Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 8266 4 пікір 21 Қараша, 2017 сағат 15:24

  Ілия Жақанов. Таңғажайып  махаббат

 

 (Лирикалық эссе)                              

1988-жыл. 15-тамыз.

Аспан теңіз бетіндей көкпеңбек. Тұп-тұнық. Алатаудың көк торғын етегі мұнарсыз мүлгіп,  көкке шаншылған шыңдары шаңқиып тұрды.

Таңғы серуеннен келіп,  үйге кіре бергенім сол еді, телефон шылдыр ете қалды.

-Алло, тыңдап тұрмын, сізді…

-Бұл –Фрунзеден. Мен Жәлел Садықов...

-Ә, Жәке! Сәлеметсіз бе?

-Сәлем, Илья! Ильке, мен Қырғызстан мәдениет министрлігінен… осында бас редактормын ғой. Бізде СССР халық артисі, Қырғыз ССР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері  Асанхан Жұмахматов деген кісі бар емес пе, өзіңнің досың, сол Асекеңнің  бір сәлемін айтайын деп…

-Иә, Жәлел!

-Бүгін Фрунзеде… кешкі сағат жеті отызда  Тоқтағұл Сатылғанов атындағы филармония залында  “Шыңғыс Айтматов және  музыка” деген  әдеби-музыкалы кеш өтеді. Афишалары біраз күннен бері ілулі тұр. Концерттің екінші  бөлімінде  “Жәмила”, “Қызыл орамалды шырайлым, менің” повестері бойынша жазған төрт әнің  орындалады. Осы концерт жайында Асекең Алматыға барған бір сапарында өзіңмен ақылдасып, келісіпті.

-Ондай әңгіме болған, Жәке.

-Бұл - Шыңғыстың алпыс жылдығына орай өткізіліп жатқан мәдени шаралардың бірі ғой. Өзіңе  екі-үш күннен бері  үзбей телефон соқтық. Үйде болмадың.  Енді ғана сәті түсті. Білем, уақыт тығыз. Келгенің жақсы. Күтеміз.

Мен еш ойланбастан: -Барамын, Жәке, -дедім.

Қырғыздың өзіммен дос-көңілдес көрнекті ақыны, драматург Жәлел Садықовпен арадағы бәтуәлі сөз осылай болды.

Біз тез жиналып, кіші ұлым Данияр мен жеті жасар немерем  Әлияны алып, өзіміздің “Волгамен” жолға шықтық. Сергек сезімді, жарқылдаған  Данияр:  “О, здорово, Шыңғыс Айтматовпен жүздесеміз! Мен  - Даниярмын ғой! Шыңғыстың Даниярымын! Ал, біздің Алюшка Шыңғыс ағамен бірге суретке түседі, телевизорға шығады!” деп қатты қуанды. Адам мұндай сәтте толқиды, кейбір жайды еске алады. Мен  зал лық толған үлкен концертті елестеттім.  Сан-саққа жүгіріп, шарқұрған  қиялым мені  Фрунзеге қарай әкетіп бара жатты…

 

Даниярдың әні

“Жәмила” повесінде  Жәмиланың қайнысы Сейіт: “Ар- дайым бир  жакка жол жүрөрдө мен ушул алкашы жөнекей жыгаштан жасалган сүрөттүн алдына келип турам. Мына  ертең  де айылға жөнөймүн. Сүрөтту карап, мен андан жолума  ак тилек  бата алып жаткан өңдүү, аны көпкө тиктейм”, -  дейді.

Сейіт суретші еді. Сейіт Жәмила мен Даниярдың суретін салса, мен бұл  екі ғашықтың махаббат әнін жаздым! Махаббат әні! Әр кез  Фрунзеге, қырғыз еліне жолым түседі. Сонда  сапарға шығар алдында  мені де  сол өз әндерім  толғанысқа салып,  қилы-қилы  ойларға жетелейді.

Міне, мені өткен күндер елесі елеңдетіп, жол үстінде  ән тербетіп келеді.

Қалай шығып еді, сол әндерім?

1959-жылдың тамыз айы.

Университетті бітіріп, “Қазақстан пионері” газетіне қызметке тұрып, аз күнге елге келгем-ді. Біздің ауыл жылда өздерінің қонатын жайлауы - суы кәусар Көлме-Көлдің жағасында отырған-ды.

Қаратаудың  батысқа қарай созылатын көп сілемі бар. Соның бірі -Ақтау. Ақтау  біздің ауылдың тұсында биіктейді. Оның күн жеп, жел мүжіген  қызылқоңыр  кереге тастарын жарып шығып, алтын сәулесі алуан түспен құбылып, жамырай жүгірген  күміс үнді бұлақтары  осы Көлме-Көлге кеп құйылады. Жан-жағы сірескен қара жартас, жаратылыс өзі  шегендеп тастаған Көлме-Көл бірде сұлудың көзіндей тұнып,  мөлдірейді,  жатады керіліп, бірде толқиды көбік шашып. Балалық кез, жастық дәурен,  беймаза жүрек ұйықтатпайтын айлы түндер… бәрін еске салатын Көлме-Көл, бұл! Сылаң қаққан аққу, қазы жарқылдаған қиялым боп жан тербейтін Көлме-Көл, бұл! Алғашқы жүрек жарды әнімнің алабұртқан толқындай қызулы лебін берген Көлме-Көл, бұл!

…Кіші бесін кезі. Үйде кітап оқып отырғам-ды. Күн қызуы қайтқан шақ. Тау жақтан қоңыр салқын леп білінді. Сапырылған толқын үні естілді. Көл шуы, ол! Еліктірді. Дәл осы кезде  сырттан таныс үн  шықты. Бізбен туыс Нұрғали ағай! Менен төрт-бес жас үлкен. Өзі  мұғалім. Тарихшы, әдебиетші. “Тірі Тәттімбет!” Домбырасы адамша “сөйлейді”. Сөзге тұйық, көп үндемейтін тұңғиық жан.

-Илья, көлді аңсаған шығарсың, -деп ол күле сөйлеп үйге кіре берді.

-Иә, -деп Нұрғалимен қуана қол алыстым.

-Сейілдеп қайтайық,-деді ол қолындағы ескі журналға үңіліп, - қымыз бар ма?

-Отырыңыз, Нұреке.

Екеуіміз бір-бір тостаған қымыз іштік. Сыртқа шығып, үй іргесіндегі көлді жағалап кете бардық.

Нұрғали соғыстан кейінгі жылдары Алматыда КазПИ-дің жанынан ашылған  екі жылдық мұғалімдер  курсын бітірген-ді. Арада біраз жыл өткен соң ол  сол институттың  тіл-әдебиет факультетіне  сырттай оқуға түсті. Осы өткен шілдеде Алматыда болып, кезекті  сессиясын тапсырып қайтқан-ды.

Нұрғалиға  көзімнің астымен қарап қоям. Ол әлденеге іштей толқулы. Біз үн-түнсіз көл жағалап біраз жүрдік. Бір кезде төбемізден жалғыз аққу ұшып өтті. Нұрғали оған ұзақ қарады. Мұңайды. Дел-сал. Қабағында кірбің. Ол енжар көңілмен: -Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты жүздестіре алдың ба? Астанада жүрсіңдер,  -деді, -шіркін-ай, өзімен бір тілдесер ме еді!

Мен күтпеген сауал. Бірден не дерімді білмей бөгеліп қалдым. Ол  әб-сәтте ғайып болған аққудың соңына  сарыла қадалды. Оның осы бір қобалжулы  кейпіне таңғалып, біреулердің:  “Нұрғалиды  езіп бара жатқан не ой?” дейтін сөздері есіме түсті. Әкесі Асан атамыз  ел - жамағатқа сөзі өткен, аса ықпалды,  салт жөнін мықты ұстаған, өз дегені болған,  жуантұғыр, мығым жан еді. “Өзіміздің ескі сүйек… өзіміздің  Алсайдың қызы!” деп жалғыз ұлы Нұрғалиды  ай-шайға қаратпай, жар таңдатпай, жап-жас қалпында  Рахима жеңгемізге  үйлендіріп қойған-ды.Үш ұл, бір қызы бар. Бірақ,  Нұрғали салқын… қабағы қатыңқы жүреді.

Нұрғали: - Шыңғыстың Данияры! Оның жүрегі! –деді сәл ғана күлімсіреп.

Сөйтті де ол қолындағы  журналдың беттерін аша бастады. “Алатоо”  журналы… әбден ескірген, кей жері сызылған, кей тұсына  леп белгісі қойылған; біраз беттері жоқ, жыртылған. Түбі қайта түптелген. 1958-жылғы  оныншы саны.

-“Обон” деген повесть.

-Нұреке,  “Жәмила” ғой бұл!

-Иә, былтыр осы  повесть “Новый мир” журналының сегізінші санында жарияланыпты. Ол қолға түспеді. Алматы жұртшылығы оқып, дуылдасып жатыр екен. Іздедім. Таптырмады. Жоқ, біреудің қолынан көрдім де, бірақ, иесі бермеді.   Орысшасы мықты деседі. Мына “Обонды” осы сапар Фрунзеден алдым. Әйтеуір оқып үлгердім. Ал, менен кейін оқығандардың ісін қара, кей бетін жыртып әкетіпті.

Нұрғалидың қыз реңіндей жұмсақ, ұяң өңіне дыз етіп қызыл нұр ойнап шыға келді. Анау-мынауға былқ етпейтін жанның шарасы кең жанарынан ұшқын білініп, ол  тепсіне тулаған бұла сезімін зорға тежеп, жай ғана толқыған көлдің ақ жолақ боп тартылған  алыс шетіне  тебірене қарап: -Қызық екен, -деді ол мырс етіп, - бәрінің аты  өзгерген. Адам аты, жер аты… Шыңғыс оны өзінше атапты. Біздің ауылда болған жайды ол кімнен естіген? Кім жеткізген Шыңғысқа оны?

Нұрғалидың бұл сөзіне мен іштей таңғалдым да қойдым.

Осы әңгімеден кейін адамға сыр аша қоймайтын томырық жан маған үйіріле берді. Онымен бір сұхбатты күндер басталды.

Шіркін,  салқын самалы лып-лып еткен жайлаудың айлы түндері! Нұрғали екеуіміз күнде көл жағасында ұзақ қыдырамыз. Көлме-Көлдің айдыны қалайыдай жалтырап, жай ғана шымырлап жатады.

Сондай бір тып-тынық мақпал түн…

Көк жүзінде  жақұт шашылғандай… жұлдыздар! Толықсыған алтын Ай! Үнсіз ғана демін алып, тау қалғиды.

