Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 6423 1 пікір 13 Қараша, 2017 сағат 09:07

Репрессиялар жасаған бұрмалауларға алданбайық

image description

Мен қайта құру жылдары Сұлтанбек Қожановтың зайыбы Гүләндәм апайдан Ташкентте «Шығыс кештерін» қоюшылардың бірі болған Дінше Әділов жайында алғаш естіген едім. Кейінірек, арнайы қызмет архивіндегі ісімен танысу барысында, оның өмірбаянын біршама толық біліп алдым. Бүгінгі М.О. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының шаңырағын тұңғыш көтерген қайраткер бола тұра, қазақ сахна өнері тарихында есімінің мүлдем аталмау себебін де ұқтым.

Кезінде ЧК, ГПУ, НКВД аталған қауіпсіздік қызметінің тиісті саяси тапсырысты орындау үшін әлдебір қайраткерді «ауыр қылмысқа» қатысты етіп, абыройын нақақтан төгуді де, сол ретте қолдан қиыстырып, теріс хабар таратуды, яғни дезинформация жасауды да өз тәжірибесінде кеңінен қолданғаны бүгінде баршаға мәлім. Оның ақпараттарына сүйенген Филипп Голощекин тап дұшпандарын жариялы түрде әшкерелеп жатты. Биліктегі партияның республикадағы көсемінің аузын баққан «Еңбекші қазақ» да өз беттерінде Діншенің «бетінен қаны шыққан ұлтшыл» екенін, оның «ұлт театрының бағытын ұлтшылдыққа бұрып әкете жаздағанын» жазды.

Сондай істер салдарынан Дінше есімі театр тарихынан 30-шы жылдардың өзінде-ақ сызып тасталған болатын. Бұған қазақ қоғамында қалыптасқан ахуал да септесті. Бұл жөнінде мен 2000 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» деген кітабымда әңгімелеген едім. Алдымен, алыс замандағы ахуалды ұғуға жәрдемдесер деген оймен, сондағы бір тарауды назарларыңызға ұсынайын...

«Қазақы індет. Терістік, түстік өңірлері түгел біріктірілген Қазақстанның жаңа астанасы Қызылордада 1925 жылдың күзінде Кеңестік Республикамыздың бес жылдығы мерекеленді.  Сол мереке ауқымында жұртшылық ескі астана Орынбордан алдырылған көшпелі цирктің кенеп күмбезі астында әйгілі палуан Қажымұқанның өнерін тамашалап, кәсіби спорттағы ерен еңбегін марапаттаған мерейтой өткізген болатын. Ауыл-ауылдан, әр мекемеден құттықтап келгендер қазақтың атақты ұлына деген жүрекжарды сөздерін айтып, сый-сияпат жасады. Ат мінгізді, шапан жапты, түрлі қолөнерлік, зергерлік бұйым, басқа да жылы-жұмсақтарын риясыз ықыластарымен тарту етті. Тамашада республика партия-кеңес қызметкерлерінің күллі бетке ұстары бас қосқаны түсінікті, солардың дені боп табылатын орыс ағайындар:  «Тәржімә!  Аударыңдар!»  –  деп  айқайлай берсе керек. Сол кезде бұйра шашы толқынданған, бойшаң, аққұба, ашаң жігіт көрермендер ішінен жеңіл көтеріліп, ортаға шығады. Бұл – ұлт театрының директоры Дінмұхамед Әділов еді.

Бұдан 73 жыл ілгеріде Діншемен «Өнер қайраткерінің шартты  уағдасы»  атты  келісімшарт  жасасып, 2-категориялы әртіс ретінде театрға қабылданған құжатын қастерлеп сақтап келе жатқан сахна ардагері Қапан Бадыров сол сәтті жылы сезіммен еске алды.

Театр басшысы отырғандарға аренадан жағалай қарап: «Қымбатты достар, – депті биязы үнмен орыс тілінде, – біз бәріміз, ғұмырымызда тұңғыш рет, өз алдымызға мемлекет болғанымыздың арқасында ғана, қазақ халқының аты әлемге мәшһүр палуанына құрмет көрсетуге жиналдық. Дүние жүзі чемпионы Қажымұқан қазақтың ғана емес, орыс елінің де аяулы азаматы. Ол өзінің досы Поддубныймен бірге Россияның даңқын асырды. Демек, Қажымұқан күллі Кеңес Одағына тел ұл. Сіздер Қазақстанды көркейтуге келдіңіздер, ендеше, дәл қазір сіздер қазақстандық ретінде де, ресейлік ретінде де біздің қуанышымызды бөлісіп отырсыздар. Қажымұқанды қошеметтеушілердің не айтып жатқанын түсінгілеріңіз келетіні дұрыс-ау, бірақ ол сөздердің мазмұны осы аренадағы өздеріңіз тамашалаған күрес пен цирктік ойындар рухымен де әйгіленіп тұрған жоқ па? Сіздер, үлкен мәдениетті Азияға жеткізушілер, ізеттіліктің қарапайым үлгісін неге танытпайсыздар? Орыстың ұлы баһадүрі Поддубныймен қатар аты әлемге жайылған қазақтың ұлы баһадүрін неге тым болмаса біреуіңіз еуропалық дәстүрге сай бір шоқ гүл әкеп марапаттамадыңыздар? Олай болмаған екен, қарапайым ауыл адамдарының қазақы құрметінің мазмұнын жүректеріңізбен ұғып, сабыр сақтағандарыңыз жөн емес пе?»

Палуан тойындағы әлгі көріністі жастық шағында куә болған ұмытылмас оқиғалардың бірегейлерінің санатында тебірене есіне түсірген қарт сахна саңлағы: «Тәржімә талап етушілер жым болды, – деді. Сондағы салтанатты сәтті тап бүгін бастан кешкендей сүйсініспен айтты. – Біз батыл да сыпайы директорымызды іштей мақтан ете, шоқтығымыз көтеріліп, қазақтығымызға қуанып қалдық».

Иә, Дінше ойын бүкпейтін, шындықты айтуда ештеңеден тайсалмайтын, жүректі, шапшаң, нақты істің адамы болатын. Өкінішке қарай, оның бұл қасиетін – әлемдік революция сарбаздары басым ол заман түгіл, тәуелсіздікке қол жеткен қазіргі дәуірде де қатерлі бәле тергіш сыбырлақтар «ұлтшылдықтың» көрінісіне жатқызар еді. Өткен өмір жолындағы кесімді әрекеттерімен талайдың қанын қарайтып, кек қайтаруды көксейтін сан дұшпан тауып алған жас қайраткердің мұндай мінезі – әрдайым «өз адамының» намысын күйттейтін қазақы індет жайлап тұрған сол кезгі қоғамдық ахуалда жеке басына тек зиянын тигізетін-ді. Солай болды да...

