Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 9216 43 пікір 16 Қараша, 2017 сағат 12:00

Қара шал

Мен ес білгелі ол шал сол жерде отыратын. Күн ұзаққа тапжылмайтын. Қай кезде келіп, қай кезде кететінін де білмейсің. Таң атысымен көзіңді тырнап ашып, көшеге шықсаң, көретінің - сол бейне. Ауыл жұртшылығы тіпті бұл құбылысқа мән де бермейтін болған, өйткені көздері үйренген, бірақ мен әр күні ұйқыдан ояна сала, көшенің бас жағынан сол шалды іздейтінмін. Себебі ол менің балалығымның темір қазығына айналған. Егер оны жоғалтсам, онымен бірге балалығымды да жоғалтып алатын сияқты болып көрінетін де тұратын, сол себепті мен ол шалды көз алдымнан бір күн де таса еткен емеспін.

Тоқтасын еді мен дәл қазір сөз еткелі отырған көшеміздің тірі ескерткішінің азан шақырып қойған есімі. Өзі бір аласа бойлы, пұшық мұрын, селдір шашты, қалың мұртты қайыстай қара шал-тұғын. Өмірдің тауқыметін талай тартқандығын маңдайындағы терең сызаттардан, көзіндегі тұңғиық мұңнан, қошқыл жүзін торлаған әжімдерден, қала берді қойылған есімінен де аңғару қиын емес. Содан болар, өзінің бойына сай жаратылған қысқалау саусақтарының арасынан ертелі-кеш маxоркасы түспейтін. Әлгі шылымын шексін-шекпесін, әйтеуір түтінін будақтатып қойып, көшенің арғы бетіндегі арықтың ағысына қарайтын да отыратын. Уақыттың бір орнында тұрақтап қалмайтынын сәт сайын жылғалардан жүйткіп аққан асау ағыс сан қайтара есіне салып, тұнжыраған үстіне тұнжырай түсетін. Жанарын арықтың жағасындағы жалбызға байлап, үн-түнсіз ойға шоматын. Қара шалдың не ойлап, не түйіп отырғанын ешкім де түсініп, білген емес. Өзі де ешкімге ештеңе айтайпайтын. Не болса да ішітен тынатын. Тек, “ұғынарың бар болса,жанарымнан ұғын” дегендей, жанарынан ғана сыр шертетін. Өкініштісі сол - бұл ауылда қарт көзінен сыр аңдитын бір де бір жанның табылмағандығы. Онсыз да жасы сексенді алқымдаған қара шал енді қанша күте алсын? Түбінде жанарына жасырған сыр сандығын о дүниеге өзімен бірге әкетіп тынды ғой жарықтық...

Біздің таныстығымыздың қалай басталғаны әлі есімде. Ол кезде мен шыбық мініп, көше шаңын көкке көтеріп жүрген қара борбай, ұзын сирақтардың бірі болатынмын. Жаздың бір жайма шуақ кешкілігінде жас шыбықты ат қып мініп, төменгі жақтан келе жатыр едім, кенет артқы тұстан "Ей, бала, бері кел" деген дауыс шықты. Мен селт ете қалдым. Белуардан сәл асатын аласалау бойымды үрей шарпып, жұдырықтай жүрегім сол сәтте-ақ алқымыма тығылды. Үрейдің тұла бойды билегені соншалық - не тұрақтарымды, не тайып тұрарымды білмедім. Жайлап артыма бұрылып қарасам, жол жиегінде үстіне қою көк костюм, басына сұр қалпақ киген, қолында маxоркасы бар шөкімдей қара шал отыр. Осы уақытқа шейін бұл көшенің ана басынан мына басына күніне он қайтара шапқылап өтсем де, ләм-мим деп көрмеген қара шалдың дауысы осы жолы қатқыл шықты. Мен сәл абдырап тұрған күйде:

- Мен бе, ата? - дедім. Дауысымда діріл бары анық сезілді.