Ауыл жақтан сызылып ән естілді. Түн тыныштығын бұзбайтын бір ұяң, биязы үн. Нұрғали көлге  төне қарап тұрып: -Тыңда… тыңда! –деді селт етпей ұйып, -бұл ән біздің ауылда баяғыдан бері айтылады. Оны өзің білесің. Тыңдашы:

Жайдың бир гана толук кезинде,

Адырлуу  ғана тоонун бетинде…

-Шыңғыстың “Обоны” оқыла бастағалы бері біраз саябырсыған бұл ән қайта жаңғырды. Қалиқа, Сәбиға, Бәтималар… осы шешелерің, жеңгелерің салған ән. Сен соғыс жылдарында кішкентай   баласың. Біз есейіп қалған едік. Көп жай есімізде.

-Біз де көрдік, кейбір жайды, Нұреке.

-Иә... Шыңғыстың мына шығармасын оқыдың ба, өзің?

-Оқыдым. Орыс тілінде.

-Сол жылдар келді ме көз алдыңа?

Мен үнсіз ғана бас изедім, сол өмір жалт-жұлт еткен елес боп.

-Соғыс мезгілін жазушылар көп жазды, Илья. Оқыдық біразын. Қызықтылары бар, әрине. Бірақ,  Шыңғыстың “Жәмиласындай” кітап жазылмапты.  Өзі  пышақ жүзіндей ғана, жұп-жұқа.  Жан-жүректі тербейтін бір ыстық тебіреніс. Біздің ауылдағы болған өмір… таңғалам осыған. Иә… иә, сол  сұрапыл жылдарда мына маңқиып тұрған тау қойнауы азалы үнмен  күңіренді. Көлме-Көл ыңырана сыздады. Ел жылап жатты. Сол жылап-сықтаудың ара-арасында  күлкі де тиылмады. Күлкі шапағы күн сәулесіндей ойнады. Менімше ол - қайғыны, бақытсыздықты жеңетін махаббат па, қалай ойлайсың, а, Илья? Шыңғыстың көзі! Қалай көреді, а? Шыңғыстың жүрегі! Қалай сезеді, а? Шыңғыстың толғанысы! Төгіліп тұрған ақынжанды бір болмыс. Қара сөздің ақыны ол! Солай ойлаймын.

Міне, Ильяжан, “Жәмила”… кез келген бетін аш та оқи бер! Мысалы, мына бір жерін ...

Мен журналды алдым да кібіртіктеп  оқи бастадым: «Ким билбейт, жайдын толук кезиндеги август түндерүн. Асмандагы жылдыздар алыста турганыменен, ар бери өзинче чыгып, алаканга салгандай, ар бири өзүнчө нур төгүп,  чет-четинен бүл-бүлдеген күмүш кыроо чалып, асмандын  тиги каптал, бу капталына жайнап кири жок жадырап карашат.

Жылыздар ушинтип толгондо, биз Капчыгай аралап келе жатканбыз…»

-Шыңғыс сұқтанған тамыз күндері! Оның  жұлдызы жамыраған жылы түндері! Әндей желпиді, Ильяжан. Тағы… тағы бір жерін оқышы!

-Оқиын… оқиын Нұреке: -“Ой, сустайган неме, ырдап койсоң болбой бу? Жигитсиң би өзуң, же өлүксуңбү? Ай, Данияр, деги сен бирөнү сүйдүң беле?

Анан бир убакытта Данияр - “Чу!”-деп аттарду желдирди да, күтпөгөн жерден:

Ой, Ала-То -о –о, Ала-То-о,

Ата-бабам өскөн жер!-деп араба секиргенде кошо секирип, дирилдеген үнменен ырдап жиберди.

Ал кыргызчага, казакчага  да окшобойт, бирок тыңшап отурсоң, бу обонда байыртан бир боордаш кыргыз менен казактын тандалган төл обондару  чиретилип кошулгандай  туюлат…”

Нұрғали маған ойлана қарады: -Сен  әннің қалай туатынын  біліп қалдың, Ильяжан, Шыңғыстың осы бір сөздері  ән емес пе,  ән… ән ғой! Адам көңілін асқақтатып жібереді. Осы суретті, Жәмиланың жігіт намысын қозғаған жаңағы бір сөздерін ойлап,  елестетіп көрші. Жай ғана қара сөздің әндеткенін кім көрген! Шыңғыс прозасында  адам жанын  аялайтын, тіпті, көкке көтеретін сәулелі поэтика, романтика бар! Мен Шыңғыстың  Даниярын - өзіміздің Нұғыман ағамызға, Жәмиласын- Қалиқаға ұқсата беремін. Осы бір қызық сезімнен арыла алмай қойдым. Айырмасы – Нұғыман біздің кешегі “Ілгерібас” колхозының бастығы, ал, Қалиқа –Жәмиланың дәл өзі. Бәрі де көз алдымда: астық піскен кез. Бидай орағы. Қызыл қырман. Ол аудан орталығына түйемен, арбамен тасылып жатыр. Осы ду-ду өмірдің ішінде қайғы да бар, қуаныш та бар. Махаббат бар! Қырғыз, қазақ ауылының тіршілігі...

Нұрғалимен болған сұхбатты күндерден бастап, менің де  көз алдымда:  түнгі дала… тау іші… Күркіреу өзенінің жар қабағында үнсіз меңірейген Данияр тұратын болды. Кейде ол шаңы бұрқыраған қара жолда арба үстінде батып бара жатқан қып-қызыл күнге қарап, қабағында сәл ғана кірбіңі бар, мұңды жандай ыңылдайды бір. Даниярдың  сол үні… жан-жүйені босатқан сол әуезі!

“Бәрі … бәрі біздің ауылда болған хикая!…” Нұрғалидың осы сөзі көкейімнен кетер емес.

Келе-келе осы сөзді ұлан-ғайыр қазақ даласының әр жерінен естідім.”Жәмила” повесін әр қазақтың үйінен көрдім, перзентті болған қуанышты жандар жақсы ырым ғып, балаларына Жәмила, Данияр деп, ат қоя бастады. Бұл кезде белгілі әдебиетші Қалжан Нұрмақанов аударған “Жәмила” повесі –“Аңсаған менің әнімсің!” атты  спектакль болып,  қазақ драмтеатрының ажарын кіргізіп, беделін көтерді.

“Жәмила” повесі жұрттың аңызына айналды.

Ауық-ауық Фрунзеге қарай жол тартам. Ұзақ жолда “Жәмила” повесіндегі хикая мені қым-қиғаш қиял үстінде қалқытады. Данияр елестейді. Оның әуелеген  әні қазақша басталады, енді бірде ол қырғыздың арманмен аһ ұрғызған шырын сазына ұласады.

О, шіркін, Шыңғыс сүйген тамыз түндері!

Тамыз түнін балбыратып, кішкене ғана Шекер ауылының ерке келіні – Шекспирдің асау Катаринасындай Жәмиланы еріксіз “бұғалықтап”, оған сүюдің не екенін сездіріп, мүлде есін алып, елжірете босатып, сәби кейіпте еш алаңсыз мөлдіретіп, “арбай” бастаған мына Даниярдың жан шыдатпас құштар ыңылында не құдірет бар, Құдай-ау! Құлағымда Шекер ауылындағы гу-гу сөз де ызыңдайды: “Ой… ой, Жәмила-ай! Ой, Жәмила-ай, соғыстағы Садығыңның көзіне шөп салып, не істеп жүрсің, тегі?”, «Көки бермеңдерші тегі, Жәмиланы кіналап. Садық  Жәмилаға  сүйіп қосылған жоқ. Оны әке-шешесі күштеп үйлендірді. Білеміз бәрін.». «Ой, Жәмила, қандайсың, сен? Сені… сендей бұлғақтаған асауды бір ауыл жеңе алмай отырғанда мына бір сайда саны, құмда ізі жоқ…  жел қуған қаңбақтай боп ойда жоқта келе қалған мына біреу… өзі өлімсіреп, бір аяғын зорға басқан  Данияр деген неме, әй, ессіз, Жәмила, сені қалай еңсеріп,  бар еркіңді  алып барады, о, қоқи десе!»,  «Неге сындың, Жәмила? Сенің зымиян көкірегіңе қандай жылан ұялап жүр, а? Ауылдың көркі болған үйің анау… келін боп аттаған алтын босағаң ол! Садығыңнан  ай сайын хат келеді, Құдайға шүкір, тірі жүр. Сенің жүрісің мынау… Садығың ертең жарқ етіп келе қалса, не бетіңді айтасың? Ә, сені енді салдақы демегенде не дейміз, а, жұлынған Жәмила?» Шекер ауылының гу-гуі.

Қым-қиғаш елес.

Ішім теңіз боп толқып,  дала боп шалқиды, ұмсынтқан тау шыңы  қол жетпес армандай бұлдырайды. Көкірегімді ән қысып барады, ән! Жүрегім толы арманды ән! Ол ән бұлқынады, тулайды, еркіндікке шыққысы келеді. Ол ән Ұзынағаш, Отардың көк адырларынан өтіп,  Қордай асуына көтеріле беріп,  алдымнан қырғыз Алатауының ақ шаңқан шыңдары көрінгенде  Даниярдың:

Ой, Ала-То-о, Ала-То-о! –деп ыңылдайтын әуезіне ұласады.

Мен Шыңғыс романтикасының  қызулы құшағына ендім.

Фрунзеде дүрілдеген әдеби кештер… соның бірі қырғыз университетінде  оқушылардың  зор дүмпуін тудырды. Мұнда жарқын ойлы, білімді жандар қырғыз әдебиетінде бұрын-соңды болып көрмеген ерекше құбылыс болғанына  сүйіністі. Жәмила өзінің сыр-сымбаты,  бар болмысы,  мақсат-мұраты,  еркін ойлы келбетімен жан біткенді ерекше қызықтырды. Қырғыздың тауларын Даниярдың   қоңыр үні… биік те қуатты үні кернеді. Қырғыз жерінің інжу-маржаны дейтін Ыстықкөл, Чатыркөл, Соңкөл… бәр-бәрінде қырғыздарды таңғалдырған Даниярдың  қазақ әуезі  толқыды. Бұл жерлерде де қыздың бәрі  Жәмилаға, бозбала Даниярға ұқсады.

Шыңғысқа ел ықыласы көл-көсір!

Өмір… ә, өмір қашанда өмір!

Оның өз жолы, өз заңы, өз мінезі бар. Қарға адымдай қысқа мезгілде  ол сонысымен қымбат, сонысымен қызық, әрі өкінішті де! Өмір-қиын құбылыс. Беймаза күйбең. Оның дегеніне көнесің, көнбейсің, ол сеніменен “ойнағанды” ұнатады. Онымен сен де “ойнайсың”. Оны жеңесің, кейде  одан жеңілесің. Сонан соң “Ә,  өмір!” деп қапылып, бас шайқаймыз, уһілеп. Солай.