Академик-жазушы Сәбит Мұқанов өзінің 60-жылдары аяқтаған «Өмір мектебі» атты әйгілі трилогиясында 1925 жыл кезінен: «Жұрттың айтуынша (расы да солай) Қазақстанды ендігі билеуші екі адам ғана: Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов. Бүл екеуі де Өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі», – деп жазады. РК(б)П Қазақ обкомының хатшысы мәртебесімен Ташкенттен Орынборға 1924 жылдың соңына қарай жіберілген Сұлтанбек туралы Сәбең әуелі Ішкі істер халкоматы Бас милиция басқармасының бастығы Дүйсебай Нысанбаевтан естиді. Әділовтер тағдырының қайғылы тұстарына қатысы болған бұл адам жайында Мұқанов мынандай дерек береді: «Дүйсебай Нысанбаев... Сәкеннен егдерек... Сәкеннің айтуынша, революциядан бұрын орысша оқып, көп жерде писарьлік қызмет атқарған да, революция жылдары большевиктер қатарына қосылған... Орынборға 1924 жылдың басында келген оны, Сәкеннің ұсынысымен Қырғыз (қазақ) автономиялы республикасының ішкі істер Халық Комиссары ғып тағайындатқан... Сәкен 1919 жылдың басында Омбы абақтысынан қашып, со жылдың жазында Түркістанға жетеді де, осы Дүйсебаймен танысып үйінде тұрады. Дүйсекең большевик болғанымен рушылдау да адам.... Дүйсекең Сәкенді осы жағынан жақын тартады». Жас мемлекет қайраткерлерінің бірі, ірі басшыларының бел ортасындағы кісі (ол тұста милициядан өткен құдай жоқ, ал бұл – Республиканың Бас милиционері) тіршілігінде қандай принципті ұстануға оң иығын беретінін ойға түртіп қойыңыз... Сәбең Нысанбаевтан Қожановтың іскер, нағыз «сен тұр, мен атайынның өзі», тіпті «Сталиннің өзімен жұлқыса кетуден тайынбайтын» өжет адам екенін, басқа да ұзынқұлақ пен дерек бұлақтарынан – «алашордашыл Байтұрсыновтың Орынборда құлатылған юбилейін» Ташкентте өткізгенін, «ұлтшыл ақын» Жұмабаевтың кітабын өзі алғысөз жазып шығарғанын, Қазақстаннан қуылған күллі «алашордашыларға» Түркістан Республикасында пана болған «оңшылдығын» біліп, оған сенімсіздікпен қарайды. Ал оның Орынборға келгеннен бергі нақты «ұлтшылдық» істері жайында өзінің тағы бір жақын жүретін кісісі – КирЦИК төрағасының орынбасары Нұрмақ Байсалықовтан естіп-білгенде, әсіресе Байсалықовтың көрнекі мысалдармен көмкерілген пікірлерінің түйіні сықылданғандай: «...Қожанов деген гад... өткен бір бюроның өзінде-ақ Қазақстан басшылығының 90 процентін «оңға» айналдырып болды, ұлтшыл-гадтар. Бесінші съезден кейін – 100-ге айналдырады», – деген қорытындысын тыңдағанда, «сөйткен Қожанов Қазақстанға не жақсылық әкелер дейсің» деп, одан күдерін мүлдем үзе түседі.

Осы орайда қоғамдық белсенділігі зор қаламгердің өзі- нің  аңдамасына  да  назар   аударған  қызық: «Қожанов  пен Садуақасовтың блогі» аталған топ алғашқы адымынан-ақ «оңға» тартты да, біраздан кейін тіпті ашық кетіп, «байдың балалары», «алашордашылар» дейтіндерді кеңселерге, оқу орындарына толтыра бастады». Құжаттар куәлік етеді – осынау екі аяулы азаматтың қызмет бабында мұндай ауызбірлік-«блок» болған жоқ, есесіне өмірде – «тізе қосқан жалшылар» көңілі қаламағанның бәрін «бай мен молда» санатына жатқызып, «қамшымен қойдай қууға» ұрандата шақырған шаласауат, шолақ белсенділік заманы болды...

Атақты жазушымыздың бүгінгі ұрпақ үшін аса құнды естеліктеріндегі жоғарыда аталғандар секілді идеологиялық пайымдардан туған  бағалаулар  мен  дәйексіз  өсектер – биік отаншылдық сезімнен ада, большевизммен суарылған қазақы жікшілдікке тұнған сол заманғы қауым тіршілігінен тәп-тәуір елес береді...

«Қазақстанды ендігі билеуші» екі серкенің бірімен Әділов құрдас, Омбыдағы «Бірлік» ұйымынан үзеңгілес болса, екіншісін Ташкенттегі қазақ педагогика училищесі қабырғасында қызметтестік орайымен танысқаннан – ұстаз, аға, жолдас тұтып кеткен-тін. «Қожанов крайкомның екінші хатшысы боп тұрғанда Садуақасов Бюро мүшесі және сонымен бір мезгілде Ағарту жөніндегі халық комиссары (Наркомпрос) еді, – деді Дінмүхамед Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне. – Қазақ қызметкерлері ішінде Садуақасов пен Қожановты екі зор тұлға, екі кит деген пікір жүретін-ді, ал мен екеуімен де жақсы таныс едім».

Қожанов екі республикаға қараған қазақ жерлерін біріктіруге елеулі үлес қосқан, практикалық іспен шұғылданған қазақ қызметкерлері ішіндегі ең қабырғалы қайраткер болатын. Ол, өзі талдап көрсеткендей, партиядағы жұмысы кезінде ұдайы алғы шепте болды, атап айтқанда: 1) отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жою жұмысына; 2) жер реформасын  жүргізуге  және  халықты  жерге  орналастыруға; 3) «Қосшы» одақтарын құру науқанына, 4) Орта Азияда ұлттық межелеу жасауға; 5) Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға көшіруге және 6) Қазақстанның ішкі құрылымында ұлттық сипаттарды күшейтуге белсенді түрде атсалысты. Жәй қатысып қана қойған жоқ, солардың ұйтқысы, мәйегі болды. Бұларға қосымша, оның қызметінің күні бүгінге  дейін  лайықты  бағасын  алмаған  тағы  бір  қыры – 7) топшылдыққа қарсы күресі еді.

Алайда, қайраткерлердің идеяға адалдығы бағаланбайтын, тұтасып күш біріктіруде жеке басқа «адалдықтары» басым түсетін бұндай ит-ырғылжың, берекесіз айқаста, өзі де мойындағанындай, еріксізден еріксіз, топшылдықпен күресуші басқа бір топқа жетекшілік еткендей іспеттенді.

Қазақ серіктерінің жәрдемімен кейін Голощекин табысты түрде «әшкерелеген» «қожановшылдықты» басқарған Қожановтың тобына Түркреспублика кезінен қанаттасы санатындағы Дінмұхамед Әділов те жатқызылатын.

Тікелей сөйлесіп, қызметтес болғаны өз алдына, қазақ коммунисі Сұлтанбек Қожанов Бас хатшы Сталинге маңыз-ды проблемалар бойынша әлденеше рет хат жазған адам. Солардың тілге тиек етулі мәселемізді ашуға септігі тиетін бір-екеуін алайық. Айталық, 1924 жылғы қазанда Б(б)КП Орта Азия Бюросының мүшесі ретінде Ташкенттен жолдаған хатында, ол, компартияның алыс аймақтағы бір жауынгері, – компартия басшысына ұлттық-территорияық межелеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ой-пікірін хабарлады. Ал сол жылғы 29 желтоқсанда Қазобком хатшысы лауазымымен Орынбордан жазған хатында Қазақ Республикасының астанасын басқа қалаға көшіру қажеттігі туралы айтты. Осы  екі  хатқа  да  ортақ  өзек  болып  ызылған  өте маңызды жәйт  –  ұлттық  кадр  және  қайраткерлерді  қазақы  індеттен сауықтыру мәселесі еді. Осынау мәні ересен өзектің кей тұстарына бірлесіп көз жүгіртейік.

