Жұма, 29 Наурыз 2024
Әкімнің ісі 5183 2 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 15:40

Қала әкімінің сөзі жерде қалған жоқ. Кәсіпкерлер қолдап жатыр

Өткенде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне болып, әйдік шаһардағы соңғы тоғыз айда атқарылған шаруалар туралы есеп берді.  Алматыны абат қалаға айналдыру үшін ала жаздай алашапқын болған жұмыстың жайын баяндады. Көшелердің бағыты өзгерді. Жаяу жүргіншілерге арналған көшелер көбейді. Қалаға жап-жаңа қоғамдық көліктер әкелінді. т.б. Осы секілді біраз жұмыстың жай-жапсарын  жария етті. Оның үстіне әкімиатқа қарата айтылған нөпір сынға да жауап берді.

Мұнарасына қарасаң мойның үзілердей зәулім-зәулім сарайлардың абақтының шимай торындай шарбақтарын түгел сыпырды. Панфилов көшесін алеяға айналдырды. Қала ішіндегі көлік жылдамдығы нормасын азайтты. Абаттандыру жұмыстарын жасады. Құптарлық іс!

«Worldwide Cost of Living» дегеннің рейтингі бойынша, 2016 жылы Алматы жұмыс істеуге әм өмір сүруге ең қолайлы қала атанған екен.

Сөйткен Баукең, сөз арасында 500 теңгенің түскі асы жайлы айтты. Анығында Алматыда 500 теңгеге дәмді тамақ жеуге болатынын білдірді.

«Естеріңізде болса, бізде девальвация болған кезде, долларда бір баға болса, қазір кез келген шетелдік ресторанда бар болғаны 500 теңгеге тамақтана аласыз. Бұл өте арзан, сондықтан біздің рейтингіміз жоғары», - деді әкім.

Осыдан кейін, Бауыржан Қадырғалиұлының жоғарыдағы қаруар жұмысы жайына қалды да сынықтан сылтау іздеп отырған кейбіреулер әлеуметтік желілерде «500 теңгенің» жырын жырлап кетті.

Рас, әкімінің бұл сөзі көпті сендіре алмауы мүмкін. Сондықтан болар әр нәрсеге алақ-жұлақ етіп отыратын әлеуметтік желінің «тұрғындары» әй, бір жетісіп қалды дерсіз... Алайда:

Біріншіден, нарықта баға мониторингі жоқ. Ауылшаруашылығы өнімдерінің өзімізде өндірілетінін ескерсек, нарықтағы баға әкім келтірген деректен де төмен болуы керек. Себебі, Қазақстанның аграрлық саласын – тұрақты дамып жатқан, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлері мен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады.

Оған дәлел, бүгінде Қазақстан 900 мың тоннадан астам ет өндіреді
Ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнімдердің 45%-ы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Шаруалар өндірген  көкөніс пен жеміс-жидек республика тұрғындарының қажеттіліктерін 54%-ға қамтамасыз етіп отыр. Ендеше, Бауыржан Байбек мырза айтпақшы, 500 теңгеге тоя тамақ жеуге әбден болады.

Десе де, әлеуметтік желінің хиты болған әкімнің сөзін қала кәсіпкерлері оң қабылдапты.  «Әкімді қолдайық» деген кейбір ресторандар мен асханалар «500 теңгенің» ас мәзірін халыққа ұсынып та жатыр.

Ендеше, әкімнің сөзі әм қала тұрғындарының реакциясы позитивті қорытынды берді деп айтуға әбден болады. Сондықтан, басқа да асхана, мейрамхана, дәмхана бизнесіндегі жұртты қала әкімін қолдау акциясына шақырған жөн болар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604