Бұл өмірде күн мен түннің, жаз бен қыстың,  гүл мен тікенектің,  бал мен  удың, күлкі мен жылаудың бары секілді кемеңгерлік пен тоғышарлық та бар еді. Өмірдің айнымайтын бір тепе-теңдігі осы! Бірақ,  о бастан өмірді қадірлі еткен, жарқырап сәуле шашқан, жарық берген Күн ғой…алтын Күн! Жадыратқан, шалқытқан Жаз ғой… Жаз! Махаббатқа ессіздікпен берілген мұңлықтарға ләззат болған Гүл ғой… Гүл! Адамды  тамсандыра сүйсіндіретін Бал ғой… Бал! Өмір шырайы Күлкі ғой… Күлкі! Адамзаттың көкейкесті  сөзін айтып, зұлымдық пен жауыздыққа дес бермейтін құдірет Кемеңгерлік қой… Кемеңгерлік!

О, осы кемеңгерлік... ол  әлемді аң-таң қылған махаббаттың  асқақ жыры –“Жәмиланы” әкелді, дүниеге! Ал, тоғышарлық… о, Құдая тоба, ол осы кемеңгерлікке біраз тауқымет болды.

Әдебиет қауымының ішінде көрінгеннің қарадүрсін мақаласынан әр нені шоқып, сыншы атанып жүрген желбуаздар… сонау отызыншы  жылдарда  ептеп жазыла бастаған қарабайыр прозаның  “корифейлері” Шыңғысты “жазушы емес, қайдан шыққан сұмдық бұл?” деп дүркірей шуылдасты.

Дәл осы кезде «Жәмиланы» ой таразысына салып, толғанған қырғыздың  бір  өрелі сыншысы Кеңешбек Асаналиев: “Айырымдарга “Жәмиланын” кыргыз адабиятына келиши кадіресе эле окуядай болуп туюлду. Алар бул чыгарманын негизинде,  түпкүрүнде жаткан “Жанар тоодай” кандайдыр бир  сыйкырдуу күч жатканын байкашкан жок. Мындай болорун капарына да албады” деп жазды. Тоғышарлардың  күңкілінен  ықпай қалам тартқан сыншылар – Раиса Қыдырбекованың  “Советская киргизия” газетінің (1958-жыл. 21-қарашадағы саны.) бетінде  “Поэтическая проза”, Қамбаралы Бобуловтун “Советтик Кыргызстан” (1959-жыл. 22-ақпандағы саны) газетінде  “Махаббат баяны” атты мақалалары  “Жәмиланың” бүкіл совет әдебиетін даңққа бөлер келешегінің үміт сәулесіндей жалтылдады.

Жәмиланың  жарқылдаған шуақты күлкісі,  үндемей булығатын Даниярдың тау мен даланы толқытқан елде жоқ өзгеше әні, Құдай сорға жаратқан тоғышарларды милыққан ұзақ ұйқысынан “оятып” жіберді. Олар аң-таң. Шыңғыстың әдебиеті –  бір бөлек  әлем, тоғышарлардың әдебиеті – тіпті, басқа бір дүние. Тоғышарлар жұлқынғанын қоймады.  Өздеріне-өздері келе алмай, “шала ұйқы” боп: “Кім? Оу, кім бұл- Жәмила деген? Сайқал десе!”,  “Бет бар ма, орысқа шоқынған Шыңғыста? Мұның Жәмиласы – Шолоховтың Аксиниясы!”, “Отан үшін, Сталин үшін деп, неміс фашизмімен соғысқан ерлеріміздің бірі – мына  құтырған Жәмиланың күйеуі Садық деген азаматымыз кім боп шықты сонда? Қырғыз әдебиеті көрмеген жат тұлға – Жәмила! Жәмиланы әдебиеттен аластау керек! Құрту керек! Моральдық жағынан ақсаған, азған әйел ол!” деп, даттай берді. Шыңғыс бұл сөздің бәрін… бәрін естіп жүрді.

Сол күндерде Шыңғыстың бағына  барша жұртты сүйінткен бір есті үн естілді. Ұлы Мұхтар еді, ол! Ол жалғанның жартысындай кең маңдайы жарқырап, ту  сыртында  қарлы шыңдары көк тіреген Алатау… иек астында ұшы-қиырына көз жетпейтін қазақ даласы…Даниярының шегі жоқ ұзаған әніндей осынау байтақ өлкеден алысқа … о, тым алысқа есімі  жайылып, өріс ұзартып бара жатқан  Шыңғысына көңілі толып, құдды бір төрт құбыласы сай адам…  ішегі бос бұралған домбырадай қоңыр үні балбырап: “Любовь  Джамили и Данияра изображенная  в  постепенном нарастании, внешно скупом выражении эмоции, дает почувствовать красоту, страстность, “насыщенность” их характера. Хорошо,  что Джамиля и Данияр – люди повседневного физического труда – душевно богатые люди. Они  человечны, щедры в своих чувствах, им не чуждо вдохновение, они  умеют петь душой – не голосом!” деді.

Бұл сөз – Шыңғыс таланты жөнінде жан баласы айтып көрмеген  терең мәнді ақылды сөздердің қайнар бұлағын ағытты.

Жәмила Күндей күлімдеп,   келбеті алтын Айдай толықсыды. Бықсық күңкіл бірте-бірте тұншығып, тұңғиыққа бата берді.

Шекер ауылының шырайлы келіні  Жәмила Парижден бір-ақ шықты. Мұқтардың  ықпалымен Лениндік сыйлықтың лауреаты Луй Арагон “Жәмиланы” французша “сөйлетті.” Ол: “Махаббат жөнүндеги ен сонун баян” деп толғанды. Францияның “Юманите”, “Драпо руж мегезин”, “Леттр хрансез”, “Нове ксенжки”, “Эколь ля насьен” атты газет, журналдары “Жәмиланың” тұнып тұрған мөлдір лиризмін француздың  әуезді, шәрбат тілімен өбектеп, тебірене жазды.

Совет әдебиетінің  үлкен бір беделі Зоя Кедрина: “Переведенная на французксий,  испанский, польский, итальянский языки, она вызвала  широкий отклик в  французской, бельгийски, польской прессе. Почему это произошло?

И первое обьяснение, который  приходит на ум, это – что  успех “Джамили” обьясняется тем, как растет по весне трава, как  льет теплый дождь, как потом прорывая покров туч, светит  солнце на эту  дерзскую молодую травку”, - деп  Шыңғыс прозасының  табиғи болмысына шек келтірмеді.

Әлем назары  Шыңғысқа ауды!

Пырағы дәйім ұлы бәйгіден келіп, шат-шадыман сүйінішке бөленген атбегідей шалқыды  Мұқтардың жүрегі!

Әдебиеттегі таптанды жол емес, тыңнан  сүрлеу салған Шыңғыстың  ащы терін, ауыр мехнатын көріп, небір сұқты, сұғанақ, қазымыр көздерден қызғыштай қорыды,  өзіне шәкірт санады,  мәрт Мұқтар! Өзіне деген   осы  мейірімін  мейірлі жүрекпен сезінген Шыңғыс та оны  “Ұлы ұстазым!” деді.

Шыңғыстың  “Жәмиласы” ерекше шырай берген  “Повести гор и степей”  кітабы  алғаш рет  Лениндік  сыйлыққа ұсынылып,  бағы сыналар сәтте  анау-мынауға былқ етпейтін Мұқтар  тағы да   шамырқана  қозғалды. Тағы да үнінен парасат лебі шықты. Сол бір кездерде Москвада  СССР жазушылар Одағында қырғыз әдебиетінің консультанты болған белгілі ақын Түменбай Байзақов маған бір жолы Фрунзеде салиқалы отырыс үстінде былай деді: “О, ой, өзгеше жаратылған Мұқам-ай! Москваға келіп жүретін әдеті. Тәңірдің бір сәтті күні Мұқам «Россия» қонақ үйінде қырғыз әдебиетінің қаймағы дерлік зиялыларымен бас қосты. Олардың ішінде – Аалы Тоқомбаев,  Түгелбай Сыдықбеков, Сүйінбай Ералиевтер бар еді. Сол әңгімеде Мұқам Асан Қайғыша  толғанып, әріден  сөз бастап: “Қырғызда  екі ат бәйгісі болады, бірі – кемеге бәйгі, оған тай-құнан шабады, екіншісі -  ірі саңлақ  арғымақтар қосылатын – чоң бәйгі! Мына  ғажапты қараңыздар, мен Шыңғысты кемеге бәйгіден алып,  чоң бәйгіге қосып отырмын. Адамның  пендешілік  қасіреті  шаштан асады. Жазатайым біреуің үзеңгімен омырауына соғып, бірің шаужайына жармасып, құйысқанынан тартып… тағы бір  көзіне қан толған  неме Ақан серінің  Құлагерін мерт қылғаны секілді орға жығып жүрмеңдер, түге! Пәлі, олай етсек ел боламыз ба, біз? Әуелден қазақ, қырғыздың намысы бір! Әне бір жылдары “Манас” эпосына қатер төнгенде аяндық па, бәріміз? Сен Аалы,  сол бір күндерде  пендешілікке бардың. Қазақ, қырғыздың  қалмақтармен болған  ежелгі  соғыстарының  жойқын эпизодтарын дәйім сызып тастап отырдың. Бақсам, сенің түбің – сондай шайқастарда қолға түскен қалмақтар екен. Сенің аталарың сол жаулықтың  кезінде осы  қырғыздарға сіңіп,  келе-келе  бауырласып, Чоң Кемин, Кичи Кеминді жайлап, “Бес қалмақы” деген ата боп, өркен жайыпты. Жатсынбапты қырғыздар. Сені,  Аалы, бүгінде қырғыз әдебиетінің ұлттық  мақтанышы дейді. Ақкөңіл, қауқылдаған қырғыз жұрты сені  алақанына салып,  көкке көтереді. Осы қадірді білгенің жақсы. Білесің де. Бірақ,  осының бәріне кейде  кісілік парасат жетіспей жатады. Сен Аалы,  қырғыз жазушыларының арасындағы  болымсыз күңкілге тиым сал! Мына Түгелбай екеуіңнен ешкім аса алмайды. Сүйінбай –Шыңғыстың ең тілектес достарының бірі. Менің  көкейімдегі  жүрген бір түйткіл осы еді. Біздің Шыңғыс алысқа… тым алысқа сілтейтін жүйрік! Сілтесін! Бауырын жазып, қанатын жайып ғарышқа  самғасын! Ата-баба рухы-Манас қолдасын! Бағы жансын, шіркіннің! Дүниеге, адамдарға,  қоғамға айтар сөзі бар, Шыңғыстың! Сөзін бөлмеңдер, айтсын… айтсын Шыңғыс!” деді.