- Иә, сен бала, бері кел, - деді қарт сабырлы үнмен.
Үлкеннің айтқанын жерде қалдырмайтын бала көңіліммен, жүрегімнің дүрсілдей соққанына  қарамастан аяғымды сылтып басып  қарт қасына таядым. Екі кештің арасында жүзінен аңғарғаным ашудың лебі болды. Ызаға булыққаннан болса керек екі бетінің  ұшы нарттай жанып, қарсы алдында тұрған менің басымнан  аяғыма шейін көзімен бір сүзіп шықты да:

- Қарияға неге сәлем бермей өтесің? – деді қарт сөзіне ауыр зіл қосып.

Онсыз да тұла бойымды толықтай билеген үрей саусақтарымның басынан аяғымның ұшына дейін шырмаулап, айтар сөзім көмейіме тығылып, не дерімді білмей біраз сасқалақтап тұрым да:

- Көрмей қалдым, ата, - деп басымды төмен салдым.

- Маңдайыңдағы көз бе әлде бөз бе өзі? - деді қарт жауабыма қанағаттанбай.

Менде үн жоқ. Басымды төмен салған күйі әлі тұрмын. Сәлден кейін әлгі шал мені кешірді-ау деймін, тұнып тұрған тыныштықты өзі түрді:

- Кімнің баласысың?

- Бақытбектің.

- Бақытбегің кім?

- Қылышбек атаның ұлы

- Өй, жүгермек, Бақытбектің баласымын дегенше, Қылышбектің баласымын деп неге бірден айтпайсың?

- Мен атамның көзін көрмедім ғой, ата ,- дедім өз-өзімді ақтап алмаққа.

Арада тағы үнсіздік патшалық құрды. Менің бұл сөзімнен кейін қара шал қолындағы түтіні будақтаған маxоркасын екі-үш қайтара емірене сораптады да, өкпесіне толған түтінді соғып тұрған самалдың бағытына қосақтады. Айналаға бір қарап, қара жерге бір қарап, ұзақ ойланды.

- Білесің бе, шырағым, cенің атаң ердің ері еді ғой, - деді қара жерден көзін алмастан, - майдан даласында болсын, ауыл арасында болсын Қылышбекке тең келер азамат болған емес. Ойы зерек, ақылы асқақ еді ғой жарықтықтың,  - деп қос саусағына қыстырған шылымын қайта ауызына апарды. Бұл кезде күн де ұясына батып қалған. Бағанағы бұрқыраған көк түтін түн қараңғылығына жасырынып үлгерген. Қара шалдың қошқыл жүзі үйірілген ымыртқа тұмшаланып, көрінбеуге айналған. Қарт тағы біраз ой үстінде отырды да:

- Солай, шырағым, Қылышбектей азаматтың немересі үлкенді елемей өтпеуі керек. Қария көрсең, амандасып жүр. Бізге өзге ештеңе қажет емес. Ал енді жолыңнан қалма, үйіңе бар, - деп оң қолына қыстырған шылымымен біз тұратын үйдің төңірегін нұсқады.Тек осы сәтте ғана барып, өзімнен кеткен ағаттықтың ауыр салмағын сезіндім. Әншейінде шапқылап үйге кіретін менің бұл жолы үйге баратын құлқым да болмады.