«Қазақтардың өз республикасында ұлттық азшылық дәрежесінде қалып отырған күлкілі жағдайын жою қажет», – дейді ғасырдың алғашқы ширегіндегі қайраткер. Ғасыр аяқталып келеді, бірақ сонау меже әлі күнгі өзекті де өткір күйінде... Сан кемшіндігі өз алдына, күні бүгінге дейін бар сапаға қамқорлық жайы жетімсіз дәрежеде. «Титулды» қазақ баяғыша кіші ұлт деңгейінде... Бұл дербес деп бөркімізді аспанға атқан тәуелсіз мемлекетіміздің билеуші машинасы толық мәнінде ұлт мүддесіне жұмыс істемегендігінің салдары. Шетжұрттық ойлау-парықтау-сөйлеу-билеу жүйесі жол ашқан әлемдік-космополиттік еліктіргіш-азғырғыш ақпаратты-сазды топансудың қазақы жан-дүние мен сана-сезімді үмітсіздікке ұластыра тұншықтырып отырғаны соншалық, кей-кейде компартия дәуірінің кемсітуіндегі артықшылықтар көзге жылыұшырап кетеді...

«Пролетар басшылығы қазпартинтеллигенттерді Орынбор секілді пролетарлық орталықта қамап отыру арқылы емес, жанды бұқаралық жұмыс жүргізу арқылы жасалуға керек». Астананы орысы көп Орынбордан қазағы басым Ақмешітке ауыстырудағы мақсат осы-тын, алайда оның парқына қаймана қазақ бара беруші ме еді, ал қызметке іліккен «көзі ашықтары» айналасындағы әр істен өзінше астар іздемесе – қазақ бола ма...

Құмы бораған, күні күйіп тұрған қалаға астананы ұлтшылдар әкелді! Қазақ астанасынан халықты жиренту үшін солай істеді олар! – осынау түйінді болашақ заңғар қаламгер мен республикада жұрттың құқыққа бағынуын орнықтыруға Жоғарғы  Соттың  алқа  мүшесі  лауазымымен  атсалысушы қызметкер алдында Әбдірахман Байділдин айтады. Сәбең елінен Қызылордаға келген тұста ол «...кәсіпшілер одағының оқу жұмысын басқаратын цекасына председатель...» Бұрын «Сәкеннің тілімен айтқанда неонационалистердің (жаңа ұлтшылдардың) бірі» деп саналатын Байділдин кейінгі кездері, Мұқановтың байқауынша, «солақайланып, ...«ұлтшыл» атаулыға қатты шабуыл жасап жүр». Оның солшылдығына бірер мысал келтіреді де: «Осы қылықтары үшін, бұрын жеккөретін оны кейінгі кезде сырттай ұната бастағам, – дейді Сәбең әйгілі автобиографиялық шығармасында. – Сонымды білгендей, мен Сапар Мұстафиннің үйіне түсе (Сәбит Орынбордан Қызылордаға келгенде – Б.Қ.), бір құшақ кітапты қолтықтап (солай жүру әдеті де) кіріп келді...»

20-жылдардың ортасындағы Әбдірахман Байділдинді, қиын кезде – 1918 жылдың соңында ауылына ертіп апарып жасырып, Колчак жендеттерінің шеңгелінен құтқарған серігін Дінше Әділов 1928 жылы құпия полиция тергеушісі алдында «менің бұрынғы досым» деп атаған еді. Сосынғы «кейін партиялық дұрыс бағыт ұстанды» дегендегі «кейіні» – Сәбит Мұқанов әңгімелеп отырған әлгі шақ – 1926 жыл болса керек. Ол тергеуде берген көрсетілімдерінде ұлт қайраткерлері («ұлтшылдар») өздерімен кеше ғана пікірлес болып жүрген Байділдиннің большевиктік солақай сындарына мұнысы қалай деп таңырқағандарын да еске алады...

Дегенмен екеуінің достықтан кетісу сыры тергеуде ашылмаған, мұның астарын «Өмір мектебіндегі» әлгі жолдар – 1922 жылғы «Қараноғай-Шала» хикаясынан бері тасы өрге домалап, Жоғарғы Соттың алқа мүшесі дәрежесіне жеткен, сөйтіп Әділовтерге қауіп төндіріп келе жатқан «атқамінер Сапар Мұстафинге» енді «ұлтшыл-қожановшылдардың» қас-жауы Әбдірахманның жақын боп шығуы жайындағы Сәбеңнің куәлігі аңғартатын тәрізді...

Байділдин қазақты «ұлтшылдардан құтқарудың жолын» да айтады – астананы Ақмолаға көшіру керек! Жетпіс жылдан кейін жүзеге асқан ұсыныс... Тек біз мұны ұлтсыздыққа тосқауыл қою және ұлттылық өрісін кеңейту ыңғайында жасалды деп тәубә етеміз.

«Халық құрамында орыс шаруасы санын арттыру – пролетарлық басшылық жасауды титтей де жеңілдетпейді, – дейді Сұлтанбек Қожанов, – керісінше, дәстүрлі ұлтаралық дүрдараздықтың шиеленісе түсуімен және пролетар басшылығының ықпалын – орыстың көптігінен ұлттық зорлық көрсетуі деп бағалануынан қашып құтыла алмайтындығымыз арқылы қиындатып жібереді».

Сонда да, одан бертінде де, тіпті бүгін де біз бұл жәйтті бақытқа балаймыз, тарихтың өзі осылай болуға қосқан дейміз, ал сол қосақтаған тарихты өзіміз жасағанымызбен жұмысымыз жоқ, көнбіс халқымыздың белі майысып, жұмған аузын ашпайтынына разымыз...

«Бір қарағанға революцияшыл болып көрінетін қазақ тілмәштарының шалдуарлық ырқына жығылмай, компартия Қазақ ұлттық республикасында қазақтың ұлттық-бұқаралық ахуалын зерттеп, соған сәйкес әрекет етуге тиіс».

Неткен тәтті үміт, компартияға деген қандай құлай сенушілік десеңізші! Жары мен қызының, жақын туыстарының есте қалғандарынан білеміз – Ленин өлгенде Қожанов шын көңілімен, ағыл-тегіл, еңіреп тұрып жылаған екен... Басқаша қалай болсын, ол тұста тарих сахнасына жеке-дара шыққан большевизм ұлтына қызмет етсем деген қайраткерлеріміздің жан-жүрегін әділдік идеясымен баурап алған еді ғой.

