Сәрсенбі, 22 Қараша 2017
Алашорда 1319 16 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 08:46

Алашордашы Дінше Әділов «сатқын» емес...

Бұдан бір ғасыр бұрын үш ірі тарихи оқиға болды. Алғашқысы – жоғалтқан мемлекеттігімізді жаңғыртуға саяси мүмкіндік ашқан Ақпан революциясы. Екіншісі  – сол мүмкіндікті жүзеге асыру жолын белгілейтін Құрылтайшы жиналыс шақыруға тиіс Уақытша үкіметті биліктен қуған Қазан төңкерісі. Үшіншісі – Алаш-Орда атауымен елдік шаңырақ көтерген Желтоқсан съезі. Бұлардың ішіндегі біз үшін айрықша маңызды мереке – отаршылдар жойған мемлекеттілігіміздің қайта түлеуіне іргетас қалаған Алаш-Орданың жүз жылдығы.

25 қазанда құрылған орталық совет үкіметі ұлттық қозғалыстардың бәрімен уақытша, ағымдағы жағдай талабын ескергендіктен, тактикалық тұрғыдан ғана санасқан еді. Мәселен, Петроградта жұмыс істеп тұрған Ресей мұсылмандар одағының атқару комитетін – Икомусты – большевиктік билік тез-ақ керексіз етті. Икомус төрағасының орынбасары лауазымында Ресей Республикасының уақытша заң шығару органы Предпарламентке мүше болып, болашақ мемлекеттік құрылымды анықтайтын заң жасасуға қатысып жүрген Жанша Досмұхамедов бұған тікелей куә болған. Совет үкіметінің төңкеріс арқылы дүниеге келуі мен оған қарсы шапшаң бой көрсеткен әрекеттерді, жалпы сол кезде орын алған күрделі саяси жағдайды Жанша «орыстардың өзара ырылдасуы» деп бағалаған-тын. Сондықтан да ол, Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде, «орталықтан бермен лықсыған анархияға тосқауыл болу үшін», Қазақ автономиясын шұғыл жариялауды талап етушілердің басында тұрды.

Дегенмен, Совет өкіметінің билікте бекем тұратыны аныққа айналған шақта, 1918 жылғы ақпанда, Орал қазақтары съезінің шешімімен, арнайы делегацияны Мәскеуге Жанша «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі ретінде бастап барды. Оның совет үкіметі басшыларымен жүргізген тұңғыш келіссөзі біршама сәтті өтті. Ұлт істері жөніндегі комиссариаттан қазақ бөлімі ашылатын болды, халық комиссары Сталин Семейдегі Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш-Орданың басшыларын төте желіге шақырып, сөйлесті. Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмыстарын жалғастыра беруге Совнаркомның арнайы қаулысымен пұрсат берілді, облыстағы Алаш-Орда құрылымын советтік платформаға көшіру үшін, делегацияға қомақты қаражат бөлінді.

Бірақ, соның артынша, «Правда» газетінде Сталиннің жер-жердегі кеңестік билік өкілдеріне арнаған нұсқау-хаты шықты. Онда совет негізіндегі автономия ғана мойындалатыны, сондықтан еңбекші бұқараның «буржуазия қайраткерлерін» – «өздерінің досмұхамедовтерін» – мойындарынан түсіріп тастауға тиістігі  тұжырымдалған еді. Сол себепті Алаш-Орда батыста да, шығыста да ақтармен одақтасуға мәжбүр болды. Мәселен, 1918 жылдың көктемінде  республикалық режимде жұмыс істейтін Ойыл уәлаяты құрылып, қызметін Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі ретінде жалғастырды. Кеңестік билік өкілдерімен азамат соғысының соңына қарай келісім жасап, күллі құрылымымен, әскери күшімен Совет өкіметі жағына өтті. Сөйтіп Алаш-Орда біржола тарқады.  Ұлттық қозғалысқа қатысушыларға амнистия жарияланғандықтан, елдік ойға адал ұлт қайраткерлері  енді  қазақтың  мемлекеттілігін  таптық  негізде  түлету үшін күресті. Алайда Алаш-Орда ұзамай «контрреволюциялық ұйым» деп ғайбатталды да, құпия қызмет қолдан қиыстырған жаламен, алашордашылардың алғашқы топтары 1928–1932 жылдары тұтқынға алынып, репрессияланды, ал 1937–1938 жылдарғы Үлкен террор кезеңінде алашшылдар да, Алаш идеясын жүректе ұстап,  ел мүддесі үшін еңбек еткен ұлт коммунистері де жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратылды.

