Жұма, 29 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 14119 32 пікір 26 Желтоқсан, 2017 сағат 11:55

Қытайлықтар Қазақстан азаматын ұрлап кеткен

Қазақстан Республикасының Президенті

Н. Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ; 

ҚР Президенті Әкімшілігі

Басшысының бірінші орынбасары

М. М. ТӘЖИННІҢ; 

ҚР Сыртқы Істер министрі

Қ. Қ. ӘБДІРАХМАНОВТЫҢ; 

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетітінің Төрағасы

К. Қ. МӘСІМОВТЫҢ; 

ҚР Бас Прокуроры

Қ. П. ҚОЖАМЖАРОВТЫҢ; 

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының

Бірінші орынбасары

М. А. ҚҰЛ-МҰҚАММЕДТІҢ

назарына

 

«Қала мен Дала» газетінің редакциясына Нұртай Төке атты Қазақстан азаматы арыз айта келген. Ол 2017 жылдың 7 желтоқсанында күйеу баласы Асқар Азатбекті екі елдің ортасына салынған «Қорғас» еркін экономикалық аймағына барған жерінен белгісіз біреулер джип машинасына басып, Қытай жаққа алып кеткенін, содан бері Асқар Азатбектен хабар ала алмағанын жеткізді.

Асқар Азатбек

1976 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.

2017 жылы 6 қазан күні Қазақстан азаматтығын алған.

Паспорт номері: №11483752.

ЖСН: 760118000347

Тұрғылықты мекен-жайы: Алматы қаласы Алатау ауданы Дәуренбеков көшесі 31 үй.

Қан базарда адам ұрлау

Нұртай Төкенің айтуына қарағанда, осыдан 7 ай бұрын күйеу баласы Асқар Азатбек Қытай Халық Республикасынан Атамекенге біржолата көшіп келіп, бірден азаматтық алған. Бұрын Қытайдың Шынжаң өлкесі Іле аймағында әртүрлі салада мемлекеттік қызмет атқарған ол елге келген соң жеке бизнеспен айналысуды көздеп, өз алдына кәсіп бастауды қолға алған. Ол осы мақсатын орындау үшін қытайлық бизнесмендермен іскерлік кездесу ұйымдастыру үшін «Қорғас» базарына танысы Оразжан Сұлтанәліні ертіп барады.

Шамамен түстен кейінгі сағат 16.30 шамасында олар Қорғас базарының қазақстандық шекара бақылауынан өтіп, «Самұрық» кешенінің алдына барады. Дәл осы кезде екі джиптен азаматтық киім киген 7-8 қытай азаматы түсіп, бірден екеуін қаумалап ұстай алады да, Оразжанды жіберіп, Асқарды машинаға зорлықпен отырғызып, Қытай шекарасына қарай алып кеткен.

«Бұрын-соңды қан базарда адам ұрлағанды көрмеген де, естімеген де едік. Өзінің азаматы болса бір сәрі, өзге елдің азаматын бұлай ұрлап әкету, біріншіден, кісілік құқыққа қол сұғу болса, екіншіден, бір елді, оның заңын сыйламау, басыну», – дейді Нұртай Төке. Ол Асқар Азатбектің қалтасында Қазақстан паспорты болғанымен, онда Қытайға өтетін виза болмағанын айтады. Қытай азаматтары шекарадан қалай алып өткеніне таңданысын жасырмайды.

Нұртай Төке осы әркеттері арқылы «Қытайлықтар (олардың нақты қандай органның қызметкері екендіктері белгісіз) екі ел арасында қалыптасқан, келісілген барлық ережелерді, халықаралық нормативті заңдарды да өрескел бұзып отыр» деп топшылайды.

Асқар Азатбектің паспортының көшірмесі

«Есім шығып кетті»

Асқар Азатбекпен «Қорғас» базарына бірге барған Оразжан Сұлтанәлі азаматтық киім киген адамдардың түсін бажайлап байқап та үлгірмеген. Бізбен телефон арқылы сөйлескен ол «Қорғас» базарының ішіне енген соң көп өтпей «Самұрық» кешенінің алдында қытайлық бизнес өкілімен кездескендерін айтады. Арада бес минут өтер-өтпестен қастарына екі джип тоқтай салып, бірден екеуін ұстаған.

