Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жыл қорытындысы 7871 2 пікір 31 Желтоқсан, 2017 сағат 18:39

Интернет-конференция: Әміржан Қосанов (Жалғасы)

 

Есболат 2017-12-25 12:26:28

Сапасы нашар темекінің бағасы ұшынып барады. 2018 жылы тағы қымбаттайды деген болжам бар. Сонда темекі шегетін адамдар (зейнеткерлер) не істейді? Альтернатива болуы керек қой. Арзан табак шығару керек  турбкамен тартатын. Қазақстанда темекі монополиясы кімдердің қолында екені белгісіз, әйтседе, айтайын дегенім - сапасы. Сапасы, өте-мөте нашар. Көптеген адамдардың пікірі бұл. Кейбір сигареттер тап-таза боқ сасып жатыр. Нәжістің  иісі шығады! Осы фактіні Шелек пен Өтеген батырдағы фабрикаларда жұмыс жасайтындарға жеткізіңдер. Альтернатива болуы керек. 21-ғасырда темекінің монополиясы - дұрыс адамның күлкісін келтіретін жәйт. Бірақ, бізде, бәріде бола береді ғой. Таң қалатын ештеңесі жоқ.

Темекінің сапасына байланысты ойларыңыз қызық екен. Онымен тиісті бақылаушы органдар айналысуы тиіс! Мен темекі тартпаймын, Сіз де ол пәлені тастаңыз.

Мейрамбай 2017-12-23 15:12:48

Айта кететіндей жақсы жаңалықтарсыз жыл болды. Ескере кететіні, сыртқы саясатта бітімгершілік миссиясын жақсы атқардық. Сириядағы қырғынды тоқтатуға Астана үлкен күш салды. Нәтижесі жоқ емес. Жанар-жағармай "кризисі" мен қымбатшылық артты. Қырғызстанмен текетрес есте қалды.

Қазақстанның Сириядағы жағдайға ықпалын тым асыра бағаламас едім. Иә, Астанада келіссөз жүргізуге алаң берілді, бірақ негізгі шаруаны шешіп жатқан басқа, кепілдік беріп отырған елдер деп санаймын.

Жалпы біз өзіміздің сыртқы саяси амбициясымызды біраз тежеуіміз керек сияқты. Не әлемдік діндердің диалогын ұйымдастырамыз деп, қыруар қаржы шығарып, тер төгіп, әуреленеміз. Ондай, ғаламдық қақтығыстарды шешетін БҰҰ сияқты ұйым бар емес пе? Орынсыз «саммитшілдіктен» аулақ болған жөн деп санаймын!

Түрікпеннен тартып алған қыстаудан 2017-12-23 01:25:08

Бұғатталған 22 млрд-тың астарында не жатыр? Криптовалютаға көзқарасыңыз қалай?

Бұғатталған 22 миллиард доллардың астарында молдаван кәсіпкерінің Қазақстан нарығына келіп, бизнес жасауына қолдау көрсеткен біздің шенділердің ашкөздігі мен жемқорлығы жатуы мүмкін. Сол жағын мықтап тексеріп алу керек! Және де бұл скандал халықтың ортақ қазынасы – Ұлттық қордың қайда, қай банктерде және қандай шарттарға сәйкес сақталып отыр деген сауалды да алдымызға жайып салып отыр!

Криптовалютаға сенімім жоқ. Қаржылық авантюраға ұқсайтын сияқты. Қауіпсіздік жағы да тым осал, өтйкені онда барлық операция компьютер арқылы жүргізіледі, ал қазіргі заманның хакерлері қандай екенін күнде БАҚ-тан оқып, көріп жатырмыз ғой! Миллиардтар қолды боп жатыр. Оның үстіне Венесуэла секілді экономикалық құрдымға батудың алдында тұрған тоталитарлық мемлекет оның ұлттық жүйесін құруының өзі де біраз нәрседен сыр бермей ме?

