Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 4408 1 пікір 28 Қараша, 2017 сағат 08:28

Мұзағаммен қоштасу

Қазақтың қабырғалы қаламгері Мұзафар Әлімбаев 94 жасында бақиға аттанды. Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы ақынның туған-туыстарының, жақындарының, жалпы қазақ оқырмандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Жаныңыз бейіштен орын алсын, Мұзаға! 

Ұстаз  еді  баулыған  өнерге елді,

Жаңбырынан жас өркен кенелген-ді.

Желе жортып жыраққа кеткен кие

Қайта айналып Ертіске келер ме енді?..

 

Ақындар көп биікке барам  деген,

Ол  –  құзартта,

Біздерге  қалар белең...

Мұзағамды аңсаумен сыңсиды әлі

Маралды көл, Маралды ән, Маралды өлең!

 

Тоқсан төрт жыл ел-жұртын аралап кеп,

Ол тоқтады «Осыған қанағат» –   деп.

Сонсын, жүген, ноқтаны төріне ілді,

«Жыр пырағым  –  қазаққа аманат!»  –  деп.

 

Желге ұрынып  сарыала жапырағым,

Жүрегімді жұлмалап жатыр ағын!

Келіп тұрмын Кеңсайға

Маралдының

Түйіп алып бір уыс топырағын...

 

Біз  – пендеміз, ол рух боп алыстады,

Біз  –  жердеміз, нұр енді  ол ғарыштағы.

Кеңсайда осы

Келгенше Ақырзаман

Аманат боп қалсыншы абыз тәні!..

Арман ҚАНИ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Abai.kz

 

 

 

 

 

1 пікір