Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 9939 63 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 10:56

Қазақтың бірлігі һәм рушылдық дерті

Қазақтың намысына тию үшін яғни оның тектік санасын ояту үшін оның руы жайлы айтсаң жеткілікті. Ал, қазақты жер-жебіріне жеткізіп жамандап жатсаң да көбі тырп етпейді. Ол ұлттық сананың төмен, не мүлдем жоқ екенін көрсетеді. Бұл, ұлт болып қалыптаспаған халық пен тобырдың арасындағы қоғамның келбеті.

Француз, итальян, түрік, орыс, өзбек, жапон... ешқайсысы біз сияқты руға бөлінбейді. Бұл қазақтың "феномені". Ағайын ренжімес! Біз өмірде өзімізге алдымен не керек екенін түсінбей дүбәра болып жүрген қоғамбыз. Қазаққа алдымен қазақ халқының бірлігі, одан кейін Қазақстан мемлекетінің бірлігі және үшінші түркі халықтарының бірлігі қажет және осы үш бірлік сақталғанда біздің тәуелсіз мемлекетіміз баянды болады. Қазақтың тұтас ұлт болып қалыптасуына кедергі екі нәрсе бар: бірінші - ол ана тілін білмейтін яғни ұрпағын да ана тілінде тәрбиелей алмайтын мәңгүрттер және екінші, тұтас ұлтты ата, ру, тайпа жүзге бөлетіндер. Бұл екеуі ұлттың қалыптасуына кедергі болатын саналық немесе рухани дебилизмнің түрлері. Себебі, бұның екеуін де өркениетті елдердің ешқайсысында кездестірмейсің. Керісінше, Африкадағы ру, тайпаға бөлінген алғашқы қауымдық тайпалары арасындағы ондаған жылдарға созылған трайболизм соғыстарынан көреміз.

Сонда біз қайсысына жақынбыз?! Тур Хейердал Конгодағы (Орталық Африка) лақ, тана тайпалары туралы жазса, Айова штатындағы (АҚШ) америка үнділерінің адай тайпасы (Байкал маңынан б.д.д. 32-2,0 мыңж. арасында кеткен) сайт арқылы өз руластарын іздеуде. Сол үндістер АҚШ-та афроамерикалықтардан 4 саты төмен тұрған, зерделік (интеллектуальдық) тұрғыдан қоғамға пайдасыз деп тауып резервацияда тұратындар. Ал, іздеңдер резервациядан туыстарыңды.

Ұлтты қалыптастыратын енгізгі күш - ол ұлттық зиялылар. Қазақтың ұлт болып қалыптасуында негізгі рөлді атқарған алашордашылар болды. Біздің кейбір жазғыштар қазақтың қоғамы да, зиялылары да "сал ауыруына ұшыраған" олар күресуге дәрменсіз деген диагноз қойып, сәуегейлік айтуда. Ол әрине зиялылар мен ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге бейімделген
жолбикелер мен зияндылардың ұлт алдындағы борыштарын өтемеуі үшін таптырмайтын сылтау. Зиялылардың уақыт, Ел, ұлт алдындағы міндеті ұлттық сананы оятып дамыту, толыққанды ұлтты қалыптастырып, оны өркениетке жеткізу болғандықтан, оған осы мақсаттарға жету жолында күрестен басқа жол қалмайды. Басқасының бәрі есалаңдар мен жолбикелердің тірлігі.

Төрт құбыласы тең, толыққанды ұлт болу үшін арамызда алдымен жат жанынан түңілетін бірлік болу керек. Мүмкін қазақтың бірлігі үшін ағайыннан да безетін жағдай болса, сол қадамға бару керек.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

63 пікір