Сол күні түн ортасына дейін ұйқысыз жаттым. Ойыма әлгі шөкімдей қара шал сан оралды. Әжім торлаған жүзі, мұң тұнған жанары, келте танауы көз алдымнан бір кетпеді. Қариялардың бұл өмірден күтері тек амандық пен саулық қана екендігі жанымды жегідей жеді. Біз қарттарды жасарын жасады, асарын асады деп ойлап жүрсек, олардың өмірден әлі алынбаған амандығы, саулығы бар екен. Қос жанары жәутеңдеп біздерге қарауының астарында да осы амандық пен саулық жатқанын біз қайдан білейік?! Оларға ендігі керегі ұзақ ғұмыр, төгілген шәлі-шапан, аста-төк дастархан десек, қателескеніміз, жаңылысқанымыз, жаңсақ ойлағанымыз. Біздердің олар үшін тілеген дұға-тілектеріміз - ұзақ ғұмыр, көрсеткен құрмет-қошеметіміз - иықтарына жапқан шәлі-шапан, мейіріміміз бен кең пейіліміз - аста-төк дастархан екенін кім түсінген? Дүниеде ұлылардың барлығы қарапайым келетініндей, жаңалықтардың барлығы қателіктен ашылатынындай, қарттардың жүрегіне апаратын жол да осы бір ілтипат пен ізгіліктің төңірегінде жатқанын түсіну адам баласына қаншалықты қиын болды десеңізші?! Құдды бір қой терісін жамылған қасқырдай талай жыл сыр бермеген.

Сол күннен бастап көшеміздің тірі ескерткішіне айналған қара шалға сәлем бермей өтпейтін болдым. Ары өтсем де, бері өтсем де шылымның иісі терісі түгілі етіне сіңген әлгі шалға амандасып, саулығын сұрап кетіп жүрдім. Осылайша айлар өтіп, күндер жылжып жатты. Бір күні кезекті сәлем беріп қасына барғанымда, өзіне шақтап кесіп қойған газетіне маxоркасын орағалы отыр екен. Көңілі сәл тұнжырау сияқты еді, менің келгенімді көріп қуанып кетті де:

- Кел, бала, отыр қасыма, - деп өзі отырған ұзын орындықтың бір шетін иегімен нұсқады.

Мен жанына жайғастым. Қара шал жаңағы шақтап қиылған газетіне жарты уыс маxорканы салды да, текеметті орағандай дөңгелетіп кеп жіберді. “Ал керек болса, шылымды осылай жасайтын болғаны ма?” деп ойладым. Сөйтсем, бұл әлі бітпеген шаруа екен. Сосын әлгі оралған газеттің шетінен тілімен жалақтай өтіп, ұзына бойлай жапсырып шықты. Мен аң-таңмын. Бұл менің шылым ораудың әдісін алғаш көруім еді, алайда ол онымен бітпеді, артынан жаңағы ораған шылымын ұш жағынан бұрап-бұрап үшкірлеп қойып, қалтасындағы сіріңкесімен тұтатып кеп жібергенде, көк түтін аспанға қарай бұрқ ете қалды. Қара шал көтерілген көк түтіннің ортасынан көзін сығырайтып маған қарады да:

- Мен білсем, осы сенің шешең мұғалім емес пе? - деді.

- Иә, мұғалім.

- Гәзитке жазыла ма?

- Жазылады.

- Менің мыналарым таусылып барады, - деп қалтасынан үш-төрт газеттің қиқымын шығарды. - Бұны мен бүгіннен қалдырмай бітіремін. Ал ертеңге маxорка орайтын ештеңе болмай тұр. Үйіңде оқылған немесе ескі гәзиттерің болса, маған әкелсең қайтеді? - деді қарт бар жанарын мен отырған тұсқа төңкеріп. Мен қара шалдың шылымсыз отырған кейпін көз алдыма елестете алмадым. Қолындағы темекісінің түтіні сөнсе, онымен қоса бұл ауылдың түтіні де бірге сөнетіндей көрінді. Онсыз да амандық пен саулыққа шөліркеп жүрген бұл қарт енді шылымнан тарықпаса екен деп ойладым. Сөйттім де:

- Болу керек, ата. Анам қазанға су ысытарында тамыздыққа газет жағып жүргенін көргенмін, - деп айтқаным сол-ақ екен, қара шалдың солғын жүзі жадырап сала берді.

- Сен бала, сол гәзиттерді маған қазір әкеліп берсең қайтеді, - деді қарт тағаты таусылардай.

- Жақсы, ата. Онда сіз мені ешқайда кетіп қалмай осында күтіңіз, - дедім де үйге қарай ентелей жүгірдім.

