Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 3932 2 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 11:51

Мұхтар Шерім. "А"?

Шіренген шенеунікті тілшілер аноконда жыланы сияқты алды-артын орап алды. Сайдан да, таудан да домалаған тастардай сұрақтар жауып кетті дейсің!

– Қазақтардың латын әліпбиіне көшуін қалай қарсы алдыңыз? – деді бір телеарна тілшісі.

– А?

– Латын әліпбиіне...

– А?

– Қазақ–қырғыз шекарасы туралы ойыңыз? – деп сұрады бір газеттің тілші қызы.

– А?

– Ойыңыз?

– А?

– Сенатордың елімізде ажырасқан ерлі-зайыптыларға үлкен айыппұл салынсын деген ұсынысын қалай қабылдайсыз? – деп сұрады сары басылымның сап-сары тілшісі.

– А?

– Айыппұл дейміз...

– А?

– Кешіріңіз, тілшілерді менсінбей тұрсыз-ау деймін?

– А?

– Сириядағы соғысқа қатысқаны үшін Батыс Қазақстан облысының тумасы он жылға сотталды. Пікіріңізді білгім келеді?

– А?

– Немене, а?

– А?

– БАҚ министрінің заңға «Реми өкіл» ұғымын енгізіп жатқанынан хабардарсыз ба?

– А?

– Егер өзгерістер мақұлданатын болса, тілшілерге «а» деп тұрғаныңыз үшін еңбек ақыңыздан қағыласыз! Қызметіңіз бонустық-балдық жүйемен бағаланады!

– А?

– Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлердің еңбек ақысы бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап беру жағдайына байланысты болады деймін!

– А?

– Тас кереңсіз бе не?

– А?

– Оқу орындарындағы сапасыз журфактар жойылсын дегенге қалай қарайсыз?

– А?

– Қызық адам екенсіз!

– А?

Топырлаған тілшілер бір-бірінің: «Не деп жатыр?» деген сауалдарына: «А?» деген жауаптар алып, ауыздары ашыла, екпіндері басыла тарасты. Не дейсіз? А?

Abai.kz

2 пікір