Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сатира 5711 0 пікір 21 Қараша, 2017 сағат 09:07

Әйелімді "жекешелендіріп" алдым...

Байқап отырсам, кезінде әйтеуір бір іске жарар нәрсені жекешелендіріп алған  таныстарымның бәрі де әжептәуір  байып алыпты. Соны ойлағанда ішім удай ашиды. Содан не керек, кештеу  болса да "осы мен де  бірдеңені  жекешелендіріп алайыншы" деп  қиялдай бастадым. Бірақ нені?

Осы сәт "қияли" деген әйелімнің даусы естілді. Неге екенін қайдам. соңғы кездері мені осылай атайтын болып жүр. Ерегескенде осы қатынымды неге жекешелендіріп алмаймын деген ой сап ете қалды.

Ертеңіне салып ұрып, жекешелендіру комитетіне келдім. Бастығы болмаған соң орынбасарына кірдім. Быттиған қара қатын екен.

– Аман-саусыз   ба? Қатынымды жекешелендіріп алайын деп едім, – дедім бірден.

– Чего?! – деп оның басы кекшең ете қалды.

– Қатынымды жекешелендіріп алғым келеді деп тұрған жоқпын ба?

Қара қатын бетіме безірейе қарап, үн-түнсіз қатты да қалды. Мына мәңкүс қазақшаны қақпай тұр ма деп:

– Ау, хочу приватизировать жену, – деп айғай салдым.

– Көтек, мынандай да қояншық болады екен ғой, – деп қара қатын ұйқысынан шошып оянғандай сайрай жөнелді. – Астапыралла! Қатынын жекешелендірген деген не сұмдық! Апыр-ай,  қояншықтың мұндай да түрі болады екен-ау!

– Слушай! – дедім мен оған, жекешелендіруді мен ойлап тапқаным жоқ. Қазір заманның өзі жекешелендіру заманы емес пе? Ендеше, сол заманды көркейту үшін әркім өз үлесін қосуы керек. Үкіметіміз де "бөркі қазандай болып" мәз боп қалсын. Жекешелендіретін адамның бәрі қояншық бола берсе, қалай ел боламыз?

– Қойыңыз, – деді қара қатын, қойыңыз. Біздің ел болуымыз сіздің қатыныңыздың жекешелендірілуіне қарап қалып па? Қатынды жекешелендіруге болмайды.

– Неге болмайды?

– Ау, көкесі, қатыныңыз жекешелендірмесеңіз де өзіңіздікі емес пе? Жоқ әлде оның таласып жүрген басқа да байы бар ма еді?

– Мәселе таласқанда емес қой. Мәселе – жекешелендіруде болып тұрған жоқ па? Біздің биліктегілер ғой, кеңес заманында және одан кейін салынған, «салынбаған» "дүние-мүліктердің" бәрін де "көзін бақырайтып қойып", жанталаса жекешелендіріп, «асап жатыр, асап жатыр». Немене, менің қатыным "олардан" кем бе? Мен де қатынымды кеңес заманында алғам. Қатыным мемлекет қызметін атқаратын болғандықтан, мемлекеттік "мүлік" болып табылады. Ал, мемлекеттік мүлікті жекешелендірмеуге сіздердің қақыларыңыз жоқ.

– Апыр-ай, мына қояншық өзеуреп қоятын емес қой, – деп қара қатын турасынан кетті.

Өзіңіздің ақыл-есіңіз дұрыс па?

– Е, неге дұрыс емес?

– Қатыныңыздыкі ше?

– Ондағы шаруаңыз қанша?

– Жоқ-ау, енді ақыл-есі дұрыс қатын жекешелендіремін дегенге көне ме? Ол сіздің мына "хикаяыңызды"  біле ме? Жекешелендіруге келісіп пе еді?

– Келіскенде қандай! – деп өтірікті соғып жібердім, – тіпті  қуанып қалды.

– Алда байғұс-ай, ол да солай екен ғой.

– Нені айтып тұрсыз?

– Жәй ғой. Жарайды, – деді қара қатын менен тезірек құтылғысы келгендей, – қатыныңызды жекешелендірмек  тұрмақ сатып жіберсеңіз де өзіңіз білесіз. Бірақ, бұл мәселені ертең бастықпен шешіңіз. Онсыз мен шеше алмаймын.

Ертеңіне салып ұрып, бастығына кірдім.

– Қатынымды жекешелендіріп алайын деп едім, – дедім әй-шәй жоқ.

– Ә, сіз бе едіңіз? – деп бастық жымың ете қалды.

– Иә,  солмын ғой, тап сол қояншықтың өзімін, – дедім оның не үшін жымиғанын сезіп.

– Жоқ, ә неге олай дейсіз? Мынауыңыз тамаша идея екен. Өзі жекешелендіретін де нәрсе қалмай бара жатыр еді.

– Е, бәсе, – деп қуанып қалдым. – Кеше   ана   қара қатыныңыз, то есть орынбасарыңыз жекешелендіруге болмайды деп бет бақтырмап еді.

– Мен тек идеяыңыздың тамаша екендігін айтып тұрмын, – деді бастық. – Бірақ, қатынды жекешелендірсін деген заң жоқ қой.

– Апыр-ай, заңда енді анасын-мынасын, қатынын жекешелендірсін деп жеке-жеке "көзін шұқып" көрсетпеген шығар. Мемлекеттік мүлік қатарына жатқызамыз да, "ысқыртып" жібереміз.

– Жалпы, идеяңыз тамаша! – деді тағы да бастық. –  Бірақ одан, яғни, қатынды жекешелендіруден не ұтамыз? Еліміздің экономикасына қандай да бір пайдасы бола ма?