Трон 2017-12-22 22:01:33

Совет Одағаның уақытында идеологияга коп конил болінді. Жазушы, акын болу зор мартебе еди, творчествалык интеллегенциянын карындары ток, конилдери кок еди.Ал,  Батыс елдеринде баскаша болды, мемлекеттин акын жазушыда шаурасы жок, не жазам десенде озин билесин, акшаны калай тапсанда оз шаураныз. Сиз осы еки жолдын кайсысы дурыс дейсиз? Биринши жагынан улттык иделогияны дамыту керек, халыктын санасына синиру керек, екинши жагынан окиметтен акша алып отырсан оган карсы бирдеме айта аласын ба?

Сіз әдебиетті қаржыландыру секілді мәселені айтып отырсыз. Бұл тұрғыда менің жеке ұстанымым мынадай: мемлекет әлеуметтік маңызы бар әдебиетті бюджеттен қолдауы тиіс, оған балалар, салалық, білім мен ғылыми және басқа тақырыптағы, коммерциялық емес шығармалар жатады. Меніңше, талантты жастардың алғашқы кітаптарын да мемлекет қолдағаны абзал.

Бірақ өмір бойы мемлекеттік қаржыға ғана тәуелді болу дұрыс емес. Шынайы талантты оқырман өзі іздеп тауып алып, өз қалтасынан қаржыландыруы тиіс! Ондай талант иесіне демеушелір де көмек көрсетеді, соның арқасында пайда табады.

Оның үстіне қазір кітаптың электрондық нұсқалары, әлеуметтік желідегі алуан түрлі формалары дамып келеді. Әдебиет одан да қалып қоймауы тиіс!

Аман Жаныс 2017-12-22 18:01:19

Украина, Ливия сынды мемлекеттерде орын алған толқулар мен көтерілістерге сыртқы күштердің себеп болғандығы белгілі. Халықты құрғақ уәделермен алдап, көшеге шығарып, қанға бөктірген шетелдік миисионерлер мен Мұхтар Әблязовтың қазіргі үндеулерінде айырмашылық бар ма? Халықтың әлеуметтік ахуалын көтергісі келетін адамның революция жолын таңдағандығы қаншалықты күдік туғызады?

 Мәселенің екі жағы бар.

Біріншіден, билік өзі эволюциялық жолды қолдамаса, ерте ме, кеш пе, революцияға тап болады. Қазір ел ішіндегі наразылық күн сайын еселеп, геометриялық прогрессиямен артуда. Қазан бұрқырап, қайнап жатқалы қашан! Ешқандай да сырттағы күштерсіз-ақ халық бір күнде режимнің быт-шытын шығарып, күл талқан ете салады. Тіпті оған оппозициялық партиялар мен көсемдердің керегі жоқ боп қалады!

Байқасаңыз, бүгінде биліктің жақтасы, адвокаты боп жүрген, оппозицияға еш қатысы жоқ азаматтар елдегі жағдайға, әсіресе, жан-жақты жалмап жатқан жемқорлыққа деген қарсылығын ашықтан-ашық білдіруде! Оның ішінде шағын бизнес өкілдері де бар.

Екіншіден, өз басым, Отанымызға сырттан ықпал етер кез келген күшке қарсымын. Қазақтың тағыдырын қазақтан басқа ешкім шешпеуі тиіс!

Әблязов туралы осы жерде жауап бердім, содан оқып аларсыз. Оған бір қосарым, кез келген саясаткер өз жолын өзі таңдайды. Әблязовтікі де – өзі таңдаған жол. Бірақ, елдің толыққанды қолдауына ие болу үшін ол өзінің сотында өзіне тағылған әрбір айып бойынша нақты жауап беруі керек. Және де ел ішінде жүрген оппозицияны қаралауды доғару тиіс. Өйтіп, абырой мен қолдау таппайды.

Сорлы қазақ 2017-12-22 10:48:00

Қазақ халқы бәрін біледі, кім қалай байып жатқанын, қандай қулық пен өтірік жасалып жатқанын, халықтың қаражаты тойымсыз банктерге құйылып жатқанын, ұрылар мен қылмыскерлердің күшейіп алғанын, осы тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Әміржан мырза, қалай ойлайсыз, қанағатсыздық пен тойымсыздық, жалаң ұрандар мен жағымпаздық, ауыспайтын билік пен халық таңдамайтын халық қалаулары, тағы да осы сияқты қазақ қоғамында орын алған жағдайлар қашан жойылады? Сол күннің келеріне, сол күннің туарына Сіз сенесіз бе? Осы жағдайларды түзеу, дұрыстау кімнің қолында, әлде бұл қазақтың маңдайына жазылған мәңгілік соры ма?

