Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алаң 6091 28 пікір 13 Қараша, 2017 сағат 08:10

Алаш жолы. Билікке бес талап

«Алаш жолы» қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жер тағдыры», «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге, Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа нақты бес талап қояды.

1-ТАЛАП:

Қазақстанның ауылшаруашылық жерлері бүгінгі күні түрлі жолдармен қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылуда және жалға да беріліп жатыр.

Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге», - деп, ҚР Жер кодексіне халық ұсынған, халық қалаған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ҚР Үкіметі мен Парламентіне тапсырған болатын. Бірақ, Президенттің бұл тапсырмасы орындалған жоқ.

Сондықтан, «Ауылшаруашылық жерлері қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмайды. Шетелдіктерге жалға да берілмейді», - деген бап ҚР Конституциясына да, Жер кодексіне де енгізілсін.

2-ТАЛАП:

Қазақстанда адам өлтіргендер де, жемқорлар да, парақорлар да жазасыз кетіп немесе кешірім жасалып, мерзімінен бұрын қамаудан босатылуда.

Бірақ, биліктің, Президенттің, соттың «мейірім-шапағаты» саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға жетпей келеді. Бұл жағдай өзін демократиялық, құқықтық мемлекет деп санайтын Қазақстан үшін жол беруге болмайтын, орын алмауы тиіс жағдай.

Сондықтан, Макс Бокаев, Талғат Аян, Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Вадим Курамшин бостандыққа шығарылсын.

3-ТАЛАП:

Жылдар бойы екінші дәрежелі жеке меншік банктер мемлекеттен аса ірі көлемде қаржы алып келеді.

Басқаны айтпағанның өзінде БТА банк пен Казкоммерцбанктың Ұлттық қор мен Зейнетақы жинақтаушы қорынан алған бірнеше триллион теңгесін еске алсақ та жеткілікті.

Банктерге берілген қаражат жалпы халықтың несібесі, жинаған қаржысы, төлеген салығы екені анық. Халық есебінен жеке меншік банктердің қарызы жабылып, оларға аса ірі көлемде көмек көрсеткен жағдайда, банктер де халыққа көмек қолын созуы тиіс. Ол туралы арнайы жарлық шығарылып, заң қабылдануы тиіс. Бұл ұсынысты азаматтар әр кезде көтеріп келеді.

Сондықтан, Президент, Үкімет және Парламент Қазақстан азаматтары алған 1 (бір) миллион теңгеге дейінгі несиеге бір реттік амнистия жариялау туралы шешім қабылдасын.

4-ТАЛАП:

Қазақстан ширек ғасырдан аса уақыт тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасып жатса да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыруда нақты жетістіктерге қол жеткізе алмады.

Сонымен бірге Президент Жарлығымен латын әріпін пайдалану ісі бекітіліп, басталды. Бірақ, Конституцияда жазылғандай мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын болса онда латын әріпін енгізудің еш қажеттілігі болмайды. Бұл бап мемлекеттік тілдің дамуына да, латын әріпінің кең қолданысқа енгізілуіне де жол бермейді.

Сондықтан, ҚР Конституциясының 7-бабының 2- тармағы алынып тасталсын.

5-ТАЛАП:

Қазақстанның сыртқы қарыздары Карим Масимов Үкіметті басқарған жылдары еселеп артты.

Ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату немесе жалға берудің, оның ішінде жердің қытай компаниялары мен олардың қатысуымен құрылған серіктестіктердің қолына өтуіне Карим Масимовтың тікелей қатысы болуы мүмкін.

Бұған қоса Франция прокуратурасы Карим Масимов Airbus Group компаниясынан 12 млн евро пара алды деп қылмыстық іс қозғады.

Сондықтан, Карим Масимов қызметінен алынсын!

Осы бес талап туралы Президент, Үкімет, Парламент өз жауаптарын, ұстанымдарын 01 желтоқсан 2017 жылға дейін ресми түрде жариялауы тиіс.

Олай болмаған жағдайда 17 желтоқсан 2017 жылы жалпыхалықтық бейбіт митинг ұйымдастыру туралы бастама көтерілуі мүмкін.

Бұл шешімді «Алаш жолы» қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Басқармасы «Жер тағдыры», «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып қабылдады.

Abai.kz

28 пікір