– Е, неге болмасын. Бәрінен де ұтамыз. Ең бастысы, елімізде развод деген, яғни, қит етсе ажырасам деген болмайды. Жекеменшігі болған соң байы қатынының жайын күні-түні ойлайды, екеуі бірін-бірі қас-қағым сәт көрмесе ғашықтық жырын толғайды. Еліміз қиял-ғажайып махаббаттар еліне айналады, мұны көрген жат-жұрттықтардың қызғаныштан тілі байланады. Еліміздің атағы аяқ астынан аспандайды, бұған қызыққан бай елдер тәжірибе алу үшін бізге миллиондап ақша "айдайды". Бұдан кейін экономикамыз қанша "бетсіз болса да", құлпырмай көрсін.

– Та-ма-ша! – деді бастық менің сөзімнен үлкен бір ләззатқа батқандай және тап сол жерде елімізге "инвестицияның" жаңа үлкен бір көзі табылғандай сөзін бөле сөйлеп. – Та-ма-ша! Дегенмен, мына бір жайды анықтап алайыншы. Жекешелендірілмеген қатынға байының әлгі сіз айтқандай махаббаты болмай ма?

– Қайдағы махаббат. Айналайын-ау, жекешелендірілмеген қатын – мемлекеттің "қатыны". Есі дұрыс еркекке мемлекеттің қатынының керегі не? Оған қашанда мемлекеттік мүлік ретінде қарайды, сондықтан да қит етсе бас-көзге қарамай сабайды.

– Сол үшін де қатындарымызды жекешелендіріп алу керек деп тұрсыз ғой.

– Деп тұрмыз ғой енді.

– Расында да сөйтсек пе екен? - деп бастық солқылдап қалды.

– Әрине, сөйтеміз, – дедім мен танауым желпілдеп, – мана бір сөзіңізде өзіңіз де айтқан жоқсыз ба, жекешелендіретін де нәрсе қалмай бара жатыр деп. Ал, жекешелендірусіз таңымыз қалай атады, күніміз қалай батады, итіміз қай бетімен үреді, қатынымыз "мемлекеттікі" болып тұрып, қай бетімен күледі? Сондықтан да, уақытты ұтқызбай, қатындарымызды жекешелендіре бастайық. Сосын біртіндеп ауаны, айды, аспанды жекешелендіріп аламыз ғой.

– Шіркін! Күнді жекешелендіріп алсақ қой, – деп бастық менің "ертегіме" елти бастады.

– Қайда асығасыз? Түбінде оған да жетерміз. Алдымен қатындарымызды жекешелендіріп алайықшы.

– Жарайды, – деді бастық, жекешелендіру тәртібі бойынша газетке хабарландыру беріп, қатыныңызды аукционға саласыз.

– Пожалыста, – дедім мен, –  елімізді ең зиялы, ең өркениетті қоғамға айналдыратын ең ұлы мақсатымыз – жекешелендіру жолында қатын деген не тәйірі. Пожалыста, саламын.

Қатынымды жер бетінде ең бірінші жекешелендірілетін қатын  болғандықтан "Тарихта атың қалады, Қостанайда қырық құлаштық ескерткіш орнататын болады, Гиннестің рекордтар кітабына  жазыласың" деп, әрі алтын сақина әперетін болып, аукционға түсуге  әзер көндірдім. Белгіленген күні аукцион да өткізілді. "Қатын түседі" деген соң ба,  кілең қасқалар мен жайсаңдар, ығайлар мен  сығайлар жиналды. Қатыным буындарын  былқылдатып,  бөкселерін  бұлтылдатып  ортаға  қарай қайқаңдай  жөнелгенде  оның  талшыбықтай  майысқан  беліне, «аударылып-төңкеріліп» бара жатқан мол «дүниесіне»  оқтай  түзу  аяғына  көзім  түсіп,  оны  алғаш көріп  тұрғандай  есімнен танып қала жаздадым.

Бүкіл еркектердің  көзі соған ауды. Өзімнің  не бүлдіргенімді  сол  сәтте түсіндім. Енді осыншама «байлықты» әлдекімдер иеленіп кете ме деген ойдан зәрем зәр түбіне кетті.

– Ау, мына  қатынды  сипаттап беретін біреу бар ма? –  деп отырғандардың бірі айқай  салды.

– Мен, мен сипаттап  беремін  деп орнымнан  жалма-жан атып  тұрдым. Сосын өзімнің бұл қатынның байы екенімді білдіріп, солардың алдында қатынымның қолынан түк келмейтін олақтығын, қашанда кір-қожалақ болып жүретін салақтығын, ақылының шолақтығын, не айтсаң соған сене беретін дорақтығын, ойхой не  керек, ит терісін басына қаптап, сондықтан аукционға салып отырғанымды айтып,  сайрап бердім. Жиналғандардың  бәрі де ат-тондарын ала қашты. Бастапқы бағасы он мың долларға белгіленген қатыным он центке де өтпей қалды. Осылай керемет тапқырлығымның арқасында қатыным өзіме бұйырды. Ертеңіне жекешелендіру комитетінің бастығы арқамнан қағып тұрып, "Қисық Түзелмесов қатыны Сылқым Қиқымқызын өзі жекешелендіріп алды" деген №1 куәлікті салтанатты түрде табыс етті.

– Ура! Жасасын, жекешелендіру, ура, жасасын менің жер бетінде № 1 жекешелендірілген қатыным! – деп айғай салдым.

Дамир Әбішев, Қостанай қаласы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір