Сәрсенбі, 22 Қараша 2017
Әдебиет 928 1 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 09:34

 Шырға тарту

Жайлауға көшіп келгелі, атам ауыл сыртындағы төбеде отырып, құбылаға қарап көп ойланатын болды. Әжем болса "осы шалдың күні өтіп барады" деп келіні мен ұлына күңкілдейтінін байқап жүрмін. Бірақ мені баласынады.

Бүгін атам төбеге шықпады. Себебі мал көкке тойып, қозы-лақтың бүйірі бұлтиып, біраз марқайып қалып еді. Күнде кешкі сауында жамыраған қозы –лақтың бәйге атындай алдында келіуші ем. Бүгін Қойторыдай бүлкілдеп соңында келем, санамдағы аласапыран болып жатқан ойлардың жетегінде елігіп келемін... Таңертеңгі бүркітшілердің әдемі көрінісі әлі көз алдымнан кетер емес. Кейін мен де қасқыр алар бүркіт баптаймын деп армандап қоямын. Ол жәй ғана бала қиялы болса керек. Жақыннан Қоспырақ деген атамның үні естіліп, қиялдың жетегі үзілгендей боп атама сұраулы жүзбен қарадым, жарықтықтың жүзінде ұрпаққа деген алаңдаушылықты байқалғандай болды.

- Қоспырақ сен ертең қозыға бармайсың ?

- Неге, ата?

- Таңертең жолға жүреміз?

- Қайда, ата?

- Бүркіт ұстауға...

Таңертеңгі бүркітшілер бейнесі, тағда көз алдыма оралғандай болды.

Әй жүгірмек тор таймен жиренді құдықтан суарып арқандап қой деп бурыл тартқан  сақалын еті қаша бастаған саусақтарымен салалай сипап, барқыт шапанын құшына оранып, кигіз үйдің алдындағы сырмақта отырған ауыл адамдарына қарай ойысты. Мен үйге кіре бере оң жақтағы ашабақандағы жүгенді ала сала үйден қайта шыға жөнеле беріп едім, әжем әй жүгірмек кенезең кепті ғой, ешкі сүтін іше кет деп, еріксіз ашқан есігімді қайта жауып кері оралдым да сүтті асыға ішіп далаға шығып кеттім.

Жиреннің бағана қозы бағып жүргенде Кереге тастың қасында шідерлеулі тұрғанын байқағанмын. Ал тортайдың тұсамыс пен кеткенін естіген соң, ол бие баудың маңайына айналып келетініне сенімдімін. Бірақ тұсамыс пен жүрген тайды ұстаудың әуресі көп болатынында білетімін. Желі басына келгенімде бие сауынына келген нағашым Құмарбек сауын биелерін үркітіп жіберер деп тайды ұстап, басына ноқтасын кигізіп жетектеп құдық басына кетіп қалыпты. Мұндайда "жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" деуші ме еді? Істің бәрі оңынан болып жатқанына қатты қуанып, бала болсам да іштей шүкірлік айтып қоямын. Құдық басынан тайды жайдақ мініп алып, кереге тасқа қарай шаба жөнеліп ем, артымнан әжем айғалап жатыр. "Әу, қарақ, ақырын шап, желкең үзіледі!" Біреулері "тайдың қолтығын сөгесің" дегендей дауыстар құлағыма үзіліп-үзіліп жетіп жатты. Артыма бұрылып та қарамастан қайдасың кереге деп тау бөктеріне қиялай шауып кеттім. Кереге тасқа таяғанда тайдың басын тартып бүлкілдетіп, одан соң аяңдатып барып тоқтадым да тайды үлкендеу қозы жонда  тасқа байлап, жиренді  ұстадым. Қайтар кезде жиренге мініп торымды жетеке алып ауылға тарттым.

Адам баласын жалғыз жарым жүргенде неше  түрлі ойлар санасын билеп бірде алысқа әкетсе, бірде өз ойыңның жетегіне ілесе алмай меңзең күй кешесің. Ат үстінде дала көрінісін, кешкі ауыл тынысын алыстан қарап тамсанып келем.  Алты қанат ақ ордадан әне анам шықты қолында құманы бар, ал тас қораның қасында ауыл адамдары әңгімелесіп тұр. Кіші отаудың мұржасынан ақшыл түтін шалқақтай шығып жатыр, шамасы тезек жаққан-ау. Текшеден құлаға  мінген көрші Қозыбай келеді қасында ерткен сары ала итті бар... Дала тынысын тамашалап қиялдай ауыл маңына да келіп қалдым. Әдетте сырттан келген қонақты ауыл ақсақалдарынан бұрын, ауыл иттері қарсы алып, ат үстіндегі адамды таныса еркелей аттың оң жағына бір, сол жағына бір шығып құйрығын бұлаңдаттатыны бар. Ал танымаса арсылдап мазаңды кетіреді.  Аттарды ауыл іргесіндегі жасаңға апарып арқандап үйге келсем, атамның қолында көлге салатын балық ауының торын көріп таңқалдым!

