Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 8710 35 пікір 27 Желтоқсан, 2017 сағат 14:25

«Найман хандығы...», «Тарихқа көзқарас», «Таңдамалы мақалалар»

Қазақ тарихының ойлау жүйесіне өзгеріс әкелген ғалымдардың кітабының тұсауы кесілді

Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі шығарған көрнекті ғалым, тарихшы Нығымет Мыңжанидың «Таңдамалы мақалалар», әйгілі тарихшы, қоғам және мемлекет қайраткері Зардықан Қинаятұлының «Тарихқа көзқарас», «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ.» атты кітаптарының таныстырылымы болды.

Жиын барысында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов,  тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Талас Омарбеков, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторлары Аманжол Қалыш, Тұрғанжан Әбеуұлы, Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының кандитаты  Әлімғазы Дәулетхан мен Нұрлан Атығаев,  жазушы Тұрсынәлі Ырыскелдиев, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес қатарлы зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, кітаптар мен авторлар туралы пікірлерін ортаға салды. Кітаптың тұсау кесеріне кітап сүйер қалың оқырманмен бірге Зардықан Қинаятұлының жұбайы мен ұлы Жармұхамет Қинаятұлы және Нығымет Мыңжанұлының ұлы мен келіні қатысты.

Аталған кітаптарды дайындап, баспаға ұсынған шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы: «Бүгін тұсауы кесілетін үш кітаптың бірінің авторы тарихшы, ғалым  Нығымет Мыңжани Қытайда туып өскен. Нықаңмен 1993 жылға дейін бірге жұмыс жасадық. Ол кісі менің ұстазым. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Қазақ мифологиясы» деген еңбектері Қазақстанда басылған. Бұл кісінің көптеген ғылыми мақалалары бар еді. Солардың ішінен таңдап «Таңдамалы мақалалар» деп жинағын шығарып отырмыз. Қалған екі кітаптың авторы тарихшы, ғалым Зардықан Қинаятұлы. Ол кісінің еңбектері өте көп, 12 томдық еңбек жазған болатын. Соның ішінде шықпай қалған «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» деген  классикалық еңбегі бар еді. Бұл еңбектің ерекшелігі мемлекеттік тарихты толықтырады. Демек тарихтағы ақтаңдақтарды толтыратын еңбек. Кітап өте көп деректерге негізделген. Қазірге дейін ғылыми айналымға қосылмаған ХІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы Найман хандығы негізіндегі еңбек. Кітапта  Найман хандығы заманындағы елдің тарихы, мәдениеті, діні тегіс қамтылған.  Зардыхан аға бір сөзінде: «Қытай деректеріне, араб-парсы деректеріне, моңғол-манжұр деректеріне, орыс пен Еворпа ғалымдарының деректеріне сүйене отырып, осы еңбекке 40 жылдан астам уақытымды сарп еттім», - деп еді. Өкінішке орай бұл кітаптың жарық көруіне Зардықан ағамыз үлгірмей кетті.  Бірақ, өсиет етіп кетіп еді. «Кітаптың басылып, жарық көруіне, Нәбижан, сен жауапты болсаң, ең құрығанда менің жылдығыма шығарарсың» деген еді марқұм. Бұл кітапты  менің інім Сабыржан Мұхаметханұлы өз қаржысымен шығарып отыр. Зардықан Қинаятұлы көптеген ғылыми мақалалар жазған болатын. Ғылыми еңбектерінің өзі «Тарихқа көзқарас» деген екі томдық болатын, соның бір томын шығардық. Бұл кітап пен Нығымет Мыңжанидың «Таңдамалы мақалаларын»  қаржыландырып шығарған  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі. Оның басшысы Омарәлі Әділбекұлы деген жігіт, өзі кәсіпкер, қаламгер,  әдебиет сыншысы, ғалым азамат. Қытайдың ғылым академиясында істеген. Ғылымның не екенін жақсы білетін, түсінетін жігіт. Осы азаматтар  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағадарламалық мақаласына үн қосып,  халыққа рухани нәр беретін кітаптар шығарсақ деген соң осы кітаптардың ғылыми редакциясын жасаған жәйім бар еді. Аталған  кітаптардың сапалы басылып шығуына белгілі жазушы, Алаш сыйлығының иегері, «Мерей» баспасының директоры Ғалым Қалибек шын ниетімен көмектесті», - деп кітаптардың мазмұны мен авторларын таныстырып, кітапты шығарудағы мақсат еліміздің тарихы мен мәдениетінің жаңа бір рухани кезеңге көтерілуіне септігін тигізу екендігін айтып өтті.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов екі тарихшы да тың деректерімен қазақ тарихын толықтыратып, кемелдендіре түсуге өз еңбектерін сіңіргеніне тоқталса, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Талас Омарбеков:  «Нығымет Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітабына таң қалдым. Кітап 1994 жылы «Жалын» баспасынан шыққан. Менде екі нұсқасы тұр. Қарай-қарай қазір менің қолымдағы кітап тозып, мұқабасы жұқарып кеткен. Бұл кітап бізге қазақтың тарихын қалай жазу керектігін көрсетіп отыр. Қазақтың тарихын орысқа еліктеп емес, араб-парсыға еліктеп емес, іргеміздегі қытайдың жылнамаларына сүйеніп жазу керек. Сосын дәстүрге сүйеніп жазу керек. Шежіре, қазақтың этникалық тұрмысы, дәстүр-салтын, фольклор, ауыз әдебиетін  басшылыққа алып жазу керек», - десе, тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы: «Зардықан Қинаятұлының бұл еңбегінің ішінде көптеген теориялық-методолгиялық мәселелер бар. Автор көшпенділер мемлекеті туралы европалық ғалымдардың пікірі мен көзқарасына тойтарыс жасайды. Ал, біздің қазіргі тарих ғылымында европа ғалымдарының көзқарасына тойтарыс жасайтын еңбектер көп емес, солардың бірі және бірегейі Зардықан Қинаятұлының еңбегі. Сонымен бірге, көшпенділер тарихын қалай зерттеу керек? Қазақ тарихын қалай зерттеу керек? Қандай методологиялық мәселелер бар?» дегенді жүйелеп кеткеніне екпін сала сөйледі. Жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай аталған екі тарихшы қазақ тарихының ойлау жүйесіне өзгеріс енгізгенін әңгімелеп, «осы кісілердің еңбектері қазақ тарихында, қазақ тарихының энциклопедиялық еңбектері ретінде қалуға алдағы уақытта да үлес қосу керек» деді.

