Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 8317 12 пікір 19 Қараша, 2017 сағат 08:35

«Нұр Отан» көші-қонды қолға алды!

                    

    

 Елге оралған және шекараның арғы бетінде ұлтымыздың диаспорасы ретінде өмір сүріп жатқан қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, қол ұшын беру бірлі-жарым қоғамдық ұйымдардың ғана айналысатын шаруасы емес, әлбетте. Ол туралы мемлекет басшысы да жиі айтады. Алайда, олардың елге қоныс аударып, азаматтық алу, баспаналы болып, ортаға «сіңу», жұмысқа орналасып, білім алу жағдайларында мәселелер де жоқ емес. Бұл мемлекеттік құзырлы органдардан бастап, бүкіл ел-жұрт болып қолға алатын маңызды жайт екенін ескерген «Нұр Отан» аталған мәселелердің әрқайсына жеке тоқталып, оған атқарушы билік назарын аударту, арада диалог орнату мақсатында түрлі форматтағы шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруда.

Мәселен, өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі және аймақтық филиалдарының қабылдау бөлмелерінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі Істер министрлігі, Сыртқы Істер министрлігі, Ауылшаруашылығы министрлігі, Әділет министрлігі және Астана мен Алматы қаласы, облыс, қала, аудан әкімдіктері мен Көші-қон полициясының құрылымдық бөлімшелерін қатыстыра отырып,  «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясы өтті.

Акция атқарушы биліктің көші-қон саясатына назарын аударту, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы мен өзге де қаулылардың өз деңгейінде атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған. Азаматтардың күн тәртібінде шешілмей тұрған мәселелерін анықтау және оны заң аясында шешуге ықпал етуді көздеген шараны ұйымдастырушылар қандас-азаматтардың басындағы жағдайларды тыңдай келе, мәселеге жауапты құзырлы орган өкілдерінен жауап алды. Еліміздің көші-қон саясатын сапалы деңгейге көтеруді көздеген шара осымен екінші мәрте өткізілді.

Акцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бектұрғанов Ерсұлтан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, сондай-ақ,  қандастардың жағдайларын үнемі назарда ұстап, олардың мәселелерін көтерумен келе жатқан «Асар», «Отандас ел», «Тарихи Атажұрт», «Жебеу», «Оралмандарды бейімдеу орталығы»  қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Шараны ұйымдастырушылар Тәуелсіздік жылдары елге оралып, өкінішке қарай, әлі күнге дейін түрлі себептермен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүрген қандастарымыздың саны көптігін және солардың мәселесін шешуде атқарушы билікпен ашық диалог құру арқылы сол азаматтарды құжаттандыру жайы көзделетінін айтты. Оның ішінде бастары дауға қалған Жамбыл облысындағы 251 азаматтың да жағдайы айтылды. «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Ауыт Мұқибек Жер Кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты елді мекендерден он пайыз жерді оралмандар үшін арнайы қорға алып қалу, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнаманы бірінші рет бұзған қандастырымыздың, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндігі бола тұрып, сотқа тартылуы және тұрақты тіркеуге тұрудан бір жылға шеттетілуі сияқты мәселелердің әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқандығына қатысты мәселені құзырлы орган өкілдерінің алдына ашық қойды.

«Баспана мен жұмыспен қамту мәселелері шешіледі!»

Шетелден оралатын қандастарымызға еліміздің солтүстік өңірлеріне орналасу ұсынысы жасалатыны белгілі. Алайда, шаруашылыққа қолайсыз, көп ретте инфрақұрылымы дамымаған немесе тілдік ортасы «қолайсыз» аймақтарға олардың барғысы жоқ. Осы ретте арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарлама негізінде қазірдің өзінде оңтүстіктің тұрғындары солтүстікке қоныс аударып, ішкі көші-қон баяу болса да, жүріп жатқаны белгілі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбек ішкі көші-қонмен бірге сырттан келетін ағайындарды да еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, жалпы тіршілік етуге қолайлы солтүстік өңірлерге көшіру қажеттігі туралы айтты: «Келген ағайынды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау мәселесі Құрылтайда көтерілгендіктен, соған сай бағдарлама да жасалып жатыр. Ортаға оралған ағайындарға бүгінігі күнгі сұранысқа  қажет мамандықтарды игерту де қолға алынып жатыр».

Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары еңбек ресурстары мол, халқы сан жағынан аздау елді мекендердің басшыларымен ақылдасу шараларының қызу жүріп жатқандығына, сондай-ақ, Ақмола, Ақтөбе облыстарының әкімдерімен пилоттық жобалар үшін  өңірлерден 200-300 гектардан заманауи елді мекендер құруға келісім жасалғанына тоқталды.

