Жексенбі, 19 Қаңтар 2020
2706 0 пікір 29 Желтоқсан, 2017 сағат 08:57

Тәжікстанда тұңғыш президенттің әйелі өрттен қаза тапты

Тәжікстан билігі елдің тұңғыш президенті Рахмон Набиевтің әйелі Майрам Набиеваның өлімінің себебін жан-жақты тексермекші. 28 желтоқсанда Худжанд қаласында 80 жастағы Майрам Набиеваның үйінде өрт шығып, қаза тапқан. Оның денесі медициналық тексеруге жіберілген.

Азаттықтың тәжік қызметінің тілшісі Масуми Мухаммадраджаб бейсенбі күні кешкісін Майрам Набиеваның тұрған үйіне барған.

Оның сөздерінше, бұрынғы мемлекет басшысы әйелінің үйі үлкен тасжол бойында орналасқан. Үйіне марқұмның туыстары мен көршілері жиналған. Астанадан барған марқұмның қызы Мунаввара Набиева сұхбат беруден бас тартқан.

Тілшінің хабарлауынша, үйдің ішінде тергеушілер мен өрт сөндіру қызметі жұмыс істеп жатыр. Майрам Набиеваның туыстарының бірі өрт түстен кейін орын алғанын айтады. «Майрам-апа үйінде жалғыз болған. Ол жанған азық-түліктің иісінен уланып қалған», - дейді ол.

Майрам Набиева 1937 жылы туған. Соңғы жылдары бірде Душанбеде, бірде Худжандта тұрып келген. Оның жұбайы – Рахмон Набиев 1993 жылдың 11 сәуірінде Худжандтағы үйінде қайтыс болған. Ресми болжам бойынша, жүрек талмасынан көз жұмған.

Рахмон Набиев Тәжік ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Тәжікстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған. 1991 жылы 24 қарашада Тәжік ССР-да президенттік сайлау өтіп, Рахмон Набиев 56,92 пайызбен жеңіске жеткен. 1992 жылдың 7 қыркүйегінде Душанбе әуежайында Рахмон Набиевті оппозициялық топ қоршауға алған. Сол күні ол отставкаға кететінін мәлімдеген.

Abai.kz

0 пікір