«Бұл  үшін  қазақ  көңіл-күйінің  партия  ішіндегі  «баро- метрі» болатын әйтеуір бір жұртшылық ошағын жасап, қажетсіз әрі залалды уклондарды (ауытқушылықтарды) қанағаттандырмақ түгіл, жою бағытын ұстау жөн». – Толық мәнінде жүзеге асыруды тағдыр маңдайға жазбаған ұсыныс.

«Әйтпесе мына таңғаларлық жәйт жалғаса бермек – бүгінге дейін қазкоммунистер әлдеқашан о дүниеге аттанған «Алашорда»  адресіне  лағнет  айтып,  өлі  қарсыласымен күресте ерліктің көзжұмбай ғаламаттарын көрсету арқылы мансапқа жетіп жүр», – дейді ол. Бұл әлі ұзаққа кететін қаһармандық – әуелі ұйым ретінде 1920 жылы біржола ажал құшса да, кейін, 37-нің «үлкен террорында» оның көсемдері түгіл, оған азды-көпті қатысы болғандардың әммәсі жалған дүниеден тайдырылса да – Бірінші Қазақ Республикасы соңғы жарты ғасыр бойы, күні кешегі жариялылық пен қайта құру белесіне, тіпті тәуелсіздік дәуіріне шейін аты теріс қалыпта қала берді. Арадағы әлденеше ондаған жылдарға созылған тоталитаризм тұманында «идеялық сауаты жоғары» оқымысты-пысық-қызылбелсенділер талайларды сонау жасанды күйдіргімен күйдіру арқылы да жоғарыға жағынып жүрді... «Ал, 7 жыл ішінде қазақтар не нәрсеге ие болды, «Алашорда» орнына антикеңестік не келді, оны қалай бейнелеуге болар еді – мұны олардың ешқайсысы білмейді, білу қажет деп есептемейді де». – Иә, бәлеқорларға атышулы бір «жаудың» өзі, жеті жылыңыз не, жетпіс жылға жетіп жатты...

«Тереңдеу керек, қазақ бұқарасына дендеп ену керек, шынайы реңкі бар партиялық қоғамдық пікір туғызу ләзім, қажет кезде тек «бастыққа» емес, бұқараға жүгінуді дәстүрге айналдырған жөн». – Жақсы ниет, тек, большевиктік саясаттың ақжүрек болмауы себепті, бұрмалануы оңай тілек...

Қожановқа қоғам дертінің диагнозы айқын: «...біздің қазақтың партиялық ортасына негізсіз егес, ұрыс-қағыс, саясатшылдану мен ұшы-қиырсыз ру мүддесін күйттеу жолында терісті қостай кету элементтері тым дендеп сіңіп кеткен».

Бұл әлі де айығып болмаған ауруымыз ғой...

«Қазқызметкерлерді қоршаған объективті ахуал оны типтік, жаны селт етуді білмейтін отар чиновнигі етіп сомдайды, – деп ашына баяндайды Сұлтекең еліміздегі нөмірі бірінші коммуниске, – ал ол өзін дүниенің кіндігіндей сезінеді, өз басын сыннан жоғары санайды, – қазір де солай емес деп кім айта алар?! – сөйтіп, ешкімнің өзіне «жұмыс істеуіне» кедергі келтірмеуі үшін жоғары тұрған органдарға, тұлғаларға, яғни бастықтарға сөз тасиды, жағымпазданады, шағымданады, т.с.с.»  Қайтерсің, көне де өміршең тәсіл... Заманына қарай – амалы, бүгінде, аталған әрекет түрлеріне қосымша – көлденең келушілерді таптап кетеді, керексіз қоқыс сынды тысқа ысырып, тіпті лақтырып тастайды. Яғни, «қайраткерлерді биік мұрат табыстырып-біріктірсе ғой, шіркін!» деген асыл арман әлі де күшінде...

Революциядан бері жеті-ақ жыл өтсе де, Сұлтекеңнің талабы жоғары: «...қазақтар көбіне мансап жетегінде жүр, істі таптық жолға қою қазақ партиялық бұқарасында әлі болған жоқ».

Ескі Қазақстандағы (Түркістан Республикасы құрамындағы облыстардан өзге жерлерде) мемлекет қызметінде істейтін қызметкерлер ішінде орын алған көріксіз ахуалды талдай келе, Қожанов пікірін: «Осының бәрі баяғыда жерленген «Алашорданы» күніне үш қайтара жерлеп жататын, нақты жағдайға байланыссыз пайымдарын өз қалауларынша не олай, не бұлай бұрып ағыза беретін отар чиновниктерін, төменмен дәнекері жоқ төбедегілерді, қызыл сөз революцио- нерлерін қалыптастырып отыр», – деп қорытады. Сөйтеді де, Бас хатшыға: «Практикалық жұмысты творчестволықпен жүргізуге қажет салауатты ахуал болуын Орталық Комитет қандай шығынға баруға тура келсе де қамтамасыз етсе деген тілек бар, жолдас Сталин», – деген ұсынысын білдірді.

Қожанов – қызуқанды, шапшаң істің адамы. Ол Түркістан Республикасынан Қазақстандағы партия жұмысы жетекшілерінің бірі боп келген бетте қоғамдық ахуалды сауықтыру шаруасын қолға алады.

РК(б)П облыстық бақылау комиссиясының төрағасы Панин жаңа басшылық тапсырмасына сай, облыстық партия комитетіне 1924 жылғы 22 желтоқсанда мына хатты жолдаған-ды: «РК(б)П Киробком бюросына. Құпия қаулылардың жария боп кетуіне кімдер кінәлі екенін анықтауға мүмкіндік жоқ. Жария болулар, ең бастысы, конспирация жайында қарапайым ұғым жоқтығынан орын алуда. Обкомның киргиз бөлігі өзара жауыққан екі топқа бөлініп алған (тарихтан белгілі «меңдешевшілдер» мен «сейфуллиншілдер» – Б.Қ.). Екі орталарында партияда жоқ интеллигенция бар. Осы интеллигенцияның контрреволюциялық (большевизмге қолайлы анықтама, іс жүзінде билікке мүдделілер – Б.Қ.) кіндігі бір қанатымен бір топқа, екінші қанатымен екінші топқа жалғаса кірігіп кеткен. Жоғарыда не боп жатқаны жөніндегі «мәліметтер» осылай екі майданмен жанталаса жинақталады да, қалың тоғышар бұқараның құлағына тиіп жатады».

Өзіне бұрыннан аян жәйттерді бақылау комиссиясының қалай түсіндіретініне қаныққан соң, Қожанов қызметкерлер ортасын бұл індеттен сауықтырудың кешенді шараларын ойластырды. Партияның Қазақ обкомы – өлкелік комитет дәрежесіне жоғарылатылды. Өзінің іс жүзінде атқарып отырған міндеттерін нұсқап, табанды түрде талап етуі нәтижесінде, Қазөлкеком Бюросында Нанейшвили – бірінші, Қожанов – екінші, Ежов (кәдімгі Үлкен террор ұрда-жығы) – үшінші хатшы мәртебесіне бекітілді. Астананы Ақмешітке көшіру мәселесі келісілді. Жікке желеу болған екі үлкен лауазым иесін орнынан алу, басшылыққа тың кадрлар көтеру ісі жүзеге асырылды.