«Мені төрт Қытай азамты ұстады да, жерге жатқызып, қалтамдағы паспортымды алып шықты. Маған «Қазақстанға келгеніңе қанша жыл болды?» деп сұрады. «15 жылдан бері Қазақстан азаматымын» дегенім сол еді, паспортымды суретке түсіріп алды да, «жөніңе кет!» деп бұйрық берді. Ал өздері Асқар Азатбекті машиналарына басып алып, Қытай жаққа қарай құйғыта жөнелді» дейді О. Сұлтанәлі.

Тілшінің «Сіздерді ұстаған адамдар қай ұлттың өкілдері?» деген сұрағына: «Ханзу ұлтының өкілдері. Олар қытайша сөйледі», – деп жауап қатты.

Ол дәл сол шақта есі шығып кеткенін, машиналардың номерін көре алмағанын, ұстаған азаматтардың түріне де толық қарап үлгірмегенін айтады. Ол «Қорғас» базарындағы «Самұрық» кешенінің де Қытайларға жалға берілгенін жеткізді.

Асқар Азатбектің жеке куәлігі

Полицейлер ештеңе істей алмай отыр

Оразжан Сұлтанәлі досын ұстап әкеткен соң дереу шекаралық бақылау бекетінен өтіп, Жаркентке келген. Содан кейін Нұртай Төкеге мән-жайды айтып хабарласқан және сол күні кешке Жаркент полициясына барып, болған жағдайды баяндап, арыз жазған. Күйеу баласының ұрланғанын білген Нұртай Төке де ертесі Жаркент полициясына барып, бұл істің қатардағы кісі ұрлау қылмысы емес, халықаралық мәселе екенін түсіндіргенін жеткізді.

«Полиция бөлімінің басшысы бізді тыңдаған соң қасымызға арнайы бір полиция қызметкерін қосып, «Қорғас» базарына баруды бұйырды. Біздің қасымызда жүріп, нақты оқиға болған жерді көруге тиіс полицей мен арттарыңнан барамын деді де, күні бойы келмеді. Біз «Самұрық» кешенінің алдын торуылдап кеш батырдық. Содан бері жаркенттік полицейлер «Қорғас» базарындағы қытайлық әріптестерімізге сұрау салғанымызбен, олар ешқандай жауап қатқан жоқ. Күтіңдер!» деуден аспай отыр. Тым құрыса «Самұрық» кешеніне орнатылған төрт видеобақылады да көрмеген», – дейді. Ол «Самұрық» сауда кешенінің қожайыны қытайлар болғандықтан, ондағы видео жазбалар өшіріліп тастауы мүмкін дейді. Егер сол видеожазбаларды көре алса, онда Асқар Азатбекті ұстағандардың машина номерлерін білуге болатынын, сол арқылы Қытай тарапына сұрау салу мүмкіндігі туатынын айтады.

 

Кірген із бар, шыққан із жоқ…

Біз осы оқиғаға байланысты жаркенттік полиция бөліміне хабарластық. Өзін Мәди Ботамбаев деп таныстырған полиция қызметкері Асқар Азатбекті ұрлау фактісі бойынша 7 желтоқсан күні арыз түскенін растады.  Алайда, қытайлық әріптестеріне бұл оқиға бойынша ресми  хат жазғандарымен, ешқандай нақты жауап келмеген. Ол «Қорғас» базарының қазақстандық шекара бақылау қызметі арқылы Асқар Азатбектің 2017 жылы 7 желтоқсан күні сағат шамамен 16.30 мөлшерінде базарға кіргенін, бірақ сол күйі кері оралмағанын анықтағандарын, одан өзге ешқандай нақты ақпарат қолдарында жоқтығын телефон арқылы айтып берді.

ҚР Сыртқы Істер министрлігінің жауабы

Сыртқы Істер министрлігі не істей алады?

Нұртай Төке көп өтпей жергілікті адвокатымен кеңесу арқылы ҚР Сыртқы Істер министрлігі Алматы қаласы өкілдігі басшысына арыз жазған. Оған келген жауап хатта Н. Төкенің арызы  «бұл іс бойынша ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігіне (Бейжің қаласы) және Үрімжідегі паспорттық-визалық Қызметіне шұғыл түрде қарастыру үшін» жолданғанын хабарлаған. Жауап хат қолына тиісімен Нұртай Төке Үрімжідегі елшілік қызметкерлеріне де барып қайтқанын айтады. Олар да Қытайдың тиісті мекемелеріне осы іс негізінде сұрау салғанымен, ешқандай жауап ала алмағандарын, бұл оқиғаны бақылауда ұстайтындарын айтып шығарып салған.

