Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Міне, әңгіме! 2770 0 пікір 14 Қараша, 2017 сағат 02:45

Алматыда 1450 спорттық нысан халыққа қызмет етеді

«Үздік спорттық өңір» үміткерлер қата­рындағы (республикалық дең­гей­дегі қала, облыс Дене шынықтыру және спорт басқармалары) Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқар­масына 2016 жылдың тамыз айынан Дөң­баев Әбіл Бекет­ұлы басшылық етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті  «Ха­бар» агенттігі­мен бірлесіп ұйымдас­тырған байқау 2017 жылдың 28 қара­шасына дейін жалғаса­ды. Дауыс беру http://www.olympіc.kz ресми сай­тында  келесі номинациялар бо­йын­­ша өтуде: «Жазғы спорт түрлері­нен үздік спорт­шы», «Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшы», «Үздік жас спортшы», «Жазғы спорт түрле­рінен үздік бапкер», «Қысқы спорт түрлерінен үздік бапкер», «Олим­пиа­далық спорт түрлерінен үздік спорт­тық федерация», «Үздік спорттық өңір» (респуб­ликалық деңгейдегі қала, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармалары), «Жыл жаңалығы», «Үздік жыл командасы».

Алматы әкімдігі спорт басқармасымен бірлесе отырып, жылдың басынан Алма­тыда 2,5 мың спорттық шара өткізі­ліп, 400 мың адам қамтылған. Атап өтсек, осы жылды біз әлемнің 57 елінен 2,5 мыңнан астам делегаттың қатысуымен 28 Қысқы Универсиада ойындарымен бастадық. Ел тарихындағы ең ауқымды спорттық дода болған Универсиаданың өтуіне жалпы жұртшылық, спортшылар мен халықаралық сарапшылар оң бағасын берді. Сонымен қатар, «Алматы туры», «Әлем Барысы», Шым­бұлақта өткен «Тау және спорт фес­тивалі», «Ұлы дала ойындары», футзалдан Еуропа чемпионатына іріктеу және УЕФА кубогының төрттік финалы және т.б. өткі­зілді. Орталық Азияда ең ауқымды бұқа­ралық спорттық шаралардың бірі де бірегейі 20 мың адамның қатысуымен өткен «Алматы марафоны» болып табылады.

Өткен жылы бұқаралық спортты дамы­ту және насихаттау мақсатында «Спорттық Алматы» жобасы іске қосылған. Осы жылдың басынан аталмыш бағдарлама аясында бұқаралық және спорттық  мың шара ұйымдастырылып, жалпы, оларға  жүз отыз бес мың қала тұрғыны қатысқан. Жыл­дан-жылға спортпен шұғылдану­шы­лар саны өсіп келеді. Мәселен, 2014 жылы олардың саны 26,5 пайызды құраса, 2016 жылы 29 пайызды, яғни жарты миллионнан көп адамды қамтыды. Осы жылы іске қосылған «Спорт менің ауламда» жобасы аясында қазіргі таңда 600 ауладан 75-і таң­дап алынып, жұмыс істеуде және 6 аудан бойынша 6000 бала  спортпен айналысады. Тәжірибелі бапкерлер аптасына 6 күн, 2 мез­гіл, жалпы, күніне 2 сағат жұмыс істей­ді. Ал демалыс күндері, аула командалары арасында спорттық  шаралар өтеді.

Жалпы, Алматыда 1450 спорттық нысан халыққа қызмет етеді. «Туған жер» бағ­дарламасының аясында, Алатау ауда­нында ашық жеңіл атлетика жаттығу ста­дионы ашылды, сондай-ақ, «Мамыр» тен­нис орталығы, Орталық стадионның қосал­қы алаңын жөндеу жұмыстары жүргізі­луде. Келесі жылы Медеу ауданында 5 мың орын­ға арналған жеңіл атлетикалық манеж­дің құрылысы жоспарланған. Соны­мен қатар, Елбасы тапсырмасымен, Уни­версиада аясында «Халық Арена»  және «Алматы Арена» атлетикалық  ауылы сияқты бірегей ғимараттар бой көтерді. Жыл басында өткен дүбірлі дода – Уни­версиада үшін салынған нысандар да бүгін­де жұртшылық үшін қызмет етуде. Олар ірі мәдени және спорттық шара­лардың, сонымен қатар, хоккей, коньки тебу және т.б. қысқы спорт түрлерінің орта­лығына айналуда. Оқушылар мен студент­терге 50 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Өткен маусымда Медеу мен Шымбұлаққа 800 мыңға жуық демалушы келген. Яғни күніне 10 мыңға жуық адам тауға шығып, шаңғы тепкен. Өткен жылы 290, ал осы жылы 470 балалар, шағын футбол  алаңдары құрылған.

Тәжірибеге сүйенетін болсақ, ұлттық спорт түрлерінің басым бөлігі ауылдық жерлерде қарқынды дамыған (ат спорты түрлері, жекпе-жек және т.б.). Айта кетсек, алматылық ипподромда ұлттық спорт түрлері қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және т.б 121 шара өткізілген.  2016 жылы күнделікті осы спорт түрлерімен айна­лысушылар саны 15 пайызға, 2,6 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінеді, олар саны 2,5 мыңнан астам адамды құрайды. Осы бағытты қаржы­ландыру 18 па­йызға  өсті.

Жалпы, Алматыда 117 спорт түрі дамып келеді. Олардың: 38-і – жазғы Олимпиада спорт түрлері, 12-і – қысқы Олимпиада спорт түрлері және 67-і – Олимпиадалық емес спорт түрлері.

Осы жылы Алматы командасы ІV Жастар ойындарында бірінші орынды иеленсе, сондай-ақ, 2016 жылы мектеп және колледж оқушылары арасында өткен Спартакиадада жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді.

Жылдың спорттық жүлдесінің қоры­тындысы салтанатты түрде қарашаның 30-ы  күні  өтеді.

Нұрлан Сүйін

Abai.kz

0 пікір