Жұма, 19 Сәуір 2024
Тұлға 8213 22 пікір 24 Қараша, 2017 сағат 10:09

Ақсуаттан ат суарған Ақтаңгер

Сурет Азаттық радиосының сайтынан алынды

Тәуелсіз Қазақ Елі Парламентінің тұңғыш төрағасы,

ғұлама ғалым, ұстаз, саясаткер, биыл 80 жылдық

мерейтойын атап өткелі жатқан

Серікболсын Әбділдәұлы ӘБДІЛДИНГЕ

 

Ақсуат

…Ағып жатыр сансыз бұлақ бас құрап,
Жайқалады су бойында жас құрақ,
Біздің Секең, Серікболсын ағаның
Туған жері, өскен жері Ақсуат.

Бұл өңірде жаз айында күн ыстық,
Ақсуаттан ақтарылған ырыс, құт.
Бұл қазақта сан мыңдаған жер аты,
Ал Ақсуат — Секең үшін тым ыстық!

Көз талады мұнар, мұнар, мұнардан,
Балапандар бір арманнан — бір арман.
Бір заманда Қаракерей Қабанбай
Қубас атын Ақсуаттан суарған.

Ақсуаттан мейір шөлі қанса да,
Басын шұлғыр сәйгүліктер тамсана.
Алмас қылыш — Ақтамберді жырау да
Ақсуатқа ат шалдырған қаншама.

Бұл Ақсуат көрді небір ерлерді,
Ерлер өткен жерге гүлдер өнгенді.
Көкжал Барақ жауын осы өңірде
Бір заманда ойсырата жеңгенді.

Бұзылмасы үшін шырқы жұртының
Ел қорыған ерлер алмай бір тыным,
Би Боранбай, Қу дауысты Құттыбай,..
Осы өңірде даңқын жайған ұлтының.

Іздеуменен Ақиқатты Алдаспан
Сан мың жылдар бір-бірімен жалғасқан.
Алтай менен Тарбағатай таулары
Осы өңірде бір-бірімен жалғасқан.

Салған бабам талай рет жатқа ойран,
"Ақсуат" деп жақсы ырыммен ат қойған.
Осы өңірде Көк Түріктің ұрпағы —
Көкбөрілер Шин еліне лап қойған.

Тұрғанымен алтын күні орында,
Жаңа туған қиық ай жоқ солында,
Сол жауынгер Көк Түріктің көк түсті
Көк Байрағы қазағымның қолында.

Жаратылған кілең игі тілектен,
Атқа қонған "халқым!" деген жүрекпен,
Бұл өңірден шыққан ерде есеп жоқ
Туғанынан Ақиқатты ту еткен.

Қатар қойған даласы мен тауларды,
Тік ұстаған Ақиқатты, Арманды,
Бүгіндері қазақ, орыс, басқа ұлт та
Шындығы үшін құрмет тұтқан жан бар-ды…

Аты-жөні — Серікболсын Әбділдин,
Атқа қонған жазуымен тағдырдың.
Аз да болса білу үшін бірдеме
Ақсуатқа мен де атымды шалдырдым…

 

Желтоқсанның жарасы…

…Жас кезінен өзін мықтап қолға алды,
Оңашада тоқсан рет толғанды.
Сәкең жастан жер қадірін білетін,
Содан оқып, жер маманы болғанды.

Басқа әңгіме — жерге барын берді ме,
Басқа әңгіме — игілігін көрді ме?..
Таңдап алған мамандығы бойынша
Басқа әңгіме — қиындықты жеңді ме?..

Ұстаз болды, ғалым болды белгілі,
Болған да емес ала бөтен ерлігі.
Шыққан емес, бірақ оның ойынан
Соңғы кезгі қалжыраған ел мұңы.

"Болдым!" десең, тағы да арман көктейді,
Жетіп тұрып, тағы бір іс жетпейді…
Мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы
Сол оқиға көз алдынан кетпейді…

Екі жүзді саясатты кім көрді?
Адам шошыр бір сұмдықты білгенді…
Ізі суып үлгермеген Желтоқсанда әйгілі,
Ол Мәскеуде қызметте жүргенді…

Ұлт намысы тапталатын табанға,
Жазықсыздан қан төгілген Алаңда.
Бірақ түнде бүкіл қазақ тап болған
Қалай, қалай, сұрқай, сұмдық заманға?..

Бәрі есінде сол азапты күндердің,
Жан азабы сол азапты түндердің,
Қазағының сол жастары бейкүнә
Қолыменен сорлағанын кімдердің?

Қиып түскен қазағының арманын,
Болған істің егжей-тегжей бар мәнін,
Тақ таласы, бақ таласы жолында
Ол сезгендей кімдер айдап салғанын?

Жаңа Алаңнан қара түнде қарлыға,
Жастар үні жеткендей ме зарлы да…
Бақ таласы, тақ таласы жолында
Құрбандыққа ұлтын шалғандарды да,

Бірін-бірі бірден сатқандарды да,
Індеріне кіріп жатқандарды да,
Қазағымның боздақтарын Алаңда
Шолақ күрек алып шапқандарды да,

Бірін-бірі айдап салғандарды да,
Артта бұғып үнсіз қалғандарды да,
Лаулап жанған намысының отына
Өз-өзімен күйіп жанғандарды да,

Жаңа Алаңда салған ойрандарды да,
Алып пара тоймай, тойғандарды да,
Алғаш білген кімнің — "кімдер" екенін,
Жазалауға қолын қойғандарды да?..

