Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 5959 17 пікір 28 Желтоқсан, 2017 сағат 14:20

Ұлттық рухты асқақтатпай рухани жаңғыра алмаймыз

«Білімді – оқығанына, көргенсіз – тәжірибесіне сүйенеді».

Цицерон.

Ең алдымен елдік, ұлттық рухты, ой-сана мен намысты бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде көкке асқақтатпайынша рухани жаңғыру мен кемелдікпен жаңарудың ұтқыр сәті түспейді.

Қазақ «Ештен кеш жақсы» демекші, осыған орай 2017 жылы қоғамдық талқылауға түскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы біз көптен бері көтеріп келе жатқан ұлттық өзекті мәселелердің түйіндерін тезірек шешсе, ұлтқа серіппедей серпіліс пен сілкініс әкелсе, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.  Бұл үшін ел болып, ортақ ұлттық іске бір кісідей жұмыла білуіміз керек. Енді осынау мақаладағы бағдарды қоғам болып талқылап, одан жуық арадағы онжылдықтарда не істеуіміз керектігі туралы нақты бағдарламалар құру, ұтқыр бағыт-бағдарымызды жүйелеу сіз бен біздің, яғни, қоғамның ең айтулы міндеті.

Біз, қазақ елі дамылсыз дамыған, кемелдік пен өркениетке жеткен мемлекет қатарында болғымыз ке­летіні сөзсіз. Бұл заңды құбылыс. Алайда қоғамды, мемлекетті дамытатын ұлы күш – адам. Бұл теңдесі жоқ ең басты алтын қор. Бұл ең негізгі мәңгі байлық – осы адам. Олай болса, әр адам, қоғамдық құрылым ең алдымен нен­дей аса қатерлі дерт пен кесапаттан тезірек арылуға тиіспіз?

1. Құлдық санадан,

2. Парақорлықтан,

3. Жемқорлықтан,

4. Жағымпаздықтан,

5. Сатылымпаздықтан.

Ол үшін не керек?

*«Ұлттық жаңғыру» имани оқу – ағартушылық бағыты озық дәрежеде болуы керек,

*«Ұлттық құндылықтар мен асылдықтарды құнттау» бағыты керек,

*Ұлттық – өнім, ұлттық брендті қалыптастыру керек,

*Жаңғырған БАҚ – сана жаңғыруының қозғаушы үлкен күшін жасақтау керек,

*Конструктивті сын – ұлттық даму мен кемелденудің мәңгі кепілі екенін кемел кісілікпен мойындап, қолдау мен қорғаудың алтын бағыт-бағдарын тезірек жасақтау керек, 

*Ұлттық жанқияр қайраткерлерді үнемі ұлықтау мен оларды қолдап отыруды озық дәрежеде үйлестіруді, қалыптастыруды жедел түрде қолға алу керек.

Адамзат тарихында халықты, ұлтты, ұрпақты қалай болған күнде де жан-жақты терең ойланта білуден, толғанта білуден, елдікті, қоғамдық дамуды саралай білуге құлшындырудан, өмірлік жаңа серпілісті сілкініске түсіруден асқан құдіреттің болуы мүмкін бе?! Жоқ.

Кемел толық адам болуға, ұлттық тұлғаға айналуға мүдделі адамды даңққа бастайтын,  межелі мұратқа жеткізетін жол біреу, ол – жаңашылдығы мен бастамашылдығы зор, ізденімпаз еңбекқорлығы мол, қайтпас, қажымас қажырлы еңбек қана. Ендеше ұлттық ұлы мақсатқа қол жеткізу үшін біздің ой-санамыз істерімізден анағұрлым озып жүруі, яғни одан бұрынғыдан да бетер жаңаша жаңғырып, жаңарып, асылданып оты­руы тиіс. Сонда ғана ұлттық ұтқыр істеріміз алға озуды арттыра түседі.

Молдағали Матқан

Abai.kz

17 пікір