Бұл – бір сөзден өліп, бір сөзден тірілетін елдің естілеріне айтылған бәтуалы сөз еді. Ол әрі  сес те болды.

Уақыт – бәріне куә, бәріне төреші…

Жәмила Европа мен Азияның ғана емес, бүкіл әлемдік классикалық әдебиеттің ұлы пірлері –Шекспирдің Джульеттасы, Катаринасы… Пушкиннің  Татьянасы, Мұқтардың Ділдасы, Тоғжаны, Әйгерімі бар сәулетті галереядан орын алды.

“Жәмила”… Шыңғыстың  жазушылық тағдыры… адамға осындай да жүрек бітеді екен деп, таң-тамаша еткен Даниярдың әндетуі  мені  бес жылдай  толқытып жүрді. Бес жыл!

Мезгіл шіркіннің тағы бір жаймашуақ күзі келді. Тау, тоғай, бақ іші қызылды, жасылды, сарғыш түске малынды. Жер  бетін алтын жапырақтар жапты. Аспан тып-тынық мұхиттай  мөп-мөлдір еді.

Сол, 1963-жылдың  қазан айының  оныншы жұлдызы күні Алматы жұртшылығы  радиодан қуанышты хабар естіді. Москвадан! Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов  Лениндік сыйлықтың Лауреаты  атаныпты!

Бұл кезде мен қазақ  теледидарында редактор едім.

Сол күні ұлы сәске кезі. Бәріміз  жапырлап, бас редактор, ақын Жаппар Өмірбековтың кабинетіне жинала қалдық. Ол кісі аға редактор, ақын Саттар Сейітқазин екеуі қуанып, Шыңғыс жөнінде біраз жайды  асығыс-үсігіс айтып тастады. Жаппар жұмсақ, дәмді сөйлесе, Саттар  Шыңғысқа өзінен басқа дос жоқтай оны иемденіп алып, мүлде бөсіңкіреп  кетті. Екеуі де  Москвада Горький атындағы  институтта Шыңғыспен бірге оқыпты. Шыңғыстың  кісілігін,  кей шығармаларының  жазылу тағдырын…  әсіресе, дәл сол кездерде Мұқтардың ақылымен “Жәмиланы” орыс тілінде жазып шығу хикаясын тамсана сөз қылды. Жаппар Саттардың  лепірме сөзін зорға тоқтатып: -Фрунземен  қазір ғана хабарластым. Қырғыз ағайындарды құттықтадым. Шыңғыс әлі Москвада екен. Ертең  самолетпен ұшып келетін көрінеді. Жаңа  осы сендердің алдарыңда  “Алматы” санаторийінде дем алып жатқан председателіміз Кенжеболат Шалабаевич  сөйлесті. Көргенді кісі ғой,  “Мұқаңның арманы орындалды!” деп,  қуанышында шек жоқ. Бізге мән-жайды бажайлап, түсіндіріп, жедел тапсырма берді. Мысалы, Шыңғыс ертең  Фрунзеге келсін делік. Үйіне кірген сәтте мен телефон соғам.  Біздің  студияда пресс – конференция өткіземіз. Оған ақын-жазушыларымыз, журналистеріміз… өнер иелерін шақырамыз. Кенжекеңнің айтуы бойынша  намыс үшін осы тірлікті  қырғыздардың өзінен бұрын жасауымыз керек.  Солай етеміз! –деді.

Бас редактор әрқайсымызға міндет жүктеді.

 

*      *       *

Түс кезінде әдеттегіше үйге келдім.. Жұбайым Тиышқа мына жаңалықтың бәрін айттым. Шай үстінде бұрыннан оқып жүрген “Жәмиланың” беттерін қайта аша бастадым. Кішкентай Сейіт хикая шертіп барады.Ауылда  Нұрғали ағайдың «Бәрі … бәрі  біздің ауылда болған хикая. О, құдая тоба…» деген сөзі есіме түсті.

Әні… әні көз алдымда  Жон жайлауы! Ұлан жаз бойы шиендеп, көгілдір мұнарға бөгіп тұратын бір ертегі дүниесі. Қаратаудың сала-сала жалпақ жотасы ол. Оңтүстігі – күңгей,  шуақты. Солтүстігі – теріскей, салқын самалы желпиді. Біздің Сарысу ауданының біраз  колхоздары мамыр айы туа тұтас көтеріліп,  әрқайсысы өз жайылымдарында  боз үйлерін тігіп, әр жерде  ақша бұлттай ағарып, ауыл-ауыл боп отырады. Малын жаяды. Шөбін шабады. Астығын орады.

Жонның ауасы жанға шипа. Жұрт қымыз ішіп, ажары кіріп, сергиді.  Тау табиғаты көңілдерін көтеріп, жасартады, жайнатады. Қарттардың өзі осындай табиғат төрінде: “Шіркін, Жон… Сарыарқаны сағындырмайтын Жон!” десіп масаттанады.

Рас, Нұрғали ағай айтқандай: “Жәмиланың” қым-қиғаш оқиғасы осы біздің Жонда болған сияқты. Дәл біздің ауылда! Данияр мен Жәмиланың қырманы – Өмірбек атамның  қырманы! Бұл қырманға сонау биікте жатқа иен жазық- Сарыобаның адырларынан, оның бергі еңісі –Жалғызтал, одан төменірек Торыатөлгеннің ойдым-ойдым қолтығынан… мына жағы сол қанатта  Төлеубала шоқысынан, оң қанатта Қарашаттың ауызы – Бәйкелсаз, онымен жапсарлас Нұржансайдың етектей жайылып барып, Нұртай өзеніне тірелетін кең саласынан арба-арба боп астық тасылып жатады.

“Жәмиладағы” Данияр – біздің  колхоздың бастығы   Нұғыман!  Жәмила – Қалиқа!

Нұғыман мен Қалиқаның  махаббат хикаясы - Өмірбектің қырманында! Жаңағы астық таситын тарам-тарам жолдарда! Арба үстінде! Төлеубала шоқысының екі жағынан құйылатын Нұртай өзені жағасында! Және Қарашаттың ну-жыныс қалың тоғайында!

Бір қырманды бір өзі  суырған Өмірбек кім? Нұғыман кім? Қалиқа кім?

Бұлардың кім екендігін Қалиқаның келін боп түсуінен қозғаған ләзім.

“Ой, Қалиқа-ай… Қалиқа-ай,  бет біткеннің сұлуы едің ғой. Сол шырайың да жер-көкке сиғызбады ғой сені!” деп отырады шешем  Балкен.

Сол Қалиқа! Шұбыртпалы Ағыбай батыр әулетінің қызы. Ертеректе  Қалиқаның туған апасы Өмірбек атамыздың бір болымсыздау інісіне атастырылып, зордың күшімен амалсыз қосылыпты. Күйеуін менсінбей, жылап-сықтап, ішқұста боп күн кешіпті. Келе-келе ол бұл қорлыққа шыдай алмай, бір күні ел жайлауға көшіп жатқан жауынды кеште, иә, сол  бір алас-күлес қарбалас сәтте жайдақ атқа мініп алып, көзі тұнып, “шешінген судан тайынбас” деп, Тайатқаншұнақта отырған төркініне қашып кеп береді. Ежелден құдандалас екі елдің арасына салқындық түседі. Екі жағы бірдей үрпиіседі. Қайтып келген қыздарына сөздері өтпейді. “Өлтірсеңдер де бармаймын да… бармаймын!” деп қыз жер бауырлап, шашын жұлып, долданып, жатып алады. Ата-анасы ұрсып та көреді, ұрып та көреді.  Қыз азар да безер боп бет бақтырмайды. Көнбейді, көгеріп. Міне, осы кезде  Ағыбай батыр ауылында үлкен шатақ шығады. Бұл ауылда  біздің үш-төрт апаларымыз бар екен. Олар намысқа күйіп, қолдарында бір-бір сойыл…  бір-бір атқа мініп алып, күллі ауылдың  шаңырағын шартылдата сабап: “Ә, құтырған қаншық! Ерді, елді тастау олай емес, былай, сен,  көкбет, Ағыбайдың қызы болсаң, оу, жүзіқара, біздей бетбақ «Таманың тәуекелінен сақта», дейтін елдің қызы боламыз!” деп қатындар соғысын салады. Шұбыртпалының  бас ие дерлік билері, ақылгөйлері қауқалақтасып, “Жаздық… жаңылдық!” деп тез арада  бір шешім жасайды. Қашып келген қыздың он үш жасар сіңлісі – осы Қалиқаны үлбіретіп,  шырылдап жылағанына қаратпай апасының  төлеуіне әлгі байғұсқа апарып күштеп қосады. Он екіде бір гүлі ашылмаған Қалиқа да ойда жоқта  бір сорға  ғайыбынан тап болады. Қызығы жоқ, рахаты жоқ, ләззәтсіз бейопа өмір өтіп жатады. Бір күндері отыз екінші жылдың ашаршылық нәубеті келеді. Ел қырылып-жойылып,  Бетбақтың шөлімен Шу, Талас бойы… Қаратауға қарай шұбырады. Осы босуда Қалиқаның сорлы күйеуі аштан өледі. Ел Қаратауға жетіп, ойдағы-қырдағысы біртіндеп қайта табысып,  Көлме-Көлдің жағасына орнығады. Жұбын жазбай келген үш ата – Кедей, ол – біздің  ауыл – “Ілгерібас”, Төлеген-Серго, - Сеңгірбек- Жаңакүш колхозы боп ұйымдасып, өзенді, сулы,  көлді өңірге мекендейді. Ел ес жия бастайды. Астыңғыбұлақ дейтін суы мол, асау бұлақтың  құлама жарларына  диірмен орнатып, тоған байлап, арық тартып, егін егіп, Арқадан келген ел дихан боп шыға келеді. Ел қоңаяды.  Қалиқа – жесір…

Қалиқа елге сүйкімді. Ел оны өбектейді. Еркелетеді. Қылығына сүйініп, бетінен қақпайды. Ол енді Өмірбек атамыздың келінінен гөрі қызы секілді еркін, сондай бетті. Басы бос. Үйленбеген қайындары  “әменгерім” деп ашық қалжыңдасып, көп қырындайды. Қалиқа болса асау тайдай бұлғақтап,  тағдырмен жағаласып, өзінің ендігі бағын ойлап, кей абысындарының ішін күйдіріп,  ешкімге дес бермей, қарттарға: “Жә, қойыңдар түге! Бұл Қалиқа аруағыңнан айналайын, Ағыбай батырдың қызы емес пе?! Бетінен қақпаңдар!” дегізіп, қайқақтайды. Өстіп жүргенде  Қалиқадай асауға  тағы бір “бұғалық” түседі. Ауылда Досат есімді қарияның  Сәтжан, Төре дейтін айдарынан жел ескен екі ұлы бар. Солардың үлкені Сәтжан Қалиқаға үйленеді. Уыздай толықсыған Қалиқа ұл туып береді. Іле немістермен соғыс басталады. Ауылдағы ер-азаматтан тігерге тұяқ қалмай майданға аттанады. Соғыс… көп ұзамай Сәтжан мен Төреден қарақағаз келеді.