Ол өртене жаздағанда намыстан,
Оңашада ойларымен алысқан…
Осындай бір том-том Іспен — құжатпен
Секең солай Мәскеу жақта танысқан.

Бұл сұмдықтан ол жағасын ұстаған!..
Ел намысы — ердің бойын қыстаған.
Содан кейін селқостықтың барлығын
Өз бойынан бірден жұлып тыстаған.

Адам емес деп мақтанған: "өстіп ем…"
Ойлап тұрсаң шығатын сөз естіден.
Ана бір жыл Сыр бойында Секеңнің
Өз аузынан бұл жайларды естігем…

Жанға батқан ұлтқа жапқан жаласы,
Көз алдында қансыраған даласы…
Әлі күні сыздатады өн-бойын
Аузы бітеу Желтоқсанның жарасы…

 

Тұлпар-мінез

…Содан бері жайды көрді ол көптеген,
Сол бір сурет көз алдынан кетпеген.
Қай заманда Ақиқаттың жолы ауыр,
Қандай Жеңіс оңайлықпен жетпеген.

Қазір сондай жас емесін біледі,
Кейде аңсайды тыныштықты жүрегі.
Тәуелсіздік алған мынау жас елі
Жақсы болып өркендесе — тілегі!

Бұл өмірден көрді талай сынақты,
Арықтардан көрді талай су ақты,
Ол Шындықты айтқан кезде қашан да
Жарқ етеді алмас қылыш сияқты!

Ел мүддесі — Секең үшін басты арман,
Оның жолы осы арадан басталған.
Ана жылғы ең алғашқы ең еркін
Қалаулылар Кеңесін де басқарған.

…Бері ағатын өзен кенет ары аққан,
Дауыл тұрған әлде қайдан, тараптан…
Еркін ойлы сол Кеңесті бұл билік
Ескертпестен бірақ түнде таратқан.

Басын шұлғып, қолпаштаған, қолдаған,
Бір адамға табынар күн орнаған.
Содан былай Тәуелсіздік аспанын
Сенімсіздік бұлты басып, торлаған.

Күн күркіреп ашық күнде аспаннан,
Қарсы шыққан абақтыға тасталған.
Елдің көзін бақырайтып қойып-ақ
Ел байлығын жаппай тонау басталған.

Қателіктер кетіп жатыр көптеген,
Жол жабылған озық ойға ептеген.
Ал елінде қандай сайлау болса да
Бірде-бірі оның әділ өтпеген…

Ақсақал жас… Бәрін, бәрін ойлайды,
Оңашада қалың ойға бойлайды.
Ел халқының әрі-сәрі күй кешкен
Жағдайы да жанға батпай қоймайды…

Қашан да оның қиналғанмен жаны бір,
Атты тағы көкжиектің таңы нұр.
Арқалаған Сенім менен мол Үміт
Туған жерге көктем келді тағы бір.

Көк біткенді шуағымен бүрлеткен,
Қонып жатқан ұлы думан, дүрмекпен,
Көңіл шіркін таңнан күткен нәсібін
Болар ма екен бір ерекше бұл көктем?..

Біреу — қарсы, біреу — оны қолдаған,
Өмір жолы — бастан түзу болмаған.
Ұзақ жолда жалғыз емес әйтеуір,
Жетіп жатыр бала-шаға, дос-жаран.

Қай уақта да күрес жолы – ауыр жол,
Тыныш емес, буырқанған дауылды ол.
Бір үмітпен қарайтындай өзіне
Ел жақтағы бір қаншама қауымды ел…

Сөзі, ісі — ақын жазған өлеңдей,
Інісі бар, серігі бар Төлендей.
Әкежан мен Ғалымжандай қос іні
Ат шалдырып, әне, міне, келердей…

Заманбек те, Жармахан да інілер,
Әр қайсысы бір-бір тұлға — ірілер.
Алтынбегі, Болаты мен Оразы,
Олар барда түн түнегі түрілер.

Олар барда таңы күліп атқандай,
Іргесіне жұрт кеп қонып жатқандай.
Зәуреш пенен Бақытгүлдей қос қызы
Қос келіні — Қарлығаш пен Мақпалдай…

Бұл өңірде еңістер бар, өрлер бар,
Босаға бар, құрметтейтін төрлер бар.
Амангелді, Әміржан мен Ермұрат,
Тағы қанша ер көңілді ерлер бар…

Бірлік керек — өкпелейтін кез бе еді,
Жаба алмайсың шын ойыңды көздегі.
Оңай емес, бәрін тізіп шығу да
Саралайды тарихтың безбені.

Ол да тұлға – сәл саяқтау Балташ та,
Өзінше боп күмпиген соң әр қасқа,
Деп ойлайды: "шаршаған-ау, қажыған,
Айғайлау мен тіл қатпайтын жар тасқа?.."

Күндерді ойлап, жайбарақат шуақты,
Қиялымен жақындатар жырақты,
Ойландырған Әлиханның жайы да,
Кейде бәрін ұғу қиын сияқты…

…Бұл адамзат Ақиқатқа жете ме,
Жеткізбестен өмір желіп өте ме?
Ақсуаттан ат суарған ақтаңгер
Жарасады-ау тұлпар-мінез Секеңе…

Жұмаш КЕНЕБАЙ

Abai.kz

22 пікір