Алайда солардан бұрқ етіп қазақы дерт ұшынды – шешімтал қайраткердің сыртынан пыш-пыш өсек жүгірді. Ақыры Өлкеком Бюросы «Қожанов жолдастың саяси қайраткер ретіндегі беделін түсіретін өсек-аяңдар туралы» арнайы мәселе қарауға мәжбүр болды. Алуан сыпсың сөздің негізгі авторы «сейфуллиншіл» Нысанбаевқа Өлкекомның екінші хатшысын сырттан ғайбаттауын доғарып, арызын бақылау комиссиясына тапсыруды жүктеген қаулы қабылданды.

Қызметінен түсірілген Қарақалпақ обкомының хатшысы Досназаров та Қожановтың үстінен шағым айдады, ол тіпті тереңге кетіп, Қарақалпақстанды Қазақстан құрамынан шығару керектігі жөнінде Мәскеуге телеграмма салды.

Жалау Мыңбаевтың Қазатком төрағалығына ұсынылғанын біліп қойған біреулер бақылау комиссиясына арызданып үлгерді. Өзіне тән қызулықпен, Қожанов бұл арыздың жәй ғана рулық бақастық салдары екенін дәлелдеп, көтермек кадрын қорғап қалады...

Өлкелік комитеттің 1925 жылғы көкекте өткен пленумында Қожанов «Кеңестер съезі мәселелері» жөнінде кеңейтілген хабарлама жасап тұрып: «Кирреспублика орталығын жаңа астанаға ауыстыру арқылы біз Ұлт Республикасы жолындағы күресімізді аяқтағанымызды атап өтеміз, – дейді. – Біз, баяғыда жарияланғанына қарамастан, ұдайы ұлттық республика үшін күресуге мәжбүр болдық. Ұлттық респуб- лика үшін күрестің соңы – оның біткені ғана емес, сонымен бірге – осы Республиканы жасау мақсатындағы жұмыстың басталғаны...» Осы орайда атқарылмақ істердің V Кеңестер съезінде шешімін табуға тиіс бағыттарын пленум мүшелері алдына түйіндеп тартты.

Жазғытұрым Нанейшвили Мәскеуге шақырып алынды да, іс басында бірінші адам болып (күзге дейін) Қожанов қалды. Республика партия ұйымының басшысын қазақтың өз ішінен шыққан қайраткерден сайлаудың реті туды, алайда топшылдықтың жұқпалы ауруын жұқтырғандарға әуелі «өз адамының» билігін орнату керек, олай орайы келмесе – орыс болсын...

Орталық Комитетке Сәкен Сейфуллин «ұлтшылдармен күресі туралы» ұзақ арызын жөнелтті. Смағұл Садуақасов Сырдария облысында қордаланған кемшіліктер жайында Бюроға мәлімдеме жасады. Арнайы құрылған комиссия тексеріп қайтқан соң, Бюро Садуақасов мәлімдемесін негізсіз деп тапты, мәлімдеменің Қожанов рөлін төмендетуге бағытталғанын, алайда Сырдариядағы Қожановтың саяси қызметі іздерінің сайрап жатқанын, оның айтарлықтай елеулілігін мойындады.

(Оның сол облыста жүргізген «саясатының іздері» тағы бір жарым жылдан кейін де өшпегені мағлұм: Сырдария облыстық кеңестер съезінде, Орталық партия комитетіне қызметі ауысуына байланысты Қызылордадан Мәскеуге көшіп кеткеніне бір жылдан асқан Қожановты топшыл ретінде талқыға салғызғандарында, бір делегат наразылықпен: «Голощекин көкемнің өзі группировщик», – деп сөйлейді. Осы орайда – Мұқанов естелігі бойынша – Сейфуллин: «Қазақстаннан Қожановтың өзі кеткенмен, рухы кеткен жоқ», – деп күйінген көрінеді).

Бірақ Садуақасов, ұлтымыздың біртуар азаматтарының бірі, көрнекті қайраткер Смағұл Садуақасов, мәлімдемесін Бюродағы әріптестері бекерге шығарып, кері қаққанға мо- йымайды, ол өзінің Қожановқа қарсылығын Мәскеуге барып та дәйектейді...

Ақыры, 1925 жылғы тамыздың соңында, Орталық Комитеттен шифротелеграмма келеді. Мәскеу құпия жеделхатында Қазөлкекомға жауапты хатшы болып Голощекин келетінін, хатшылық құрылымының өзгертілетінін хабарлайды. Соны Бюроға баян еткен Қожанов серіктерінен өзіне бұдан былай атқаратын нақты міндет жүктеуді, ең дұрысы – «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметінде пайдалануды сұрайды. Бұған Садуақасов үзілді-кесілді қарсы шығады. Бюро мүшелерінің пікірі екі жарылады...

«Есімде, бірде маған Қожанов Садуақасовпен сөйлесіп, ойын білуді тапсырды, – деді Дінше ОГПУ тергеушісіне. – Қызметтен соң мен Садуақасовпен Энгельс көшесіндегі «Арарат» ресторанына кірдім. Жеке бөлме алып отырдық. Мен оның Қожановқа қандай айып тағатынын, көзқарастарында  қандай  айырмашылық,  келіспеушілік  бар  екенін сұрастыруға кірістім. Садуақасов маған бәрін егжей-тегже- йіне шейін әңгімелеп берді».

Осынау екі ірі қайраткер жайындағы өзінің жеке пікірін Әділов: «Менің ойымша, олардың арасында принципті кереғарлық жоқ болатын, – деген сөздермен білдірді. – Бірақ солардың қай-қайсысы да дербес көсем болып, соңдарынан бұқараны ілестіріп әкеткісі келетін. Меніңше, бұл тұрғыда екеуінің өзара күресі – таза мансапқорлық тайталас еді».

Ресторандағы сырласу тергеу құжаттарында мазмұндалған екен, сонда досынан 1925 жылдың күзінде естігендерін үш жыл өте Дінше былай еске алады: «Ол наразы күңкілге бас- ты – Қожанов Орынборға қызметке келген кезінде онымен санаспай қояды, Крайкомда оны құлатып тастайды, соның салдарынан ол Жетісуға іссапарға жіберіледі. Осы іссапарды ол өзін қорлағандық деп есептейді екен. Жетісуға жүрер алдында ол Қожановқа кіріп, әлдебір тапсырма берер-бермесін сұрапты. Қожанов оған Алматыға ат басын тіреген бетте экскурсия жасап, қаланың айналасындағы көрікті жерлермен танысып шығуға кеңес береді. Садуақасов оның мұнысын өзін мазақтап-кемсіту деп ұқты, бірақ ештеңе деп жауап қатпай жүріп кетеді. Қайтып оралғанында оған кіріп, оның өзіне берген кеңесін кәдеге асырғанын, Алматының маңын аралап танысып шыққанын айтады. Сосын Садуақасов мыналарды да айтты: Ақмешітке Қызылорда деп қайта ат бергенде – Қожанов ешқайсысымен де ақылдаспай, өз бетінше съезде өткізіп-қабылдатып жіберген. Оны бұл сонысы үшін де кінәлады».