Қалиқа тағы да жесір...

Біз бала болсақ та бәрін көріп, бәрін естіп жүрдік.

Әйел біткен  ердің ісін істейді. Жерге түскен қолаң шашын шоқпардай ғып желкесіне түйіп алған Қалиқа, қайғыға иілмеді, сынбады, “Көздінің - көзіне, сөздінің- сөзіне!” деп іштей шамырқана ширап, екі көзі  жақұттай жарқырап, жайнай түсті. Бір күндері жұрт: “Қалиқа… Нұғыман! Нұғыман… Қалиқа!” деген сөздерді боратты-ай кеп.

Нұғыман – ақсары жүзі сондай нұрлы, келбетті, нар  жігіт. Аттың сұлуын мінеді. Киімі де  сәнді, сәулетті. Ақылды, айбынды… ел сүйген бір бекзат жан. Елге соғыс ауыртпалығын сездіргісі келмей, небір алапат істерге өзі ұйытқы боп, өгіздей өрге сүйрейді де жүреді. Ауыл  сол қасиеті үшін жақсы көреді. Сөзіне құлақ асады. Тыңдайды. Иланады. Сенеді оған. Жүзіктің көзінен өткендей  Куәш есімді, жібек мінезді, келіншегі бар. Бұларды жұлдызы жарасқан мұңсыз жандар десетін ауыл іші.

Қалиқа мен  Нұғыманның арасында махабат машақаты басталды. Ауылда ешкім қыңқ етпеді. Бірақ, бір жолы… әлі есімде,  біздің үйде шешей Қалиқамен сырласып отырып: “Абыройың төгіледі, Қалиқа!” деді. “Төгілсе жиып алам!” деді, Қалиқа. Шешей тұнжырап, үндемей қалып еді: “Нұғымандай ер бір ұлға зар. Шекесі торсықтай ұл туып берем оған! Мен тек ұл табатын  алтын құрсақты қатынмын. Жұрт не десе, о десін, әй, Балкен, сен мына менің ақ жүзіме қарашы, осы дидарымды мезгілінен бұрын  солсын деп отырсың ба? Екі рет есік көрдім. Не мұратқа жеттім? Тағдырдың сыйы сол ғана ма? Алда үміт дүниесі… бір сәулелі шырақ жылт-жылт етеді. Қызығым шығар, ол. Бақытым шығар, мені елеңдеткен! Соның  үдесінен шыққым келеді. Мен ерден кетсем де, елден кетпейтін жанмын, Балкен! Бұл елдің қадір-қасиетін білем. Бас қосқан қосақтарымды Құдай алды. Жесірмін! Жесірлік маңдайма жазылған нәрсе ме,  тегі? Балкен,  өзге өзгені неғылайын, мен әуел баста  сіздің әулеттің келіні едім ғой. Менің жайымды да, сырымды да өзгелерден гөрі сен жақсы білесің. Сыртым жалын, ішім мұз.  Кейбір күндері  Құдайдың таңы атпайды маған. Сәтжаннан қалған жалғыз тұяқ –Тайжаныма еміреніп жатып, мызғап кетем, әйтеуір. Басына түскен адам ғана біледі оны. Ел сөзі тиылмайды, бәрібір. Тағы айтам, мына өмірде әлі де үлесім бар… үлесім! Соның қызығын көрейін, Балкен.  Нұғыманға  ұл керек… ұл!” Бұдан әрі  сөз болған жоқ.

Қалиқа сол жайраң қаққан қалпы…

Қалиқа шешелерімізбен бірге қол орақпен бидай орады. Ақ білегі жалт-жұлт етіп, қолындағы орағы оқ жыландай сумаң қағып, қынай белі  өрім талдай иіліп, апырып-жапырып кіріседі, бір. Қасындағы әйелдерге әзіл-қалжың айтып,  сөзді де сапырады. Бау-бау бидайды  өзгелерден бұрын орып, қаусатып-ақ тастайды.

Енді бірде ол шаңы бұрқыраған қара жолда астық тиелген арбаны заулатып айдап бара жатады. Қасында  есік пен төрдей жүйрік ақкөк биені ойнақтатқан  Нұғыман! Арбаға жанаса жүріп, Қалиқаның шегін қатырған бір сөздерді айтады. Бұлардың сыртынан сұқты көздер қадалады. Құдды Данияр мен Жәмила!

Қызылжалқынданып кеш бата береді, әркім үйді-үйіне қайтады…  биік шоқы Төлеубаланың етегіндегі  Нұртай өзені Ай нұрына  шағылысып, қорғасындай балқиды, бір. Өмірбек ата қырманның аттарын босатып, баласы Кеңесбай екеуімізге: “Суарыңдар” дейді. Біз аттарды өзенге алып келеміз. Өзенде  Шайқы, Сағынбай, Ақберген, Әділ, Тілепберген… солардың төңірегінде шуылдасқан басқа да жігіттер шомылып жүреді. Бәрі күндізгі тірліктен шаршаған. Бір тұстан келіншектердің күлкісі шығады. “Әй, сендер, әрірек барып суарыңдар аттарыңды!” дейді ағаларымыз. Біз өзенді жағалап кете барамыз. Бір қара жартастың түбінде  Қалиқа мен Нұғыман аттарын суарып тұрады. Біз оларға таңғалып қараймыз бір! Қыр жақтан  әйелдердің:

Айдын бир ғана  толук, о-ой, кезинде, а-ай,

Адырлуу ғана тоонун, а-ай, бетинде,-дейтін ән естіледі.

Қалиқа мырс етіп: “Қырғыз қатындар қырманнан  қайтып барады” дейді, қос жанары жарқылдап.

Айы толықсыған мақпал түн болады. Біз Өмірбек атаның үйінде  сүтке пісірген бидай көжені ішіп отырамыз, мұрынымыз пышылдап. Ал, үй іргесіндегі қырманның бір шетінде  Қалиқаның сақылдаған күлкісі! Өмірбек атаның  қалың қасы екі көзін жауып, тұнжырай түйіліп, алдындағы  көжеден бас алмайды. Ха-ха-ха! Қалиқаның  күлкісі…

Бізге “Іш… ішіп, тойып алыңдар!” деп дігірлеп,бәйек болған әжеміз Нүрила сондай шыдамсыз жан… кешегі келіні -Қалиқаның мына күлкісіне жыны келіп, намыс отына күйіп, өзінен-өзі тұтанып, қалш-қалш етіп: “Жарып өлтірем, бетбақты!” дейді. “Жап ауызыңды!” дейді Өмірбек ата, сол түнерген қалпы. Қалиқаның күлкісі  түн тыныштығын дүркін-дүркін сілкінтіп, жартастарға  жаңғырығып, алысқа… тым алысқа кетіп жатады.

Тағы бір таң атады. Ұйқыдан тұра салып,  Кеңесбай екеуіміз өзендегі аттарға  жүгіреміз. Тағы да  су ішінде - Қалиқа… қайда қашарымызды білмей, тосыламыз кеп. Ақ төсі жарқырап, Қалиқа  қалың қара шашын тарап тұрады. Жағада атын жетектеген Нұғыман!

Алты-жеті жасымда  өз ауылымда көрген осы сурет Шыңғыстың Сейіті салған суреттей ұмытылмапты. Қалай естен шығады ол. Бәрін көріп, біліп, зердеге түйіп….  соғыс тауқыметі  ерте есейтіп, солай  өстік.

Түскі шай үстінде “Жәмила” повесінің романтикалық лебі маздата үрлеп жіберген біздің ауылдың осы хикаясы қаз-қалпында жайнап бір елес берді. Мен осылайша  таңғажайып  махаббат дүниесіне ендім де кеттім. Кітап бетінен  тау мен даланың әуені еседі. Соған елітіп, сол әуез  еркімді алып, мүлде  билеп бара жатқанын сездім.

-Шайың суып қалды, Илья.

Жұбайым Тиыш мені алғаш рет көргендей  аң-таң. Кітаптан бас көтере алар түрім жоқ. Шыңғыстың  лиризмі… екі кісі айнала алмайтын ескі тар үйіміздің жартысын алып, сүйегі ауыр қара пианино тұр. Оған  көңілім ауып,  бұрыла бергенім сол, ақ клавиштар ақ селеулі боз дала боп көрінді. Сол даладан алысқа… бұлдыр сағым ойнаған қиырға көз тіккен  Данияр көрінді, тұнжырап. Ол әндетеді булығып. Оны үнсіз жатқан тылсым дала тыңдайды. Бір кезде: “Данияр, мына  мен өзүм келдим!”- деп жанары жұлдыздай жарқырап, Жәмила үн қатты. Жүрегімде: “Кандайдыр көзгө көрүнбөгөн күч адамды Даниярга жетелегендей, эриксизден жакынырак баргың келип, ушул ырдап жаткан түнт мүнөз, унчыкпас Даниярдың  чын эле өзүбү, эгерде ал болсо, ушул кезде жүзү, өңү кандай экенин көргиң келет. Көңүлү толкуп, обонго жаны балкыган Жамила ардайым ушинтип,  жакындай барганда өзү да билбей Даниярга акырын колун созчу…” деген ынтызар сөздер... Осы сәт менің де үнім шығып кетті. Ол жайлап, қоңырлап сыздады. Келе-келе тереңде қайнаған жан сыры сібірлеп атып келе жатқан таңдай мөлдіреді. Бұл не? Даниярдың әні ме? Иә! Даниярдың әні! Көз алдымда  беймаза жүрегінің құштар әуезіне жаны  сүйініп, Данияр тұр!  Ол кең даланың тынысындай мол  дем шығарып,  сары сана басқан көкірегін бір босатып,  жеңілдеп алып, күрмеліп жүрген тілі  кенет сөйлей жөнеліп:

Ай жарық, тып-тыныш атырап,

Жүректер тағы да қауышты.

Жанарың жұлдыздай жарқырап,

Толқытты, сабырды тауысты,-деді.