Өзіміз өз тағыдырымызды өз қолымызға алмай, ешнәрсе де өзгермейді! Сондықтан да қоғамның белсенділігі арту керек, бір сөзбен айтқанда, диваннан тұру керек! Елде болып жатқан жемқорлық пен әділетсіздік, жағымпаздық пен астамшылдық фактілері әр азамат тарапынан сыналуы тиіс. Ол сын ортақ ұйым арқылы бір арнаға тоғысып жатса, құба құп!

Өзгерістер, сөзсіз, болады! Мен соған сенемін! Сенбесем, баяғыда-ақ оппозициядан кетіп, басқа тірлікке көшер едім ғой

Мылтықбай 2017-12-22 08:41:03

Әміржан мырза, неге қазақ билігі Жаңаөзенде жазықсыз қазақтарды атып өлтірді? Ал Қарағандының шахтерлары бас көтергенде ауыздарын да ашпады, себебі олардың арасында орыс ұлтының азаматтары болғасын  әрі Ресей өз азаматтарын қорғайтынын білгендіктен бе, қалай ойлайсыз? Сонда қазақтарды өз елінде жазықсыз өлтіруге бола ма, қорғайтын сот пен заң жоқ па қарапайым қазақтар үшін, бұл халықты мазалап жүрген мәселе, ашық жауап бере аласыз ба, ашық жауап беруге қорықсаңыз, астарлап түсіндіріп беріңізші, не үшін оқ атылды халыққа, Әміржан мырза.

 Неге ашық айтпасқа? Айту керек!

Ресми Кремльдің біздің билікке ықпалы бар екенін мен жоғарыда айтқанмын  (сол жерден оқып аларсыз).

Оған қосарым мынау.

Меніңше, Жаңаөзен қырғынының тағы бір астары болды. Биліктің алдында сайлау тұрды. Оппозиция бір партия боп бірікті. Сондықтан біздің ЖСДП «Азаттың» қауқары мықты еді. Сол үшін билікке осындай арандату арқылы «гайканы» қатайтып тастау керек болды деп ойлаймын. Әйтпесе, өзім әріптестеріммен бірге алаңда жеті ай бойына тұрған сол мұнайшыларға бірнеше рет бардым. Олар келіссөзге дайын екенін, тәртіп бұзу ойларында жоқ екенін ашық айтып жатты. Бірақ, ақыры осындай қанды қырғынға ұласты. Сол кездегі видеоларда бейбіт адамдарға оқ жаудырған полиция бар да, қолына қару ұстаған мұнайшылар жоқ! Міне, гәп қайда жатыр!

Ал Қарағандыдағы жағдайдың түпкі себебі Жаңаөзен мұнайшыларының талаптарына ұқсаса да, бәрі бейбіт түрде шешілді. Сіз айтқандай ұлттық фактор болуы да мүмкін. Ол жағын да ескеруіміз керек. Бірақ, Жаңаөзеннен кейін билік ішіндегілер де ойлана бастаған сияқты.

Бірақ, бір жердегі түйін өз шешімін тапқанымен, бүкіл Қазақстан бойынша лайықты жалақы төлеу мен еңбек адамының құқын қорғау секілді іргелі мәселелер әлі де сол, шешілмеген қалпында. Сондықтан бүкіл Қазақстан бойынша ереуіл мәселесі түпкілікті шешілді деп мен айта алмаймын!

Оттаубай 2017-12-22 00:36:05

Байқауымша, Сіздің ұстанымыңыз БАҚ бетінде биліктің кемшін тұстарын айтып, сыни мақалар жазу .Бірақ, белгілісі билік кімнің аузынан шықса да, сынға пілді ағаш оқпен атқандай селт етпейді ------ Оттаған екенсіз! Селт етпейтін болса Атамбаевтың әйгілі айыптауларынан кейін шекараны жауып, шекарадан өтетін жазықсыз адамдарды күн ұзақ аяқтарынан тік тұрғызып қойып, неге адам өліміне дейін соқтырғанша азаптады? Селт етпейтін болса билікке сын айтып пікір жазатындарды неге үш әріпке аңдытып қойды? "Сыни мақаларға селт етпейтіндер" неге Әміржанның есігінің алдына бетон құйып кетіп жексұрын тірлік жасап жүр?