Қазақстанның үкілі үміттері іспетті, алайда жұлдыздары жараспай қалған қос көрнекті қайраткердің «араларында, – Әділов әрәдік қайталап айтқандай, – соншалықты омырайып-бадырайып тұрған келіспеушілік жоқ-тын». Оңаша дастарқан басында сұхбаттасқанында көзі жетті – Смағұлдың Сұлтанбекке ерегісу себебіне келтірген «...дәйектерін жәй әншейін балалық егесу дерсің...»

Жегі деген пәле ең қатты ағаш діңін де үңгіп жеп тастайды, мансап құрты да сондай сұмдық болса керек...

«Ұлтшылдар олардың келісімге келіп, Қазақстанды бірлесіп басқаруларын қалап еді, – дейді екеуіне де дос-жаран болған Дінмұхамед Әділұлы өкінішін сездірмей, бейтараптау сарынмен. – Олардың тілектері орындалмады, Қожанов мұндағы  қызметінен  орталыққа  шақыртып  алынды.  Қожановты Қазақстаннан шақырып әкету ісіне Садуақасов зор үлес қосты десетін жұрт».

Қазөлкекомның екінші хатшысы ретімен соңғы мәрте 1925 жылғы 25 қазанда күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысқан Бюросында Қожанов: «Топтасулар негізінен мансаптық сипатта құрылады, – деп атап көрсетті, – топтарда мансапқорлық элементтер молырақ, ал саяси және рулық элементтер, былай айтқанда, мансап мүддесіне қызмет жасарлық роль ғана ойнайды».

Қалай десек те, мансап құлқынына ұлт мүддесін қиып жіберу, Қожанов көктемгі пленумда атап көрсеткендей, қазақы індеттен арыла алмаған қазақ қайраткерлерінің «кемшілігін бетке ұстап, отаршылдардың отаршылдық ойлары мен нау- қандарын жүргізулеріне» кең жол ашты.

Қазақстаннан жұмыс берілмеген С. Қожановтың орнына, «кадр   тапшылығы  сезілген  Қазақстанға»,  орталықтан     үйіліп-төгіліп «нағыз коммунистер» топырлай бастады...

Голощекин өз диктатурасын орнатты. Өлкелік комитеттің бірден-бір жауапты хатшысы өзі ғана болды, ал екінші, үшінші хатшы деген лауазымдар жойылды, олардың орнына екі орынбасар – Ежов пен Жандосовты алды.

Ұзамай Садуақасов та Қазақстаннан тайдырылды...

Жазушы Қошмұхамед Кемеңгеров Омбыдағы оқушы жастардың «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымы мен Ақпан революциясы дүниеге әкелген Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінде, 1917 жылдың жазында Ақмола қаласындағы өздері құрысқан революциялық мекемелерде үзеңгілес болған Дінмұхамедке 1925 жылғы көктемде былай деп хат жазған-ды: «Дінше бауырым... Ғұмырыңда талай тарихты бастан кешірдің ғой сен...  Сенің сонау Қиыр Шығыс сапарыңнан бастап қазіргі өміріңе шейін терең танысқым келеді. Қандай мақсатпен коммунизм жолына түстің? Бұл жолдан неге ауытқыдың? Және өзің көрген уақиғалар хақында, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достарың туралы қысқаша ақпар бер. Жалқауланба. Уақытыңды бөл. Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой.

Мен қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуға отырдым. Егер Түркістандағы ерліктерің туралы хатқа жаза алмасаң, онда ауызша айт. Бір жерде кездесейік. Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме бер.

Осы өтінішімді аяқсыз қалдырма. Өзіңе сенемін. Ниеттес тілеушің һәм досың Қошке. 16.ІІІ.1925».

Сол жылдың соңына қарай Дінше өзі жаңадан ұйымдас- тырып жатқан ұлт театрының сахнасына Қошкенің «Алтын сақинасын» қоюға кірісті, яғни, достардың бұл тұста жиі кездескеніне де, хатта айтылған мәселелер төңірегінде ұзақ сырласқанына да күмән жоқ. Бірақ олар қазақ қызметкерлері арасын жайлаған созылмалы індет – саясатпен көмкерілген топшылдық жайында пікірлесті ме, ол жәйт Қошкенің романында қаншалықты бедерленбек еді – бұл жағы беймәлім.

Қалай болғанда да, Дінше Әділовтің арқа тұтатын қорғаны Сұлтанбек Қожанов Мәскеуге шақырып алынғаннан-ақ, замананың аңысын аңдығандардың жаулық әрекеттері белең ала бастаған...

Тарихтың Түркреспублика дәуірлеген беті аударылып кеткенмен, сондағы Рысқұлов, Қожановтар басқарған үкіметтің еркімен тамам болған сонау 1922 жылдың соңындағы істі – «Қараноғай-Шала» оқиғасын – ағайын-жегжат намыс жыртарлары ұмыта қоймаған-ды. Жабылған тауарихты жаңғыртып, Голощекин саясаты арайында қайта көтеруге мүмкіндік туды...

Міржақып Дулатов 1929 жылғы 30 қаңтарда ОГПУ тергеушісіне берген жауабында Дінше «өзінің жеке басының дұшпандарынан, атап айтқанда, «Қара-Ноғайдың» туысқандарынан қауіптенетінін айтатын, – деді. – Бұл ретте ол Жоғарғы Сотта істейтін Мұстафинді атайтын».

Алғашқы қатерлі дабыл Дінмұхамедке 1926–1927 жылдың қысындағы бір кездесуде байырғы досы, «сол тұста жеңілістен соң жеңіліске ұшырап жүрген Садуақасов» әңгімелеген сөзден жеткен-ді: «Ех, сайтан алғыр, сен туралы Нұрмақов өте нашар пікір айтты, сені – бандитке айналып кеткен кешегі коммунист деді, Москваға барып, Өлкекомда жүріп жатқан келіспеушіліктер жайын кейбір жолдастарға хабарлапты деді...»

Біздің ойымызша, мұндағы маңызды ақпарат – Қызылордадағы алауыздықтың Мәскеуге жеткізілуі емес, соны айтып барушы Дінмұхамед Әділовтің «коммунистіктен ат құйрығын үзген қарақшы» айырым-белгісімен үкімет басшысының – республика халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовтың аузымен таңбалануы болып табылады.

Оны «конфискацияға қарсылық жасап жүрген бандит» ретінде тұтқынға алу үшін іздейтін ГПУ-дің қарулы жасағы қырға аттануға дейін әлі екі жылдай уақыт бар. Ірі байларды тәркілеу жайындағы атақты декрет әзір қабылданған жоқ. Бірақ «қазақ ауылына соқпай, жанынан өте шыққан Қазан дауылы» қайта айналып, қазақ коммунистерінің көсемі Филипп Исаевич Голощекиннің ырқымен жаяу борасындата бастаған.