Данияр осы сөзді  керілген  ақ селеулі  далаға, мұнартқан тауларға, ақша бұлттарға…  толқыған дариялар мен шалқыған көлдерге, көкжиектен асып, бұралаңдап алысқа ұзаған қара жолдарға  көз тігіп, аһ ұрғызған арман ғып, толғана айтты. Ішіне қалай ғана сиып жүрген, бұл алапат сезім! Оның әні  кең жайылып, дала боп мүлгіді, көл боп көлкіді,  бұлдыр сағым боп толқыды. Көкейтесті діті  әлі де… әлі де еркіндікке шыға алмай,  үздіктіре ұмсындырып, жүректі шірей берді. Жүрек булыққан ауыр саздан жарылып кете жаздады. Даниярға осыншама шыдам … төзім қалай біткен… қалай? Адамның болаттай берік еркін қараңыз… еркін!

-Бұл қандай ән?  Қырғыз әні секілді.

Тиыштың бұл  сөзі жан жылытып, сезім отын үрледі, мен күлімсіреп: -Солай ма?!- деймін көкейімде беймаза ойлар толқын атып.

Тиыш та мына  әуенге жаны исінді ме,  тамылжып қана іштей қоштап,  бас изеді.

Тиыш  қырғыз әндерін жақсы білетін-ді. Орта мектепті  Ош облысының Қадамжай селосында (туған ағасы Қарпулла Алтаев Ташкенттің заң иинститутын бітіріп, осы жерде прокурор боп қызмет ететін-ді.)  қырғызша бітірген. Кейін елге оралып, өзінің  “Коммунар” совхозында жұмыс істеп, өнерпаз жастардың ансамбліне қатысып, Сарысудың қызғалдақты даласында қырғыз әнін  шырқап жүрген балауса кезінде кезіктіргем-ді. Екеуіміздің жұлдызымызды жарастырған да қырғыз әні еді.

Жүрек толқыған осы бір сәтте “Жәмиланың” тағы бір беті көзіме шалынды:

“…Бир аздан кийин Жамийланың колдору акырын жазыла берип, ал Даниярга бой салып, сүйене калды да, башын секин гана анын ийинине койду. Ошондо кызу келе жаткан төкме жорго жүрүшүнөн жанңылып, кайра ошол замат оңоло кеткен сыңарындай обон  айткан  Даниярдын үнү  мүдүрүле түшкенсүп, үзүліп, кайра  жаңыдан таңшып, күч алды…”

Тағаттан айырылған  көңіл лүпілін сірескен сабырмен шым-шымдап қана білдірген Даниярдың әні өзін селк еткізгендей боп, жанар тауша атылды бір.  Бұла сезім бұрқ етіп, ән қайырмасы ыстық қуатпен биікке қарай… қырғыздың ұлы тауларының асқар шыңдарына өрлеп, самғады бір.

Бар әнім сен, Жәмила,

Дәрменім сен, Жәмила!

Тіл ұшында осы сөз. Ол әрі жұмсақ,  еркелі, назды, әрі сондай отты… Даниярдың әуелеп кеткен үні  қайырыла кұйылған сұңқарша қалықтай  бәсеңдеп, қайтадан кербез керіліп, кең тыныс алып мамырлады:

Асыл затым,

Перизатым,

Жан рахатым!  -деген құштар сөздің лебіне балқыдым.

Осы үш жол: Жәмила мен Қалиқаның, Данияр мен Нұғыманның аһылаған ыстық деміндей сезілді. Тіршілік сәні, өмірдің ырқы, оның қадір-қасиеті, көп пенде біле бермейтін барқы осы бір қуатты, қайратты,  асқақ ойлы арманды адамдардың жүрегінде  екені сезілді. Мен  сол  құдіретті  жүректердің пернесін басып отырмын ба, тәңір-ау! Аядай үйіме қазақтың  ұшы-қиыры жоқ кең даласы сиды. Қырғыздың  көк тіреген таулары сиды. Қырғыз бен қазақтың сырнайлы өзендері мен аққулар қонған айдын көлдері сиды. Иә, иә, аядай үйіміз қазақтың  иен даласы боп кеңейді. Қырғыздың  көгілдір таулары боп биіктеді. Өзен-көлі боп толқыды. Мен тамыздың жып-жылы, жұп- жұмсақ мақпал түнін,  алыстан  қызықтырған үміттей жылт-жылт еткен жұлдыздар сәулесін, сылдырай жүгірген бал бұлақты, маржан шық басқан өзен бойын, маңқиған маңғаз тауларды көріп, түн құстарының сорғалаған әуезіне құлақ түріп отырмын.

Тамыздың бұл түні маужырап,

Біздерді жеткізді арманға.

Қамықпа, қарай бер, жаудырап,

Риза боп тағдырға, жалғанға!

Бұл сөздерді Данияр анық айтты. Жәмила алдында тағдырдың  не қоқайы тұрса да  соған көнген дітін сездіріп, Даниярдың  жан-жүректі үйірген осы бір сөзіне басын иіп, құлай берілді. Бір ауыл бетіне келіп, “осың не?” деп тоқтата алмаған Жәмила Даниярдың әні алдында  сынды, өстіп.

 

*     *      *

Көкейімде Даниярдың әні… Алматы көшелерінің абыр-дабыры көзге көрінбей, ызы-қиқы шуы  құлаққа шалынбай, мен  өз ойыммен өзім боп, түс қайтқан мезгілде  телестудияға келдім. Музыка редакциясының  бөлмесінде бір қызыл пианино бар. Бөлме бос тұр екен. Мен жайлап пианиноның қақпағын ашып, ақырын ғана  клавиштарды басып, іштей әндеттім. Сәлден соң біреулер бөлмеге кіріп-шыға бастады. Біреулердің ту сыртымда  үнсіз тыңдап тұрғанын сездім.

-Бұл  қандай ән?

-Қазақ әні... әлде қырғыз әні?

Бұл сауалды кімдер айтып тұр? Оған мән бергем жоқ. Мен үнсіз түйіліп: -Даниярдың әні!-деп ыңғайсыздана жымиып, орнымнан түрегелдім.

“Даниярдың әні! Даниярдың әні…Оһо, бұл ән ертең Шыңғыс Айтматовпен болатын пресс-конференцияда орындалса, ә!”

Әп-сәтте осы сөз телестудия басшыларын, редакторларды,  режиссерларды ойда жоқта әлекке түсірді. Бұлай болады деп, ойладым ба, тегі?

Бас редактор Жаппар Өмірбеков, бас режиссер Сапарғали Шарипов… бәр-бәрі жиылып, әнді  өз аузымнан тыңдады. Мен оны  сөзсіз ыңылдап қана айттым. Өз сөзімді жасырдым. Жүрексіндім. Осы студияда менімен бірге істейтін, жасы үлкен белгілі ақындар бар. Солардан имендім.

Ән тыңдалып болды. Сапарғали Шарипов өте құштар сезімді, қиялы бай, алғыр ойлы жан. Бірден қыза сөйлеп, қуанғаны болуы керек, мүлде шалқып: -Ой, қандай романтикалық ән! Ән емес,  ария! Даниярдың ариясы! Шыңғыстың  от -жалынды лирикасы! Оу, Жапеке, бұл әнді  біз ертең эфирге шығаруымыз керек! Шыңғыспен кездесудегі мағыналы,  тебіреністі сөздердің “тұздығы” болады, бұл ән! Ә, Жапеке, сіз Кенжеболат Шалабаевичпен сөйлесіңіз,  “Шыңғысқа тамаша ән тартуы болады деңіз», -деді, ақсары жүзі алаулай қызарып.

Бұл сөзді үндемей тыңдаған режиссер Әсман Дүйімбаев: -Значить, әнге сөз жазылу керек, - деді, өз-өзінен әбіржіп,  дәйім мәңгіріп, қиял құрсауында  жүретін әдеті.

Жаппар Өмірбеков қысық көзін сығырайтып, өзінше бір ойға шомды. Отырғандар  сөз ақырын күтті. Бір кезде: -Мен… мен бармын ғой! Талай композитордың әніне сөз жаздым. Және Шыңғыспен Москвада бірге оқыдым. Доспыз екеуіміз. “Жәмиланың” сол кезде қалай орысша жазылғанын білем!  Молодец, Илья! Мен  мұның әндерін жанымдай жақсы көрем, Жапеке, менікі де бөспелік болмасын, “өзім жазам” десең қарсылығым жоқ.

Жапеке, осы әннің  бағын маған қисаң қайтеді, а?-деп ақын Саттар Сейітқазин  сыбанып шыға келді.

Саттар ақкөңіл. Адал. Аңғал. Сәбидей сенгіш. Тірі пендеге зияны жоқ, кімге болса да, “болсын” дейтін, ақжүрек. Әлбетте, ақындық желігі бар. Мақтан сүйеді. Лепіріп, аспандап, әуелеп кетеді. Шыңғыспен Құдайдың құтты күні телефонмен сөйлескенін жыр қылып, соған өзі мәз болады да жүреді. Кей сөзінің алды бар, арты жоқ, Қожанасыр… мен іштей Саттарға қалай көніп қалғанымды білмедім. Ешкім қарсы уәж айтпады. Жаппар күлімсіреп бас изеді де қойды. Саттар келіп менің иығыма қолын салып: -Маған әніңнің өлшемін бер. Буын санын айт, -деді.

Сапарғали Саттарға сенерін, сенбесін білмеген жанша аңыра қарап:  -Ән текстін өте… трогательно жаз! Оны  осы отырған бәріміз, иә, даже Кенжеболат Шалабаевичтің өзін қатыстырып, керек болса, ол кісінің кабинетіне жиылып, тыңдаймыз біз, Сейтқазин, жолдас!-деп ақ тісін  жарқырата  күліп, “Сәтті болсын!” деген жандай мәз бола қол соқты. Отырғандардың бәрі шуласа қоштады.

Осы сөзден кейін мен Саттарға әннің мән-жайын, өз ойымды, «Жәмилада» өзім қызыққан көріністерді айтып, әннің өлшемін көрсеттім.

Жұмыс аяғына дейін сөз де жазылды. Оны әуелі өзім оқыдым. Іштей келіскем жоқ. Саттардың  алып-ұшқан көңіліне  қылау түсіргім келмеді. Саттар өзінше мәз. Уақыт тар. Мен соны ойладым. Басшыларымыз ән біткен екен деп шұғыл іске кірісті. Біреулер консерваторияға телефон соғып жатты.Не керек, әнші де табылды. Менде ерік жоқ. Бәр-бәрін өздері кеу-кеулеп алып кетті. Шамасы бір... бір жарым сағат мұғдарында Саттардың сөзі талқыға түсті.

Мен  әр қилы сезім құшағында аң-таң боп, үйге қайттым.

 

*      *      *

 

Кешінде  үйде  Саттар Сейітхазиннің өлеңін домбыраға қосып,  қайта-қайта айтумен болдым:

Мен едім елімді сағынған,

Туған жер дәміне табынған.

Келемін, ұзақ жол алдымда,

Махаббат күтемін ауылдан.