Үйге келсем, расында да газет деген жетерлік. Бірі үстел шетінде, бірі сандық үстінде, енді бірі жерде жатыр. Бұл газет мәселесі шешілді-ау деп қуана бергенімде, ойыма қайдағы жоқ бірдеңелердің сап ете қалмасы бар ма? Бұлардың қайсысы оқылған? Қайсысы керексіз? Егер де қазір әкем мен анам оқымаған газетті алып кетіп, ертең іздеп қалса қайтпекпін? Оның үстіне анамның газет-журналдардан ақын-жазушылардың суреттерін, өлеңдерін, қанатты сөздерін қиып алып, жинастыратыны бар еді. Ал бұлардың ішінде сол дүниелер болып қалса, не істемекпін? Кейде ауыл мұғалімдерінің бірі жазылған газетке екіншісі жазылмай алмасып оқитыны және бар. Бұл өзі нақты біздің газет пе? “Қап, жаңа сұрағанда “газетке жазылмайды” деп айта салмағанымды қарашы,” - деп білтедей ұзын саусақтарыммен ернімді бір шымшып алдым. Енді артқа шегінер жол жоқ. Қарт болса күтіп отыр. Оның үстіне ертеңге маxоркасын орайтын газеті де қалмаған. Жаңа ғана түскен көңілін бір серпілтіп кетіп едім. "Жоқ екен" деп қайта барсам, налып қалады-ау деп тағы ойладым. Сөйттім де, не де болса әлгі газеттердің біреуін алмаққа бел будым. Ары ойланып, бері ойланып сандықтың үстіндегі жатқан газеттерді лып еткізіп ышқырыма тығып алдым да, күпәйкеммен үстінен көрінбестей тұмшалап, зып беріп үйден атыла шықтым. Сол жүгіргеннен қара шалдың қақпасының алдына келіп бірақ тоқтадым. Келсем, қара шал жаңадан ораған шылымын әлі будақтатып отыр екен.

- Иә, бала, бар ма екен? - деді қарт маған тесіле қарап.

- Бар, ата, әкелдім, - дедім сыбырлай сөйлеп.

- Бар болса, бері әкел.

Ұрлығын жасырған ұрыдай “үй жақтан біреу-міреу қарап тұрған жоқ па”  деп жалтақтай қарап барып, ышқырыма тықпалаған "Жас Алаш" деген үлкен жазуы бар бірнеше газетті алып шығып едім.

- Оx-оx-оу! - деді қарт марқая үн қатып, - мен сені жұп-жұқа бірдеңе әкелетін шығар деп отырсам. Мынауың бір емес үш гәзит қой. Бұл маған талай күнге жетеді. Сен бала жарадың. Мә, ұста мынаны, - деп жан қалтасынан бір уыс толы қант-кәмпит, ірімшік-құртын алып шығып, менің қарлығаштың қанатындай қос алақаныма лық еткізіп сала салды.

Бірде жанарымды кәмпитке қадап, бірде құртқа түсіріп, не дерімді білмей біраз тұрып қалдым. Менің бұлай қысылып-қымтырылып тұрғанымды басқаса керек:

-Ей бала,сен үйтіп ыңғайсызданба, ол сенің таза еңбегің, - деді қарт қалтасына газетті тықпалап жатып.

Менің өмірімдегі алғашқы айырбас сауда дәл осылай басталған болатын. Біздің арамыздағы айырбас сауда бұдан кейін де талай жалғасты. Уақыт өткен сайын бұл кәсіпке мен де әбден ысылдым. Үйге жаңа газет келсе, ол оқылып біткенінше аңдитынды шығардым. Тыңшылық барысында оқылғандары қай тұста, оқылмағандары қай тұста жататыны да белгілі болды. Бұдан кейін менің бойымды сенімділік билеп, қара шалға газет керек болғанында шімірікпестен сандық үстін тазалап кететін әдет таптым. Бір күні кезекті газет апарғанымда қария қалтасын ары ақтарып, бері ақтарып  беретін дәнеңе таппаған соң, төс қалтасынан қызыл ту мен қасқабас адамның бейнесі бейнеленген төсбелгіні қолыма ұстата салды.