Оның азаматтарды біріне бірін соғыстырған шараларын көз алдында өткеріп келе жатқан Қазатком төрағасы Жалау Мыңбаев бірде өзінің сол тұстағы пікірлестері Ораз Жандосов пен Смағұл Садуақасовтың көзінше: «...қазақ коммунистері қорқақ, жүректі емес, шіркін, мына Әділов секілді жігіттерің болса ғой, жұмыс істеуге болар еді, әттең, ол партияда жоқ», – деген пікір айтқан-ды. Өкіметтің тоқсан тарам құрылымының басқа бір қуыстарында «ойы өзгешелерден арылуды» көздейтін жауапты хатшы-диктатор Голощекин белгілеген бағыт-бағдар тиянақталып, оған идеологиялық тұрғыдан көмек, қамсыздандыру қызметін көрсетерлік әрекеттер кешені жобаланып жатқанын қайдан білсін...

Сонымен, премьер айтып қалған анықтама – биліктің жоғарғы эшелонында болашақ «халық жауының» бейнесі осынша мезгіл бұрын (әрине, қолайлы сәт туғанын аңдай қойып, қышыған алақандарын құштарлана уқалаған мүдделілер «қамқорлығымен») сомдалып қалғандықтың, яғни, бір кезгі ақ жол бүгінде құрдымға тіреліп, Әділовтер төбесіне қара бұлт үйіріле бастағандықтың белгісі еді...

...Қазақы індет Голощекиннің «Кіші Қазанын» қарсылықсыз қайнатуға оңтайлы тамызық боларлықтай ауқымға жа- йыла берді...

1998 ж.»

Мұндағы Дінше Әділов өміріне қатысты деректер негізінен 1928–1929 жылдарғы тергеу материалдарынан алынған. Тергеушіге берген көрсетулерінде тұтқын Дінше өз өмір жолында белгілі дәрежеде қарым-қатынасы болған көптеген адамдарды атады. Мәселен, Түркістан үкіметінің басшысы Тұрар Рысқұловты арнайы қызмет тыңшыларының бақылап жүргеніне нақты мысал келтірген.

Бұл деректің растығының нақты көрінісі сол, Рысқұлов Түркістан Республикасы Кеңестерінің 1924 жылғы қаңтардың басында болған ХІІ съезінде Түркатком құрамына сайланбай қалған болатын. Тиісінше, халкомкеңес төрағалығынан кетірілді. Бұл өзгеріс Түркістан тыныс-тіршілігі жайында ұдайы қажет ақпарат алып отырған Орталық Комитеттің тапсырмасымен жасалған-тұғын. Мұны Тұрар түсінді. Бірақ негізгі себепті ұлт қайраткерлері арасындағы өз бәсекелестерінің астыртын іс-әрекеттерінен іздеді. Сондықтан да, БК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия Бюросының (Средазбюро) хатшысы Ян Рудзутакқа қаңтардың ортасында берген хатында Түркреспублика басшылығындағы өзгеріс сырын тап осы жергілікті кадрлар арасындағы құбылыс негізінде түсіндіргісі келетінін хабарлады.

Сол тұрғыда ізденіп, өз жақтастарының атынан көлемді «Негізгі баяндаманы» әзірледі. Алайда олар әлдебір себептермен (автордың түсіндіруінше, айыптап отырғандарының басшы орындарда отыруы себепті, олардың өш алуы ықтималдығынан жасқанғандықтан) «баяндамаға» қол қоймады.  Сонда оны Тұрар Мәскеуге ала кетті де, жөнелтпе жазба тіркеп, Бас хатшыға  және тексеру, тергеу органдарына тапсыр- ды. Сол адрестерге құпия түрде өз атынан да бірнеше хат жолдады. Бұл 1924 жылғы сәуір айы еді. Мамыр айында Ташкенттегі үзеңгілесі Қабылбекке қосымша деректер жинау жөнінде тапсырмалар берген хатын жолдады. Хат бажасы Жаншаның үйіне жіберілген-ді, бірақ хат келген кезде Қабылбек Ташкентте болмаған. Сол себепті, оны әуелі Жанша мен белгілі ұлт қайраткерлері, солармен бірге Дінше  де оқыды. Тергеушіге Дінше сондағы жағдайды толық баяндай келе, Қожановтың ГПУ арқылы Жанша Досмұхамедовтің пәтеріне ресми тінту жүргізіп, хатты тәркілегісі келген жоспары болғанын да айтты. (Яғни, Тұрар Мәскеудегі, Сұлтанбек Ташкенттегі чекистер ұйымымен байланыста болған).

Араға сексен жыл салынып, Мәскеу мұрағаттарынан табылған сол хаттар кейінгі жылдары әлеуметтік желіде үлкен шу тудырды. Солардың бәрі жинақталып, менің «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдығымның «Үш пері» деп аталған үшінші томында жарияланды («Рух БГ» баспасы, 2016 ж.). Бірақ әлемдік өрмекторды қарап жүретіндердің кейбірі Дінше жайында әлі де оңды пікірге келе қоймаған екен, әлсін-әлсін оның қызметін қаралаушылық, «алашордашыларды көрсеткен сатқын» ретінде бағалаушылық қылаң беріп қалды. Бұл ретте ондайлар Тұрсын Жұртбайдың 2008 жылы «Ел-шежіре» баспасынан шыққан «Ұраным – Алаш!» (Түрме әфсанасы)»  кітабына иек артатынын айтты.

Осы «Түрме әфсанасындағы» мына жолдарға назар аударайық: «Ахмет Байтұрсыновтың...» тергеу ісінің алғашқы бетінен басталатын Дінше Әділовтің көрсетінділері «Алаш- ордашыларға» қатысты барлық томдарда кездеседі және мазмұндары өте ұқсас, әр жазбасында алдыңғы мәліметтеріне толықтырулар мен түзетулер жасаған. ...Іске тартылған 71 адамның әрқайсысының ұлтшылдық көзқарасы мен ұйымға қатысы туралы берген мінездемесінің кей тұстарындағы жекелеген сөздер мен ой оралымдары болмаса, жиырмадан астам көрсетінділердің барлығы бірін бірі қайталайды. ...үш  жылдық  қысым  мен  қинаудан, ұстамалы дерттен әбден зықысы шыққан азап иесінің соңғы тергеулердегі жа- уабынан оның шындық пен қиялдың аражігін ажырату қабілеті тұмандана бастағаны анық аңғарылады». «Алғашқы тергеулерде өзін-өзі өр ұстаған азамат кейін қинау мен ұстамалы дерттің нәтижесінде жасыған. Үш жыл бойы үздіксіз тергеу астында болған Дінше Әділовтің көрсетіндісімен 71 адам тұтқындалып, жауапқа тартылды». «...1930–1931 жылдарғы айғақтарының ішінен 1930 жылы тамыз бен қыркү- йек айларында тұтқындалған Мұхамеджан Тынышбаевтың «қылмыстық тобы» туралы» ...көрсетінділері «өте ұшқары, сөйлемдердің өзі өзара байланыспайды, пікір қайшылығы көп, өзін өзі астыртын ұйымның көсемі ретінде көрсеткен ыңғайда жазылған». Зады түрмеде жатқан бұл жылдары Дінмұхамедтің жүйке ұстамасы асқынып кетсе керек» (аталған кітаптың 232–234-бб.).