Қайдасың сен, Жәмила,

Арманым сен, Жәмила.

Ардағым сен,

Абзалым сен, қалқажаным!

Жүректе көп сыр бар қайнаған,

Армансыз өтетін қайда, адам.

Күніне жүз көрсем, Жәмила,

Көзімнің жанары тоймаған.

Осы сөзді  әндеткен сайын бағана   біздің жастар редакциясында болған талқылауды қаз-қалпында  елестеттім.  Ақын Жақан Смақов бірден: -Қызық.  Данияр: “Мен едім елімді сағынған” дегені несі? Саттар, осы шумағың - сәтсіз шумақ. Данияр  сол  Шекер ауылында жүр. Тағы да: “Келемін ұзақ жол алдымда, махаббат күтемін ауылдан” дейсің. Ал,  осы  жолда...  дәл осы ауылда Даниярдың  Жәмиладай нақсүйері Құдайдың құтты күні  қасында жүр. Астық тасыған қара жолда да екеуі, және Сейіті бар, жұбын жазбайды, -деді күлімсірей басын шайқап.

Саттардың  тозаңданып жүретін қарасұр жүзі қабарып, іштей түйіліп, әлгі сөзді жақтырмады.

Сәл үнсіздіктен кейін: -  Жақан, оттама сен, Даниярдың қай жерде, кіммен жүргенін білем мен,  -деп Саттар сөзінің аяғын жұтып, дүрс ете қалды.

Жақан жымиып езу тартты да, үндемеді. Отырғандар Саттардың  сөзін  қоштаған жоқ. Іштей Жақанды жақтады.

Жан баласына  тік сөйлемейтін биязы жігіт – композитор Бақытжан Құрманғалиев: -Мен ақын емеспін, әрине, бірақ, ән сөзінің қалай жасалатынын білемін. Ол  жәй поэзиядан мүлде бөлек дүние. Ақындар осыған мән бермейді. Кейбіреуі түсінбейді де. Сөзіне ән жазылса болғаны. Соған мәз. Асылы, ән сөзіне  ешқандай комментарий жүрмейді. Осы шумақта алғашқы екі жол: “сағынған”, “табынған” дейтін сөздермен әдемі ұйқасып тұр, ал, Саттар аға, төртінші  жолыңыз “ауылдан” деп әлгі екі жолмен онша қиыспай жатыр. Сізге оны жөндеу қиын да емес. Бұл – бір. Екіншіден айтайын дегенім - Илья  Шыңғыстың  осы әнді туғызған эпизодына  дәл түскен. Өте дәл! Композитор мен жазушының керемет түйіскен видениесі бұл. Әйтпесе, ән шықпас та еді. Сол суретті дәл... өте дәл беру керек тексте. Жай ғана қарадүрсін баяндау Даниярдың образын бере алмайды. Бұл ән Даниярдың  - жан сезімі. Оның кім екендігі, асқақ арманы... және онда қандай жүрек бары осы әнде  бар шырайымен өте... өте жарқын көрінуі тиіс. Бұл ән адам көңілін әуелететін биік романтика! -деп отырғандарды  ойландырып тастады.

Өзім жөнінде  мұндай сөзді естуім бірінші рет болар, тегі. Жаңа әнім осылайша өбектелейін деді.

Бақытжан көптің ішінде  қоңыр қозыдай ғана тып-тыныш жүретін жігіт. Орынсыз суырылмайды. Килікпейді. Жөнді-жөнсіз жұлқынбайды. Артық сөзге жоқ. Онысы сол жуастығына, иі  жұмсақтығына байланысты емес, өзінің жаратылысы, заты солай. Сырлы сезімді музыкант. Бақытжанның жаңағы пікірі менің жүрек пернемді дәл басты. Білікті композитордың талғамын айтты.

Сапарғали: -Әп, бәрекелді, менің көкейімдегі сөз, Шыңғыс прозасы тудырған әніміздің көркем болғаны жақсы. Ғафу ет, Саттар, бәрі асығыс боп жатыр. Текстіңді дұрыстап қарарсың, -деді Бақытжанның сөзіне қыбы қанып.

Жаппар енді ақын Әбдікәрім Ахметовке бұрылды. Жібек мінезді бұл бір ізетті жан ыржиып қана күлді де: - Бүрсікүні кездесу… уақыт тығыл-таяң. Ән сөзі оңай емес, мен өзім кейбір ән сөзін өте ұзақ жазам. Тіпті, кейбіреуіне шамам да келмеді. Композиторларды құр емексітіп, әуре қылдым. Осы жақында ғана Ильяның «Еске алу» деп аталатын элегиялық әніне бір айдай уақытым кетті. Қарт жауынгерлердің кешегі соғыс кезін, жүріп өткен майдан жолдарын еске түсіруі. Қатты қиналдым.  Жақанның, Бақытжанның сөзі дұрыс, Саттар.  Бірінші шумақты  қайта қарашы, әннің басталуы ғой. Бәріміздің сөзіміздің қисыны, иә, діттеген ойымыз - ән сөзі композиторды толқытқан тебіреністі эпизодқа  дәл келгені жақсы, -деді, өзінің майда қоңыр биязы үнімен.

Осы сөзден кейін бәрімізді сәл үнсіздік тұнжыратты. Саттардың абсиған  жүзі қарауытып, салпиған еріні бозарып, көзі  шүңірейіп, екі иығы қусырылып, басыла берді. Саусақтарын сытырлата  бұрап, іштей булығып, жарылып кете жаздады. Шылымын алып, қайта-қайта тұтатқысы кеп, қатты тыпыршыды.

Жаңағы пікірлердің бәрін үнсіз тыңдаған режиссер  Әсман Дүйімбаев: - А, почему Данияр ән қайырмасында  “Қайдасың сен, Жәмила?” дейді, -деп бәрімізге тесіле қарады, -ведь Жәмила Даниярдың қасында жүр ғой. Бір ауылда, бір қырман басында, Маймақ станциясына астық тасығанда да екеуі, иә, әлгі кішкентай Сейіт бар,  бірге шығады ғой, жолға. Саттар, бүрсікүні  Шыңғыспен кездесуді  мына  Сапекең екеуіміз өткіземіз, біз осы әннен бастап,  әр кімнің сөйлейтін сөзіне жауап береміз. Ән сөзіне айтылған  жаңағы  замечаниелерді жөнде! Жөндемесең әнді  бермейміз, -деп  лоқ еткізді.

Саттардың құты қашты.

Сөз кезегі  Жаппарға тірелді. Жаппар: - Шыңғыспен кездесуде  Ильяның бұл әні,  сөз жоқ, орындалады. Шыңғыс, әлбетте, өте сырлы сезімді  ойлы жан, әнді ыждағатпен  тыңдайды. Сөзіне зер салады. Ән –Даниярдың әні болған соң Даниярдың не дейтініне көңіл қояды. Өзінің повесіндегі  суреттелген  өмір әнге қалай түскен, соған мән береді. Шыңғыс қазақ тілін жақсы біледі. Сөздің  түйіні,  Саттар, мына  жігіттердің ескертулеріне ойлана қара. Мен сені  басқа жұмыстарға  жекпей-ақ қояйын, бар уақытыңды  осы әнге салшы, бауырым, -деді, жайып-шуып.

Сапарғали  Шарипов отырғандарды  барлай қарап: -Жапеке, бәрі түсінікті. Саттар ән сөзін ретке келтіруі керек. Басқа істің бәрі жөн-жөнімен  жасалып жатыр. Бірақ, уақытымыз өте тар. Және бар тірлігімізді  Кенжеболат Шалабаевичтің өзі қадағалап отыр. Қам жемеңіз, Жапеке, бәрі дұрыс болады. Ал,  Илья, ән сөзі жөнінде өзің ештеңе айтпадың ғой, -деп маған ым қақты.

Мен  сәл күмілжіп: -Ән сөзін екі жақтап жөнге келтіреміз, Сапеке, -дедім.

Саттар қозғалақтап, ептеп қабағы ашылып, жүзіне қан жүгіріді, шырайы кірді. Қайтымы тез адам: - Жақсы,  жөндеймін, -  деді.

Тағы бір жайды ұмытып барады екем, ол да еріксіз езу тартқызды. Сол талқылаудан кейін Саттардың   арыны басылып, жүні  жығылғандай өзіне-өзі келе алмай қойды. Коридорда  шылымды  үсті-үстіне бұрқыратып,  менің қас-қабағыма ұрлана қарап: -Ильяжан, кейбір әндеріңе өзің сөз жазушы едің ғой, шыныңды айтшы, мына әнге өзің  наброска жасаған жоқсың ба?-деді күмілжіп.

Сездім. Іштей жасқана сөйледі. Аяп кеттім. Аңқылдаған осы бір  зілсіз жанды тазалығы, пәктігі… бір нәрсені  ойламай  айта салатыны, артынан пұшайман боп жөндеп жүретін қасиеті үшін жақсы көруші едім. Жаңағы  сауалына  “ жазғам жоқ” дегендей тек  басымды изедім де қойдым. Көңіліне  қаяу түсіргім келмеді. Шыңғыс пен екеуінің  жолдастығын да ойладым. Жұмыста отырып Шыңғысқа  талай рет телефон соққанын, одан ақша сұраған кездерін де көрген едім. Біреулер мұндай істі жымысқыланып,  білдірмей, жасырын істейді ғой, ал, Саттардың бар ісі дабыра. Осының бәр-бәрін ойлап: “Сәке, дайын шығармаға қашанда сыншы көп. Өз жүрегіңіздің лүпілін тыңдаңыз. Сөз қадірін білмейді емес, білесіз, “Жәмиланың” әр эпизодына зер салыңыз. Әсіресе, Данияр, Жәмила, Сейіт үшеуінің Маймақ станциясына астық тапсырып келе жатып, жыландай ирелеңдеген қара жолда бір-бірімен үнсіз арбасуы, тағаттан айырылған Жәмиланың арбадан түсе қалып, Даниярдың арбасына  жанаса жүруі… меңірейген Даниярдың  кенет әндете бастауы… мысалы, Сәке, осындай жанды суреттер, тамыздың айлы түні… ойланыңыз, - дедім, мен де  ішімде булыққан өз құпиямды  өзім сездіргендей боп.

Үйде  осының бәрі көз алдымнан өтіп жатты.

Бесік тербетіп отырған Тиыш: -Жаным,  Ботиком, ұйықтай қойшы, әні… әні қалғыдың, Баукетайым! -деп Бауыржанды өбектеп: - Өз сөзің қайда? - деді жаймен ғана.

-Е, Тиыш, ол әлі толық біткен жоқ.

-Саттар ағаның әлгі сөзі қалай?