Кітаптарды шығарған және тұсау кесерін ұйымдастырған «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы  бірлестікті Тәуелсіздік ала салғанда елге оралған 25 пен 30 жастың арасындағы жігіттердің құрағанын, 2009 жылдан бастап ол заңды тіркеліп, қандастар мәселесінде заңдық, құқықтық жақтан көмек көрсетіп келе жатқандарын айта келе: «Нығымет Мыңжанидың «Таңдамлы мақалалары» мен Зардыхан Қинаятұлының «Тарихқа көзқарас» кітабы мың данадан шығып, қалың оқырмағанға жол тартып отыр. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында осы кітаптарды дайындап, редакциалаған Нәбижан ағамызға рақмет. Біздің осы кітаптарды таңдауымыздың себебі: Нығымет Мыңжани мен Зардықан Қинаятұлы бүкіл өмірін халыққа арнаған ғалымдар. Осы кісілердің өмірі де шығармашылығы да жастарға өнеге болады», - деп кітаптардың шығуына және таныстырлымының өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

«Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ.» атты кітаптың шығуына қаржылық демеуші болған кәсіпкер Сабыржан Мұхаметханұлы:  «ХІ-ХІІІ ғасырларда Алтай, Ханғай аралығында салтанат құрған Найман хандығының тарихы мен мәдениетінің құнды мұраларын зерттеуге арналған алғашқы монография. Зерттеу желісі қазақтың найман тайпасының ХІХ ғасырға дейінгі тарихи оқиғасын қамтиды. Монографияда Найман хандығының саяси құрылымы, этнодемографиясы, наным-сенімі, мәдениеті, шаруашылығы мен тұрмыс салты жан-жақты талданған. Автор ұзақ әрі табанды зерттеулер арқылы қазақ мемлекеттiлiгiне найман хандығының қосқан үлесiн нақты дәйектер арқылы көрсетiп бередi. Найман хандығы тек қазақ  мемлекетiнеде ғана емес, ХІІ ғасырларда моңғол үстiртiн меккендеген тайпалардын iшiнен ен алғаш болып жазу қолданып, мемлекет басқарудың   жүйесі мен жосығын жасап, моңғұлдардың өздерiне жазумен басқаруды үйретiп кеткен. Сондықтан бұл кiтап ру шежiресi емес, өте жоғары деңгейде жазылған ғылыми кiтап. Мiне, осындай жоғары деңгейдегi ғылыми кiтап болумен қатар, осындай үлкен монографияны жазу екiнiң бiрiнiң қолынан келмейдi. Автор ағамыз өзi маған "40 жылдык iзденiсiм жатыр, ақтармаған архивтерім қалмады, бәрі толық қамтылды.  Осы кiтаптан соң Найман хандығы туралы жазатын көп ештенге калмайды" деген-тұғын. Мiне,  осындай құнды кiтапты неге шығармасқа? Кiтапты шығаруымдағы екiншi тағы бiр себеп: тарих зерттеушiлер мен ғалымдарға  кiтаптағы құнды материалдарды пайдалуына септiгi тисін деумен бiрге, ендi ғана ғылым жолына түсiп, ғалым болам деп аңсап жүрген жастарға Зардықан Қинаят ағасынан зерттеу методикасын, жолдарын үйренсiн деген оймен шығарып отырмын. Зардықан аға ғылыми зереттеу жолында өте жапакеш, қатал, принципшыл, барлығын нақты факты мен көрсетедi, еш уақытта сезiмге берiлмей турашыл прициппен жазады. мiне ағанын осындай қасиеттерi кейiнгi жастарға үлгi болса екен деймін. Бұл кiтап Елбасы Н.А.Назарбаевтын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында жарыққа шықты. «Мерей» баспасынан 3000 дана шығардық. Алдағы уақытта кітаптарды сатып, түскен қаржыға орысшасын шығарып, қалған ақшаны қаламақы ретінде Зардықан ағаның отбасына табыс етсем деймін» деп    аталған еңбектерге қызығушылдық танытып, сатып алам деушiлер болса, jebeu.kz сайтына хабабарласып алуға болатынын айтты.

Тұсау кесерге келген 150-ден астам қонақ, әр кітаптан бір-бірден олжалап, кітап пен тарихшыларымыз туралы ой бөлісіп, келелі кеңес құрып қайтты. «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі мұндай игі шараның бұдан кейін де тоқтап қалмайтынын, қазақ руханиятына әлі талай керекті дүниелерді қосып отыратындарын еске салып өтті. Дәйім, осылай тарихымызды түгендеп, өз тарихымызға өз көзімізбен қарап жүрейік.

Тұрдыбек Құрметхан

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3620