Мен сәл кібіртіктеп қалдым. Көзіме көне дүниедей көрінді.

- Ата, мынауыңыз қымбат дүние ғой, - дедім өзі де қимай тұрған шығар деген ойда.

- Оның енді маған керегі шамалы. Қартайдым. Ерлік сендерге үлгі болсын. Көкірегіңе тағып жүр, - деп жүрек тұсымнан екі мәрте қақты.

Батырлықтың белгісіне айналған төсбелгіні мен талай ойынға тағып бардым. Атыссақ та, шабыссақ та, қала берді тығылмақ ойнасақ та кеудемнен тастамадым. Бірақ сол төсбелгі бір күні жоғалды. Ойын қуып жүріп қайда түсіріп алғанымды білмеймін. Ала кештен қара түнге дейін іздедім. Таба алмадым. Ерлік үшін берілген бір төсбелгі құмға сіңді. Кінәлі мен.

Біздің ауылда тек қара шал ғана емес, еркек атаулының барлығы дерлік темекіге әуес еді. Олардың қатарында менің әкем де бар. Жұмыстан қолы қалт ете қалса болды, шылымын ауызына қыстырып шыға келетін. Бірде көмір қораның көлеңкесін саялай темекі тартып отыр екен. Жанына ойнақшып келдім де:

- Әке, неге осы Тоқтасын ата шылымды көп шегеді? - деп ойсыз отырған әкеме сұрақты тікесінен қойдым.

- Ол атаң соғысқа қатысқан, көл боп аққан адам қанын көрген кісі. Сол ескі елестерден арылмаққа тартады да, - деді сұрағыма жауапты әлде қашан дайындап қойған адамдай.

- Ал сіз неге шылым шегесіз? - Мен білсем соғысқа қатыспағансыз, төгілген адам қанын көрмегенсіз.

- Мен бе… Мен әскерде болдым ғой. Ал әскер адамға бәрін үйретеді. Жаманды да, жақсыны да. Сондағы бүткіл жақсыны үйреніп, қалғаны осы болғандай әуестеніп келгенімізді қарамайсың ба, - деп жымиып қойды.

- Сонда кейін мен де әскерге барғанда шылым шегетін боламын ба?

- Жоқ, балам, сен шекпе, - деп алып алақанымен маңдайымнан сипады. - Сен ана Тоқтасын атаңның соғыс кезінде танкист болғанын білесің бе? - деді әкем үзілген әңгімені қайта жалғап.

- Жо-о-қ, - дедім мен таңырқай.

- Ол атаң танкист болған. Ал неге танкист болғанын білесің бе? - деді аңқау баласын тағыда қызықтыра түсіп.

- Жо-о-қ.

- Солдат танкист болу үшін, оның бойы бір метр жетпіс төрт сантиметрден аспауы керек. Ал Тоқтасын атаңның бойы қанша?

- Білмеймін. Бірақ едәуір аласа ғой.

- Міне, сөзіме дәлел емес пе? - деп әкем масаттанып қалды.

Ертеңінде ауданнан шығатын апталық газеттердің бірін қолтығыма қыстырып алып, қара шалға тағы келдім. Көше бойлай маймаң басып бара жатқан қаздарға тесіле қарап отыр екен. Менің келгенімді байқаған да жоқ. Өз ойы өзінде. Көршісі Ермектің алты қазы арыққа бір-бір сүңгіп шықты да, темір қақпасының астынан өтіп ауласына кіргенде барып көзіне ілінер дүние таппай, жанары жылтыңдап мен отырған тұсқа түсті.

- Өй бала, сен қашан келгенсің? - деді қарт маған үрке қарап.

- Көп болмады,ата, - деп қара шалдың бұл қылығына сықылықтай бір күліп алдым.

