Сәрсенбі, 22 Қараша 2017
Көршінің көлеңкесі 1840 13 пікір 13 Қараша, 2017 сағат 14:31

Ресей тарихшысының сандырағы

 

Кезінде қызыл ұранмен өтіп келген «Ұлы Октябрь революциясы» мерекесін қырғыз халқы «Тарих және ата-бабаларымызды еске алу күні» мерекесі есебінде атаймыз деп,  шешім қабылдап, оған Ресейдің тіксіне қарғанын жуырда жазған едік. Тіпті ондағы Мемлекеттік Дума дегеннің вице-спикер-сымағы «қырғыз жүргізушілерін елімізге мүлде кіргізбеу керек» деп, қоқан-лоққы жасап, бір қорқытып алуға әрекеттенгені бар. Сөйтсек, баяғы ұлы державалық сырқат меңдеген жандар көршімізде жетіп артылады екен. Жақында Lenta.ru  порталы Сергей Волков деген өзін тарих ғылымының докторы деп таныстырған біреуден сұхбат алыпты. Онысы   қырғыздардың өткен тарихын қайта сараптап, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерліске жаңаша баға беруін Ресейге қарсы бағытталған дұшпандық ретінде қарастырыпты. Қырғызстан туралы айтып отырып сөзіне Қазақстанды да қосақтай кеткен. Жалпы, осы ғалымсымақтың ойынша, бұрынғы советтік республикалардың барлығы да қазір Ресейге қарсы бағытталған саясат жүргізетін көрінеді. Өйткені ұлт-азаттық қозғалыс барлық Орталық Азияны қамтыған. Одан Қазақстан да құр қалмағаны белгілі. Ендеше қазақ елі де Ресейге қарсы. Волков, міне, осылай түйіндейді.

Волковтың ойынша, Ресей баяғы патшалық Ресейдің мұрагері емес, ол Совет Одағының мұрагері. Міне, сондықтан да Қазан төңкерісіне дейінгі дүниелерді өзгертуге онша мән бермейді. Ал Совет Одағы тұсындағы мұраларды қайта қарауға ұмтылған мемлекеттер лайықты сыбағасын алады. «Мәселен,--дейді ол,-- Қазақстан кириллицаны мүлде алып тастасын, тіпті, орыстар салып берген қалардың атын да өзгертсін немесе бұрынғы Верный тұсындағы тарихи ескерткіштерді де қирата берсін, оған үндемей-ақ қоярмыз. Ал Алматыдағы Панфилов дивизиясының мемориалын алып тастап көрсін, қандай айқай көтерілетіндігін байқайтын болады».

Доктор тарихшының Орталық Азиядағы ұлт-азаттық көтіріліске берген бағасы да шовинизмнің уымен суарылған. Алдымен айтары: қазақ даласында ешбір ұлт деген болмаған. Қазақтарға ұлттық мемлкетті тек 1936 жылғы сталиндік конституция ғана «сыйлапты». Жалпы, Волковтың біздің тарихымыздан, оның ішінде  Қазақ хандығы деген мемлекеттен мүлдем хабарсыз екені айқын сезіліп тұр. Басқа-басқа, ал тарих ғылымының докторының оны білмеуі таза надандық. Немесе әдейі бұрмалаушылық. Жалпы мұндай ғалымсымақтар мен саясаткерлер Ресейде жыртылып айырылады десек, артық айтқандық болмас.

Бұл ғалымсымақтың келесі тұжырымын естісеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Волков Орталық Азиядағы ұлт-азаттық көтерілістің аса қатігездіктпен, қанды қырғынмен жүргізілгендігін жазады. Көтерілістің жауыздығын үкімет жасырып отыр дейді ол. Ал мұндай асқан қатігездікті қазіргі «ислам мемлекеті» (ИГИЛ) деген атпен белгілі террористік ұйым да жасамаған деп соғады әлгі ғалымсымақ. Оның ойынша, салыстырмалы түрде ИГИЛ-ді өркениетті үйымдардың қатарына қосуға да болады екен. Сірә, мұндай қаскөйлік пен өшпенділікке толы өтірікті айтуға Гитлердің насихатшысы Геббельстің де ұяты бара қоймаған шығар. Сол кездегі әскери техникаға сай мұздай қаруланған қызыл әскерге ары кетсе қолында шиті мылтығы ғана бар көтерілісшілер қарсы шығып, оларды қырып салды, сөйтіп асқан жауыздық танытты деген адамның ақыл-есінің түзулігіне күмән келтіреді екенсің. Дұрысы, бәрі де керісінше болғаны анық. Өзгесі-өзге, сол көтерілістің қандай қанды қырғынмен жаншып басылғандығын ешкім де жоққа шығара алмас. Демек, сол қанды қырғынды кім жасағандығын дәлеледеп жатудың өзі де артық.

Мінекей, көршіміздің кейбір ғалымдарының біздің тарихымызға деген көзқарасы осындай. Мұндай дұшпандықты белгілі порталдың ашықтан-ашық басып олтырғандығына қарағанда Ресейде бұл  көзқараспен келісетіндер жетерлік секілді.

Cурет Lenta.ru сайтынан алынды 

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

   

13 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10316
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18519