«Содан бері Бейжіңдегі Елшілік қызметкерлерімен телефон арқылы сөйлесіп жүрмін. Олар Қытайдың Сыртқы Істер министрлігіне ресми хат жазғандарын, бірақ Қытайдың Сыртқы Істер министрлігі Асқар Азатбекті Қытайға алып өткені әрі кімдердің ұстағаны туралы ресми ақпарат жоқ болғандықтан, бұл істі қарастыруға ешқандай негіз жоқ деп жауап бергенін жеткізді. Қазірше осы оқиғаны өз көзімен көрген Оразжан ғана. «Самұрықтағы» видеобақылау жазбаларын көрсек, нақты дәлел болар еді» дейді Нұртай Төке.

 

«Жерасты түрмесінде отыр»

Күйеу баласын іздеген азамат Н. Төке қытайлық таныстары арқылы (олар аттарын атамауды сұраған) іздеу салып, бейресми ақпарат алғанын әңгімеледі. Оған жеткен ақпарат бойынша Асқар Азатбек ҚХР Шынжаң өлкесі Шапшал ауданындағы жерасты түрмесінде отырған болуы ықтимал.

«Естуімше, Шапшал түрмесі  қатаң режимдегі колониялардың бірі көрінеді. Ол түрмеге қамалғандардың дені аман шықпайды деген сыбыс бар. Асқардың денсаулығы да сыр беріп жүрген. Қан қысымы өте жоғары болатын. 2014 жылы Үрімжі қаласында жүрегіне операция жасатқан. Оның тағдырына қауіп төніп тұр ма деп алаңдаймыз» деген ол, ҚР Сыртқы Істер министрлігі нақты куәгерлерден жауап алып және «Самұрық» сауда кешеніндегі видеобақылауды дер уақытында тексерсе, оңды нәтиже болар еді деп үміттенеді.

 

Бұрын қылмысқа тартылмаған

Асқар Азатбек бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Нұртай Төкенің болжамынша, соңғы жылдары Қытайдағы қазақтарға түскен қысымды білген соң қызметін тастап, елге оралған. Асқар Қытайда әртүрлі салада мемлекеттік қызмет істегендіктен, Қытай билігі аяқастынан елден кетіп қалғаны үшін оның ізіне түскен болуы мүмкін. Бірақ Қазақстанға ешқандай сұрау салмаған.

«Егер оның әлдебір қылмысқа қатысы болған күннің өзінде Қазақстан азаматы ретінде халықаралық әрі екі ел арасындағы заңдарға сәйкес тұтқындауы тиіс қой. Нақты дәлел-факті бар болса, қазақстандық полицейлер арқылы ұстаса керек еді. Бұл жерде түсініксіз жайттар өте көп. Айдың-күннің аманында азаматтарымызды өзге елдер ұрлап кете беретін болса, біздің ел болғанымыз қайсы? «Қорғас» базарында шұбырып жүрген азаматтарымыз қалай уайымсыз өмір сүреді? Мұндай бассыздыққа тосқауыл боларлық қауқарымыз жоқ па?» деп күйінеді Нұртай Төке.

 

«Ендігі үмітіміз Президентте…»

«Мен күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Сыртқы Істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Кәрім Мәсімовке, ҚР Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаровқа, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедке арнайы хат жаздым. Жуық арада жауап келер деп күтіп отырмын. Еліміз Конституциясында:  «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді» деп тайға басқан таңбадай анық жазылған. Біз өз елімізде жүрген азаматтардан бұлай айырылатын болсақ, қалай ел боламыз?!  Мен Президенттен және барша қазақстандықтардан еліміздің бір азаматына араша түсуін сұраймын. Мемлекеттік билік Асқар Азатбектің тағдырына бейжай қарамайтынына сенемін. Бұл – бір қазақтың тағдыры емес, барша елдің тағдыры. Мемлекеттің атына кір келтіретін оқиға. Сондықтан жоғары лауазымды кісілерден Қытайға ресми сұрау жолдауын, Асқар Азатбектің бас амандығына кепіл болуын талап етемін», – дейді Нұртай Төке.

«Қала мен Дала» газеті бұл оқиғаны өз бақылауында ұстайтын болады. Асқар Азатбектің тағдырына қатысты қандай да бір жаңалық болса, оқырмандарға хабарлайтын боламыз.

Т. Өcкенбай

dalanews.kz 

32 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541