Болашақта құрылатын елді мекендердің инфрақұрылымдары, әлеуметтік нысандар тұрғызуда инвесторлардың табылып, шетелден оралған қандастарымызбен қоса, жергілікті азаматтарды аталған аймақтарға көшірген жағдайда  еңбекпен қамту мәселесінің шешімін табатынын зор сеніммен айтты. Алайда, кей мемлекеттерден солтүстік өңірлерге көшіп келіп, қоныстанатын қандастарымыз үшін уақытша тіркеуге тұруға белгіленген бес жұмыс күнінің аздығы да аталған аймақтарда бірқатар қиындықтар тудырған. Ал, Ішкі Істер министрлігі өкілінің сөзіне сенсек, келер жылдың шілде айынан бастап, елге келген қандастарды тіркеу шекарадан өткен бетте жүзеге асырылып, бұндай келеңсіздіктер жойылмақ.

Әлемнің қырыққа жуық еліндегі  бес миллион қазақтың елге оралуындағы мәселелер, олардың елге келгендегі орналасу жағдайын түзеу, төлқұжат, жер телімін беру, баспана беру сияқты маңызды жайттардың бәрін бір ғана қоғамдық ұйым әп-сәтте шешіп тастауы мүмкін емес. Сондықтан, министрліктердің, жергілікті билік өкілдерінің қолдауы мен бірлесіп жұмыс істеуі -  шетелдегі қазақ диаспорасының мүддесі үшін еңбек етуге тиіс ұлттық жауапкершілік.

Білім алуға құқығы бар, бірақ, құжаты жоқ...

Елбасы құрылтай мінберінде сөйлеген сөзінде Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Алайда, бүгінгі жиында  білім квотасын алған жастардың біразы түрлі қиындықтарға тап боп жатқаны анықталды. Ол елімізге білім алу мақсатында келіп, грантпен оқуға түскен ұлты қазақ студенттердің жоғары оқу орындарының  жатақханасына заң аясында тұрақты тіркеуге тұруға мүмкінідігі бола тұра, тұрақты тіркеуге тұра алмауы.  «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодауханның айтуынша, білім алушылардың ішінде қазақ-түрік лицейлерінде білім алып жатқан балалардың ата-аналарына оқуды аяқтаған мерзімде білім алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгермесе, қолына оқуды аяқтағаны туралы куәліктің (аттестат) берілмейтіндігі жайлы ескертулер жасалуда екен. Алыс-жақын шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жас буыны қазіргі таңда ана тілінен, ұлттық салт-санасынан алыстап бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген қоғам белсендісі жастардың тарихи отанына келіп білім алуын қолдап, оларды алаңдатып отырған осы мәселелерді көпке созбай шешуді сұрады.

Сонымен қатар, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен  Моңғолиядан келген азаматтардың зейнетақы мәселесінің шешімін таппай жатқандығы,  биылғы жылға оңтүстік аймақтардан солтүстікке көшіру, яғни ішкі миграцияға бөлінген  қаражаттың (85 млрд. теңге!!!) қалай игеріліп жатқандығы туралы есеп беруін сұрады. «Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 854 отбасы ғана көшіріліпті, - деді Қайрат Бодаухан. Алайда, министрлік өкілдері сұрақты жауапсыз қалдырды...

Ауылшаруашылығы-экономиканың драйвері болуы керек. Алайда, бұл тұста жер мәселесі көтеріледі. Жайылым жерлерінің жоқтығынан тығырықта отырған азаматтар үшін бұл әлі шешімін таппаған мәселе боп қала бермек. Өйткені акция барысында малшаруашылығымен айналысатын оралман ағайын үшін жайылым жайына қатысты сұраққа тұшымды жауап болмады.

Алайда, жиынға интерактивті форматта қатысқан өңірлер мен қалалардағы көші-қон жұмысымен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілдерінің бірқатар  сұрақтары мен өтініштеріне министрліктердің өкілдері мәселелерді заңдық тұрғыда шешу жолдарын қарастыруға уәде берді.

Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыз ел тәуелсіздігімен бірге ортамызға орала бастағанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Шетелдегі қандас бауырларымыздың тарихи Отанына көш түзеуіне қозғаушы күш болған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Үндеуі екені белгілі. Содан бері елімізге бір миллионнан аса қандасымыз қоныс аударды.

Зарина Әділбек

Астана

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2262
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553