Әркім өз мүмкіндігіне қарайды. Кезінде РНПК, ЖСДП, сосын ЖСДП «Азат» партияларының басшыларының бірі боп жүргенде, әрине, мен қазіргіден гөрі белсенді болдым. Ел араладық, жиналыстар өткіздік, наразылық акцияларын, соның ішінде, митингілер ұйымдастырдық. Сол үшін аракідік сотталып, абақтыға жабылып жүрдік.

Қазір болса, менде ондай саяси ұйым жоқ. Сондықтан да менікі көбінесе ағартушылық қызмет. Құдай қолыма қалам ұстатты, сондықтан осы талантымды халқымның, елімнің мүддесіне пайдаланып жүрмін. Апта сайын «Дат» және «Жас Алаш» газеттерінде тұрақты колонка жүргізіп отырмын. Елде, әлемде болып жатқан оқиғаларға үн қосуға тырысып келемін.

Ал егер де көпшілік қолдап, ұйым құрып жатсақ, әрине, менің де саяси белсенділігім арта түспек. Және де ол нақты істерге ұласары сөзсіз.

Осыған бір қосарым: билік шындық сөздің қаншалықты ықпалды екенін сезеді, біледі. Сондықтан да тәуелсіз БАҚ-тар жабылып жатыр. Тәуелсіз пікір иелері қудалануда.

Қазір әлеуметтік желілердің ролі мен мүмкіндіктері күрт артып кетті. Менің ол желілердегі қолдаушыларым көп. Бірақ одан да көп болғанын қалар едім. Сіз де сол қатарға қосылыңыз. Мәселен, менің Facebook-тегі парақшама жазылыңыз, менің барлық жазған дүниемді сол жерде таба аласыз!

Бір Қазақ 2017-12-22 00:13:17

Ассаламуағаликум, Әміржан Сағидрахманұлы! Қандай мемлекет болмасын, оның халқы бар. Сол үшін мемлекет алдына қандай болмасын мақсат қояды. Халық болмаса мемлекетте жоқ. Мемлекет халық үшін тікелей қызмет атқарады. Бізге келетін болсақ толыққанды олай емес сияқты. Иə шүкіршілік етеміз аспанымыз ашық, тыныштық заман. Шүкір, халқымыз тыныштықтың қəдірін біледі. Дегенмен де халықты ойлайтын шынымен жаны ашитын билік жоқ. Қымбатшылық кеңірдегіңнен алып тұншықтырып бара жатыр. Жоғары шарықтамаса төмендейтін түрі жоқ. БАҚ өкілдер тарапынан айтатын шындық жоқ. Олар үшін бəрі керемет. Жас отбасы құрғандарға жасалатын жеңілдік жоқ десекте болады. Халықтың ақшасының арқасында банктеріміз құтырып тұр. Сол ақшаны халқымыздың өзіне еселетіп пайызын қосып тұрып, несиені өз ақшасын өзіне төлетеді. Оны билікте, БАҚ-та айтпайды. Қандай мемлекеттік саламыз болмасын салғырттық көп. Істелетін жəне істелмеген шаруамыз елімізде өте көп. Болашағымыз қандай болады. Алаңдайтын нəрсе де өте-мөте көп халқымыз үшін. Қазақ халқы тыныштықты бірінші орындарға қояды. Сіз елімізде көптеген шешілмеген мəселелерді, болашақта қалай шешімін табуымыз қажет деп ойлайсыз?

Сіз қоғамда орын алған көп проблемаларды айтып отырсыз. Мұның бәрі ащы шындық. Бірақ билік оны мойындағысы келмейді. Ресми БАҚ жүйесі арқылы «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатырмыз» деп насихат өрбітеді. Алайда оған өздері де, халық та сенбейді! Сондықтан ел ішінде «Хабарда» көрсететін елде өмір сүргім келеді» деген қанатты сөздер тарап кеткен.

Қоғамда проблема көп. Оларды шешудің жолы баршылық.

Ең басты жол мынау: 1995 жыл шенеуніктерге өз қолымен беріп қойған билікті халық өзіне қайтарып беру керек! Ол үшін әділ сайлау арқылы президент, депутаттарды және әкімдерді сайлап алуымыз керек. Бір мерзімге сайлансын, егер де қолдарынан ешнәрсе келмесе, келесі сайлауда халық оларды орнына алып тастайтындай саяси дәстүр қалыптастыру керек. Сонда биліктің өзі де өзгереді, жемқорлық азаяды, әлеуметтік әділеттік орнайды.

Басқа жол жоқ!

Жаңаөзен 2017-12-22 00:09:16

Жаңаөзенде өз халқын жазықсыз өлтіргендер, соларға бұйрық бергендер қашан түрмеге отырады, Әміржан мырза? Макс пен Талғатты бостандыққа шығару мүмкін бе, ол үшін не істеу керек, шетелден көмек сұрау керек пе, олар біздің елдің жағдайын білмейтін шығар,  жазықсыздар қамауда отырғандарын, осы жайлы не ойлайсыз?

 Жаңаөзен трагедиясы әлі де өз бағасын алған жоқ. Меніңше, билік басында осы қылмысқа қатысты тұлғалар отырған тұста ондай баға алу да мүмкін емес. Бірақ, бәрібір ақиқат ашылады! Кімнің атуға бұйрық бергені де елге мәлім болады!

Саяси себептермен түрмеде жазықсыз отырған азаматтарды да бостандыққа шығару керек. Ол үшін қоғамның белсенділігі жоғары болуы шарт, әйтпесе, ел үшін күрескен аяулы азаматтарды соттап жатқанда, көбіміз бұғып қаламыз. Билік соны біліп, көріп отыр. Және де әділетті, атқарушы билікке еш тәуелсіз сот жүйесін құруымыз керек. Ол үшін судьяларды да халық өзі сайлап алуы керек!

Мырза 2017-12-22 00:00:47

Мисыз, топастар қалай билікке келеді? Бүгінгілер сол патамуштодан асып кеткен жоқ. Әміржан мырза, біздің ел біреулердің жекеменшік мемлекеті ме, қалай ойлайсыз, себебі билікте менің өз пікірім жоқ деп халықты шошытып, түрлі ойға салып жүргендер бар. Сонда қазақ мемлекеті кейбіреулердің ойыншығы ма, билікке әдейі пікірі жоқтарды тағайындайтын?

 Біздің билік басында жүргендерің ішінде не екі сөздің басын құрай алмайтындар, не қолынан іс келмейтіндер, «ағасы не көкесінің» не параның арқасында карьера жасап келе жатқандар баршылық. Сондықтан да биліктің өз ішінде өркениетті бәсекелік орта қалыптастыру керек, яғни неғұрлым қабілетті әрі еңбекқор кадрлардың өсуіне мүмкіндік жасалуы керек. Атышулы «командалық» принципті жою қажет! Ол принцип - нағыз трайбализм мен жүзшілдіктің айқын көрінісі, сыбайлас жемқорлықты қалыптастыратын нақты механизм!

Қалыптасқан жағдайды өзгертудің бір құралы - жергілікті әкімдерді халық боп сайлау. Депутаттар да солай сайлануы тиіс. Сонда олар халықпен санаса бастайды.

Қасқырбай 2017-12-21 23:45:35

Әміржан мырза, билік ауысқан жағдайда, 30 жыл бойы билікте болғандардың дүние мүлкіне аудит, тексеріс жүргізіліп, балалары мен немерелері, туған- туыстары мен құдалары, қыздары мен күйеу балалары, тағы басқалары қосылып елді тонап, халықтың байлығын жекеменшігі ретінде пайдаланғандардан ел қазынасына ұрланған ақша, көлік, виллалар мен самолеттер, яхталар, банктер, ғимараттар, тағы басқа қаражаттарды қайтарып алу мүмкін бе, Сіз қалай ойлайсыз, ол кез қашан туады және шамамен ол қанша қаражат болуы мүмкін?

 Әрине, экономика мен саясатта «капиталдың әуелгі қорлануы» деген екіұдай ұғым бар. Көбінесе ол заңсыз түрде жүзеге асады.

Сондықтан да жаңа билік келген тұста қазіргі олигархтар өз байлығын қалай жасады, заң бұзушылық болды ма, болмады ма – сол жағын анықтайтын тәуелсіз сот жүйесі болуы тиіс.

Егер де ол байлық ашық та бәсекелес нарық заңдары бойынша құралса, несі айып? Ал адам жемқорлық пен басқа қылмыстық әрекет арқылы байыса, ол, сөзсіз, өз жазасын алуы тиіс!

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 2017-12-26 23:26:16

Ассалаумағалейкүм аға! Сізге қояр үш сұрағым бар еді. 1) Бүгін сіз "Жас Алаш" газетінің тұрақты авторларының бірісіз. Бүгінгі "Жас Алаш" бұрынғы "Жас Алаштан" алыстап кеткен жоқ па? Сіздің ойыңызша, осы газет өзінің өткірлігін жоғалтып алмады ма? 2) Біздің елдегі оппозициялық күштердің біріге алмай, аққу, шортан һәм шаянның күйін кешуіне не себеп? 3) Сіздің пікіріңізше, биылғы жылдың ең дұрыс саяси шешімі және ең қате саяси шешімі қайсысы болды? Өз пікіріңізді айтсаңыз.

 

Әрине, әр редактордың өз стилі, қолтаңбасы, мінезі және таңдауы болады. «Жас Алаштағы» өзгерістерге мен сол тұрғыдан қараймын. Рысбек аға осы газетке орасан зор еңбек сіңірді деп санаймын. Ал қазіргі буынның жөні басқа: ғасырға жуық тарихы бар басылымды XXI ғасырдың бұрын-соңды боп көрмеген технологиялық, қаржылық, тақырыптық және басқа сындарынан абыроймен алып шығуы керек. Әзірше газеттің бағыты дұрыс сияқты. Мәселен, Айдос Сарым, Расул Жұмалы секілді тұрақты авторларды газетке тартулары да оң қадам деп санаймын. Ең бастысы газет ұлттық, мемлекеттік, жалпыдемократиялық құндылықтарға адал боп келеді.

 

Оппозициялық күштердің бірікпеуінің себептері көп.

Біріншісі – бағдарламалық, идеялық. Мәселен, либерал адам солшыл партияға кірмейді ғой.

Екіншісі – партиялардың құрылуының астарында жатыр. Бізде көбінесе партиялар бір тұлғаның төңірегінде құрылады да, олардың біреумен бірігу не бірікпеуін таза адами, кейде пендешілік дайттар шешіп кетеді.

Үшінші себеп кейбір саясаткерлердің орынсыз амбициясында жатыр. Бәрі де жалғыз көсем болғысы келеді. Міндетті түрде президент болғысы келеді. Содан келіп, кикілжің, өзара интрига басталады.

Осының бәрінен құтылу керек!

 

Ең дұрыс саяси шешім – Сейтқазы Матаев пен Жанболат Мамайдың бостандыққа шығуы беп білемін.

Ең қате саяси шешім екеу: президент сайлауына ендігі жерде азаматтар өз-өзін ұсына алмауы және жемқордың жеке шоттары мен мүлкі туралы мақала жазу үшін сол жемқордан рұқсат сұрау қажеттілігі!

