Сенбі, 20 Сәуір 2024
4490 27 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 10:11

Қырғызстан: Қазақстан шекарадан көліктерді өткізуді тездетті

2 желтоқсаннан бастап Қырғызстан шекарасынан Қазақстан аумағына екі жүзден аса жүк көлігі өткен. Бұл туралы Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Салқын Абдыкариева хабарлады.

- Таңертеңгі [жексенбі күнгі – ред.] сағат 9:30 кезіндегі мәлімет бойынша "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде 410 жүк автокөлігі кезекте тұр. Бірақ кеше кешкі сағат алтыдан бастап Қазақстан жағы оларды өткізуді тездеткен. Таңға дейін 225 жүк көлігін өткізген. Бұған дейін сағатына жеті-сегіз ғана көлік өтсе, қазір он бес-жиырмадан өтіп жатыр, - дейді Салқын Абдыкариева.

Оның айтуынша, Қырғызстанның Талас облысындағы "Чоң-Капка" өткізу бекетінде кезекте тұрып қалған 70-ке жуық жүк көлігінің барлығы Қазақстанға өткен.

Желтоқсанның 2-і күні Астанада Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің өкілдері келіссөз өткізіп, оның қорытындысы бойынша екіжақты экономикалық әріптестік мәселелері бойынша "жол картасына" қол қойған. Құжатта шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екіжақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шара қамтылған. Оның ішінде жедел сипаттағы 16 шара, сонымен бірге 5 қысқа мерзімді және 29 жүйелі шаралар енгізілген.

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап кеткен еді. Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін контрабандамен күрес шарасы деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеген.

Кей сарапшылар Астананың мұндай шараға баруын сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың "Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен байланыстырған.

Abai.kz

27 пікір