Сәрсенбі, 16 Қазан 2019
Дін мен тін 2849 14 пікір 27 Қараша, 2017 сағат 10:37

Зайырлы мемлекет мұсылмандық рәсімдерге қарсы емес!

Бүгінде елдегі өткір тұрған тақырыптардың қатарында зайырлылық мәселесі тұр. Республикалық және аймақтық ақпараттық түсіндіру топтарының да жиі халыққа түсіндіріп жүргені осы зайырлылық турасында. Себебі мемлекет пен дін қатынасын ұғынуда осы зайырлылықты дұрыс түсіну қажеттігі сезілуде. Зайырлылық ұғымы алғаш батыста пайда болды. Орта ғасырларда католик шіркеуі өте ықпалды болып, діндар емес халыққа және мемлекетке қысым көрсетті. Осы қысым шегінен асқан уақытта бұқара халық шіркеу мен діндарлардың қысымын азайту үшін олармен ұзақ күрес жүргізіп, соңында жеңгені мәлім. Батыста шіркеу мен мемлекет, діндар мен діндар емес әлеуметтік топтар арасында ықпал мен күш тепе-теңдігін қамтамасыз еткен зайырлылық түсінігі осындай жағдайлардан кейін орнаған. Осы себепті батыста мемлекеттің діннің тегеурінді ықпалынан арылғысы келуінен, қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті қалауынан туындаған.

Зайырлы мемлекет кез келген дінге бейтарап ұстанымда болады. Белгілі бір дінге басымдық берілмейді. Яғни ресми дін болмайды. Мемлекет қандай да бір дінге тәуелді болмайды. Дін де мемлекеттен тәуелсіздік сезінеді. Ел азаматтарының ар-ұждан мен діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіледі. Бірақ әр адам өзінің ерікті таңдауымен қалаған дінді ұстануға, тіпті ешбірін ұстанбауға да құқылы болады. Мемлекеттік білім беру мекемелері, мектептер және құқықтық жүйе қандай да бір діннің ықпалында болмайды. Осы ерекшеліктерді саралай келе «зайырлылық» түсінігінің мынадай сипаттамалардан тұратынын айтуға болады:

▪ бейтараптық (мемлекет пен мектептер),

▪ тәуелсіздік (мемлекеттің діннен және керісінше),

▪ еркіндік (ар-ұждан және діни сенім).

Дей тұрғанмен зайырлылықты атеизммен шатастыру қате. Атеизм өзіміз де бастан кешкендей дін атаулыдан түбегейлі бас тартуды, Құдайды мүлдем мойындамауды білдіреді. Сол себепті де Кеңестік кезде дін апиын деп түсіндіріліп, дін қызметкерлері имамдар мен шіркеу қызметкерлері жаппай қудаланған болатын.

Қазақстан Республикасының Ата заңы мемлекетіміздің зайырлы екендігін айқындайды. Ата заңның 1 бабының I бөлімінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп  көрсетілген.

Бүгінде республикамыз өзін әлемге көп ұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет ретінде танытуда. Қазіргі ахуалға көз салар болсақ, 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестік бар. Олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін бар қажетті жағдай жасалған.  Республикада жалпы саны 3464 ғибадат үйі тіркелген. Олардың 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 294 православие, 109 католик шіркеуі, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 “Кришна санасы” қоғамы және Бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елдегі дін ұстанушыларының 70 пайызы мұсылман сенімінде болуына байланысты 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты республикалық діни бірлестіктің меншігіне кіреді.

Бүгінде республикамызда мұсылман жұртшылығының дінді ұстануына елеулі жағдай жасалған. Астана қаласында Нұр Астана, Әзірет Сұлтан секілді сәнді әрі кең мешіттер бой көтеріп, жыл сайын бес парыздың бірі қажылық сапарына екі жарым мыңдай адам қажылыққа аттануда. Намазын өтейтіндер санының артуына байланысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әуежай мен вокзалдар секілді халық көп жүретін орындарда намазхана мәселесін реттеуді қарастыру үстінде. Ораза ұстаушы мұсылмандар қатары да жыл сайын артып келеді. Мешіттерде бүгінде ауызашар беру қалыпты үрдіске айналған. Құрбан айт мерекесіне демалыс күні жарияланып, мұсылмандардың құрбан шалуына және айттауына мүмкіндік берілген.

БАҚ та да мұсылманшылықты дәріптеуге арналған бірқатар теле және радиохабарлар тұрақты берілу үстінде. Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасы негізінде баспалардан діни әдебиеттер де жиі жарық көріп келеді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңның преамбуласында мемлекет сунниттік, Ханафиттік бағыттың тарихы рөлін мойындайтынын баса көрсетті.

Жастардың мұсылманшылыққа қызығуына байланысты арнайы медреселер мен жоғарғы оқу орындарында да исламтану мамандығын алу қарастырылған. Жыл сайын оған бөлінетін мемлекеттік гранттар көбею үстінде. Қазіргі уақытта Алматы, Астана, Қарағанды, Түркістан секілді қалаларда, белгілі жоғарғы оқу орындарында исламтанушы мамандар даярлану үстінде. Бұған қоса, бірыңғай исламдық білім беретін медреселердің бірқатары колледж деңгейіне көтерілді. Тіпті қазіргі уақытта отандық исламтанушы, дінтанушы мамандардың қалыптасып үлгеруіне байланысты Нұр Мүбарак Ислам мәдениеті университетін бірыңғай қазақстандық ету ісі қарастырылуда.

Дәстүрлі дінді ұстанған қыз-келіншектердің де қоғамдық орындарда орамал тағып жүруіне тыйым салынған емес. Ал енді мектептерде орамал салуға және оқушылардың сабақ уақытында жұма намазға баруына рұқсат етілмеуі секілді кейбір тыйымдарға келсек, оларды мұсылманшылыққа мемлекеттің қысым жасауы деп қарастыру қателік. Бүгінде елдегі ислам жағдайына тұтас қарар болсақ, тағут деп мемлекетке жауығушылардың орасан қателікке бой алдырғанын ұғамыз. Сондықтан зайырлы мемлекетті мұсылмандық рәсімдерге қарсы деуге келмейді. Елбасымыз Н. Әбішұлы айтқандай, «Ислам біздің дініміз ғана емес, ол біздің мәдениетіміз де», «Біз мұсылман әлемінің бір бөлшегі екенімізді әрдайым мақтаныш етеміз, бірақ біз заманауи зайырлы мемлекет қалыптастырып жатқанымызды ұмытпауымыз керек».

Құдайберді Бағашаров 

Abai.kz

14 пікір