Жұма, 29 Наурыз 2024
Айбын 12528 14 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 12:21

ҰҚҚ: Ұлттық бірегейлікті сақтау – біздің басты міндетіміз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақстандықтарды елең еткізді. Онда жаңа ғасырда өмір сүру үшін өзгере білу, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керектігі, оған көнбегендердің көш соңында қалатындығы айтылған. Елбасының көзқарасы шындығында бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Мақала ХХI ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді. Мақалада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасына үңіле отырып талдау жасайды. «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті Елбасы. Рухани жаңғырудың негізгі сипаты – өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тікелей ықпал ететін «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» атты бағдарламалар бүгінгі таңда елімізде кеңінен жұмыс жасауда. Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандықтарға білім шыңын бағындыру – ең басты алғышарт.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, болашақтан өз орнын айқындау. Онда прагматизмнің орны мен рөлі өте жоғары. Прагматизм қазіргі жастар үшін аса қажет. Осы арада зиялы қауымға ХIХ ғасырдағы америкалық философ Чарльз Пирстің ұстанымын басшылыққа алу өте қажет. Ол – АҚШ-та ерекше ықпалға ие болған тұлға. Чарльз Пирс «ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен маңызды», «адам мақсат үшін өмір сүреді, бір нәрсеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті», «ақиқаттың өлшемі – практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, сенімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылуы керек» деген қағидаларды ұсынады. Бұдан АҚШ қоғамы табыстылығының басты кілті – қоғамдық өмірдің әрбір кезеңіне қарай өмір сүру үшін өзгере білуінде әрі соған сәйкес әрекет етіп, оны ұлттың озық тәжірибесімен ұштастыра білуінде деген тұжырым жасауға болады.

Осы тұрғыдан алғанда ұлттық прагматизм санаулы жылдың ішінде өзгеріп, ысырапшылдыққа ұласқанына Елбасы қатты қынжылады. Керісінше, прагматизм өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Ол – ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын жайлаған отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту екенін баса айтады. Шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен ресурстарды орынды пайдалану.

Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту деп түсіну керек. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау екені мақалада анық атап көрсетілген. Сондықтан да Елбасының «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дегені бүгінгі мен ертеңнің және болашақтың, жалпы «Мәңгілік ел» идеясының басты шарты болуы тиіс.

Елімізде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, үшінші жаңғыруды жүзеге асыратын ұлттық идеологияның басты қағидасы осы бір тарихи құжатта көрсетілген. Елбасы жастардың санасында туған жер мен туған елге деген ерекше сезімді, ілтипатты оятып, оны дәріптеу арқылы ел бірлігін сақтаудың жаңа заңдылығын ұсынды.

Білімнің салтанат құруы дегенде елімізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарымыз әлемнің таңдаулы университеттерінде оқып, бәсекеге қабілетті білім алып жатқанын баса айтуымыз қажет. Дегенмен елімізде білімнің салтанат құруына кері ықпалын тигізетін проблемалар да баршылық. Осындай мәселелерді шешуде әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі бізге үлгі болуы керек. АҚШ мектептерінде зерттеу нәтижесі көрсетіп отырғандай, ер балалар мен қыз балалардың оқу үлгерімін салыстырғанда ұлдар қыздардан әлдеқайда артта екен. Олар бұл мәселені экономикалық жағынан қызықтыру арқылы шешкен. Біздер бүгінгі таңда жастар тәрбиесі мен мектептегі мұғалімдердің ішінде ер азаматтар үлесінің аздығын осындай тәжірибені пайдалану арқылы шешуге болатынын ескеруіміз керек. АҚШ-та ер мұғалімдердің айлық жалақысын 25-30 пайызға көтеріп, олардың мектептерге көбірек келуіне нарықтық қатынас заң­дылығымен ықпал еткен.

Біздің елде білім – жалпыға ортақ. Соңғы жылдары экономикалық дамудың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір уақытта осылайша жедел өзгермеген болатын. Технологияның қарқынды революциясы бізге таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің біразы жойылып кететінін көрсетеді. Елбасының сөзімен айтқанда: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Ғаламдану жағдайының заңдылығына сүйенсек, сананың ашықтығы адамзат баласын үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ұлы даладағы қалыптасқан сананың ашықтығы мен ой еркіндігі нәтижелі түрде дала демократиясына әкеледі. ХХ ғасырда егемендікке қол жеткізсек, рухани жаңғыру арқылы ХХI ғасырда «Мәңгілік ел» бағытында көшімізді түзедік. Ендеше, ғаламданудағы бәсекелестікте ұлттық кодымызды сақтай отырып жаңғыру біздің ең басты құндылығымыз екенін естен шығармайық. ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтқанда, Ұлы дала елінің рухани қайта түлеп, жаңғыруына төмендегідей тарихи факторлар әсер ететінін ескергеніміз абзал.

Алғашқы рухани фактор – сенім. Ол – жеке тұлғалар мен азаматтардың елдің болашағына сеніммен қарауы деген сөз. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттыратын құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынады. Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін кеңінен пайдалануға зор мүмкіндіктер береді. Яғни, бұл – Ұлт жоспары «Бес институционалдық реформа: 100 нақты қадам», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау сияқты саяси мәні бар құжаттар.

Екінші фактор – қазақы мінез еліміздің жүріп өткен тарихымен байланысты. Халқымыз кең байтақ ен даласына көз алартқан сыртқы дұшпанға ұлтарақтай да жерін бермей, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастарқан боп жайылуға дайын дарқан қазақ екенін ұмытпайық. Бұл осы бүгінгі таңдағы толеранттылық сөзінің бір синонимі ретіндегі қалыптасқан «қазақы мінез» болуы әбден мүмкін.

Үшінші фактор – далалық демократия. Мемлекет құрушы ұлт ретінде жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақтар – мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруына өзіндік бейімделу мүмкін­діктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениеттің әртүрлілігін, басқалардың мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

Төртінші фактор – бейбітшілік сүйгіштік. Қазақ ұлтында өзінің ұрпағын кек сақтамайтындай етіп тәрбиелей білетін қасиеті бар. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығын, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап, ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып, ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.

Бесіншіден, отаншылдық, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік. Жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен. Сарқылмас мол қазынасы бар ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар, Дулат, Махамбет сынды жалынды ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр.

Алтыншыдан, ана тілінің болуы. Халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В. Радлов, П. Мелиоранскийлер «түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі» екенін атап айтқан-ды. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А. Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: «түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс». Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

Жетіншіден, болашаққа деген үміт пен сенімнің жоғарылығы. Жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көпэтносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақтың ұлылығын танытса керек. Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет. Осыған орай тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңдегі рухани түрде қайта түлеп жаңғыруымызға әсер ететін ең маңызды факторлар әрі жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді.

Н. Нұрпейісов,

ҚР ҰҚК қызметкері

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3585