- Ата бұны не қыласыз?

- Балам осымен бүркіт ұстауға болады.

- Қалай ұстайсыз, бұл балыққа құратын ау ғой?

- Әй балам бұл да бүркіт ұстауға жарайды. Бүркіт ұстаудың көп тәсілдерінің бірі ғой. Сен жайлауға еңкейгенде ұстаған көжегің бізге көмектеседі.

- Ата, мүлдем түсінбедім?

- Шырағым, ертең барған соң түсінерсің...

Үйдің ішіне май шам жанған соң, темір пештің айналасына үймелеу күндегі әдеттіміз еді. Анам пештің аузын ашып сиырдың жапасын салып сарлықтың сүтін  пісіріп жүр. Далада кешкі малды қоралап жүрген  ауыл балаларының дауысы естіледі. Бірде біреу кемелектің аяғын сындырдың десе, енді бірде тасқа шығарма деп үлкендері кішілеріне бұйра сөйлеп жүр.  Күні бойы төлдің соңында жүргендіктен, аяғым шау боп қалғандықтан әжемнің тізесіне басымды қойып жатып ұйықтап кеттім.

Таң іргесі сөгіле атам әдеттегідей ерте тұрып, аттарды әкеп ат ағашына шылбырларынан күрмеп байлап, ерттеп, қанжығасына кеше кешке дайындаған жабдықтарын теңдеп қойыпты. Мені атам келіп оятқанда, барып оянып көзімді уқалап әзер тұрдым.  Сыртқа шығып қайтып оралғанда, үлкендер тегіс дастархан басына жайғасыпты. Жанбастай сырғып атамның қасына отырдым. Атам басымнан  сыйпап "шайыңды тез ішіп ал, мен сені керменің қасында күтемін" деді.

Күн арқан бойы көтеріле Шуғатыға* қарай ата мен немере боп аяңдап кеттік. Ауылдан ұзай бере дала тынысына тағы да барлау жасап, изен мен ақ жусаның исін таусылып қалардай жұтынып келем. Бірде тосыннан шыққан атам  үні селк етткізді.

- Балам ана шағылды айналып ұшып жүрген қыранды көрдің бе?

- Иә ата көрдім!

- Біз осы қыранды қолға қалайда түсіруіміз керек.

- Иә ата

Бірақ бала көңілін сан түрлі сұрақ мазалағанымен, еш қайсына дәл басып жауап табалар емес. Оның жауабын сексенге келген қариядан басқа бұл маңайда ешкім де білмейді. Қарияның бетіндегі әжімдер сан соқпақтың ізіндей болып көрінді, бала құсбегіге.

Атам ұзап барып жиреннен түсіп дайындап келген құрал жабдықтарын бірінен соң бірін рет-ретімен ораластырап жатыр. Ал мен болсам осындай баппен істеліп жатқан жұмысты тек бақылаумен тұрмын.

- Ата көрші Сәрсенбайдаң қыранын бір қой беріп алар едік ғой десем.

- Шырақ ол дала қыранындай алғыр бола, алмайды. Себебі: дала қыраны қырағы келеді. Оны ашықтырып отырып аңға салсаң түлкі түгіл қасқырдың омыртқасын үзіп жібереді.

Түсінгендей бас изеимін. Атам болса қазықтарды айналдыра қағып шығып, маған өсіп қалған көжегімді, қаққан қазықтар ортасына апартып, көжекті шықпастай етіп торды қазыққа байлап шықты. Торда қоян өзінің де адам баласының қол жаулығы болғанын сезді ме? Жоқ, әлде өзінің өмірі үшін арпалысты ма? Тордан шығуға қанша рет талпынғанымен, ештеңе өндіре аламады. Біз болсақ қорымның арасына барып аттарды өрелеп, өзіміз әрірек барып, аспан мен жерді бақылап жатырмыз. Аспанда қыран қалықтап ұшса, тордағы қоян өмірі үшін арпалысып жатты. Әлсін әлі көкке көз тігеміз. Қашан қыран өз жемтігіне шүйлігіп келер деп.

Шаңқай түс болғанда қыран көзге шалынып, жемтігін көрді ме төменге қарай шүйлігіп кеп торға соқтықты, бірақ қайта көтеріліп ұша алмай қанаттарын сабалаумен қыран жатыр. Атам болса жаратқан ием жар болдың деп, тәңірге алақан жайып бар білген құран сөзін күбірлеп бетін сыйпайды, мен де атам не істесе соны қайталап қоямын.

Құрған торымызға келсек қыран қоянның жоннына тырнақтарын батырып кіргізіп жіберіпті, бірақ айқасып қалған тырнақ қайдан шықсын, жемтігін көтеріп ұша алмай отыр.

Қыранды көрген сәтттен "нағыз Тастүлек қой мынау", -  деді атам.

*Шуғаты жердің аты.

Нұрғайып Хабсәмет

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10315
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18519