегі ораулы қыз) қасқырларға тастап кетуге,   ораулы қыз баласын тастап қашуға мәжбүр болғаны жайлы айтып береді.  Оқушы балалар мұғалімнің әңгімесін үйлеріне барып айтып, ананың қыз баланы тастап кетуін қазақта қыз баланы адам қатарынан кемсіту болған деп қабылдапты. Пікір айтушылардың  бірі мұғалімді  айыптаса, екіншілері  қызды адам қатарында кем санау қазақтың жаман дәстүрі деген сыңайда пікірлер айтқан еді..

Әрине, бұл жерде мұғалім  қазақ халқының басынан кешкен Ұлы ашаршылығы жайлы айтамын деп тақырыпты аша алмай,  оған бойлай алмағаны, оны балаларға түсіндіре алмағаны бірден көзге көрініп тұр. Бұл тақырып қазақтың жазылмаған, қаны әлі күнге дейін сорғалап тұрған жанды жарасы. Ол жайлы айта қалсақ, талай ашаршылық пен жұттарды, зұлмат замандарды басынан кешкен, «мың өліп мың тірілген қазақ»  туралы айтуға тиіспіз. ХХ ғасырдың басында алты миллион болған қазақ халқы қазір кем дегенде 40-50 миллион болар еді деп жүруіміз де бекер емес. Әттең, өткен ғасырдағы қазақты жалмаған екі ашаршылық, кеңестік атып-асу қырғыны, екінші әлем соғысы болмағанда...

Құдайға шүкір, қазір сол қазақты қайта тірілтіп жатырмыз, санымыз он миллионнан асып, елімізде үлес салмағымыз алпыс пайыздан мол асып бара жатқаны көңілімізге демеу. Шынтуайтқа келгенде сол мың рет өлген қазақты, мың рет тірілткен кімдер? Ол - қазақтың аналары. Жоғарыда келтірілген мысал бүгінгі  күнге  жету жолымызда  қазақтың ұрпағын көбейтуге ерекше үлес қосқан,  жанкешті ерлік жасаған қазақтың Аналары жайлы жақсы тәрбиелі әңгіме айта алмайтынымызды, аналарымыздың өмірінен хабарсыз екенімізді білдіреді. Иа, шынында да сол аналарымыздың өмір тарихынан не білеміз? Қазақтың аналарының, қазақтың санын, ұрпағын көбейту жолында өз өмірлерін құрбандыққа шалып, бар өмірлерін ұл-қыздарына арнағанын бағалап, қадірлеп жүрміз бе? Кешегі күндерге дейінгі заманда ашаршылық, соғыс,  жұт, індет сияқты зұлматтар мен нәубеттердің қасіретін қазақтың аналарынан көп көрген аналар бар ма екен..

- Маған дейін шешем сегіз бала туыпты. Бірақ ешқайсысы тұрақтамапты, екі-үш жасқа келгенде науқастан, індеттен өле берген, – дейді қазір 77 жастағы «Қоғалыкөл» ауылының тумасы Күзембай Қожақұлы ақсақал.  – Жарықтық анамның сол кездегі өмірден қалай торыққанын, қайғырып күн кешкенін қазір көз алдыма елестету мүмкін болмас. Әкем Оңғарбайұлы Қожақ сол кезде жасы елуден асып, жасы ұлғайып бара жатқан шағы. Бала тұрақтамайды. Отағасының артына ұрпақ қалдыра алмай бара жатқаны анамның жанын жегідей жеп барады. Не істей алады? Шешеме осы жағдай қатты батады. Әкемнің туған ағасы Әбдіраман деген кісі анамның қайғыдан жүдеп солып бара жатқанын көріп:

- Келін, мына төменгі жақта қожадан шыққан Құлболды ишан деген кісі бар. Мен сені сол кісінің үйіне ертіп барайын депті. Бір баспағын жетелеп әулиенің үйіне барып түнейді. Үйде Тоқбала деген қарт әже бар екен. Әже шешеме айтады: Түнде қандай түс көрсең, шырағым ертеңгісін маған айтарсың – дейді. Айтса айтқанындай түнде түс көріпті. Түсінде 8-9 жасар бір ер бала киіз үйдің есігін бір ашып, бір жауып тұр. Мен келін түсіріп жатырмын, есікті ашып жапқан сайын үйге келін түсіріп жатамын. Бір кезде сыртта қар жауып тұр екен. Қолыма шелек алып қалақпен қарды үш шелекке толтырып салдым. Тағы да шелек әкеліп қар салайын десем қар таусылып қалыпты...

Ертеңгісін тұрған соң шәй үстінде әжеге көрген түсін айтып береді. Әже біраз ойланып былай депті: - Ей, шырағым! Бір ер бала көресің, қалғандары қыз болады. Осы түсіңді Алла қабыл етсін деп батасын береді.