Бүгінде мұның басты себебін анық айта аламыз. Біріншіден, большевиктер партиясы қатаң орталықтандырылған  империялық партия еді, сондықтан да ол ұлттық белгілерге қарай дербестену ықтималдығын қаперіне де алмайтын. Екіншіден, жұмысшылар партиясы аталып құрылған бұл саяси ұйымның жалаулататын басты құжаты – «Коммунистік партияның манифесінде» «жұмысшыларда отан жоқ» деп ап-айқын жазылған. Осы екі жәйт сабақтаса келе пайда болған  «дүние жүзінің пролетарлары, бірігіңдер!» деген  ұран күні кеше Совет Одағы құлағанға дейін күшінде тұрғаны мәлім. Әлемдік революция жасау жоспарының жүзеге аспайтынына сонау 20-шы жылдары-ақ көздері жеткендіктен, большевиктер осы ұранмен бұрынғы империя аумағындағы халықтарды біріктіріп-тұтастыру ісін бірден қолға алған. Ұлттық құрылымдардың советтік тұғырда ұйысуына тек тактикалық есеппен ғана  пұрсат беріп, барша қоспаны таптық тұрғыдан біріктіріп-тұтастыратын цемент есебінде орыс халқын, оның тілі мен өмір салтын алға шығарған. Сондықтан да кеңестік автономияларды большевизм арнаулы құпия қызметінің торымен мұқият шырмап, олардағы ұлт қайраткерлерінің іс-әрекеттерін қатаң бақылауда ұстады. Ұлт мәселесінің өзекті жақтары 1923 жылы ХІІ партсъезде тәп-тәуір  талқыланып,  жақсы  шешімдер  қабылданғанына  қарамастан, артынша өткізілген ұлттық республикаларда істейтін қызметкерлердің 4-ші мәжілісінде, ГПУ қамауға алған ірі қайраткер Мирсаид Сұлтанғалиевтің «контрреволюциялық» іс-әрекетін көрнекі түрде  сынау арқылы, ұлт саясатының қандай шектеулі арнада жүргізілуге тиістігін көрсетті.

Осы 4-ші кеңес сабағы өз алдына, қазақ қайраткерлерінің патшалық заманнан санаға ұялаған  құлдық психологиядан арылмағандығы, тиісінше орталыққа көзсіз емінуі, әсіресе, жеке бастарына келгенде, ұлттық мүддені де ойлатпайтын алауыздығы салдарынан Қазақстан билігіне 1925 жылы Филипп Голощекин келгені мәлім. Ол «Октябрь дауылы қазақ ауылының жанынан өте шыққан» деген қисынмен, бай мен кедейдің ара-жігін аша түсетін сына қағып, «Кіші Октябрь революциясын» жасауды қолға алды.  Большевизмнің бір орталыққа қатаң бағындырылған, өзгеше еркіндікке төзбейтін жүйесінің эмиссары қазақ коммунистерінің сана-сезімін қырнап-тегістеумен,  өз  сөзімен  айтқанда,  «нивелировка» жасаумен шұғылданды. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруі ықтимал алашордашыларды ағарту саласынан аластады. Құпия қызметке ерекше еркіндік берді.  «Ұлтшылдар кәмпескелеу науқанына кедергі келтірді» дегенді большевиктік жәдігөйлікпен желеу етіп, репрессиялау машинасын іске қосты.  Ал советтік солақай реформаларға көрсетілген халық қарсылықтарын мүлдем қарулы күшпен басып-жанышты. Одан жасанды ашаршылықтарымен халықты миллиондап қырып, көл-көсір қайғы-қасіретке бөктірген әйгілі ұлттық апатқа ұрындырды. Және соның бәрінде де кінәні большевизмге тән көлгірлік ойдан құрастырған «тап жауларына» артып отырды.