Енді осындағы мәліметтерді ойға ұстай отырып,  мына нақты шындықты да назарға алайық... Біріншіден, Дінмұхамед Әділов 1928 жылғы 17 желтоқсанда Шу бойында тұтқындалып, 1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде атып тасталды. Яғни түрмедегі ғұмыры, аталған кітапта айтылатындай үш жылға емес, бір жыл төрт айға созылды. Яғни, өзі құрбан болғаннан кейін, 1930 жылдың күзінде «тұтқындалған Мұхамеджан Тынышбаевтың «қылмыстық тобы» туралы» оның әлдеқандай көрсету беруі ешқандай да мүмкін емес. Оның бәрі ОГПУ тергеушілерінің құпия арандату іс-әрекеттер жасаудағы  шеберліктерінің көрінісі. Кітап авторы оның ажырата алмаған да, өкінішке қарай, әлдеқандай «ұстамалы ауруды» ойлап тапқан...

Ал Діншенің тұтқынға алынғаннан соң берген алғашқы көрсетулеріне келсек, ол іс жүзінде, әрине, тергеушінің өз мақсатына бағыттаған сұрақтарына жауап ретінде,  басынан кешкендерін әңгімеледі. Өзі кездескен, яки қызметтес болған талай адамның атын атады. Тарих үшін маңызды талай дерек айтты. (Мәселен, 1921 жылдың басындағы  партия жиналысында жоғарғы билік органдарында істейтін қазақ қызметкерлерінің үкімет мен партия ұйымын басқарып отырған европалық ұлт өкілдерінің қызметтерінде ескі колонизаторлық тәсілдер қолдануын қалай сынағанын; 1925 жылғы сәуірде, жаңа Қазақстан Кеңестерінің Ақмешіттегі съезінде, «киргиз» деп таңбаланып келген қазақтың тарихи атауын қайтару және астананы Қызыл-Орда деп атау идеясының қалай туғанын, оның авторы Қоңырқожа Қожықов, жүзеге асырған Сұлтанбек Қожанов  екенін; Ұлт театрының алғашқы қойылымы 1925 жылғы желтоқсанда өткен Бесінші өлкелік партконференцияға орайластырылып жүзеге асырылғанын әңгімелеп берді). Солардың ішінен тергеуші жоғарыдағы «Қазақы індетте» аталған жауапты қызметкерлерді емес, ОГПУ-ге берілген саяси тапсырысқа үйлесетін «алашордашыларды» таңдап, біртіндеп абақтыға алды да, қитұрқы тәсілдермен тергеуге кірісті...

Кеңес өкіметінің елу жылдығына орай шыққан чекис- тердің естеліктері жинағында Діншені қарулы жасақпен барып тұтқындаған ОГПУ-дің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің уәкілі Илья Шумилов «Әділов шынайы көрсетулер берді» және «ППОГПУ-де бұрыннан бар, Әділов мейлінше растаған деректер негізінде алашордашылардың ірі контрреволюциялық ұйымы жойылды» деп жазды.

Назар аударыңыздар: Діншенің көрсетулері «мемлекеттік саяси басқарма өкілдігіне бұрыннан белгілі деректерді» қайталаған. Демек, құпия полицияның психологиялық, ахлақи, физикалық қысымдарды шебер үйлестіре қолданатын тергеулеріндегі жауаптарға бола Діншені «сатқын» деу шындыққа жанаспайды. Интернет-форумға қатысушылардың бірі атап өткендей, «қылыш үстінде серт жүрмейді», әрі, ГПУ-ге түскен астыртын хабарлар, яғни «донос» иелерінің «сатқындығы» қасында түрме азабын шегушінің «сатқындығы» жіп есе алмайды...

Тергеу барысында, Діншенің «қылмысын» қоюлата түсу үшін, оның бауырлары мен ауылдастары жауапқа тартылды.  «Басты қылмыскер» санатындағы ағасы Байсейіт 1928 жылғы желтоқсанның ортасында, қарулы жасақ құмда тігілген үйіне тұтқындауға келген кезде қаза тапқан. Ал 1929 жылғы 10 қаңтарда ағалары Әбубәкір мен Әбуәлі, інісі Асқар, сондай-ақ ағайындары Мұхамедия Арғынбаев пен Артықбай Әлин қамалды. Соларды банда мүшелері деп тауып,  1929 жылғы 21  қаңтарда, тергеуші: «Азамат Әділов кеңес өкіметін құлату үшін құрылған және басмашылық қозғалысқа (оған Әділовтің тікелей араласы бар) қолдау көрсеткен  астыртын контрреволюциялық ұйымның мүшесі, Ақмола үйезаткомының мүшесі Әбубәкіров пен милиционер Жолдасбаевты атқандығы үшін сотқа тартыла тұрып,  өкімет қуғынынан жасырынып жүрді, өзі құрған бандиттік қарулы шайкаға басшылық жасады. Оны ұстап алу үшін 17.ХІІ. 28. «Ирмин» алқабына арнайы жіберілген жасақтың қоршауында қалып, жасақ мылтықпен атқылап ескерткен соң ғана, қолындағы қаруымен қолға түсті, сондықтан, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128 және 147-бабтарын  басшылыққа алып, қаулы еттім: іс бойынша азамат  Әділов Дінмұхамед  айыпкер ретінде жауапқа тартылсын, оған жоғарыда аталған қылмыстарды жасады деген айып тағылсын», – деген тұжырыммен айыптау қаулысын шығарды.

Қаулы тиісті лауазымдыларға ұсынылып, әбден пысықталғаннан кейін, тоғыз күннен соң Діншеге таныстырылды. Ол 30 қаңтарда өзіне тағылған айыптарды мойындай тұрып, қаулыдағы тергеуші қолының төменгі жағына  «...бандиттік шайка құрғаным ...жөнінде өзімді айыпты деп есептемеймін» деп жазды. Алайда ұзамай «бандиттік шайка»  құрамы да, «контрреволюциялық ұйымға» қатысы барлар да көбейтілді. Сөйтіп, чекист Шумилов айтқан Біріккен мемлекеттік саяси басқармадағы (ОГПУ-дегі) бұрыннан жиналған деректер негізінде «жауларды»  анықтап, жазалау шаралары қанат жая берді.

1930 жылы республика партия активінің алдында жасаған Қазақстанның он жылдығы жайындағы баяндамасында  Голощекин «ұлтшылдардың жойылған Байтұрсынов тобы» мен таяуда құртылуға тиіс басқа да «контрреволюциялық ұйымдар» туралы  қанағаттанғандық сезіммен айтты...

Жабық мұрағаттардың қолжетімді бола бастауы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге жол ашты. Бірақ, тұтқындардың түрмедегі көрсетулерін үстірт қарау, тіпті, кей ретте бұрмалап жіберу  салдарынан бар кінәні бір адамға арта салу жаңа әділетсіздікке ұрындыратынын айтуымыз керек. Нақты шындық  адамдарға өткен кезеңдегі еңсені езген құпиядан арылу үшін қажет, ендеше, сол шындықты дұрыс тұжырымдау ләзім. Бәлкім бұл жекелеген құрметті орында тұрғандарға ахлақи тұрғыда залал келтірер, бірақ сондайдан қашамыз деп шындықты жылы жауып қою дұрыс бола қояр ма екен?

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3611