Мен іштей  әндеткен күйі  бұл сауалды  жауапсыз қалдырдым. Әлден соң: -Бүгін қазан айының оныншы жұлдызы, ә, Тиыш?-дедім.

- Шыңғыс аға қашан келеді?

-Ертең. Ал, арғы күні - Шыңғыспен кездесу.  “Даниярдың әні” сценарий бойынша пресс-конференцияның соңында орындалады.

-Әншің кім?

-Мәдеш Ниязбеков.

-Мәдеш?

-Шәмшінің “Жүрек сыры”,  “Қаракөз” әндерінің бағын ашқан тамаша тенор. 1958-жылы ол – қазақ өнерінің Москвада өткен Екінші Онкүндігінде үздік өнер көрсетіпті. Содан оны бірден консерваторияға  вокальдық факультетке алыпты. Бізден әлдеқайда ересек жан. Өзі Жамбылдық. Осыдан біраз жылдар бұрын Жамбылдың драмтеатрында қызмет етіпті. Күләш Сәкиева есімді әнші бар емес пе, драма артисі… сол апаңның  жолдасы екен. Бірақ,  ажырасып кетіпті. Мәдеш өте көркем,  сұлу үнді сері. Мен Мәдешке “Даниярдың әнін” телефонмен айтып бергенімде ол жер-көкке симай қуанды. Әнге  өте зерделі, зерек екен,  әнді екінші рет қайталағанымда  өз әнімді өзіме қаз-қалпында мөлдіретті. Оның үні маған әнімнің қандай деңгейдегі ән екенін анық танытты. Тенорлардың арманы болады, Құдай қаласа, “Даниярдың әні”. Мәдешті рояльда сүйемелдейтін пианист Семен  Бенедиктович Коган. Бибігүлдің концертмейстрі. Қазақ әнін жатқа ойнайды. Таңғаласың. Ана жолы саған композитор Сергей Рахманинов туралы бір кітап көрсеттім, есіңде ме?

-Иә.

-Сол кітапта композитор саусақтарының суретін беріпті. Әлемдегі  пианистердің бәрі  сол құдіретті саусақтың бітіміне таң-тамаша болады. Семен Коганның саусақтары да сол  Сергей Рахманиновтың саусақтары секілді ұзын, салалы, жұмсақ… лыпып тұр. О, ол кісінің рояльда ойнағанын көрсең, он саусақ ақ, қара клавиштардың үстінде жыбырлаған бала толқындай билеп жүреді, мүлде.  Бейнелеуге тіл жетпейді. “Даниярдың әні” осындай  ғажап адамдардың қолына тиіп отыр.  Маған режиссерлар ән орындалып жатқанда пианистің сол жағында нотаны өзің ашып отырасың...үстіңе әдемі костюміңді киіп кел, деді.

Тиыш мұңая бас изеді. Жүзіне аңыра қарадым да ештеңе демедім.

-Костюміңді химчисткаға  беріп ем…

Мен қобалжулы көңілмен: - Ән ертең председателіміздің кабинетінде тыңдалады, -дедім.

Жүрегімді үрей биледі.

 

*     *     *

 

Қазанның он екінші жұлдызы. Ұлы сәске. Телестудия фоесі. Саттар мені Шыңғыс Айтматовпен таныстырды.

Шыңғыс маған ойлана қарады да: - Композитор инибиз ғо, жакшы… абдан жакшы!-деді үнінен мейірім лебі сезіліп.

Саттар  аптыға сөйлейтін әдеті: -Ильяның әндері халық арасында жиі айтылады,-деп қалды.

Шыңғыс ізетпен бас изеді. Саттар сөзін қайта жалғады:-Шыңғыс бағана айттым, кеше  “Даниярдың әні” тыңдалды. Біздің Госкомитеттің председателі Кенжеболат Шалабаевичтің кабинетінде. Ол жиынға композиторлар мен  дирижерлар, әншілер… ақындар, журналистер… оһо, қазақ музыкасының корифейі, ешкімге дес бермейтін  азулы композитор, профессор Евгений Григорьевич Брусиловский қатысты. Анау-мынауға бұрылмайтын бұл бір паң көкірек жан сол күні студияда Ришат Абдуллин есімді атақты әншімізге  бір жаңа әнін жаздырып болып, соның мән-жайын Кенжеболат Шалабаевичқа айтуға кірген беті екен. Кенжекең Брусиловскийді  құшақ жая қарсы алып, қошемет көрсетіп, қасына отырғызды. Мәдеш Ниязбеков “Даниярдың әнін” орындады. Рояльда пианист Семен Коган, ой, бір шалқытты дейсіз. Сөздің қысқасы, Шыңғыс, Брусиловский “Даниярдың әнін” ария деп бағалады.

Мен  Саттардың мына сөзіне  қымсынып, өзімді қоярға жер таппадым. Саттарға сәл қабағымды түйіп, қарсылық білдіріп,  “қойсаңызшы” дегендей ишарат білдірдім. Саттар оны  елең де қылған жоқ. Амалым құрып, ұялып,  еріксіз жымидым.

Шыңғыс…зипа бойында өзгеше бір  сыпалық, иба бар; сыптай тіп-тік сұлу тұлғасында бір мін жоқ, аса сабырлы,  биязы жан мені мейірлі көзімен баурады. Мен жөнінде  самбырлап біраз сөз айтып тастаған Саттарға да иіле көңіл бөліп, кішіпейіл қасиет, әрі өресі биік кісілік келбет танытып, “жакшы…  жакшы” деп емірене қоштады.

Сөйтіп тұрғанда қасымыздан өтіп бара жатқан режиссерымыз Әсман Дүйімбаев маған жалт бұрылып,  өзіне ымдап шақырды. Асығып-аптығып жүретін әдеті. Маған қадала қарады да: -Тез… тез бар үйіңе. Жүзіңде шаршау бар. Бір-екі сағат ұйықтап ал. Маңдайыңның қырыс-тырысы жазылады. Бетің тегістеледі,  -деп езу тартып, еркелете  арқамнан қақты, - ән дайын. Оған қам жеме. Мәдеш  мөлдіреп тұрған тенор екен.    Хорошо! Ал, енді,  сен үйіңе қарай заула. Әдемі костюм ки. Онсыз эфирге шығармаймын. Бар… бар…

 

*     *     *

 

Үйге келдім. Тиыштың жүзі сынық.

-Не болды? - дедім аң-таң боп.

Тиыш үндемеді.

Мен дегбірсізденіп: -Немене, Баукетай ауырып қалды ма? –деп бесікте ұйықтап жатқан  Бауыржаныма үңіле қарадым. Ол маужырап, тып-тыныш жатыр.

Тиыш  күмілжіп: -Костюміңді… -деді сөзінің аяғын жұтып.

-Немене? –дедім  ешнәрсеге түсінбей.

-Химчисткаға бардым. Костюміңді тазалап бітбепті.

Тиыш  бір түрлі жазықты көзбен жүзін төмен салып, үндемеді.

Маңдайымнан суық тер білінді. Аңырып, дал боп тұрмын. Тиыш жасыды. “Әдемі костюміңді ки!”  Режиссер Әсман Дүйімбаевтың сөзі... салым суға кетті.

Есіме  отын-суға киіп жүрген ескі қаракөк пиджагім түсе кеткені. Ол пештің артында елеусіз ғана  ілулі тұрған-ды. Бардым да соны алдым, балконға шығып, қағып-қағып жіберіп: -Жақсылап үтікте, - деп, Тиышқа ұстата бердім.

Тиыш жабырқау күйде  пиджакті қолымнан зорға… зорға алды. Үн жоқ. Пиджактің екі жеңі қырқылып қалған екен, оны   әдіптеді. Тазартты.  Сонан соң  күрсініп қойып, үтіктеуге кірісті. Нәркес жанарынан үзіліп түскен тамшылар ыстық үтікке тиіп, шыжылдап жатты.

Жүректе бір қуаныш, бір толқу. Мұндай сәтте қалай дем аласың?

 

*     *     *

 

Көгілдір экран арқылы  күллі қазақ жұртын тебіренткен сол кездесу кешінде  Шыңғыс Айтматов Алматы интеллигенциясының қаймағы – көрнекті, белгілі ақын-жазушылар мен журналистердің, архитекторлар мен скульпторлардың, ғалымдардың,  музыканттардың алдында өз өмір жолын, шығармаларының  жазылу тарихын,  қырғыз бен қазақтың  ежелгі  туысқандығын, әдебиеттеріміздің байланысын… елдік, ерлік салтымызды, “Манас”  жырын алғаш рет зерттеп, қағазға түсірген Шоқанды, сол зерттеуді  аса ыждағаттылықпен  жан-жақты тереңдете қаузап, оны күллі әлемге танытқан қос ғұлама-Мұқтар Әуезов пен Әлікей Марғұлан еңбектерін мақтаныш  сезіммен толғады. Әсіресе, ертеде “Манас” жыры төңірегінде  бір  айтыстар  бұрқ ете түсіп, классикалық эпосқа қауіп төнгенде Фрунзеде өткен Бүкіл Одақтық ғылыми конференцияда арғы-бергі тарихтан тартып,  ағыл-тегіл сөйлеген Мұқтардың  жойқын сұсын, асқақ беделін… өзіне деген қамқорлығын жер-көкке сиғызбай, жібектей сызылған  лирикалы толғанысымен, ой бір,  әуелетті  дейсіз!

Сұқпатты жүргізген Жаппар Өмірбеков Шыңғыстың өрелі болмысына дән разы боп, ретті жерінде  біреулерге сауалдар бергізіп, оларға деген Шыңғыстың дәйекті сөзі, ақылды жауабына жаны сүйсініп, жадырап, мүлде рахаттанып отырды.

Әңгіме соңында  әнші Мәдеш Ниязбековтың орындауында “Даниярдың әні” шырқалды. Пианист Семен Коган рояльді  құштар сезіммен мөлдіретті. Ән лирикалы леппен жібектей есілді. Мәдештің сол бір  романтикалық шалқуы байсалды қалыпта отырған Шыңғыстың өзін сабыр, тағаттан айырды. Шыңғыс шабыттана қозғалақтап, бір тәтті қиялға берілді. Ән орындалып біткенде  орнынан ұшып тұрып, рояльдың қасына келіп, әрқайсымызға  күлімсірей басын иіп: -Чоң рахмат! Чоң рахмат!-деп ізетпен қолымызды қысты.

Мен  Шыңғысқа  “Даниярдың әнінің” нотасын сыйға тарттым. Нотаны алып тұрып Шыңғыс: -“Даниярдын обону” өз дабышым! Эми дагы  бир жакшы  күндөрдө Жамиланын обонун жазып койсоң болот турбай бы! – деп қиыла  тілек етті.

Мен де толқып: -Құдай қаласа, Шыңғыс аға!-дедім.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

4 пікір