- Мен, мына Ермектің қаздарын айтам да...Не деген семіз өздері...Не жейді екен сонша бұлар...

- Жем беретін шығар ата.

- Не берсе де дәл бұндай семіз қаз көрсем, көзім шықсын, - деп таңырқай басын шайқады.

- Ата, мен сізге газет алып келдім, - деп қолтығыма қыстырған дүниелерімді қартқа ұсындым.

- Осы сенің таңдайыңның дәмі кеткенде ғана келетінің жаман. Өткенде гәзит таппай мына Зульфиядан алдырдым. Созбаламай жиі-жиі келіп тұрсаңшы, - деп қалтасындағы бар жылы-жұмсағын маған берді.

Сол сәтте жаңағы денесі майға бөккен сұр ала қаздар қоқылдай көшеге қайта шықты. Қарт жанары тағы сол тұсқа ауды. Менде мойынымды қылтыйтып қосыла қарап қоямын. Сәлден кейін қара шал маған бұрылып:

- Сен бала, әлі осындамысың? - деді дауысын соза сөйлеп.

- Иә, ата. Сізден бір нәрсе сұрайын дегенмін.

- Ал,сұра! - деді қарт бір иығын көтеріп қойып.

- Сіздің соғысқа қатысқаныңыз рас па?

- Рас!

- Сізді сонда танкист болды дейді ғой.

- Болдым!

- Қанша адам өлтірдіңіз?

- Не дейді?

- Қанша адам өлтірдіңіз? - дедім жаңағы сөзімді қайта қайталып.

- Оны саған кім айтып жүр?

- Әкем! - дедім көкірегімді ауаға кере толтырып.

Қара шалдың жаңағы шырайлы жүзі көз алдымнан лезде ғайып болып, қабағы қатуланып, жүзі сұрланып шыға келді. Айналасына жалтақ-жалтақ қарайлап, жерде жатқан бір шыбықты қолына алды да:

-Оттапты, әкең! Менің өлтіргенім адам емес, фашист! - деп қолындағы жас шыбықпен жон арқамнан салып кеп қалды. Өлердегі дауысым сонда шықты. Көшені басыма көтере, айқайлай жыладым. Әлгінде ғана қос қолыма мықтап қысып отырған бар тәттілерім сол жерде шашылып қала берді…

Бір күні шырт ұйқыда жатқанмын. Анам келіп тұр-тұрлап қоймаған соң ояндым. Көзімді ашсам, қасымда басына жаулығын тағынған анам отыр. Жүзі жабырқаулы. Ұйқыдан жаңа оянған менің бетімнен бар мейірімімен сүйді де:

- Балам,тұра ғой. Шәйіңді дайындап қойдым. Ішіп ал. Түнде Тоқтасын атаң қайтыс болыпты, мен қазір сол үйге көмектесуге барамын, - деп айтуы мұң екен, төсекте жартылай жалаңаш жатқан қалпыммен далаға жан ұшыра атып шықтым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Қара шал, орынында жоқ.

Көше тұнған ыңырсыған дауыс. Айқайлаған жоқтау. Қарауытқан көпшілік. Маған бұлардың бірі де таныс емес. Кілең жаттар. Жақынымды жоқтаушылар. Тірісінде амандасып,саулығын сұрай алмай, өлгеннен кейін көңіл айтуға асыққандар. Ауыл ақсақалының алдындағы бір міндетін атқаруға жиналғандар. Осы бір көрініс көз алдымда елес болып өткен сәтте, жанарымда  мөлтілдеген жас тұнды. Жүзімді суарды. Өксітті. Өйткені маған керегі, маған аса  қымбаты мына асқан абыра-дабыралық емес, көше шаңын көкке көтерген ауыл xалқы емес, күн ұзаққа өз ойына өзі тұншығып отыратын, балалығымның айнымас бір бөлшегіне айналған шөкімдей қара шал еді…

Темірлан Қылышбеков

Abai.kz

43 пікір