Әкем колхоздың атақты қойшысы, «бас шопан» деген атағы бар. Сонымен 1940 жылдың күзінде, күзем қырқым кезінде мен дүниеге келіппін. Елде жасы 90-н асқан Күзембай деген шал болған екен, осындай шал болсын және күзем науқаны кезінде туған соң атымды ырымдап Күзембай қойыпты. Міне, сүйтіп мен балалардың өлімін тоқтатқан бала болдым. 1944 жылы шешем қыз бала босаныпты. Маған серік болсын деп атын Серіккүл қойыпты. Сүйтіп бір үйде екі бала болдық.

Бірақ анамның ойында әулие кемпір айтқан, менің жалғыз ұл ғана болатыным, қалғандары қыз туатыны есінен шықпаған болса керек. Күзембайым неге жалғыз болады, артынан еретін інілері  неге болмайды? Осындай оймен жүрген, қатарынан сегіз баланы жерлеп, өлімдерін басынан кешірген анам бұл мәселені шешудің жолын өзі ойластырып, өзі жоспарлап жүрсе керек...

.. Бес жасымды бітіріп, алты жасқа қараған кезім. 1945 жылдың мамыр айы болса керек, өйткені қойдың жабағы жүнін қырқып жатқан кезі еді. Сәскеге жақын ұйқыдан тұрдым, үйде бір бөтен қыз жүр. Мен оған қараймын, ол маған қарайды. Баламын ғой, далаға шығып ойнап кеттім. Кешке қарай шешем тамақты ішіп болған соң киіз үйдің кіре берісіндегі оң жағынан орын дайындап төсек сала бастады. Әкем осы оң жақтағы орынға, таңертеңгі мен көрген қызбен бірге жатты. Таңертең екеуі бірге тұрды. Мен «бұл кім» деп ойланып жүрмін. Түстен кейін ғана шешемнен «бұл кім» деп сұрадым. Шешем: «Ол саған «апа» болады, «апа» деп айт. Ол әкеңнің әйелі болады, менің сіңлім – деді. Содан ол қызды «апа» деп кеттік. Апамның аты Күлханыс, 1925 жылғы, әкем 1887 жылғы, арасы 38 жас, анам 1905 жылғы, өзің есептей бер, әкем сол кезде 58 жаста. Апам күйеуге шыққан соң бір айдан кейін соғыс басталып, күйеуі содан хабарсыз кетіпті. Анам Күлханысты әкемнің рұқсатынсыз,  өзі құда түсіп апамды әкеліп әкеме қосыпты. Әкем көнбеген, бірақ анам көндіріпті.

Енді шешем туралы айтайын, аты Айсары, алашаның дербіс руынан, «Шаған» ауылының тумасы. Ал Күлханыстың руы бәйбіше Сарғасқа. Күлханыстың шешесінің аты Зейнегүл, руы Алаша, менің анама туыс болып келеді, ол кісіні апа дейтін. Міне, көрдіңіз бе, анам Күлханыстың шешесімен келісіп апасының қызын күйеуіне әйелдікке алып берген. Күлханыс апам менің шешемді өмір бойы «апа» деп кетті. Айтпақшы, кейін естідім, Күлханыс апамды үйге әкеліп әкеме қосқаннан кейін шешемнің ағасы және әкемнің інісі анама қатты ұрысыпты: «Қартайып отырған жоқсың, 40-а енді ғана келдің, не керегі бар ол әйелдің, екі балаңның несібесіне ортақ қылып» депті. Сонда шешем олардың өздеріне ұрсып беттерін қайтарып тастапты: - Несі бар, ертең Күзембайдың ат байлары болады, бауырлары көбейеді. Жалғыздықтан туыстың көбі жақсы емес пе!

1945 жылдың аяғы, желтоқсан айы болса керек, малшылар түгел қырдан оралған соң ауылға сот келді. Ол кездегі колхозымыздың аты «Молотов». Сот әкемізді екі әйел алғаны үшін соттауға келіпті. Әкем: «мен әйел алған жоқпын, анау әйелден сұра» депті. Шешем:  «Оған әйел алып берген мен, мен онымен ажырасқанмын, қазір бөлек тұрамын» деп сотқа жауап беріпті. Сот 1000 сом айып төлесін деп әкеме үкім шығарыпты.

Ал енді Күлханыс апамнан туған балаларды айтайын. 1946 жылдың көктемінде апам қыз туды, 1948 жылдың күзінде ұл туды, әкем ол кезде 61-е болғандықтан аты Алпысбай болды. 1950 жылдың күзінде Түлкібай дүниеге келді. Итіміз сол күні бір түлкі ұстап әкеліпті, содан аты Түлкібай болды. 1952 жылдың 12 сәуірінде апам ұл туды. Балалар жалғаса берсін деп шешем атын Жалғасбай қойды. 1954 жылдың 1 қыркүйегінде апам Әсемкүлді дүниеге әкелді. Бірақ ауыл советтің хатшысы болып істейтін Әсем деген қайнысы бар еді, құжат толтырғанда ол кісі Әсемкүлдің атын Айымкүл болсын деп куәлігін солай толтырып жіберіпті.

Анам да апаммен қатарласып бала көтеріп жүрді. 1947 жылы Мейізкүл қарындасымды, 1950 жылы Ақкенже қарындасымды дүниеге әкелді, шешем Ақкенжені кенжем деп атайтын. Міне, көрдіңіз бе, бір үйде осылай тоғыз бала өстік. Кімнің кімнен туғанын ешкім білмейді. Апам баланы туып емшектен шығарған соң анамның қойнына салады, бәрінің анасы үлкен шешем сияқты. 1959 жылдың жетінші қыркүйегінде 72 жасында әкем қайтыс болды. Апам сол кезде бар болғаны 34 жаста. Бір үйде екі әйел. Барлық ауыртпалық осы екі әйелдің мойнында. Соған қарамай колхоздың ауыр жұмысын істеп бәрімізді аман-есен ер жеткізді. Адамдарды уысынан шығармай ұстап тұрған колхоз заманы, зейнетақы деген жоқ. Әркім өз күнін өзі көреді. Азын-аулақ уақ мал мен сиырымыз бар. Сол кезде мектепті бітіргенмін. Ол кезде колхозшыларда паспорт (төлқұжат), метрика (туу туралы куәлік) дегендер болмайды. Қалаға кетуге рұқсат жоқ. Рұқсатсыз қалаға кетіп жұмыс істеп жүргендерді жұмыстарынан шығарттырып алып келетін. Мені зорға дегенде қалаға үш айлық трактордың оқуына  жіберді. Бірақ мамандық алғанымнан не пайда, трактор айдауға рұқсат болмады, қара жұмыс істедім. Іні-қарындастарым да қара жұмыс істеді. Мейізкүл дүкеншінің оқуын оқыды, бірақ көпке дейін жұмысқа тұра алмады. Сүйтіп жүргенімде армияға шақырылып, колхоздан кетіп «бостандық» алдым.

Армиядан келген соң қалаға оралып сонда тұрақтап қалдым. Үйдің  (ұлдың) кішісі Жалғасбай, бірақ ол әлі жас. Анамның маған келгісі келетінін байқадым. Бір күні келді. Енді қалада отырып Күлханыстың жағдайы қалай екен, соқпай кетті ғой, қолы тимей жүр-ау деп жиі сағынатын болды. Елде ештеңе жоқ қой деп азын-аулақ  тамақ, басқа заттар болса сыбағасын дайындап қоятын. Шешем 82 жасында дүние салды. Қайтыс боларының алдында: «Ей, Күзембай, елге барар жолда екі-үш бейіттің қорымы бар. Қайтыс болған адамды жолда мола болса аттатпайды деген бұрыннан қалған сөз бар. Мені реті келсе шаңыраққа, Жалғасбайдың үйіне апарыңдар деді. Ауылға апардық. Бір аптадан кейін көзін жұмды. Шалының қасына қойдық. Ұл-қыздары, келіндері жылап жатты. Бірақ, Күлханыс апамның дауысы ерекше басқа естілді. Елдегі абысын-ажындары апама ерекше тәнті болды. Күлханыс апам 85 жасында қайтыс болды. Апам екеуі 43 жыл бірге тұрды, екі әйелдің балалары деген  қылаудай да сезімді тудырмады. Апалы-сіңлілі сияқты болып өмірден өтті. Екеуі бір күнде – 6 маусымда дүниемен қоштасты, бірі 1987 жылы, екіншісі 2010 жылы. Жылда екеуіне бір күнде қайтқан күндерінде дұға бағыштаймыз. Екеуінің де қайтыс болар алдында айтып кеткен сөздері: «Ауыз бірлікте болыңдар, жұртқа әңгіме болмаңдар». Сол өсиетті әрқашан естен шығарған емеспіз. Жоғарыда айттым ғой, Мейізкүл қарындасым біраз уақыт дүкеншілік жұмысқа орналаса алмай  жүрді деп. Ол кезде ауылдағы сауданың бастығы сельпо, орталығы Киров колхозында, бастығы Адыранова Еркесары. Кейін білдік, Еркесары қарындасыма жұмысқа алуды неге созғанын  былай түсіндіріпті: «Мен сені жұмысқа алайын десем, ауылдың кәнігі дүкеншілері айтты, олар екі әйелден туған, мұндай жауапты жұмысқа алса әртүрлі жағдайлар туып қалуы мүмкін» деп ескерткенін айтыпты.

Апам қайтыс болар алдында балаларының бәрін шақырып: - Мына Күзембай бір төбе, қалғандарың бір төбесіңдер. Ендігі үлкен осы Күзембай, силаңдар – деді. Апамның сол айтқанымен жүріп жатырмыз. Сыйластықтарымыз айрықша. Тіл мен көзден тіпәй, тіпәй.

Қос ананың арқасында қазір Қожақтың тоғыз баладан тараған әулеті мәуелі бәйтерекке айналдық, жиналсақ бір ауыл боламыз. Иа, «мың рет өлген» қазақты  «мың рет тірілтіп» қазақтың санын толтырып келе жатқан, ынтымақ пен бірлігін сақтап келе жатқан осы Аналар емес пе...                         

С.Жүсіп

Abai.kz

6 пікір