Сорақы бұрмалаулар  жұртты жаппай қуғын-сүргінге түсірген заманда да, жеке басқа табынуды әшкерелеген ХХ партсъезден кейінгі «жылымық» кезеңде де кеңінен қолданылды. Құрбандардың атылған уақытын жасырып, лагерьлерде аурудан өлді деген жалған мәліметтер тарату  әдетке айналды. Сондай өтірікті көпшілік санасына сіңірудің бір салдары сол, тіпті, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де кей кісілер 1938 жылы атылған Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллинді өз өлімімен 50-ші жылдары өлгенге балап,  сүйегін сонау мәңгі тоң басқан аймақтан іздестіріп жүрді. Большевиктік бұрмалауларға біздің кейбір зерттеушілеріміздің де құлай сенгені соншалық, еңбектерінде, мәселен, «Алаш ісі» бойынша тұтқындалған белгілі зиялылар Дінше Әділовтің «сатқындығы» салдарынан репрессияға ұшырады дейтін қате пікір қорытты. Алайда, Әділовтің ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулерімен мұқият танысқан кісі белгілі зиялылар оның «сатқындығынан» емес, арнайы қызмет тергеушісінің әдейі қиыстырып тұжырымдаған «айыптауларынан» қылмыстық іске тартылғанына көз жеткізеді.  1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде атылған Дінше Әділов – 1917 жылдың қазан айынан Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болған,  1920 жылғы Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезінде алғашқы ҚазЦИК құрамына сайланған, Ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары,  халық комиссары міндетін атқарушы боп істеген мемлекет қайраткері, 1925 жылы Ұлт театрын (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы драмтеатрды) құрып, жоқтан бар жасаған, кәсіби сахна өнері ордасының шаңырағын тұңғыш көтеріп, қиындығы мол ең алғашқы театр маусымын  абыроймен өткерген мәдениет қайраткері.  Ол – еңбегін әділ бағалап, есімін өнер ордаларының яки оқу орындарының біріне беруге әбден лайық тұлға.

Осындай ескерусіз қалып келе жатқан тұлғаларды биылғы жүз жылдық құрметіне арнайы ардақтау шараларын жасау жөн болар еді. Бұл ретте еліміздің өнер тарихындағы ерек те дара құбылыс – Қожықовтар әулетіне ерекше назар аудару керек.   Әулет отағасы Қоңырқожа Қожықов – 1912 жылы жарық көрген тұңғыш «Әліппенің» авторы, ұстаз, қазақ азаттық қозғалысында өз орны бар қоғам қайраткері. Ол Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы Халық кеңесінің жауапты хатшысы, Советтік Түркістан Республикасы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының оқытушысы,  Түркреспублика Жер-су халық комиссариатының жауапты қызметкері, Советтік Қазақстанның ежелгі тарихын, көне жәдігерлерін зерттеу саласында елеулі істер тындырған ғылыми қызметкер болды. Үлкен террор кезінде ұсталып, 1938 жылғы 17 қаңтарда Алматыда атылды. Оның зайыбы Ләтипа  Ұлт театрының алғашқы сахна безендірушісі, суретшісі, қолданбалы өнер шебері, кезінде баспасөзде қазақ театрының аңыз-адамы деп аталған тұлға болатын. Екеуінің төрт ұлы бар еді, төртеуі де жаңаша қалыптасып келе жатқан қазақ өнері тарихында өзіндік өшпес із қалдырды. Тұңғышы Қожахмет – қазақтан шыққан алғашқы суретші, әкесінің артынан репрессияланып, лагерь азабынан ерте қайтыс болды. Екінші ұлы Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, өнерге сіңіріп жүрген зор еңбегіне қарамастан, «халық жауының» баласы ретінде ұдайы қысым көрді. Үшінші ұлы Нұрахмет – алғашқы монументалист-мүсінші, майданда ауыр  жарақат  алғандықтан,  талантын толық аша алмады. Ал кенжесі Сұлтанахмет – майдангер-панфиловшы, ағасы Құлахметпен бірге бастап, атақты «Қыз Жібекті» түсірген әйгілі кинорежиссер. Репрессияланған ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерінің отбасынан осындай бес бірдей көрнекті өнер қайраткері шығуы, сөз жоқ, сүйсініп айтарлықтай ерен құбылыс.  Осы ұлағатты әулетті ұлықтау шарасын ойластыру қажеттігі – әлдеқашан пісіліп-жетілген мәселе, Алаш-Орданың 100 жылдығын атап өту ауқымында еліміздің оқу орындарының, елді мекендерінің, бекеттерінің, яки қалаларындағы көшелерінің  бірін Қожықовтар әулеті атымен атау сұранып тұр.

Алаш-Орда мен оның жазықсыз жазаланған қайраткерлерін есте қалдыру шараларын осы мереке ауқымында шұғыл жүзеге асырудың  тәуелсіздік  туын  алып  жүретін  болашақ  ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет екенін ұмытпайық.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВҚазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10316
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18519