Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 5300 4 пікір 8 Қараша, 2017 сағат 10:40

 «Шабыттың» бас жүлдесі Қанатымыздың қанжығасында

 

Шығармашылық ізденісті жандарына серік еткен дарынды жастардың ортасындағы өнер бәсекесіне арналған халықаралық «Шабыт» фестивалі аяқталып, нәтижесінде Abai.kz ақпараттық порталының шеф-редакторы Қанат Әбілқайыр Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Әдебиет әлемінде – Қанат Әбілқайыр, журналистикада – Қанат Бірлікұлы болып танылған бұл жігіт отыздың ордасына енді келіп жатыр. Осы жасына дейін ол екі үш кітаптың авторы атанып та үлгерді. Сыншылар, әдебиеттанушы ғалымдар бүгінгі қазақ прозасы туралы мақалалар жазып, пікір айтқанда, Әбілқайырдың  әңгімесіне әлейтен ат басын бұрып, бір соқпай өткен емес. Қанатты аққаурсын күйінде қазақ әдебиетіне әкеліп салған ұстазы, қазақтың әйгілі жазушыларының бірі – Дидахмет Әшімхан аға. Қанатта сол аяулы Дидағаңның шапшаңдығы, шалт қимылы, шалқар шабыты, қиыннан қиыстыра қоятын тапқырлығы, ентікпейтін еңбекқорлығы бар. Ұстаздың бойындағы жақсы қасиеттерді сарқып алып қалу да шәкірттің шәкіртінің қолынан келеді екен. Әйтпесе көп бозөкпенің тірлігі еліктеп-солықтаудан аспай қалып жататынын көзіміз көріп те жүр.

Қанат қазір қарақанаттанып, томағасы түріліп, топшысы бекіп, түлеп, өсіп келеді. Оның кейінгі бірер жылдың бедерінде жазған «Соқыр үміт», «Жылан кегі», «Бала молда», «Жынды», «Тіміскі» атты әңгімелері мен хикаяттары мазмұны мен формасы жағынан қазақ әдебиетіндегі «мен» деген шығармалардан асып түсіп, жаңалықтың жылға-бастауына айналып үлгерді. Міне, осындай дарынды жас жазушы журналистика мен көркем публицистика да өзіндік қолтаңбасын айқындап, есім-сойы елге мәлім көсемсөзшілердің қатарына барып нық тұрды. Қанат Әбілқайыр - қоғамдық оқиғаларды қызметтік бөлменің терезесінен бағып отырып жаза салатын, жариялай салатын, айта салатын жалқау, жалтақ жазармандар мен айтармандардың ауылынан алыс жүретін жас. Қанаттың журналистикасында азаматтық белсенділік басым. Ол қаны сорғалаған тақырыпқа білегін түріп тастап кірісіп кетеді де, соның соңына нүктесін қойғанша тыным таппайды. Бұл ретте Қанатты ұлттық журналистиканың корифейлері атанған Нүреддин Муфтах, Алдан Айымбетов, Марат Қабанбай, Камал Сымайылдардың санатына қосуға болатын шығар.

Бірер мысал келтірейік. Шиттей 8 баласымен (тіл, көзіміз тасқа, әлгі 8 баланың бәрі – ұл) жап-жас отбасы жылдар бойы мына Шелек, Талғар жақта әркімнің үйін паналап, жамбаспұлын төлеп, тұрып жатты. Осы жайт журналист Қанаттың жанына қатты бататынын біз ұжым болып сезетін едік. Бір күні ол әлди Нұртілеудің атынан әкім ата Амандық Баталовқа хат жазды. «Әлди Нұртілеу» деп отырғанымыз, жаңағы баспанасыз отбасында іңгәлап дүние есігін ашқан – сегізінші ұл. Отағасы ұлына белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлының есімін ырымдап қойған екен. Сол Нұртілеу тілі шықпастан бұрын «қолына қалам алып», Алматы облысының білдей бір әкіміне «хат жазды» да, ата-анасын, ағаларын баспаналы етті. Әрине, бұл журналист Қанат Әбілқайырдың шеберлігі, форма тапқыштығы еді. Егер журналист балалы-шағалы түтіннің жайын қатардағы жылаңқы әуенге салып жазғанда, әкім бастаған ұлықтар оны ескерусіз қалдыра салар ма еді, қайтер еді. Бірақ сәби даусымен, сәби жүрегімен, сәби тілегімен жазылған хат Алматы облысының әкім-қараларын ғана емес, қаржылы, қалталы азаматтарын да дүр сілкіндіріп, иігілікті іске жұмылдырды.

Тағы бір мысал. Таяуда ғана Жамбыл облысындағы Көші-қон полициясы 250 отбасын Қытайға депортациялай жаздады. Болған жайтты басынан түсіп баяндап жатудың қажеті жоқ шығар, Қытайдан оралған қандастарымыздың басына қара бұлт үйірлгенін білген бетте біз Қанат ерді атқа қондырдық. Атқа қондырдық та, «ал, енді осы істі бір жақты ет» деп тапсырдық. Қанекең қатырма жағалы полиция басшылармен қаржасуға есіл уақытты шығын етудің қажетсіздігін бек түсінсе керек, Үкімет басшысына бір-ақ шықты. Және Премьер-министрді түнде ұйқысынан шошып оятардай сұмдық сұрақпен шықты:  «250 отбасының тағдырын ойрандағалы отырған жоқпыз ба, Сағынтаев мырза?!» Бұндай сауал жаны қазақы Үкімет басшысын ойландырмай қоймайды ғой, жалыз-ақ күнде жағдай өзгеріп, полициядағы шенеуніктердің жауар бұлттай түнерген қабағындағы мұзды жібітіп жіберді. Сөйтіп, 250 емес, қазіргі есебіміз бойынша, 251 жас отбасы Атажұртында алаңсыз өмір сүріп, азаматтық алатын болды. Бұны да біз Қанаттың қайтпас қайсар мінезінің жеңісі деп білеміз. Бірақ, оны дабырайтуға, ұпай-есепке пайдалануға жоқпыз. Еңбегіңді ел ескеріп, ел біліп жатса, одан артықтың не керегі бар?.. Күшеніп, күпініп алған атақ абырой әпермейді.

Жә, делік... Сонымен «Шабыттың» бас жүлдесі біздің Қанатымыздың қанжығасында. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын». «Шабытқа» ешкім шаң қауып қала берейін, көптің қарасын көбейтіп қайтайын деп келмейді. Бәйгеден, жүлдеден дәметіп, үміттерін үкілеп-шоқтап келеді. Сол үкіленген үміттердің арасынан Қанат Әбілқайыр қара үзіп шықты. Біз оған әмсе жолың болсын, қанатың талмасын, шабыттың шалқарын кеш деп тілек айтамыз.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы атынан Дәурен Қуат

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3502