БАҒЫС 2017-12-28 12:49:41

ӘМІРЖАН! САҒАН АРНАП БІРНЕШЕ ПІКІР ЖАЗДЫМ НАМЫСТАНДЫРЫП ШАБЫТЫҢАТИІП ЖАЗДЫМ. БІРЕУІНЕ ЖАУАП ЖОҚ. БАЛДЫЗЫМНЫҢ СҰРАҒЫНА ЖАУАП БЕРУГЕ СЕНІҢ ӨРЕҢ ЖЕТПЕЙДІ БАР СҰРАҚҚА ТИЕГІ ЖОҚ СЫЛДЫР СӨЗБЕН ЖУЫП ШАЯСЫҢ. АЛТЫНБЕК ПЕН ЗАМАНБЕК АТЫЛҒАЛЫ БІР МИТНГ ӨТКІЗЕ АЛҒАН ЖОҚСЫҢДАР. ҚАЙМАНА ҚАЗАҚТАР ӨТКІЗГЕН (Аян, Талғат) МИТНГККЕ ҚОРҒАН БОЛЫП ЖАЛҒАСТЫРА АЛМАДЫҢ. СОҢҒЫ КЕЗДЕ АБЛЯЗОВТІҢ ТЫРНАҒЫНЫҢ АСТЫНАН КІР ІЗДЕП ЕКІ ҚАТЕЛІГІН ТАПТЫМ ДЕЙСІҢ. СОЛ ҚАТЕЛІКТІ НЕГЕ ТҮЗЕМЕЙСІҢ? ҚҰРҒАҚ СӨЗ ҚҰЛАҚҚА СЫРҒА БОЛА МА? ПАРИЖДЕН АЛҒАН 75 МИЛЛИОНДЫҚ ҮЙ, 22 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР  КІМДІКІ? АДАЛ АҚША БОЛСА, ОНЫ АҚЫШОВТІҢ БАНКСІНДЕ НЕГЕ САҚТАМАЙДЫ?   ҚАЗАҚ ҚОРҚА ҚОРҚА ҚОЯН БОЛДЫ. БАБАЛАРЫМЫЗ БАТЫР ЕДІ, БЕТТІ ЕДІ ДЕГЕН БОС СӨЗ, ЕРТЕККЕ АЙНАЛДЫ.

Саясаткер ретінде мен бар адамға жаға алмаймын. Өзімді соншалықты идеалды тұлғамын деп ешқашан санаған емеспін. Мен туралы әртүрлі пікірдің болуы – ол заңдылық.

Бірақ мені Заманбек пен Алтынбекпен салыстырмаңыз. Олар біздің ортақ мақсатымыз жолында өмірін қиды. Олар хас батырлар. Мен болсам, елде өзгеріс жасауға талпынған қарапайым қазақтың бірімін.

Олардан кейін де митингілер ұйымдастырғанымызды өзіңіз де білесіз. Ол 2006, 2012 жылдары болған. Ол үшін жазаландық та.

Балдызыңыздың кім екенін білмеймін. Бірақ редакциямен келіскендей жауаптардың бәрін жинақтап, бүгін, яғни 29 желтоқсанда беріп отырмын. Келіп түскен бар сұраққа жауап беруге тырысып жатырмын. Кейде қысқа қайырып жатсам, кейбір сұрақ қайталанды екен. Оның үстіне бір-екі күнде 75 адамнан түскен жүзден аса сұраққа (бір адам кейде бір жазбасында бірнеше сұрақ қойып жатыр) жауап беру оңай емес екен. Жауаптар көңіліңізден шықпай жатса, айып етпеңіз.

Әблязов менің жауым емес. Керісінше, оны кезінде баршамыз қолдағанбыз. Соттарына барғанбыз. Оны қолдап мақалалар жазғанбыз, үндеулер қабылдағанбыз. Мен тек оған қатысты өз ойымды айтып жатырмын. Өйткені уақыт өзгерген сайын адам да өзгеретін сияқты. Бәленің бәрін бастаған оның өзі! Ол дауды бастады, мен болсам, оның қаралауына жауап бердім. Үндемей қалсам болмайды ғой!

Төре 2017-12-28 20:04:42

Әміржан, сонымен Қазақ жеріндегі барлық ата-бабадан бізге мұраға қалған байлықта Сізбен  біздің үлесіміз бар ма? Осыны заң жүзінде талап етуімізге бола ма?

Конституцияда ол туралы – жер, жердің қойнауындағы байлық – бәрі тайға таңба басқандай жазылып қойған. Жаңа билік келгенде, Ата Заңның сол баптарына қайшы келетін заң баптары қайта қаралады деп ойлаймын!

(Соңы)

Abai.kz

2 пікір